Қытайлық инвесторлар жер алдық дейді, СІМ оны жоққа шығарады. Кімге сенеміз?

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстелде біз шетелдік инвесторлардың жер алу мәселесін сұрап білдік. Қазақстанда инвесторлар үшін есік айқара ашық, тіпті тегін жер де беріледі. Бірақ «жер шетелдіктерге сатылмайды» деген ресми ұстаным мен шынайы көрініс арасында айырмашылық байқалады. Бір жағынан, министрлік мораторий бар дейді, ал екінші жағынан, қытай мен кореялық алыптар ірі жобаларға жер телімін алып, өндіріс ашуға кірісіп кеткен.

ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ИНВЕСТОР ТЕГІН АЛА МА? 

Қазақстанға ақша құйып, экономикаға әсер етіп жатқан инвесторлар жерді тегін алады. Әрине, уақытша. Қазір жер телімін алған инвесторлардың 90% отандық кәсіпкерлер, қалғанын шетелдіктер. 

- Бізде нақты тәртіп бар: алдымен кәсіпкер немесе компания заявка түсіреді. Ол өтінішті қарау барысында біз үкіметтің №13 қаулысына сүйенеміз. Сол құжатта экономикалық маңызы жоғары қызмет түрлері бойынша арнайы экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіш кодтары көрсетілген. Егер компанияның қызметі сол тізімге сәйкес келсе, біз оған тегін жер бере аламыз, – деді сыртқы істер министрлігінің инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов.

Осы сәтте Қытай инвесторларына қайдан және қанша жер берілгенін сұрадық. Бірақ Оспанқұлов ешбір қытайлық инвесторға жер берілген жоқ деді. 

- Қытай компанияларына жер берілген жоқ. Себебі қазіргі уақытта жер кодексі бойынша мораторий бар және ол әлі күшінде. Сондықтан жер тек Қазақстанда тіркелген компанияларға ғана беріледі. Егер шетелдік инвестор келсе, ол қазақстандық компаниямен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс, — деді комитет төрағасы.

10 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЫ

Бұдан кейін шетелдік инвесторлармен тілдесіп көрдік. Қытайлық кәсіпкер Алматы облысында кастор өсімдігінен авиациялық биоотын өндіру жобасын қолға алғанын айтты. Сөзінше, жоба құны – 1 миллиард АҚШ доллары. Қытай инвесторы Го Байсянның айтуынша, алған жері де аз емес – 10 мың гектар аумақ. 

- Ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі және жаңартылатын энергетика салаларын біріктіретін ірі жоба жүзеге асырылмақ. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 1 миллиард АҚШ доллар. Ол жергілікті ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібінің дамуына серпін бермек, – деді Го Байсян. 

Жанында жүрген аудармашы (көмекші) бізден берілген жер телімі туралы ақпаратты жарияламауды сұарады. 

ЖЕР АЛУҒА НИЕТТІ ИНВЕСТОР

Оңтүстік Корея инвесторлары Қазақстанға алғаш рет аяқ баспақ. Инвестиция аз емес — 5 миллиард доллар. И Чан Ук есімді инвестор  «Алматы мен облысты байланыстыратын инновациялық көлік жүйесін» іске қоспақшы.

- Инвестиция көлемі шамамен 5 миллиард доллар. Құрылыс бірнеше кезеңмен жүзеге аспақ: алғашқы бағыт Алматы қаласы мен Алматы облысын байланыстырады, — деді ол.

Кореялық компания «Smart City Alatau» жобасымен байланысып, сол аймақтан өндірістік база құруды көздеп отыр.

- Жер телімдерін бөлу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Болашақта өндіріс орнын Қазақстанда орналастырып, жергілікті ресурстарды пайдалануға ниеттіміз, — дейді И Чан Ук.

САЯСАТТАНУШЫЛАР САРАЛАП КӨРДІ 

Саясаттанушы Дос Көшім шетелдік инвесторларға жер беру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, «жер шетелдіктерге сатылмайды» деген заң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ғана қатысты. Ал өндірістік нысандар салу үшін инвесторларға жер телімдері беріліп жатыр. 

- Біз жер комиссиясының мүшесі болған уақытта да, “жер шетелдіктерге сатылмайды” деген мәселе көтерілген еді. Бірақ бұл заң негізінен ауыл шаруашылығы жерлерін ғана қамтиды. Қазір шетелдік инвесторға өндірістік мақсаттағы жер телімдерін алуына рұқсат бар. Сондықтан осының арасын нақты айырып алу қажет, — деді саясаттанушы Дос Көшім.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, шетелдіктерге жер сату мәселесі түбегейлі шешілген және бұл тақырып қайта көтерілмейді. Ол Қазақстан экономикасын дамыту үшін шетелдік инвесторларды тарту маңызды екенін атап өтті.

Маманның пікірінше, елдің кең байтақ жері пайдаланылмай бос жатса да, оны сату емес, өндіріс пен инвестиция тартуға арналған ұзақ мерзімді жалға беру тетігін дамыту қажет. Бұл қадам Қазақстанды технологиялық және экономикалық артта қалудан сақтайды.

- Шетелдіктерге жер сату мәселесі түпкілікті шешілген. Бірақ экономиканы дамыту үшін инвесторларға жерді сатпай, ұзақ мерзімге жалға беру тетігін пайдалану қажет. Мысал ретінде айтайын: он жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдан оралған соң, қытайлықтар Қазақстанға 50 өндіріс орнын көшіруді ұсынған еді. Сол кезде қоғамда «қытайлар керек емес», «заводтар экологияны ластайды» деген ұрандармен қарсылық туындады, – деді Әбішев. 

Қазақстанның басты мақсаты — көрші елмен қорқақтай емес, прагматикалық негізде әріптестік орнату болуы тиіс екенін айтты. 

Экономист Бекнұр Сейтжанұлының айтуынша, кей өңірлерде — әсіресе Қызылорда мен солтүстік аймақтарда — шетелдік инвесторларға жерді ұзақ мерзімге жалға беру арқылы өндіріс пен инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік бар. Инвесторлар өз қаражатына жол, су, электр желілерін тартып, жаңа жұмыс орындарын ашса, бұл өңір экономикасына нақты пайда әкеледі.

- Егер инвестор жерді тиімді пайдаланып, инфрақұрылым дамытып, жұмыс орындарын ашса, оған жерді жалға берудің еш зияны жоқ. Өйткені жер сатылмайды, тек пайдалы шартпен жалға беріледі. Қазір тым ұзақ мерзімге берілмейді деп ойлаймын, — деді сарапшы.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕП ЕДІ?

Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі шетел азаматтарының Қазақстандағы жерге меншік құқығына қатысты түсіндірме жасаған еді. Ондағы мәлімет бойынша, шетелдік компаниялар тек тұрғын үй, өндірістік және өзге де нысандар салуға арналған жер телімдеріне ғана иелік ете алады. Ал шекаралық аймақтардағы жерлер оларға меншікке де, жалға да берілмейді. Сонымен қатар, шетелдік тұлғалар мен құрамында шетелдік үлесі бар заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге иелік ете алмайды және пайдалану құқығы да жоқ.

КОНТЕКСТ

Еске салсақ, 2016 жылы Қазақстанда жерге байланысты ауқымды наразылықтар өтті. Оған жер кодексіне енгізілген өзгерістер себеп болды — ол шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін ұзақ мерзімге жалға алуға мүмкіндік беретін еді. Алғашқы митинг 24 сәуірде Атырауда өтіп, мыңдаған адам жиналды. Кейін наразылықтар Ақтөбе, Орал, Семей, Қызылорда, Алматы сияқты қалаларға тарады. Халық жердің шетелдіктерге берілуіне түбегейлі қарсы шығып, биліктен заңды тоқтатуды талап етті. Қоғамдық қысымнан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің даулы баптарына 5 жылдық мораторий жариялап, арнайы жер реформасы жөніндегі комиссия құрды.

Алайда митингілерге қатысқан белсенділердің кейбірі қуғынға ұшырады. Атыраулық азаматтар Макс Боқаев пен Талғат Аян «заңсыз митинг ұйымдастыру», «жалған ақпарат тарату» және «алауыздық қоздыру» баптарымен 5 жылға сотталды. Human Rights Watch пен Amnesty International сияқты халықаралық ұйымдар бұл сотты әділетсіз деп танып, екі белсендіні саяси тұтқын деп жариялады.