Ескі даулар мен жаңа жобалар: 2023 жылы қазақ тілі үшін күрес қалай жалғасты

Аян Өрібай

Қоғамда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолында күрес күнде жүріп жатыр. Тіпті 30 жылдан бері! Бұл күрес әртүрлі деңгейде биыл да көрініс берді – тілге байланысты даулар қоғамды тағы екіге жарған кездер аз болмады. Бірақ биылғы күресте қазақ тілді ортаның үні қатқыл, мысы басым шықты ма дейміз.

Осы жылы қазақ тілін қолдауға бағытталған тың жобалар көп болды.

2023 жылды қорытындылаған кезде біздіңше, қазақ тілі мәселесі – жеке жазылуы тиіс тақырып. Ендеше, тіл мәселесімен байланысты жылдың басты жаңалықтары мен оқиғаларын шолып шығайық.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Жалпы жыл басындағы Қаңтар оқиғасында алаңға атойлап қазақтар шыққанын еске алайық. Ұрандар қазақша айтылды, талаптар да билікке қазақ тілінде қойылды. Келешекте осы фактор есепке алынбаса, «екінші қаңтар» қайталануы мүмкін екенін белгілі педагог Аятжан Ахметжанның ескерткені бар. Әйтсе де көрші елдің көңіліне көп қарайлайтын билік өкілдері әзірге бұл бағытта батыл қадам жасауға жасқаншақтап отырған сыңайлы.

Қаңтар оқиғасының ізінше, жаңа Үкімет жасақталған кезде де премьерлікке «қазақша білетін кризис-менеджер керектігі» айтылған. Бұл үдеден бір жыл өткенде Әлихан Смайылов шықты ма, шықпады ма бұл жағы үлкен сұрақ туғызып тұрғанға ұқсайды. Тоқаевтың өзі де, экономистер де сынап жатқанына қарағанда, Смайылов кабминінің 2023 жылда отставкаға кету ықтималдығы жоғары секілді. Әйтсе де, дәл осы Үкімет басшысы таяуда «қазақ тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейтіні» жөнінде заңнама әзірленіп жатқанын жария етті.

«Сенің үстіңнен Путинге шағымданамын»

Бізде ескі даулар қайталанады, бірақ жаңа шешім әлі де жоқ. Тіл мәселесі біржақты реттелмей қоғамда дау туындайтын беретіні анық. Осыдан бірнеше жыл бұрын Оғыз Доған атты түрік азаматының Эйр-Астанамен дауы естеріңізде шығар? Тілге қатысты осындай дау-шар биыл да аз болған жоқ.

Осы жылдың мамырында Астанада жаңадан салынған қазақ мектебін ашу барысында шу шықты. Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері ол тұста Астанадағы №93 мектепті қазақ тіліндегі білім ұясы қылып қалдыру үшін ата-аналарға түсіндірме жұмысын жүргізген. Алайда жиын барысында бірнеше ата-ана мектептің аралас тілді болуын, қосымша орыс сыныптарын ашуды талап етті. Орыс сыныбын талап еткендер – кілең қазақ ата-аналар.

«Сол қазақтың бірі жиналыстан шыққан соң есік алдында «бүгінгі сөйлеген сөздердің бәрін түсіріп алдым. Толық видео жасадым. Ресейге, Путинге тіке жіберемін» деп тұр», – деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.

«Мені қазақ тілі үшін жұмыстан шығарды»

Қазақ тіліне қырын қарайтындар «Қайрат» футбол клубында да бар екен. Осы жылдың жазында Әділет Бисариев атты азамат «Қайрат» футбол клубында жүргізуші қызметінен босатылуын ФК басшылығының қазақ тіліне қарсы болуымен байланыстырды.

«Мен 2019 жылдан бастап «Қайрат» футбол клубында жүргізуші қызметін атқардым. 24 шілде күні басшылық мені жұмыстан шығарып жіберді. 2019 жылдан бері клубтың басшылығының жалпы қазақ тіліне немқұрайлығы барын байқадым. Бұл өзімнің ойым. Орталық стадионда қазақ әндері қосылмайды. Ақсақал жанкүйерлер қазақша ән сұраған. Оны мен басшылыққа жеткізгенмін. «Қайраттың» диджейі басшылыққа сілтеген. Одан кейін  де бұл клубта көптеген мәселе болды», - дейді ол.

Әріптесінің бұл жан-айқайын тағы бір спорт журналисі, белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен растай түсті. Оның айтуынша, қазақ футболының маңындағылар үшін қазақ тілі - жабайылардың тілі.

«Қазақ тілі футболдағы клубындағы басшылардың және менеджер мен маркетинг саласында жүрген адамдар үшін сорлылардың тілі. Олар қазақ тілді ештеңе шешпейтін, жабайы жанкүйелердің тілі сияқты елестетеді. Мәселен, олар қазақ тілді қоғам біздің “потенциалды клиентіміз емес” дейді. Ал орыс тілінде сөйлесе ол қоғамға маңызы бар адам, әсер  ете алатын адам секілді көреді», - деді Ермұхамед Мәулен.

Спорт саласында тіл мәселесін көтеріп жүрген тағы бір журналист Аслан Қаженов жазда спортшылардың бәрі жиналған жиынның 98 пайызы орыс тілінде өткеніне қапаланғанын жазды.

«Былай қарасаң жиналғандардың 98 проценті қазақ. Бірақ, жиын 98 процент орысша өтті. Ең соңында Данияр Елеусінов қана қазақша қысқаша алғысын айтты. Ал, негізгі баяндама басқа тілде. Әсіресе, үлгі тұтып жүрген ағаларымыз қиналып тұрып орысша сайрағанда, кірерге тесік таппай қалдым. Жарайды, жиын осылай өтті, бітті, кетті. Артынан «неге қазақша ақпарат бермейсіздер?» деп, ұйымдастырушылардың мазасын алып жүрсем, бұрышта отырған Илья Ильин «сенің жасап жүргенің низкий поступок» дейді. Малсың, мамбетсің дегені ғой. Өзім солай қабылдадым», - дейді Аслан Қаженов.

Magnum мен ZARA-дағы шу

Ал журналист Кәмшат Тасболат қазақ тілінде ақпарат беруге енжарлық танытып, тұтынушылардың құқығын бұзып жүрген Magnum дүкенінің жұмысын сынға алды. Оның жазуынша, аталған сауда желісінде тұтынушыларға ақпарат ылғи орысша айтылады. Анықтама бөліміндегі операторға ескертілсе де, ескертуден кейін қазақша-орысша ақпарат бере бастаған, бірақ қайтадан бірыңғай орысшаға өткен.

Журналист бұл заңбұзушылық екенін дүкен басшылығына айтқан. Алайда тұшымды жауап ала алмаған.

«Айтпақшы, мұндағы жұмысшылардың басым бөлігі қазақ, жалақысы аз болған соң ба, білмедік, көбіне өз қандастарымыз қызмет етіп жүр ғой. Онда несіне жүз рет “прадабец атдела бакалея прайдите суда-туда” деп қайталай береді екен?! Байқауымша, осындай сауда желілерінің шағым кітаптарында мемлекеттік тілге қатысты талаптардың орындалмағаны туралы арыз көп», - деді ол.

Блогер Құралай Раисова болса киім-кешек сататын ZARA желісіне барып, қазақ тілін талап еткен. Алайда сауда желісінің сатушысының бірі оған қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, тіпті қуып шықпақ болған.

«Зара дүкенінің балалар бөлімінде қазақша жауап сұрағанымыз үшін, өз жерімізде өз тілімізде сөйлегеніміз үшін жазықты болдық. Кәріс баланы қазақ екен деп, «қазақша айта бер» деп қалдық, әңгіме содан басталды. «Мне удобно на русском» дейді әлгі жігіт. «Енді бізге қазақша ыңғайлы, сіз түсініп тұрсыз ғой, айта салмайсыз ба, қанша болды?» десек, «МНЕ ТАК УДОБНО» дейді. Онда тіл білетін адамды шақыр дедік. Сол жердің администраторы мына қыз екен, ол кеп өзімізге тап берді, "НЕГЕ ҚАЗАҚША ЖАУАП БЕР ДЕП СҰРАЙСЫЗДАР, ОЛ БАСҚА ҰЛТ, БІЗ МЕЖДУНАРОДНАЯ КОМПАНИЯМЫЗ, СОТРУДНИКТЕРІМІЗ ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕУДІ ӨЗІ БІЛЕДІ"дейді...» - деп жазды Құралай Раисова.

Алматыдағы Rahat Palace қонақ үйі қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан видеосы да қызу талқыланды. Депутат Садық Жанықұл есімді азамат өз басынан өткен видеоны жариялады. Әлгі азамат Алматыдағы Rahat Palace қонақ үйіне келген. Алайда оған сол жердегі қызметкердің бірі «қазақша қызмет көрсетпейтінін» айтқан көрінеді. Видеода қонақүй қызметкерінің бұрылып кетіп бара жатып, «вы не имеете право снимать меня» деген.

Мухоряпов факторы

Тіл мәселесіне келгенде кәсіпкер Рәміл Мухоряповтың сөзі қоғамда ең қызу талқыланғанын атап өту керек. Алдымен, кәсіпкердің көпшілік алдында сөйлеп жатқан видеосы тарады. Ол жиында орысша сөйлегендерге «Қазақстан азаматтары қазақша жауап берсе не болады?» деген мәселе талқыланған. Сол кезде кәсіпкер ойын аталған мәселеге байланысты былай білдіреді.

«Егер мұндай болса қатты қапаланар едім. Меніңше, бұл сәл біртүрлі. Ұлтшылдықтың сәл көрінісі. Бұл үлкен мәдениеттің белгісі емес. Біздің меймандығымыз бәрін көтеріп кетуі керек».

Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарап, ақыры қазақстандықтар кәсіпкердің Chocolife.me, Aviata/Chocotravel біріккен туристік компаниясы, Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет-дүкендері, Chocofood.kz тағамға тапсырыс беру және жеткізу қызметі, iDoctor.kz дәрігерлерді іздеу қызметі және мобильді қызметтерді қамтитын Chocofamily Holding қызметтерінен бас тарта бастады. Тіпті Chocolife сервисі өз қосымшаларына қазақ тілін жанталаса енгізген.

Кәсіпкердің өзі кешірім сұрап құтылмақ та болған. Алайда белсенді азаматтар оның үстінен Бас прокуратураға шағымданды. Бірақ Мухоряповтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны немесе қозғалмағаны белгісіз болып, істің арты сұйылып кетті.

Назарбаев мектебіндегі шу

Балалары Назарбаев зияткерлік мектебінің (НЗМ) Нұр-Сұлтан қаласындағы IB Халықаралық бакалавриатына түсе алмай қалған бір топ ата-ана осы жылы мектепке келіп, наразылық білдірді. Жиынға БАҚ өкілдері де келген. Олардың алдына шыққан дербес мектептің басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова ата-аналармен едәуір дауласып, ортақ тіл табыса алмады. Мектеп басшылығы өз шешімін ұсынады. Алайда «балаңыз нақты мектеп грантын алады» деген жауапты естімеген ата-аналардың көңілі жайланбады. Ulysmedia.kz порталының сол жиынға барып, наразылық неден туындағанын біліп қайтқан болатын.

Алайда мектеп басшылығына ата-аналар қоятын талап бар да, қоғам қоятын екінші талап тағы бар. Ол – қазақ тілінің мәселесі. Қазақстан секілді басқа елдің тіліне 50/50 пропорциямен басымдық беріп отырған әлемде мемлекет жоқ шығар. Ең өкініштісі, аралас мектептерді санамағанда Қазақстанда тек таза орыс тіліндегі жай орта мектептің саны 1200-ден асады. Ал Қазақстанға серіктес Ресей бірнеше жыл бұрын қазағы көбірек облыста соңғы қазақ мектебін жауып тастаған еді.

«Конституцияның 7-ші бабынан орыс тілін алып тастауды қолдайсыз ба?»

Дәл осы сұрақты Ulysmedia.kz порталының тілшісі депутаттардан сұрап көрген. Алайда олардың бірде-бірі «иә, алып тастау керек» деп жауап берген жоқ. Саяси мансабын ойлады ма, бұған дейін тіл мәселесін өткір көтеретін депутаттар да кесіп-пішіп «алып тастау керек» деп айта алмады.

Ал орыс тілін Конституцияда қалдыруды талап еткен петиция шығып, оны он мыңдаған адам қолдап, дауыс берді.

«Қазақ тілін үйреніп жатырмыз»

Тіл мәселесінде тек жағымсыз жайттар болды дегеннен аулақпыз. «Қазақ тілін үйренемін» деп талпынғандар да бар. Мәселен, Украинаға соғыс ашқан Ресейді айыптап, Қазақстанды Еуразия экономикалық одағы мен Біріккен ұжымдық қауіпсіздік ұйымынан шығуға шақырған алматылық христиан діні қызметкері мемлекеттік тілді үйренуге талпынып жатқаны туралы ақпарат тарады.

Тіпті биыл белгілі кәсіпкер, BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев қазақ тілін үйренуді қолға алды. Мухоряпов факторы әсер етті ме, әйтеуір жиындардың бірінде Қазақстанға көшіп келген белгілі кәсіпкер Тимур Турлов та аптасына бес рет қазақ тілін үйреніп жүргені туралы жаңалығын бөлісті.

Игі бастамалар

Биылдан бастап iPhone смартфонына, жаңа IOS 16-ға қазақ тілі енгізілді. Енді қазақстандықтар смартфонның жүйесін мемлекеттік тілге өзгерте алады.

«Бүгін Apple әлем күткен жаңашылдықты жария етті. Біздің ел үшін бұл презентация аса маңызды, себебі жаңа iOS16 операциялық жүйесіне ҚАЗАҚ ТІЛІ қосылды. Автотүзету функциясымен»,  – деп жазды Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

2019 жылы ресми тізімге енгізілсе, енді жасанды интеллекттің автоматты түрде түзететін функцияларымен іске қосылған.

Сонымен қатар биыл Астанада балалар мен жасөспірімдерге арналған Özinshe стриминг платформасы таныстырылды. Балаларға арналған қазақша платформа 3400 минуттан астам контенттің лицензиялық құқығын иеленді. Бұл цифр отандық және әлемдік контентпен толыға бермек.

Платформаны іске қосуға бар күшін салған «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрайымының орынбасары Мақпал Жұмабай балаларға арналған қазақ тілді контенттің қажеттілігін өз өмірімен байланыстырады. Айтуынша, 2010 жылы ана атанып, тұңғыш баласы өмірге келген кезде қазақша контентке байланысты қажеттілікті алғаш рет сезінген. Сол сәтте балаларға арналған контент жасау – өмірлік мұраттарының біріне айналған. Сол тұста жаңадан ашылған Balapan телеарнасы қызметке шақырып, Мақпал Жұмабай содан бері 12 жыл осы жолда келе жатыр.

Тұңғыш қазақ тіліндегі Mynbala TikTok House ашылды

Қазақстанда биыл тұңғыш рет толық қазақ тіліндегі тикток хауз – Mynbala House ұжымы өз жұмысын бастады. Жобаның қатысушыларын іріктеу үшін Mynbala командасы еліміздің барлық өңірін аралап, ауылдар мен қалаларда кастинг ұйымдастырған. Мыңнан астам өтініш ішінен түрлі өнерге қызығып, шығармашылықпен айналысып жүрген 20 бала таңдалып алынды. Олар Алматы қаласында өнерін шыңдап, қазақша контент әзірлеуді қолға алды.

MynBala - еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды жинауға бағытталған республикалық деңгейдегі жоба. TikTok платформасының, кәсіби менеджменттің және тәжірибелі digital-креаторлардың көмегімен MYNBALA House командасы әлемге дарынды қазақстандық жастардың әлеуетін паш етуге ұмтылды. 

MynBala House тиктокерлері бірлесіп, ең дарынды әрі үздік жастарды жинаймыз деген уәделерін кейінге қалдырмай, өздері секілді ең белсенді әрі креативті жастарды іздеуге шықты. Жаңаөзенге барды. Осыдан кейін еліміздің көп өңірін аралады. Astana IT University-інде де қазақ тілін трендке айналдыру ісін қолға алды.

Жоба жетекшісі Самал Ибраева елде аналогы жоқ қазақы тиктокхаусқа Astana IT University мен «Халық» қорының демеуші ретінде көп көмектескенін айтады.

«Біздің даңқты отандастарымыз – Қаныш Сәтбаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев – бәрі де ауылдан шыққан. Ауыл – таланттар бесігі екеніне бұдан артық қандай дәлел керек?! Егер олар мұны бүкіл әлемге интернетсіз дәлелдей алса, онда бізде бәрі ойдағыдай болады», – деді жоба жетекшісі.

Самалдың айтуынша, оның идеясын қолдаған жігіттер Mynbala house танымал болатынына күмәнданбаған, бірақ жобаға қатысқысы келетіндердің саны таң қалдырмай қоймады Кастингке Атырау, Жаңаөзен, Тараз, Қарағанды, Екібастұз, Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарынан және басқа да өңірлерден мыңнан астам жасөспірім өтінім жіберген.

Қазақ тілінде аутизмге шалдыққан балаларды оқытатын алғашқы оқу құралы

Биыл елордада «Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға (АВА) кіріспе» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл мінез-құлықты қолданбалы талдайтын (АВА) қазақ тіліндегі ең алғашқы оқу құралы. АВА терапиясы – әлемдегі тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген даму ерекшеліктері бар балаларды оқытату оқыту әдістерінің бірі. Кітапты «Болашақ» корпоративтік қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте аударып шығарды.

Бұл кітап – «Особые дети. Введение в прикладной анализ поведения (АВА)» атты кітаптың қазақ тіліне аудармасы, ол жерде мінез-құлықтың қолданбалы талдауының негізгі қағидалары, проблемалық мінез-құлықты түзету әдістері және даму ерекшеліктері бар балаларға мінез-құлықты үйрету стратегиялары сипатталған. Кітап даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелейтін және оқытатын педагогтарға, дефектологтарға, логопедтерге және ата-аналарға арналған.

«Аватар» мен «Ваканда» қазақша сөйледі

Кинотеатрларда кинематография тарихындағы ең жоғары кассалы және көрермендер тарапынан зор сүйіспеншілікке ие болған «Аватар» фильмінің екі нұсқасы да жаңартылған бейнеде, өңделген дыбыспен қазақ тілінде қалың көрерменге жол тартты. Әйгілі режиссер Джеймс Кэмеронның туындысы 15 желтоқсаннан бастап екі тілде еліміздегі барлық кинотеатрда көрсетіліп жатыр.

«Аватар: Су жолы» фильмін ел азаматтары қазақ тілінде тамашалай алуы үшін Мәдениет және спорт министрлігі бастамашылық етіп, Disney студиясымен бірігіп үлкен жобаны қолға алған. Дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев.

Фильмді дыбыстауға 35 дубляж актері атсалысқан. Бас кейіпкері Джейк Саллиді – актер Қобыланды Болат, Зои Салдананы Шехназ Қызықанова дыбыстайды. Сонымен қатар дыбыстауға балалар да қатысқан.

Әйгілі блокбастермен қатар, ««Қара қабылан: Ваканда жасасын» фильмін көрермен қазақ тілінде тамашалау мүмкіндігіне ие болды. «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» - Marvel  студиясының қазақ тілінде шығарған жетінші фильмі.

Биыл сондай-ақ, әйгілі жазушы Жоан Роулиңнің Хәрри Поттер жайлы 7 кітабы толық қазақ тіліне аударылды. Steppe & World Publishing баспасының басшысы Раиса Қадыр бастаған шығармашылық топ жұмыс оңай болмағанын, бірақ аударма тобы барын салғанын хабарлады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «Hogwarts» мектебінің тәлімгерлері мен түлектері елімізге «қазақтың шапанын жамылып, тымағын киіп келді».

«Кел, балалар, оқылық»

Қазақстандық режиссер Қуаныш Бейсеков пен Jusan Bank ауыл балаларына таптырмас биыл мүмкіндік сыйлады. Алматы облысының Кеген ауданының жас тұрғындары “Кел, балалар, оқылық" шығармашылық дағдыларды арттыру жобасына қатысып, жаңа білім нәрімен сусындады.

Режиссер бастаған топ Кеген ауданына барып, балаларға режиссерлік, актерлік бойынша шеберлік сағатын өткізіп, жаңа бағытты үйретті. Ең маңыздысы, шеберлік сағатының қорытындысы ретінде балалар үйренгендерін тәжірибеде қолданды. Жас таланттар танымал әнші Еңлік Құрарбектің су жаңа “Бір кем дүние” атты әніне бейнебаянды өздері түсіріп шықты деуге болады. Әр бала өзін сценарист, оператор, актер және режиссер ретінде сезінуге мүмкіндік алды.

Жоба тәлімгері ретінде қызмет еткен талантты режиссер Қуаныш Бейсеков балаларды әртүрлі дағдыларға үйрету тәжірибесі бүкіл әлемде бар екенін тілге тиек етті.  Алайда режиссура, операторлық жұмыс және актерлік шеберлік бойынша мұндай жобалар жоқтың қасы дейді ол.

Осы жайттардың бәрін тізе келе бірнеше жылдан бері қазақ тілі мәселесін көтеріп, Инстаграм желісінде қызу жұмыс жүргізіп жатқан Qazaq Grammar парақшасын ерекше атап өткіміз келеді. Парақша иелері тіл мәселесін ұдайы көтеріп, қазақ тілін ұрпаққа жастар тілінде сіңіруде орасан зор жұмыс атқарып жатыр.