Вейп пен электронды темекіге тыйым: біржақты қабылданған шешім халық пен нарыққа қалай әсер етеді

Ulysmedia
Коллаж: ulysmedia.kz

Вейп пен электронды темекі сатуға толық тыйым салынғаннан кейін Қазақстанның бұл шешімі кең көлемде талқыланып жатыр. Денсаулықты қорғау мен таңдау еркіндігінің арасындағы шекара қай жерден сызылушы еді деп сұрап жатқандар да көп. «Стратегия» қоғамдық қорының қолдауымен өткен конференцияда сарапшылар, әлеуметтанушылар және талдау орталықтарының өкілдері бұл мәселені қайта қарау қажеттігін айтты. Олардың пікірінше, Қазақстандағы никотин нарығын реттеу қатаң тыйымға емес, зерттеу мен халықаралық тәжірибеге сүйенуі тиіс. Сарапшылар неге құр тыйым салғаннан гөрі ғылыми негізделген саясатқа көшуді құп көреді, бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісі дайындаған материалда толық баяндайды.

Тыйым салмас бұрын зерттеп алу қиын ба

2024 жылдан бастап Қазақстанда вейп пен электронды темекі сатуға және таратуға іс жүзінде толық тыйым салатын түзетулер күшіне енді. Ережені бұзғандарға айыппұл мен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл шара қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімді азаматтардың, әсіресе жасөспірімдердің денсаулығын қорғаумен байланысты деп түсіндірді. Ведомство мәліметінше, соңғы үш жылда никотин өнімдерін тұтынатын жастардың үлесі 5%-дан 14%-ға дейін өскен. Алайда, конференция қатысушылары атап өткендей, зерттеу мен қоғамға түсіндірместен салынған тыйым бар мәселені шешпейді. Керісінше, ол заңсыз сауданың өсуіне және денсаулық сақтау саясатына деген сенімнің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

– Мына нәрсені түсіну маңызды, тыйым бұл саясат емес, бұл – реакция. Тыйым салмас бұрын мәселені зерттеп, түсіндіру керек. Сонда ғана азаматтар мұндай шараны жай тыйым ретінде емес, саналы шешім ретінде қабылдайды, – деді «Стратегия» қорының президенті Гүлмира Ілеуова.

Халықаралық тәжірибе: жетесіне жеткізіп айту

Әлемдік тәжірибе никотин нарығын тыйым салмай-ақ тиімді реттеуге болатынын көрсетеді. Мысалы, Ұлыбританияда вейптер ағзаға зиянды азайту құралы ретінде заңдастырылған. Сондықтан олар дәріханаларда сатылады және темекіге қарағанда қауіпі аз балама ретінде қарастырылады. Жаңа Зеландияда билік «Smokefree-2025» бағдарламасын енгізген, онда басты басымдық ақпараттандыру мен сапаны бақылауға берілген. Конференцияда сарапшылар Қазақстан осы тәжірибені өзінің құқықтық жүйесі мен мәдени контекстіне бейімдей алатынын айтты.

– Біз барлық шектеуді алып тастайық деп отырған жоқпыз. Айтқымыз келетіні шешімдер эмоциямен емес, дерекке сүйеніп қабылдануы керек. Әр өнімнің қауіптілік деңгейі әртүрлі екенін түсіну маңызды, – деді Ілеуова.

Үкімет материалдарына сенсек, Қазақстан қазірдің өзінде өнімдердің денсаулыққа әсерін бағалау стандарттарын жаңарту бағытында зерттеужүргізіп жатыр. Бұл тәсілдер жаңа кезеңнің бақылаудан емес, реттеуден тұратын саясаттың негізіне айналуы мүмкін.

Неліктен зерттеу тыйым салғаннан тиімді

Әлеуметтанушылар мен сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда электронды никотин өнімдерінің денсаулыққа әсері туралы кешенді зерттеулер жоқ. Мұндай деректерсіз ұзақмерзімді стратегия құру мүмкін емес. «Стратегия» қоры жүргізген сауалнама нәтижелері бойыншаазаматтардың 60%-дан астамы мемлекет, алдымен, мәселені зерттеп, содан кейін ғана белгілі бір тауарға тыйым салуы тиіс деп есептейді. Тағы 23% тұрғын түрлі өнімдердің зиян деңгейі туралы халықты ақпараттандыруды қолдайды.

– Біз дерексіз, зерттеусіз саясат жүргізе алмаймыз. Егер қауіп болса, оны көрсету керек. Егер зиянды азайту пайда әкелсе, оны жасырғаннан, түсіндіру тиімді болар еді. Сонда ғана қоғам мемлекетке сенеді, – деді Гүлмира Ілеуова.

Қазақстандағы никотин нарығын реттеу және сарапшылар пікірі

Қазақстанда никотин нарығын реттеу әкімшілік емес, ғылыми тәсілмен жүзеге асырылуы тиіс деген пікір жиі айтыла бастады. Бұл бағыттағы жұмыстарға мыналар кіреді:

  • зертханалық және эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу;
  • халықтың әртүрлі тобы үшін зиян мен тиімділікті бағалау;
  • саясатты ашықтық және қоғамдық диалог қағидаттарына негіздеу.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде дәстүрлі темекі шегу деңгейі төмендеп келеді, алайда балама өнімдерге сұраныстың артуы никотинге деген қажеттіліктің әлі жойылмағанын көрсетеді. Сондықтан нарықты жою емес, реттеу маңызды.

Азаматтық қоғамның ұстанымы

Азаматтық ұйымдар мен зерттеу орталықтары тәуекелге негізделген реттеуге көшуді қолдайды. Олардың пікірінше, мемлекет тек тыйым салып қана қоймай, қабылданған шаралардың себебін түсіндіруі керек. Ілеуова қазіргі жағдайды мемлекеттік саясатты қайта қараудың мүмкіндігі деп атады:

– Егер жастардың мемлекетке сенім артқанын қаласақ, оларға шешімдердің қысыммен емес, денсаулық пен болашақ үшін қабылданатынын көрсетуіміз қажет.

Конференция барысында никотин мен денсаулық саласындағы ұлттық зерттеу платформасын құру ұсынылды. Ол деректер жинауға, халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасуға және Денсаулық сақтау министрлігі мен Парламентке ұсыныстар дайындауға мүмкіндік бермек.

«Толық тыйымның» тәуекелі және көлеңкелі нарық

Сарапшылардың пікірінше, вейп пен электронды темекіге толық тыйым салу көлеңкелі нарықтың өсуіне әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде конференция қатысушыларының бағалауынша никотин өнімдерінің заңсыз айналымы 35%-дан асып кетуі ықтимал. Бұл екі есе қауіп тудырады: біріншіден, сертификатталмаған өнім денсаулыққа зиян, екіншіден, бюджет түсімін азайтады. Сондықтан мамандар темекі өнімдері секілді лицензиялау жүйесін енгізуді ұсынады. Мұндай модель сапаны бақылауға, нарықты ашық ұстауға және тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Халықаралық контекст және Қазақстанның рөлі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі Конвенциясына қол қойған Қазақстан өз моделін қалыптастыруға толық мүмкіндігі бар ел. Конференцияға қатысушылар атап өткендей, өзге елдердің тәсілдерін көшіріп алу елімізді тығырыққа тірейді. Қазақстан ғылымды, экономиканы және тұтыну мәдениетін ескеретін бәріне тең мүмкіндіктер беретін шешім табуы тиіс.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шешімдер эмоцияға емес, зерттеуге негізделгенде, темекі шегу деңгейі тезірек төмендейді, ал халықтың билік институттарына сенім артады.

Зерттеусіз шешім жарға жығады

Конференция қатысушылары тоқсан ауыз сөздің түйіні ретінде Қазақстан тыйым саясатының орнына білімге негізделген саясатқа көшуі қажетдегенді айтты. Бұл бақылауды әлсірету емес, керісінше, оны ғылым, ағарту және ашықтық арқылы күшейту деген сөз. Қатысушылардың пікірінше, никотин нарығының болашағы мемлекет, қоғам, бизнес және сарапшылардың ортақ жауапкершілігінде.

Гүлмира Ілеуова қорытынды сөзінде былай деді:

– Біз никотинге “қарсымыз» немесе «қолдаймыз» демейміз. Біз тек ашық талқылау позициясын қалдыруды сұраймыз. Тек сонда ғана қорқыныш емес, түсінік арқылы тиімді шешімге келеміз.

Бүгінде Қазақстандағы никотин нарығын реттеу шешуші кезеңге жетті. Мемлекет денсаулықты қорғау жолын таңдады, бірақ қоғам одан ғылыми, ашық және ұтымды тәсілді күтеді. Халықаралық тәжірибе мен отандық зерттеулер көрсетіп отырған басы ашық бір жайт: дерекке негізделген реттеу тұрақты нәтиже береді, ал тыйымдар көбіне жаңа қауіп тудырады. Қазақстан тәуелділікпен күресті жауапкершілік пен білім мәдениетіне айналдыра алатын елге айналуы мүмкін. Яғни, артық қысымсыз, бірақ ұлт болашағына барынша қамқорлықпен қарайтын шешім бәріне түсінікті болар еді.