Тағы да шетте қалдық: Орынбор ГӨЗ-інің тоқтауы Қазақстанға қалай әсер етеді

Ulysmedia
Коллаж: Ұлысмедиа

Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылы – тек Ресейдің емес, Қазақстанның да басына юұлт үйірді. Себебі дәл осы зауытқа Қарашығанақтан өндірілетін негізгі газ көлемі жіберілетін. Кейін тазартылған, пайдалануға дайын газ қазақстандықтарға қайтарылатын. Енді бұл айналым белгісіз мерзімге тоқтап тұр. Бірақ бұл жалғыз әрі басты қиындық емес. Ulysmedia.kz жағдайдың салдарын жан-жақты талдап көрді.

Газ болады, бірақ...

Орынбор ГӨЗ-і дрондар шабуылынан кейін қазақстандық газды қабылдауды тоқтатқаннан бері тәулік өтті. Энергетика министрлігі жедел жауап бергенімен, айтылған сөздер тым жалпы сипатта болды. Тіпті салаға қатысы жоқ қарапайым адамға да жағдайдың күрделі екені анық болды.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов бұл күдікті растайды.

- Орынбор ГӨЗ – Қарашығанақ газын өңдейтін жалғыз зауыт. Ең бастысы, дәл осы газ кейін бізге қайтарылатын. Демек, біз сол көлемді енді ала алмауымыз мүмкін. Алсақ та, бұрын өз газымызды қайта алған кездегі бағадан екі есе қымбатқа түсуі ықтимал. Қазір бар үміт – “Газпром” басшылығымен бейресми түрде келісіп, бізге газды бұрынғыдай 70–80 доллар бағамен жеткізуді сұрауда. Әйтпесе, бәріне ортақ 180 доллардан алуымызға тура келеді, – дейді ол.

Қанша көлемде газ жетпей қалатыны әзірге белгісіз, бәрі зауыттың қанша уақыт тоқтап тұратынына байланысты. Исмаиловтың айтуынша, кем дегенде бірнеше апта, тіпті ұзақтау мерзімге де созылуы мүмкін. Оның үстіне бұл зауытты бұрыннан бері жаңарту жоспарланған, ал Ресей санкция жағдайында қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізу арналары түсініксіз, себебі Орынбордағы құрал-жабдықтардың көбі еуропалық.

Қазақстан бюджеті неге Ресей–Украина соғысынан зардап шегеді?

Бұл тоқтау әлдеқайда ірі шығындарға әкелуі мүмкін. Қарашығанақта жыл сайын 25 млрд текше метр газ конденсаты өндіріледі. Оның 60%-ы қайтадан қабатқа айдалады, 10%-ы өз қажеттіліктеріне (жылыту, компрессор жұмысы және т.б.) жұмсалады, ал 30%-ы – шамамен 8 млрд текше метр – Орынбор ГӨЗ-іне өңдеуге жіберіледі. Енді бұл 8 млрд текше метр газды қайда жіберілетіні үлкен сұрақ.

- Қайта айдау технологиясының да шегі бар, компрессорлар қосымша 8 млрд текше метр газды қайта қабатқа айдай алмайды. Мұндай жағдайда жалғыз шешім – газ конденсатын өндіруді азайту, – деп түсіндіреді Исмаилов.

Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (КПО) елдегі ең ірі үш салық төлеушінің бірі. Сондықтан өндірістің азаюы барша қазақстандықтарға кері әсер етеді.

«Қысқа арқан» және ұзақ әңгіме

Орынбор ГӨЗ-інің тоқтауы қазақстандық әлеуметтік желілерде үлкен талқы тудырды. Сарапшылар 15 жыл бұрын Қарашығанақта өз газ өңдеу зауытын салу жоспары болғанын еске салды. Бірақ содан бері ештеңе өзгерген жоқ: әңгіме бар, ал құрылыс жоқ. Бұл жағдай қазақстандықтарды ашуландырып отыр.

- 15 жыл бойы консорциум өз зауытымызды саламыз деп уәде беріп келеді. Бірақ ештеңе жасалмады. “Үлгермедік” деген сылтау емес – жай ғана ешкімге Қазақстанның энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз болғаны тиімді емес. Ресейге шикізат кетеді, қосымша құн соларға қалады. Консорциумға да тиімді – инфрақұрылымға инвестиция салудың қажеті жоқ. Ал біздің мемлекеттік органдар “жұмыс істеп жатырмыз” деген ұранмен статист рөлін ойнап келеді. Нәтижесінде Орынбордағы бір төтенше жағдай – Қазақстанның солтүстігінде газ тапшылығына әкелуі мүмкін. Қарашығанақ өндірісті азайтуға мәжбүр, ал біздің экономика тағы да біреудің “жөндеу” шешіміне тәуелді. Бұл – энергетикалық отаршылдықтың айқын көрінісі, – деп жазады қоғам белсендісі Ғалым Байтук.

Ол энергетика министрлігінен нақты түсініктеме мен 15 жылдан бері уәде етілген зауыттың неге әлі жоқ екенін түсіндіруді талап етті.

Өз газымызды өзіміз өңдей аламыз ба?

Асқар Исмаилов та бұл түсініктемені күтетінін айтады, бірақ оның пікірінше, олардан қазір пайда аз. Тіпті зауыт салуды дереу бастау да мәселені шешпейді.

- Зауыт құрылысына 8–10 жыл кетеді. Ал бізде шұғыл шешім қажет. Сондықтан назарды жылдар бойы толық жүктелмей тұрған жеке газ өңдеу зауыттарына аудару орынды. Олар көптен бері Қарашығанақ газы неге Ресейге жөнелтіледі деген мәселені көтеріп келеді. Экономикалық әрі логикалық тұрғыдан алғанда, бар зауытқа дейін 150 шақырымдық құбыр тарту – жаңа зауыт салудан әлдеқайда арзан және тиімді, – дейді Исмаилов.

Қарашығанаққа жақын жерде осындай зауыт бар екен. Бірақ бұл тақырып көтерілген сайын КПО өкілдері «Қарашығанақ газы күкіртке бай, ал отандық зауыттарда қажетті тазалау технологиясы жоқ» деп жауап берген. Алайда Исмаиловтың айтуынша, Орынборға жөнелтілетін газ да алдын ала Қарашығанақтағы қондырғыларда тазартылады.

- Біздің газ “ластанған” деген миф 2000-жылдардан қалған. Ол кезде күкірттің тоннасы 5 доллар еді, ал оны бөліп алудың өзіндік құны одан да жоғары болатын. Сол себепті қайта айдау технологиясы пайда болды. Бірақ 2014 жылы КПО жүргізген зерттеу бұл айдалған газдың бір бөлігі кейін қайтадан өндіріледі деген қорытындыға келген, – дейді Исмаилов.

Қазір күкірттің тоннасы шамамен 200 доллар тұрады, одан асфальт, бетон және басқа материалдар жасалады. Газдың өзі де енді мұнайдың “серігі” ғана емес.

- Газ – әлемде “өткелдік отын” ретінде бағаланатын құнды ресурс. Үлкен мұнай компанияларында газ өндірісінің үлесі өсіп келеді. Мысалы, Shell компаниясында ол бүгінде 30–40% шамасында, – деп еске салады сарапшы.

Қазақстанда да газ бағасы инвесторлар үшін тартымды бола бастады. Бірақ инфрақұрылым салуға әлі де көп қаржы қажет. Ел ішінде жаңа құбыр немесе зауыт құрылысына кім жауапты болатыны да анық емес. Қарашығанақты басқаратын консорциум құрамында «ҚазМұнайГаз» – 10%, итальяндық Eni мен британдық Shell – әрқайсысы 29,25%, америкалық Chevron – 18%, ресейлік «Лукойл» – 13,5% үлеске ие.

Соңғы жылдары Қазақстан мен шетелдік серіктестер арасындағы қатынастар күрделене түсті. Жазда Eni мен Shell жетекшілік ететін халықаралық консорциум Қарашығанақтағы ГӨЗ құнын 3,5 млрд доллардан 6 млрд долларға дейін арттыруды және нысанның пайдалануға берілу мерзімін 2028 жылдан 2030 жылға шегеруді ұсынды. Сонымен қатар, жоба рентабельдігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан тарапынан 1 млрд доллар өтемақы сұрады.

Қазақстан, керісінше, жобаның құнын 1 млрд долларға азайтуды талап етті. Бұл мәселеде әзірге ортақ шешім жоқ. Басқа да ынтымақтастық бағыттары да түсініксіз. 1990-жылдары жасалған өнімді бөлу туралы келісімдердің мерзімі аяқталып келеді, ал Қазақстан оларды бұрынғы шарттармен ұзартуға ниетті емес. Сондықтан Қарашығанақтың шетелдік әріптестері инфрақұрылымға инвестиция салуға асықпай отыр. Энергетика министрлігі мұндай жобалардың тиімділігін түсіндіруі тиіс болса да, әзірге тек дипломатиялық баспасөз хабарламаларымен шектелуде.