Шамамен бір жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрлігіне Өнімді бөлу туралы келісімдерді (ӨБК) қайта қарау жұмыстарын жеделдетуді тапсырған-тұғын. Берілген тапсырма қалай орындалып жатқанын Ulysmedia.kz зерттеп көрді.
Стратегиялық міндет
Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған – мемлекеттік қазынаны толтыратын басты арна екенін бәрі біледі. Алайда, көпшіліктің пікірінше, бұл кен орындары іс жүзінде бізге тиесілі емес. Қазақстанның алтын сандық үстінде жалаңаш отырғанын осы жобалардан түсетін табыстың мардымсыздығымен түсіндіретіндер де көп. Бұған дейін айтылғандай, еліміз қара алтыннан түсетін табыстың шамамен 2%-на ғана иек арта алады, басқа деректерде оның мөлшері 10% шамасында деп көрсетілген. Бірақ бұл да мақтанарлық жағдай емес, өйткені иен байлықтың ішінде иегіміз ғана көрініп, шалқып жатудың орнына, тобықтай табысқа тоба деп әлі келе жатырмыз. Сондықтан 2025 жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев осы келісімшарттарды қайта қарауды тапсырған. Біз Энергетика министрлігінен осы жұмыстың қазіргі барысын нақтылауды ұйғардық.
Шынын айту керек, бір жылға жуық уақытта қыруар жұмыс істеліп, соның нәтижесін сүйіншілейміз деп ойлаған едік. Сондықтан министрліктен трансұлттық мұнай-газ алпауыттарымен болуы ықтимал сот дауларына қаржы қарастырылған-қарастырылмағанын да сұрадық. Логикалық тұрғыдан алғанда, бұл компаниялар өз үлестерін сот арқылы қорғауға тырысуы әбден мүмкін, өйткені Қазақстанның Қашаған жобасы бойынша серіктестерге қарсы түсірген шағымында осындай жағдай болып жатыр.
Энергетика министрлігі аппаратының басшысы Жанар Жарылғасова редакциямызға қазіргі келісімдер шарттарын қайта қарау мәселесі үкімет пен министрлік алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс мемлекет басшысының тапсырмаларына сай жүргізіліп жатыр және ұлттық экономикалық мүдделерді қорғауға, сонымен қатар инвестициялық ахуалды қолайлы деңгейде сақтауға бағытталған.
Неге бәрі керісінше?
– ӨБК-ні қайта қарау процесі – халықаралық шарттық міндеттемелерді сақтай отырып, кешенді құқықтық және экономикалық талдауды талап ететін күрделі процедура. Бүгінде дайындық-талдамалық жұмыс жүргізілуде, оған қолданыстағы келісімдердің құқықтық және экономикалық аспектілерін зерттеу кіреді, – деп түсіндірді ол.
Қазір шетелдік заңгерлерді тарту немесе ӨБК-ні қайта қарау туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Министрліктің хабарлауынша, бұл мақсатқа бюджеттен қаржы сұралмаған. Ведомство бұл тақырыпқа келіссөздердің белсенді фазасына өткенде және нақты қажеттілік туындаған сәтте қайта ораламыз деп отыр.
Ақша туралы аз-кем
Бұған қоса, энергетика министрлігі ӨБК-ні қайта қараудан Қазақстанның шамамен қандай пайда көретіні туралы болжамды да әзірге айтуға дайын емес. Біздің осы мазмұндағы сауалымызға министрлік сыдыртпа жауап қайтарды:
– ӨБК шарттарын қайта қарау ұлттық ресурстарды тиімді пайдалану мен мемлекет пен инвесторлар арасындағы табыстарды әділ бөлуге бағытталған. Нақты нәтижелер мен ықтимал экономикалық әсер келіссөздер қорытындысы бойынша айқындалады. Министрлік бұл бағытта алға жылжып, мемлекеттің мүдделерін сақтай отырып, ашықтықты қамтамасыз етеді, – деп жауап берді Жарылғасова.
Біз сондай-ақ ӨБК-ден келген залалдың есептелген-есептелмегенін және министрлікте осы келісімдерді қайта қараудың нақты мерзімі (дедлайн) бар-жоғын сұрадық. Бұл сұрақтарға ведомство мүлде жауап бермеді.
Нақты дерек
Бізге айтылған жалғыз нақты сан – қолданыстағы ӨБК-нің саны ғана.
– Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында сегіз Өнімді бөлу туралы келісім әрекет етуде. Негізгілері – Қарашығанақ, Қашаған, Дұңға және Жайықмұнай кен орындарын игеру жобалары. Сондай-ақ Теңіз жобасын атап өткен жөн, оның құқықтық режимі салықтық тұрақтылықты қамтамасыз ететін және ӨБК сұлбасына ұқсас келісіммен реттеледі, – деді Жанар Жарылғасова.
Осыдан қандай қорытынды жасауға болады? Бір жылға жуық уақыт өтсе де, Қазақстан үшін тиімсіз ӨБК шарттарын қайта қарау жөніндегі нақты тапсырмадан кейін салалық ведомство тек олардың санын анықтаумен ғана шектелді ме? Еріксіз осындай қорытынды жасайсың. Бірақ біз мемлекеттік орган нақты нәтижелерін ерте жариялаудан сақтанып отыр, қалай болғанда да арық айтып, семіз шық деген бар емес пе деп немесе алдағы маңызды келіссөздерге дайындық үстінде шығар деп сенгіміз келеді.
Айтпақшы, бірнеше ай бұрын мұнай саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қазақстандық мемлекеттік құрылымдардың құзыретіне күмән келтірген еді. Оның айтуынша, ТШО-ны кеңейту жобасы 48,5 млрд доллар деп бағаланса, одан әлдеқайда күрделі Гайана шельфіндегі кен өндіру жобасы (оны ТШО құрамындағы Chevron мен ExxonMobil да жүзеге асырып жатыр) 12 млрд долларға бағаланған.
Олжас Байділдиновтің пікірінше, Қазақстан бұл бағаны не біреудің мүддесіне байланысты, не құзырет тапшылығынан теріске шығармай отыр. Ал біз бұл мәселелер бойынша қойылған сұрақтар мен ресми өтініштерге тек шығарып салма жауап пен мән-мағынасы жоқ хаттар ғана алып отырмыз. Осыдан кейін кімге сенесің?