Демография, экология: Нұрымбет Сақтағанов шығыста қандай қатерге тап болуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia.kz өңір әкімдерінің жоспарлармен және өз уәделерімен қалай жұмыс істейтіні туралы материалдар сериясын жалғастырады. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің жұмысы қосұдай әсер қалдырады. Бір жағынан, стратегиялық жоспарлауға тәп-тәуір жүйелі көзқарас бар сияқты, бірақ екінші жағынан – формализм сезімі бар, өйткені жоспарлардың орындалуы туралы есептер шындықпен онша қабыспайды.

ЫҢҒАЙЛЫ ЖОСПАРЛАР

Желіде өңірдің дамуына қатысты бірнеше құжатты табуға болады. Алғаш қарағанда, бұл облыс әкімдігінің жұмысына іргелі көзқарас барын білдіретіндей көрінеді. Алайда құжаттарды мұқият зерттесеңіз, шенеуніктер өздеріне тым үлкен міндеттемелер алмауға тырысқан деген ой еріксіз келеді. Ал бүкіл нақтылық жалпы сипаттағы тұжырымдардың тасасына жасырылған. Екі жоспардың бірден болуы түсінікті: біріншісі 2021 жылы ШҚО тұтас өңір болған кезде қабылданды, екіншісі 2022 жылы жаңадан құрылған Абай облысының бөлінуін ескере отырып түзетілді. Дегенмен көптеген нәтижелік индикатор өзгеріссіз қалған. Басқаларына қол жеткізу өте ыңғайлы деңгейде түзету енгізілген.

Мысалы, балалар өлім-жітімі көрсеткіші бойынша 2025 жылдың соңына қарай әкімдік тірі туған 1 000 балаға 7,5 өлім деңгейіне жетуді міндет етіп қойды. Бірақ мұндай деңгей өңір екі облысқа бөлінбей тұрып, 2021 жылы-ақ тіркелген. Ресми деректерге қарағанда, жергілікті денсаулық сақтау басқармасы үш жылда өлім-жітімді тіпті «жарты балаға» да азайтуды жоспарламағандай әсер қалдырады. Өңірді дамыту жоспарында орындалуы әкімдікке онша тәуелді емес міндеттер де жеткілікті. Мысалы, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімді азайту. Жақсы жолдар – әрине, әкімдіктің уәжі де, жауапкершілігі де. Бірақ ІІМ деректері бойынша жол апаттарының 70 пайыздан астамы, оның ішінде өлімге алып келгендері де, жол жүру ережесін бұзудан болады. Дегенмен, бұл бағытта әкімдік үлкен жұмыс атқарған: БАҚ-тағы мақалалар, ақпараттық-түсіндіру парақшалары, қосымша патрульдер және профилактиканың апталық күндері. Немесе жасөспірімдер арасындағы жүктілікті азайту. Әкімдік ерте жүктіліктің зияны туралы дәрістер ұйымдастырады, жалпы алғанда қазіргі жастардың жүріс-тұрысы туралы түсіндіру іс-шараларын өткізеді десек керек.

Бірақ бұл жерде мәселе, көбіне, отбасындағы тәрбиеге тіреледі. Яғни көптеген міндет рулеткаға ұқсайды – жолы болуы да, болмауы да мүмкін. Бұдан бөлек, орындалуы іс жүзінде тексерілуі қиын міндеттер де бар. Мәселен, салауатты өмір салтын ұстанатын облыс тұрғындарының үлесін арттыру. Немесе мемлекеттік қызметтер сапасына, қатарынан мемлекеттің саясатына халықтың қанағаттану деңгейі. Мұнда әлеуметтік сауалнамалар жүргізілетіні түсінікті және, үлкен ықтималдықпен, әкімдік күшімен жүзеге асады. Сондай-ақ өңірді дамыту жоспарында сұрақтан басқа ештеңе тудырмайтын тармақтар да кездеседі. Мұндайларға нашақорлықпен күресті жатқызуға болады. 2025 жылға есірткі таратумен байланысты 250 құқықбұзушылықты анықтауға… 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұнда екі-ақ нұсқа бар: не біз жазылғанды дұрыс түсінбедік, не құжатты әзірлегенде біреу нөлдердің санынан қателескен.

ӘКІМДІКТІҢ МҰНДА НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

Өңірді дамытудың онша түсініксіз жоспарларынан бөлек, ашық қолжетімділікте іс-шаралар жоспары және оның 2024 жылғы орындалуы туралы есеп бар. Мұнда да көп қызық көруге болады. Есепте тармақтардың басым бөлігі «орындалды» немесе «ішінара орындалды» деп көрсетілген, себебі жобалар биыл аяқталуға тиіс. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту бойынша әкімдік жоспарлаған іс-шаралардың бәрі жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпорындарға қатысты. Өз бизнесін жаңғырту немесе кеңейту – әр кәсіп иесінің шаруасы, ал мұнда әкімдіктің қандай қатысы бар – түсініксіз. Әрине, өңірде «Самұрық-Қазына» қорының үлесі бар «Қазмырыш» жұмыс істейді, бірақ облыс әкімдігінің бұл кәсіпорындарды дамытуға көзқарасы туралы мәселе бәрібір ашық күйінде қалады.

Сонымен қатар, кейбір «ішінара орындалған» тармақтарға қатысты түсініктемеде «2024 жылға бөлінген қаражат игерілді» деп жазылған. Бұдан әкімдік жеке бизнесті дамытуға ақша бөлетінін болжауға болады. Бірақ бұл жағдайда жеке кәсіпкерлер өз бизнесін бюджет қаражаты есебінен кеңейтеді. Ал оның қайтарымы қайда? Бұл туралы есепте бір ауыз сөз жоқ. Жалпы алғанда әкімдіктің есебі нәтижелердің толық көрінісін бермейді. Мысалы, іс-шаралар жоспарында екі жылдық мерзімде 22 несиелік тұрғын үй салу жобасы бар. Бірақ түсініктемеде 2024 жылы 13 үйдің құрылысы жүргізілгені, 2 үй пайдалануға берілгені жазылған. Соған қарамастан, әкімдіктің қорытындысы – орындалды.

Немесе туризм саласы. Өңірдің туристік әлеуеті жайлы әңгіме бұрыннан айтылып жүр, ал есепке қарасақ, әкімдік 2024 жылы бұл бағытта үлкен қадам жасаған сияқты. Бірақ жаңа нысандар мен жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту – бизнес күткен нәрсе емес. Әлі күнге дейін, әсіресе алыс аудандарда, электрмен қамтудағы жиі іркілістер мәселесі бар, бұл туристерге ұнай қоймасы анық. Бұдан бөлек, бизнес бұған дейін, 2023 жылы, жағдайды өзгертуге қабілетті бірқатар нақты ұсыныстар айтқан. Олардың қатарында негізгі туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу, әр 50 шақырым сайын санитарлық-гигиеналық тораптар орнатып, кейін оларды күтіп-ұстау, бақылау алаңдарын жабдықтау, Катонқарағай мен Үлкен Нарын әуежай ашу бар. Ал әкімдіктің туризмді дамыту бойынша орындалды делінген жоспарында небәрі үш санитарлық-гигиеналық тораптың құрылысы көрсетілген.

КӨРСЕТКІШТЕР ҚҰЛДЫРАП ЖАТЫР

Өңірдің 2022 жылдан, екі облысқа бөлінгеннен кейінгі дамуы жөнінде неғұрлым айқын көріністі ресми статистика береді. Халық саны азайып келеді: егер 2022 жылы облыста 732,9 мың адам тұрса, 2025 жылдың басында – 723 967 адам қалған. Оның үстіне, соңғы алты айда халық тағы бір мыңға кеміген. Санының кемуі әрі көші-қон сальдосының теріс болуынан, әрі табиғи өсімнің теріс мәндерінен байқалады.

Халық санының азаюына қарамастан, жұмыссыздық екі жыл бойы бір деңгейде – 4,7% болып тұр, ал 2022 жылы – 4,8% болған. Мұндай көрсеткішті ұстап тұруды әкімдіктің жетістігіне жатқызуға болмас, себебі бұл жаңа өндірістер ашу мен ескілерін кеңейту арқылы жұмыс орындарын құруда проблема бар екенін білдіруі мүмкін. Орташа айлық жалақы 2022 жылдан бері шамамен 100 мың теңгеге өсіп, 2025 жылдың басында 380,3 мың теңгені құрады. Алайда нақты жалақы индексі екі жылда небәрі 5%-ға ғана көтерілген, ал инфляция 2023 және 2024 жылдары 18% болды.

Экономикалық көрсеткіштерге келсек, 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда көптеген салаларда, кейде едәуір өсім болған. Бірақ осы жылдың алты айын өткен жылмен салыстырсақ, жағдай мәз емес. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 8,8%-ға төмендеген. Тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда өндіріс көлемі 3,3%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 11,3%-ға азайған. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы шамамен 5%-ға артқанымен, жүк айналымы 15%-ға қысқарған.

Әкімдіктің есебінде өткен жылы бизнес-гранттарға қатысты әсерлі сандар бар, бірақ биыл тіркелген заңды тұлғалардың саны 1%-ға азайған. Ал әрекеттегі шағын және орта бизнес субъектілері 1,3%-ға кеміген.

АЛ ӘКІМ ҚАЙДА?

Нұрымбет Сақтағановқа әзірге сұрақ қою орынсыз. Ол әкім креслосына тек 2025 жылдың ақпанында отырды. Дегенмен, оның алдына президенттің өзі қойған міндеттер тұр. 2025 жылдың көктемінде Тоқаев өңір экономикасын әртараптандыру бойынша жұмысты күшейтуді, өңделген өнім экспортын кеңейтуді және инвестиция тартуды тапсырған. Бұған қоса, президент әкім жұмысының басым бағыттарын да айқындап берді – экологиялық проблемаларды шешу және көлік инфрақұрылымын жақсарту.

Президенттің тапсырмаларына нақты қарасақ, тек экологияның өзінен-ақ Сақтағановтың алдында басынан асып жататын мәселелер тұр. Қолданыстағы 165 қоқыс полигонының небәрі 21-і ғана экологиялық нормаларға толық сәйкес келеді. Өткен жылы 250-ден астам заңсыз қоқыс орны анықталған. Жалпы алғанда, облыстағы қалдықтардың ширегіне де жетпейтін бөлігі ғана қайта өңделеді.

Өскеменде ескі қоқыс полигонынан бөлек, ауа сапасы мәселесі өткір тұр. Қаланың ондаған жылдар бойы желсіз күндері өнеркәсіптік кәсіпорындардан шыққан түтінге тұншығып келе жатқаны жасырын емес. Ауа мәселесі тек облыс орталығына ғана тән емес. Өңірде экологияға ең зиянды бірінші санаттағы 62 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұған қоса, екінші, үшінші және төртінші санаттағы шамамен мыңға жуық кәсіпорын бар.

Әкімнің өзіне келсек, ол бұл өңірде бөтен адам емес. Шамамен 11 жылдық мансабы Шығыс Қазақстанмен байланысты. Аудан, қала әкімдері болып істеген, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Яғни жағдайды жақсы білетін адам, сондықтан «қызып алуға» көп уақыт қажет емес.

Әзірге Сақтағанов жыл соңына дейін халықты 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз ету деген бір ғана уәде берді. Дегенмен, Сақтағановтың айтарлықтай тәуекелге бара қоймасы анық. Әкімдік деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың басында қалалық жерлерде ауызсумен қамту деңгейі 99,9%, ал ауылдық жерлерде – 98,4% болған. Демек, көрсеткішті 100%-ға жеткізу аса қиын емес, әрине, егер шенеуніктер бұл сандарды сәл әдемілеп көрсетпесе.