Президенттің сенатты тарату туралы мәлімдемесі жайдан-жай айтылған сөз емес, найзағайдай әсер қалдырды. Әрине, парламенттің қос палаталы не бір палаталы болуы – қазақстандықтар шешетін мәселесі. Бірақ «сенаторлардың тыныштық айлағы» дәуірі аяқталғанына еш күмән жоқ. Ulysmedia.kz халық арасында жоғарғы палатаны неге «еңбек сіңірген зейнеткерлер клубы» деп атайтынын еске салуды жөн көрді.
БҰРЫНҒЫЛАРДЫҢ МЕКЕНІ
Елдің саяси жүйесін аса терең білмейтіндер үшін сенаттың басты міндеті – мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе кері қайтару. Бірақ іс жүзінде сенат заң шығару органынан гөрі мемлекеттік қызметте көп жыл еңбек еткен, бірақ зейнетке шыға қоймаған адамдарға арналған құрметті орын ретінде қабылданды.
Саяси элита үшін сенатор креслосы «қосалқы аэродромға» айналған мысалдар жетерлік. Мәселен, бұрынғы ҰҚК төрағасы әрі президент әкімшілігінің басшысы Нұртай Әбіқаев, экс-мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімов, бір кездері бас прокуратура мен жоғарғы сотты басқарған Қайрат Мәми, сондай-ақ бұрынғы бас прокурор әрі жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов. Бұған қоса, тағы бір экс-бас прокурор Рашид Түсіпбеков, бұрынғы ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі, Дариға Назарбаеваның қолдауы арқылы сенатор болған Дана Нұржігіт және тағы басқа да көптеген тұлға бар.
Астаналық журналистер сенатқа көбіне жаңалық іздеп емес, қазіргі резонансты оқиғаларға пікір алу үшін баратын. Мәселен, әскерде, әсіресе ұшақтарға қатысты бір жағдай болса, білікті әрі ашық сөйлейтін сарапшы табу оңай емес. Ал сенатта 2010 жылдан 2017 жылға дейін әрқашан бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев болды. Ол армиядағы жаңалықтардан да, тәртіптен де хабардар еді.
ТРАНСФОРМАЦИЯҒА ТАЛПЫНЫС ЖӘНЕ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР
Алайда бұл бұрынғы жағдай еді, реформаларға дейін. 2019 жылдан кейін сенатты «зейнеткерлер клубы» деу қиындады, себебі құрам жасарды. Дегенмен, унитарлы мемлекетке қос палаталы парламент не үшін қажет деген сұрақ жиі қоя басталды. Әсіресе 2022 жылы бұл пікірлер күшейді. Сол жылғы конституциялық өзгерістерден кейін сенаторлар заң қабылдау құқығынан айырылып, мәжіліс ұсынған нормаларды тек мақұлдау немесе келіспеу міндеті ғана қалды. Бәлкім, жоғарғы палатаны жою жоспары сол кезде-ақ талқылана бастаған шығар.
2023 жылғы сайлаудан кейін сенаттың жұмыс стилі күрт өзгерді. Жоғарғы палата жанынан сараптамалық кеңес құрылды, реформалық топтар пайда болды, түрлі тақырыптарда ай сайын дерлік дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Айтпақшы, 2020 жылы сенат спикері болып Мәулен Әшімбаевтың тағайындалуын сарапшылар палатаны саяси тепе-теңдік құралына айналдырудың белгісі ретінде қабылдады. Ол алғашқы мамандығы бойынша саясаттанушы екенін еске алып, министрлер мен сарапшылардың қатысуымен тұрақты түрде подкаст жаза бастады.
Осылайша сенат байқалмай-ақ заң шығару органынан «ой фабрикасына» айнала бастады, ал сенаторлар батыл мәлімдемелер жасай бастады. Мұндай саясаттың нәтижесі де болды – бұрын-соңды сирек кездесетін жағдай, кейбір сенаторлар жоғарылау лауазымдарға барды. Мәселен, Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі атанды, ал Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі болды. Дегенмен, бұл трансформация сенатты сақтап қалудың қажеттігіне ешкімді сендіре алмаған сияқты.
«САЯСИ ТЫНЫШ АЙЛАҚТАҒЫ» ҰЗАҚМЕРЗІМДІЛЕР
Жоғарғы палатаның 30 жылдық тарихында мәжіліс заң жобасын өткізе алмай қалатындай жағдайлар саусақпен санарлық екенін ашық айту керек. Сенаторлардың ескертулері де заңдардың мазмұнын түбегейлі өзгертпеді.
Жалпы, сенатор креслосында халыққа қызмет ету аса бір қарбаласыз, артық уайымсыз өтеді, әрі президенттің тапсырмасын орындамағаны үшін қатаң сынға ілігу қаупі аз. Тәжірибе бойынша мұндай жағдайда халыққа қызметті ұзақ жылдар бойы атқаруға болатыны анықталды.
Мысалы, Нұрлан Бекназаров сенатта 2018 жылдан бері отыр. Әлі Бектаев пен Сергей Ершов секілділер 11 жылдан бері жұмыс істеп келеді.