Жылтырағанның бәрі алтын емес: Ғабит Сыздықбеков мәселелерді қалай шешіп жатыр?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның үшінші ірі мегаполиі Шымкентті 45 жастағы Ғабит Сыздықбековтің басқарғанына тура екі жыл болды. Жас әкімнен үлкен үміт күткен шымкенттіктер осы қысқа уақыт ішінде бір нәрсені түсінді – жылтырағанның бәрі алтын емес. Әрі әрбір үнсіздіктің астарында терең мән жатпайды. Сыздықбековтің басқару стилі мегаполис әкіміне мүлде жат болып шықты – оның «иелігінде» не болса да, ол ештеңе болмағандай кейіп танытуды жөн көреді. Ulysmedia.kz тілшісі Шымкент әкімі үшін үнсіздіктің басқару стратегиясына айналғанын зерттеп көрді.

Атыстан кейінгі үнсіздік

Үнсіздіктің түрі көп. Ол кейде ойға шомған күйде болады, кейде тосын жағдайды күткендей қатып қалады, ал кейде – қабірдегі тыныштық орнайды. Ғабит Сыздықбеков соңғысына әбден қанық тәрізді. 2025 жылдың сәуірінде қала әкімдігі ғимаратының алдында оқ атылды. Шабуыл нысанасына Шымкент әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Руслан Берденов ілікті. Төтенше жағдай, үрейге толы айғай, сынған әйнектің сылдыры, оқиға орнына жедел жеткен құқық қорғаушылар – осындай сәтте қала әкімі халық алдына шығып, сабырға шақырып, жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеп, аз да болса түсініктеме беруі тиіс еді. Бірақ әкім ләм-мим демеді. Оның атынан ешқандай ресми мәлімдеме жасалмады. Ақпараттың жалғыз көзі Telegram-арналар болды.

Ел ақпарат кеңістігінде тараған алғашқы нұсқа «қызғаныш» дегенге саяды. Алғашқы сағаттарда мессенджерлер мен Telegram-арналарда оқиғаның тұрмыстық сипатта екені айтылып, Берденовке оқ атқан адамның әйеліне тиіскен деген қауесет тарады. Ал Берденовтің тікелей бастығы Сыздықбеков осындай даулы оқиғадан кейін де үнсіз қалды.

Одан кейінгі сот процесінде жария болған шошытатын деректер, қоғамдағы кең резонанс, Берденовтің мәртебесінің өзгеруі туралы жаңалықтар – бәрі әкімнің ешқандай түсініктемесінсіз өтті. Бұл үнсіздік кез келген сөзден де әсерлі болды. Әкімнен бір ауыз түсініктеме орнына тыныштық. Яғни, шенеунік дағдарысты жағдайда шетте қалып, ештеңе болмағандай кейіп танытуды жөн көрді. Ал алдындағы басшысы Мұрат Әйтенов кезінде әкімдік алдында өткен жаппай наразылықтарды әлі ұмытпаған қала үшін мегаполис әкімінің мұндай әрекеті мынадай белгі берді: «Сіздердің мәселелеріңіз де, қауіпсіздіктеріңіз де – менің уақытымды алатын дүние емес».

Сынға жауапсыз үнсіздік

Сыздықбековтің үнсіздігі бір ғана оқиғамен шектелген болса, оны шок жағдайымен түсіндіруге болар еді. Алайда, бәрін елемеу стратегиясы, шамасы, оның басқару стилінің «қолтаңбасына» айналған сияқты. Жақында бұрынғы дипломат елдің үшінші ірі қаласының басшысы болып тағайындалғанына екі жыл толады. Осы уақыт ішінде не істелді? Бұл сұраққа қоғам белсенділері жауап іздеп жүр, алайда олардың жауаптары көңіл көншітпейді.

Педагог әрі қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі Өмір Шыныбекұлының айтуынша, кезінде жасыл оазис атанған Шымкент көз алдымызда қурап барады. Ағаштар су тапшылығынан қурап жатыр. Қоғам белсендісі Сыздықбеков тағайындалған кезде-ақ оған көрші облыстан келетін тау бұлақтарын тиімді пайдалану деген қарапайым ұсынысын айтқан. Бірақ бұл идея сол күйі іске аспай қалды. Жиындарда көтерілген сұрақтарға нақты жауап берілмейді, ең бастысы – нақты іс-әрекет жоқ.

– Әкімдер ауысады, бірақ ешқайсысы мәселені шеше алмады, – дейді Шыныбекұлы, бұл тізімге қазіргі қала басшысын да қосып.

Тағы бір үлкен тақырып әсіресе білім беру саласындағы жемқорлық. Бұл сала қала бюджетінің 45 пайызын жұтып отыр. Шыныбекұлы үнемі мұғалімдердің жалған сертификаттары мәселесін көтереді. Бірде әкімнің өзі осындай «жалған» құжатпен жұмыс істеген 800 педагог бар екенін мәлімдеген. Бірақ «а» деп бастап, «б»-ға жетпеді: қоғамға тергеу нәтижелері де, кінәлілерді жазалау туралы ақпарат та ұсынылмады.

– Сыздықбеков бұл істі соңына дейін жеткізе ала ма? Көпшілігіне мұндай әшкерелеулерге кедергі келтіру тиімді сияқты, – дейді белсенді риторикалық сауал тастап.

Белсенді Айгүл Орынбек тіпті әкімнің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалайды. Оның шағымдарының тізімі кең: денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мен қызмет сапасының төмендігі, әр жаңа әкім келген сайын қайта-қайта жөнделетін жолдар, электр энергиясы мен канализациядағы проблемалар. Оның айтуынша, республикалық маңызы бар қаланың орталығындағы инфрақұрылымның өзі сын көтермейді. Жүйелі өзгерістердің орнына тұрғындар көзбояушылықты ғана көреді. Жарқын мысал – 2025 жылдың сәуірінде Президент Тоқаевтың сапары.

– Әкім ескі нысандарды көрсетті, біз мұның шынайы жұмыс емес, көз алдау екенін түсіндік, – дейді Орынбек.

Тағы бір ауыр жағдай – «Қиял-ғажайыптар әлемі» саябағындағы сауда нүктелерін сүру. Онда кәсіпкерлер 15 жылдан астам жұмыс істеген. Несиеге ақша салған адамдар қолда барынан айырылды. Билік құрылыстардың заңсыз екенін және заманауи демалыс аймақтарын құру жоспарын алға тартуда. Бірақ жалға алушылар үшін бұл әлсіз жұбаныш.

Осындай жағдайда әкімдіктің экономика 19,4 пайызға өсті, инвестициялар 360 млрд теңгеге тартылды деген мәлімдемелері әжуа секілді естіледі. Иә, сандар әсер етпей қоймайды. Бірақ осы өсімді күнде жолдың шұңқырына сүрінетін, емханаларда ұзын-сонар кезекте тұратын, ағаштардың қурағанын көріп жүрген қарапайым тұрғындар сезініп отыр ма? Бұл – жауабы анық риторикалық сұрақ.

Алдыңғы басшының еңбегін үнсіз қалдыру

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің президентке жасаған тамыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі есебі, онда ол бұрын-соңды болмаған құрылыс көлемі туралы құлшыныспен баяндағанына қарамастан, бұл шынында оның еңбегі ме деген сұрақ ашық күйінде қалды.

– 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, – деп есеп берді Сыздықбеков.

– Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін «Жұлдыз» және «Бозарық» жаңа индустриялық аймақтары іске қосылды.

Әкім сондай-ақ қаланың инфрақұрылымын жаңғырту барысы туралы айтты.

– Жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталды, теміржол вокзалы қайта жөнделді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп, Оқушылар сарайы пайдалануға берілді, сонымен бірге мини-футбол орталығы мен спорт кешені салынды. Оңтүстік айналма жолы және екі ірі көлік айрығы іске қосылды.

Бұл, әрине, әсерлі естіледі, бірақ… Сыздықбековтің мемлекет басшысының назарын аудартпағаны – оның баяндаған жобаларының басым бөлігі алдындағы әкімдер Мұрат Әйтенов пен Ғабидолла Әбдірахымовтың тұсында басталған еді. Ал ол тек басталған істі аяқтады.

Отбасылық бизнес туралы үнсіздік

Үшінші үнсіздік – ең қаттысы. Бұл айтуға үйреншікті емес тақырып, яғни жақын туыстарының бизнесі жайлы үнсіздік. Өткен жылдың ақпанында журналист әрі блогер Дмитрий Шишкин өзінің жобасында Шымкент әкімінің туыстық байланыстары мен отбасы мүшелерінің бизнесіне қатысты құпияның бір парасын ашты. Шишкиннің дерегінше, әкімнің 66 жастағы әкесі Әбдімажит Сыздықбеков – табысты кәсіпкер. Ол бірнеше компанияға иелік етеді: «Отырар-Агро» ЖШС (қой шаруашылығы), «Мерей М» ЖШС (түйе және жылқы өсіру), «Бестораңғыл» ЖШС (құрылыс және жылқы өсіру), ең қызығы – құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысатын «Отырар Групп ЛТД» ЖШС.

Бұл соңғысы ерекше маңызды. Себебі Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес басым бағыттардың бірі деп жарияланған жағдайда, жоғары лауазымды шенеуніктердің туыстарының бизнесі, әсіресе құрылыс пен мемлекеттік сатып алуға байланысты болса, әрдайым қоғамның қырағы назарында болады. «Отырар Групп ЛТД» ірі айналымы болмаса да, мемлекеттік сатып алуларға қатысқан тәжірибесі бар. Мұндай жағдайда Шымкентте әкімдік бастамасымен қолға алынған кез келген ауқымды құрылыс жобасы мүдделер қақтығысына қатысты еріксіз сұрақ тудырады. Бірақ бұл сұрақтарға ашықтық та, жауап та Сыздықбековтен тұрғындарға жеткен жоқ.

PS

«Ұйықтамайды, тамақ ішпейді, демалмайды – халықты ғана ойлайды...»

Ғабит Сыздықбековтің үш түрлі үнсіздігі бір басқару картинасын құрайды. Бұл қала-миллионердің өткір мәселелерін шешуден гөрі тыныш кабинеттерде жұмыс істеуге дағдыланған шенеуніктің стилі. Шымкент әкімінің еңбек жолы да соны дәлелдейді.

Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы Шымкентте туған. Қазақ мемлекеттік заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша, Ресей СІМ Дипломатиялық академиясын «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған. «II сыныпты кеңесші» дипломатиялық дәрежесі бар. Еңбек жолын 2004 жылы ҚР СІМ мемлекеттік хаттама қызметінің атташесі болып бастаған. Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы, ҚР сыртқы істер министрінің кеңсесінің екінші хатшысы болған. Сенат аппаратында әртүрлі қызметтер атқарған. 2019–2021 жылдары Қазақстанның Сербиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, кейін ҚР Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары болды.

Осындай еңбек жолы Сыздықбековтің оқшаулану мен үнсіздік стратегиясын көп жағынан түсіндіреді. Шымкент әкімі өз орынбасарына оқ атылғанда үнсіз қалды. Басқаруына қатысты сын айтылғанда да үнсіз. Туыстарының бизнесі туралы да үнсіз, ал оның лауазымы ең жоғары ашықтықты талап етеді.

Тек бір рет, 2024 жылы СЦК-дағы брифингте әкімге мәжбүрлі түрде түсінік беруге тура келді. Ол тұрғын үй және жеке кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Азат Момыновтың бюджет қаржысын жымқырып, ұсталып, сотталуына байланысты шыққан даулы жемқорлық жанжалдан кейін неге отставкаға өтініш бермегенін түсіндіруге мәжбүр болды.

Сыздықбеков бұл сұраққа былай жауап берді:

– Тікелей оның кураторы – менің орынбасарым. Процедураға сәйкес, ол өзіне бағынысты адамның сотталғанына байланысты маған отставкаға өтініш жазды. Бірақ мен, оның бұл іске еш қатысы жоқ екенін ескере отырып, оны орнында қалдыру туралы шешім қабылдадым. Ол жұмысын жалғастырып, қаланың дамуына үлес қосып жүр.

…Осы жазда әкімдікте қала басшысының еңбек демалысы жоспарланбайтынын, себебі жұмыс жүктемесінің жоғары екенін айтты. Шымкент әкімі жұмыс істеуді қалайтын тәсіліне қарағанда, оның басты «жүктемесі» – шынайы іс-қимылды күткен қалада батылдықтың елесін сақтап отыру ғана сияқты.