Филиал ашқыш министр немесе Президент тапсырмасымен ашылды деген университеттер төңірегінде дау көп

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia.kz бір айға жуық уақыттан бері бір сұраққа жауап іздеп жүр. Қос диплом алып шығасың деп уәде беріп, ақыр соңында ортаңқол қазақстандық университеттің дипломын ғана ұсынатын магистранттар оқиғасы саладағы күрмеулі мәселенің көрінісі ме, әлде бірінші рет болып тұрған кездейсоқ оқиға ма? Осы уақыт ішінде біз бұл туралы Саясат Нұрбектен бірнеше рет жеке сұрадық, министрліктің ресми жауабын да күттік. Бірақ сұрағымызға әлі жауап ала алмадық. Министрдің мәлімдемелеріне сенуге бола ма, жоқ па? Бүгін тағы да осы сауалға жауап іздеп көрдік.

Берлин – Ақтау арасындағы жағдай

Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің (Есенов университеті) магистранттары тап болған проблемалар туралы біз екі рет жаздық. Алдымен, оларды алдады деген күмән туралы қалам тербедік. Университет магистранттарға екі диплом береміз деп уәде еткен, соның бірі беделді неміс университетінің дипломы болуы тиіс еді. Кейін университеттің осы мәселені жабуға тырысып жатқаны туралы жаздық.

Екінші материалдан кейін университет өкілдері редакцияға хабарласты. Университет ректоры Берік Ахметов әлеуметтік желіде видео жариялап, онда Қазақстан-неміс орнықты инженерия институтын (KINI) Қазақстан-неміс университетімен (DKU) бірлесіп ашқанын айтты. Қазір KINI-де бакалавриатта жүзден аса студент, магистратурада төрт студент оқып жатыр. Әрбір студенттің Германияда білім алуға мүмкіндігі бар, бірақ ол үшін алдын ала айына 990 еуро мөлшерінде қаражат жинау қажет. Ректордың айтуынша, бұл – Германияның талабы, оны өзгерту мүмкін емес. Ол сондай-ақ Industrial Engineering бағдарламасындағы магистранттардың оқу ақысы туралы да түсіндірді:

– Жоғарылатылған гранттар бойынша айтарым: Есенов университеті әзірге ондай грант алған жоқ. Біз шамамен 450 мың теңгелік стандартты гранттар аясында жұмыс істеп отырмыз, – деді ол.

KINI директоры Асхат Жылқайдаров та бізбен байланысып, магистранттардың бәрі оқуын Ақтауда жалғастыруға шешім қабылдағанын айтты. Алайда «шешім қабылдады» деу де шартты: студенттердің бір апта ішінде Германияға баруға қажет 4 миллион теңгені жинай алуы мүмкін емес еді, сондықтан өзге жол қалмаған.

Бірақ ең маңызды сұрақ басқада. Министрліктің ресми сайтында Ақтауда Берлиндегі Техникалық университет филиалы бар деп жазылғанымен, іс жүзінде ондай филиал жоқ. Бұл қалай болды?

Асхат Жылқайдаров бұл сұраққа бұлыңғыр жауап берді:

– KINI құрылған кезде филиал ашу талабы болмаған. Тоғыз неміс университетінен тұратын консорциум болды. Ал 2024 жылы филиал ашуды міндеттеді, себебі қаржыландыру мәселелерін шешу үшін сол қажет болды, – деді ол.

Соған қарамастан, филиал әлі ашылмаған. Бірақ ол ашылады деп сендіреді. Алайда Берлин техникалық университетінің емес, басқа бір университеттің филиалы болмақ. Қай университет? Әзірге белгісіз. Келіссөздерді Алматыдағы DKU жүргізіп жатыр.

Министрдің бағасы

Біз бұл жағдайға қатысты пікірін  білу үшін министр Саясат Нұрбекке бірнеше рет жүгіндік. Жеке кездесулерде ол журналистерімізге бұл мәселе бойынша Ақтау жауап береді деп сілтеп жіберді. Алайда министрлік жазбаша түрде жауап берді.

Министрліктің айтуынша, Есенов университеті базасындағы Берлин техникалық университетінің магистранттары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында адам басына 3,4 млн теңге қарастырылған. Ал олардың оқуға түскен бағдарламасы ресми түрде қос дипломды бағдарлама ретінде тіркелген.

Осы жағдайға қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысы Мадияр Қожахмет былай деп жазған:

– Берлин техникалық университетінің филиалы 2024 жылы 1 шілдедегі министрлік шешімімен мақұлданды. Осы шешім негізінде (Есенов университеті) тиісті шараларды жүзеге асыруы тиіс еді.

Яғни бізді ресми түрде де Ақтауға бағыттап отыр.

Білім саласындағы адасу

Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысы туралы түсініктеме берген Мадияр Қожахмет Қазақстанда түрлі форматта 33 шетелдік университет жұмыс істейтінін айтты. Олардың 20-сы – филиал.

– Әр шетелдік университеттің өз академиялық саясатына сай білім сапасы жөнінде талаптары бар. Барлық серіктестік бағдарламалар бойынша 9 мыңнан аса студент оқиды, соның екі мыңға жуығы қос дипломды бағдарламаларда, – деді ол.

Ал министрлік сайтында шетелдік университеттермен 40 стратегиялық әріптестік бар деп жазылған.

Сонда кім жаңылысып отыр? Министрлік пе, әлде ресми сайт па? Ең маңыздысы – шетелдік филиалдардың сенімділігін талапкер мен ата-ана қалай тексеруі керек?

Біз, Ulysmedia редакциясы, ескіден қалған қағидаға сенеміз. Қазақстанда диплом беру құқығы бар оқу орнының ең негізгі құжаты – заңды тұлға ретінде тіркелуі және білім беру лицензиясы. Алайда Қазақстанда филиалы бар деп көрсетілген шетелдік университеттердің көпшілігінің осы құжаттарын табу өте қиын шаруа.

Мысалы, 2025 жылдың қыркүйегінде Астанада Ұлыбританияның ең көне университеттерінің бірі Cardiff University-нің филиалы ашылды. Салтанатты рәсім тұтас үкіметтік делегация, Ұлыбритания елшілігі өкілдері және басқа да беделді тұлғалар қатысуымен өтті. Бірақ қазақстандық филиалды бір жыл бұрын тіркелген «Qualified Centre of Education Queen’s» қоғамдық қоры басқарады. Қордың негізгі қызмет түрі – «басқа топтарға кірмейтін білім беру іс-әрекеті». Штатында – бес адам.

Одан да қызығы – қор тіркелген кезде көрсетілген ресми сайт мүлде жұмыс істемейді.

Саясат Нұрбекке сұрақ

Британ университетінің бұл филиалы қаншалықты сенімді? Шын мәнінде, сапалы британдық білім алғысы келген қазақстандықтар өз елінде сол білімге қол жеткізе ала ма? Әлде Есенов университетінің магистранттары сияқты бірер жылдан соң «бұл жекелеген қателік пе, әлде жүйелі мәселе ме?» деп өздері сұрақ қоюға мәжбүр бола ма?

Бұл – жалғыз мысал ғана. Біз жоғары білім саласының сарапшысы емеспіз, шетелдік филиалдарды қалай дұрыс тексеру керектігін кәсіби тұрғыда айта алмаймыз. Мүмкін, бұл жоғары білім берудің қалыпты механизмі де шығар. Егер тұтас министрлік өзі жарнамалап жүрген университет болса, барлық заңдық талаптар сақталғанына және лицензиялардың алынғанына сенгіміз келеді. Бірақ Ақтаудағы «Берлин техникалық университетінің филиалы» да осылай салтанатты түрде ашылған еді, министр өзі әлеуметтік желіде мақтап жазды. Ал іс жүзінде филиал жоқ.

Ендеше, еліміздегі «беделді батыс оқу орындары» деп ұсынылып жүрген құрылымдардың бәрі ғылымдағы көзбояу еместігіне қандай кепіл бар?

Қазақстанда нақты қанша шетелдік университет филиалы ашылған және олардың қаншасы білім беру қызметіне ресми лицензия алған? Бұл филиалдарды кім және қалай қаржыландырады? Білім сапасын кім бақылайды, шетелдік университет пе, әлде Қазақстанның жоғары білім министрлігі ме? Ең бастысы, студенттерге шынымен сапалы білім берілетініне кім кепіл? Міне, министр Саясат Нұрбек осы сұрақтарымызға жауап беруі тиіс.