Сарапшы Қазақстанда келесі жылдан бастап тауарлар мен қызметтердің бағасы күрт өседі деп болжағандарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Экономист, салық жөніндегі кеңесші, бұрын банктерде жұмыс істеген Сұлтан Елемесовтің айтуынша, кейбір мамандардың қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуіне байланысты тауарлар мен қызметтердің 40 пайызға қымбаттайды деген болжамдары негізсіз.
– Егер кәсіпкерлер өндіріс шығынынан шамамен 20 пайыз пайда тапса, онда бұл олардың соңғы бағасына қосымша 0,8 пайыз ғана әсер етеді. Яғни баға шамамен 4,8–5 пайызға өседі, бірақ ешқашан әлеуметтік желілерде айтылып жүргендей 40 пайызға емес. Бұл өзгерістерді толығымен оң деп айта алмаймын, әрине. Бірақ жалпы әлеуметтік желілерде көріп жүрген ақпараттарым біржақты болып көрінеді. Оны негізінен салық қызметкерлері таратады. Әрине, олар өз клиенттерінің мәселелері мен мүдделерін жеткізеді. Ал олардың клиенттері біз емес, бизнес өкілдері. Бізге қанша жерден «баға өседі» деп құлаққа құйса да, шын мәнінде баға тек төлем қабілеті бар сұраныс болған жағдайда ғана өседі, – дейді сарапшы.
БҰҒАН ДЕЙІН
Биыл еттің бағасы рекордтық деңгейге жеткен. Бұл туралы ет бағытындағы мал шаруашылығы жөніндегі сарапшы Арсен Исламов айтты.
Сарапшының айтуынша, биылғы тағы бір ерекшелік – әдетте ең қымбат ет жылқы еті саналғанымен, қазіргі уақытта сиыр еті одан да қымбат болып кеткен.