“Парламентті күшейтемін десе, президенттің де билігін алу керек”: Сенатты қысқартқаннан не өзгереді?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

8 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында сенатты қысқартып, бір палаталы парламент жүйесіне көшу бастамасын көтерді. Президент 2027 жылы парламенттік реформа жөнінде жалпыұлттық референдум өткізіп, Конституцияға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.

Бірақ бір палаталы парламент жүйесіне көшу Қазақстан үшін жаңалық емес. Осы тұста кейінгі отыз жылда Қазақстан парламенті қалай өзгерді? Жоғары Кеңес қалай қос палаталы парламентке айналды? деген сауалдарға жауап іздеп, басты заң шығарушы органның өткені мен бүгініне тоқталып көрейік.

 

Жоғары кеңесті таратып, билігін күшейткен Назарбаев

Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы бір жыл бұрын сайланған құрамында 360 депутаты бар Жоғары Кеңес жұмыс істеп тұрды. Бұл Жоғары Кеңесті белгілі саясаткер Серікболсын Әбділдин басқарды. Алғашқы Конституцияны 1993 жылы дәл осы Жоғары Кеңес депутаттары қабылдады. Сарапшылар бұл Конституцияны парламенттік-президенттік басқаруды көздеген Конституция деп атайды. Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі туралы декларацияны жариялаған да осы Жоғары Кеңес депутаттары болатын. 

1994 жылы елде алғаш рет Жоғары Кеңес сайлауы өтті. Мұнда парламенттік оппозиция үлкен күшке ие болды. Конституциялық сот бұл Жоғары Кеңесті бір жылдан соң «заңсыз сайланды» деп таратып жіберді. Саяси сарапшылар Қазақстан осы кезден бастап автократиялық жолға түсті деп жиі айтады.

1995 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында елде он ай бойы парламент жұмыс істемеді. Заң шығару құзыретін президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі атқарды. Өзінің ыңғайына келетін Конституция қабылдады. Осыдан кейін сенат пен мәжілістен тұратын екі палаталы парламент жасақталды. Президенттің құзыреті күшейіп, парламенттің ықпалы кеміді.

«Екінші шақырылған Жоғары Кеңесті елбасы жойып, өзіне билікті жеке меншігі сияқты қылып алды. Демократияның орнына қазір автократия келді. Автократия, тоталитаризм деген ұғымдардың серпіні бойынша, оппозицияға күн жоқ. Біздің өзіміз арасында жүріп көргеніміз, жалпы біздің елбасының (экс-президент Назарбаев) ұғымы бойынша, өзін оппозициямын деп айтқан ғана емес, тіпті басқаша ойласа да ол өзіне қарсы деп есептейді. Өзіне қарсы болғандықтан оны жоюға, құтуға, тізе бүктіруге әрекет істейді. Оған бүкіл еліміздің, мемлекетіміздің басқару жүйесі жұмыс істеп отыр», – деп Жоғары кеңестің таратылуын есіне алған 2013 жылы сұхбаттарының бірінде оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин.

Ол Назарбаев қабылдаған Конституцияны «тек қана президент билігіне арналған конституция» деп атады.

Жоғары Кеңес пен мәжілісте депутат болған саясаткер Серік Әбдірахманов Жоғары Кеңестің таратылып, қос палаталы парламенттің жасақталуын сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев төңірегіндегі жемқорлық дауымен байланыстырады. Оның сөзінше, Назарбаев Жоғары Кеңесті таратып, өзіне ыңғайлы парламент жасақтауды мақсат тұтқан.

«1994 жылы сайланған Жоғары Кеңеске бақылау палатасы қарады. Біз сол кезде бақылау палатасы, депутаттар мына тексерістер, басталған жекешелендірулер қалай өтті тексеріп, талай мына биліктің, Назарбаев бастаған биліктің ұрлықтарын аша бастадық. Томдаған материалдар, білдіңіз бе? Бұлар деген енді жанталасып, қорыққаннан әйтеуір амалын тауып, Татьяна Квятковская деген сайлауда өте алмай қалған біреудің арызын қабылдап, Жоғары Конституциялық сотқа оны түсіріп, Баймаханов деген академик ағамызды қыспаққа алып, Конституциялық сот мүшелерін қысып, ХІІІ шақырылымдағы Жоғары Кеңес заңсыз сайланды деп, айласын тауып, бізді тағы да таратып жіберді», – дейді ол.

Назарбаев өзінің 2023 жылы шыққан «Менің өмірім» атты кітабында Жоғары Кеңестің таратылуы мен жаңа парламентке қажеттілікті өз тұрғысынан түсіндірді. Ол сол уақытта іс жүзінде елдің парламенттік-президенттік республикаға айналғанын мойындайды және сол кездері Ресейде болып жатқан саяси дағдарысқа меңзеп, Жоғары Кеңес елдегі тұрақтылыққа қауіп төндірді дейді.

«Бұл арадағы негізгі мәселе тілалғыш парламентке қол жеткізуде немесе жеткізе алмауда емес. Мәселенің басты мәнісі – ел дамуының сол белесінде Қазақстанның мүддесі үшін бәрінен бұрын күшті президенттік билік қажет екенінде еді», – деп жазды Назарбаев кітабында.

Назарбаевшыл парламент

1999 жылы парламент сайлауы аралас жүйемен өтті. Мандаттың көбін Назарбаевтың «Отан» партиясы алды. Жоғары билікті ашық сынайтын бірді-екілі депутат қана парламентке өтті.

2004 жылғы сайлауға да кандидаттар аралас жүйе бойынша қатысты. Парламентке түгелдей дерлік билікшіл партиялар мен депутаттар жиналды. 2007 жылғы сайлауда парламенттегі барлық мандатты биліктегі «НұрОтан» партиясы алды. Одан кейінгі сайлаудың барлығы тек партиялық тізіммен өтті. Парламентте тек билікшіл партиялар отырды. Бұл сайлаулардың барлығын Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мойындамады.

2019 жылы наурызда Қазақстанды отыз жыл билеген президент Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кетті. Парламент депутаттары онымен қимай қоштасты. Өзін парламенттік оппозиция санайтын «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев көзіне жасалып, елдің сынына қалды.

Атын ауыстырған “НұрОтан” ескі де жаңа сайлау

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін арада бір жыл өткенде тағы да кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Билік ескі де жаңа аралас сайлау жүйесіне ішінара қайтып оралды. Ол бойынша мәжілістегі 98 орынның 69-ы партиялық тізіммен, 29-ы бір мандатты округтен сайлауға түскен кандидаттарға берілді. Бірақ бұл жолы да атауын «Аманат» деп өзгерткен бұрынғы «НұрОтан» партиясы көпшілік мандатқа ие болды. Сол уақытта президент Тоқаев «бір мандатты округтерден депутат сайлау ­– демократияны жаңа деңгейге көтеру» деп мәлімдеді.

Биылғы жолдауында президент Тоқаев «егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек партиялық тізім бойынша сайлаған жөн» деді. Президенттің сөзінше, парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. «Күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» қағидаты сақталады.

Бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсаров бір палаталы парламентке көшуді толыққанды саяси реформа деп айтуға келмейді дейді. Сөзінше, сенатты қысқартып, мәжіліс сайлауын тек партиялық тізіммен өткізу ешқандай өзгеріске алып келмейді.

«Парламент депутаттары енді тек ғана саяси партиялардан сайланатын болады. Бір мандатты депутаттар болмайтын болады енді, көрдіңіз бе. Кез келген жеке тұлға, өңірдегі болсын, республикалық деңгейде болсын саяси тұлғалар өздерін өздері парламентке ұсына алмайды. Бұны біз президенттік лауазыммен салыстыратын болсақ, бірнеше адамға президенттік додаға түсуге тыйым салынған, бөгет жасалған. Былай айтқанда, Қазақстанда 80-90 мың адамның президенттік додаға түсуге құқығы бар. Қалған 20 миллион қазақстандықтың ондай құқығы жоқ. Енді парламентті алатын болсақ, дәл сондайға тіреліп тұр. Тек партиялық тізім арқылы ғана адам парламентке депутат бола алады. Сондықтан, бұл да азаматтардың құқықтарына шектеу қою деп айтуға болады. Енді бір жағынан қоғамды алдап кеткендей болады. Мінекей, сенат болмасын, керек емес деп бірнеше жылдан бері зарлап жүрсіңдер, анау-мынау деп. Мінекей сенатты алып тастадық. Саяси партиялар туралы ешкім байқамайды деген оймен айтылған нәрсе. Сондықтан бұл өте маңызды нәрсе. Оған аса қуанатын ешнәрсе жоқ. Өйткені иә, сенат жоқ болады. Иә, парламент депутаттарының елу пайызы саяси партиялардан, қалған елу пайызы жеке тұлғалар сайланатын болса, онда иә, бұл демократиялық саяси реформалар деп айтуға болар еді. Әзірше өкінішке орай мен оны айта алмаймын», – дейді Уәлихан Қайсаров.

Тіркелмеген партия, істі болған белсенді

Қазақстанда азаматтық қоғам мен оппозиция өкілдері партия тіркеуге кедергі көп екенін айтады. Партия құрмақ болған кейбір саяси белсенділер қазір сот шешімімен қамауда отыр. Солардың бірі тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев. Оған «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша айып тағылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Жыланбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайды, істің саяси астары бар деп есептейді. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп таныған. Қазақстан билігі елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады.

“Парламентті күшейтемін десе, президенттің де билігін алу керек”

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева сенатты қысқартқанмен парламент күшейіп кетпейді деп есептейді. Сайлау тек партиялық тізіммен өтетін болса, онда өзге де саяси институттарға өзгерістер енгізілуі тиіс дейді ол.

«Қазір енді парламентті күшейтеміз десе, президенттің де кішкене билігін алу керек. Ол мысалы үкімет кімге қарайды, президентке ме, парламентке ме? Пропорционалдық жүйе болса, партиялар парламентке кірсе, онда үкімет парламентке қарауы керек. Сонда кішкене президенттің билігі азаяды. Күшті президент, күшті парламент және есеп беретін үкімет жүйесіне келеді. Бірақ мен білмеймін, президент әкімшілігі не ойлап отырғанын. Қандай жүйеге алып келетінін мен білмеймін қазір», – дейді ол.

Тоқаевты қолдаған сенат

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен Ulysmedia тілдескен депутаттар өздері жұмыс істеп отырған органды қысқартайын деп жатса да президент бастамасын қолдады. Олар отыз жылда сенат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды деп есептейді.

«Бұл енді, жалпы енді еліміздің даму үрдістерімен сәйкес келетін сондай ұсыныс деп барлығымыз қабылдаймыз. Сонымен қатар, президентіміз бұны енді өте маңызды мәселе, бұны енді бір-екі күнде шеше салуға болмайды. Бір жылдай уақыт, мамандар, сарапшылар, парламент депутаттары бұны талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салып, бір ортақ пікірге келіп жатса, әрі қарай референдум ұйымдастырылатын болады 2027 жылы. Сол кезде халқымыз қалай шешеді, әрі қарай тиісті заңнамалық өзгерістер болатын болады», – деді Мәулен Әшімбаев.

«Қазіргі кезде біріккен кәсіби парламент құрылса, ол жаман болмас еді деген халықтың арасында жүрген әңгіме. Соны құптап, референдумға шығарсақ қалай қарайсыздар деген ұсыныс енгізді. Оны біз құптаймыз. Кәсіби мамандар барлық жерде керек. Мен өзімді кәсіби маманмын деп санаймын. Қырық жылдай еңбек өтілімі бар. Сондықтан да жұмыс табылады. Екі қолға бір күрек», – дейді сенат депутаты Амангелді Нұғыманов.

“Зейнеткерлер клубы” және сынға қалған парламент

30 жыл жұмыс істеген парламент сенатын ел ішінде «зейнеткерлер клубы» деп те атайды. Оған себеп те жоқ емес. Әр жылдары сенатты Назарбаевтың сенімді серіктері болған Нұртай Әбіқаев, Қайрат Мәми сияқты адамдар басқарды. Парламент сенатына экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева да төрағалық етті. Президент Тоқаев та Назарбаевтың тұсында ұзақ жыл сенатты басқарды.

Қоғамда парламент пен депутаттардың кәсіби біліктілігіне қатысты сын көп айтылады. Күні кеше ғана мәжіліс залынан анасын туған күнімен құттықтаған депутат Ардақ Назаров елдің сынына қалды. Азаматтық қоғам мен оппозиция өкілдері парламентте әділ сайлаумен өткендер емес, билікпен келіскен адамдар отыр деп жиі сынайды.