2025 жыл: Келместің кемесіне мінген танымал тұлғалар

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Жыл соңында өткенді түгендеу, арамыздан кеткен азаматтарды еске алатын дәстүріміз бар.  Ulysmedia.kz редакциясы жылдағы қалыптасқан дәстүрмен 2025 жылы өмірден өткен отандастарымыз жайлы арнайы материал дайындады. «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі кезегін күтіп жағада тұратын» өмір-дарияның алдағы күнге не даярлап қойғаны бізге беймәлім.

Мұхтар Мағауин

АҚШ-тың Мэриленд штатында 10 қаңтар күні 84 жасында жазушы, бірнеше тарихи романның авторы Мұхтар Мағауин дүниеден озды. Жазушының қабіріне туған елінің топырағы жеткізілді. Ол соңғы 15 жылын АҚШ-та өткізді. Мұхтар Мағауин жай ғана жазушы емес, ол бір дәуірдің шежірешісі, елін шын сүйген отаншыл тұлға еді. Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының иегері Мағауин халқының жүрегінде өшпес із қалдырды.

Ол Семей облысында дүниеге келіп, ҚазМУ-дың филология факультетін тәмамдады. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында еңбек етті. Ғылыми диссертациясын қорғағаннан кейін ұстаздық әрі ғылыми қызметпен айналысып, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс істеді. Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтында және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақ фольклорынан дәріс оқыды.

Жазушы тәуелсіз Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларға айрықша назар аударып, билікті ашық сынға алды. Ол Жаңаөзендегі қанды оқиғалар үшін билікті жауапты деп санады. Нұрсұлтан Назарбаевты қазақтың ұлттық болмысына нұқсан келтірді, ұлттық мүдделерді елемеді деп айыптады. Сондай-ақ елдегі діни ықпалдың күшеюі Мағауинді алаңдатты. Исламдық үгіт-насихаттың белең алуын ол ұлттық сананы күйрететін «қара түнек» деп бағалады және бұл үрдісті Назарбаевтың айналасы қолдап отыр деп есептеді. Жазушы зайырлы білім алу жолдарын кеңейтуге, ұлттық дәстүрлерді қорғауға үндеді.

Мекемтас Мырзахметұлы

11 қаңтар күні абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы өмірден өтті. Ол еңбек жолын Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтында бастап, кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқарды. Кейін Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек етті.

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ясауи ғылыми зертханасының кафедрасын басқарды, Түркология институтының, сондай-ақ Әдебиет пен этнофилология ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды.

Камал Ормантаев

Белгілі педиатр-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер Камал Ормантаев 88 жасында жарық дүниемен қоштасты. Оны Қазақстандағы балалар хирургиясы мен травматологиясының ғылыми-практикалық мектебін қалыптастырған тұлға деп атайды.

Ол педиатрия саласына 47 жылын арнап, балалар хирургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ормантаев 14 мыңнан астам, негізінен аса күрделі ота жасады. 1976 жылы Қазақстанда алғаш рет кеуде қуысына торакопластика отасын жасады. Медициналық академия деректеріне сәйкес, ол 1500-ден астам дәрігерге ұстаз болған. Оның жетекшілігімен 120 кандидаттық және 16 докторлық диссертация қорғалды.

Дулат Исабеков

22 ақпан күні, 83 жасқа толғанынан кейін екі күн өткен соң, көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабеков дүниеден өтті. Ол Түркістан облысы Сайрам ауданында туған, ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген.

Қаралы хабарда айтылғандай, Исабеков қай тақырыпта қалам тербесе де, оның өзегінде мәңгілік құндылықтар – махаббат, үлкенге құрмет, дәстүрге тағзым жатты. Қазақ ауылын, халықтың тұрмыс-тіршілігін терең білуі оның шығармаларын шынайы әрі өмірдің өзінен алынғандай әсерлі ететін.

Ол жиырмадан астам пьеса жазды. Оның бір пьесасы Лондонда сахналанып, 2015 жылы Лондонда «Сіз соғысты білмедіңіз» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. 2017 жылы ағылшын тілінде «Short Stories» атты әңгімелер жинағы және «Song of the Swans: Selection of Plays» атты пьесалар жинағы жарық көрді. Исабеков – шығармалары Ұлыбританияның Ұлттық кітапханасында сақталған әзірге жалғыз қазақстандық жазушы.

Дариға Тілендиева

Наурыз айында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса, композитор, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиева өмірден озды. Ол ұлттық мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосты.

Дариға Тілендиева әйгілі күйші-композитордың жары ғана емес, оның бай шығармашылық мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген жан еді. Ол «Алты жасар Алпамыс», «Құлагер», «Жамбылдың жастық шағы», «Қоштасқым келмейді» атты көркем фильмдердегі рөлдерімен де көрермен жадында қалды.

Александр Машкевич

Наурыз айында Eurasian Resources Group пен Еуразиялық банктің тең құрылтайшысы Александр Машкевич 72 жасында қайтыс болды. Ол Қырғызстанда дүниеге келген, ұстаз болып еңбек еткен, кейін коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеген.

Оның бизнес саласындағы өрлеуі 1993 жылы «Kazakhstan Mineral Resources Corporation» компаниясының тең құрылтайшысы әрі вице-президенті болуымен басталды. 2000 жылы Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастықты және Eurasian Natural Resources Corporation PLC директорлар кеңесін басқарды. ERG жүйесінде 2024 жылға дейін қызмет етті. Сондай-ақ «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды және ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарды.

Лев Тараков

Сәуір айында 59 жасқа қараған шағында қоғамдық-саяси басылым саналатын «Время» газетінің бас редакторы, қазақстандық журналистика мен медиа-сарапшылар қауымдастығының белгілі өкілі Лев Тараков дүниеден өтті.

1990 жылдардың басынан бастап Тараков Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етті. Ол Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде, Президент әкімшілігінде, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) қызмет атқарды. 1997 жылы аталған институттың директоры болды, сондай-ақ ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі болып еңбек етті.

1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметін басқарды, кейін Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінде кеңесші-уәкіл қызметін атқарды. Сонымен қатар «Известия-Казахстан» газетінің, «Литер» және «Время» басылымдарының бас редакторы болды.

Олег Переверзев

11 сәуір күні Алматы қаласында 45 жасында әйгілі қазақстандық пианист-виртуоз Олег Переверзев өмірден өтті. Ол Қазақ ұлттық консерваториясын және осы оқу орны жанындағы аспирантураны «Фортепиано» мамандығы бойынша тәмамдаған, Германияның Ганновер қаласындағы Музыка және театр жоғары мектебінде тағылымдамадан өткен. Ол әртүрлі музыкалық жобалардың қатысушысы әрі финалисі болды. Олардың қатарында Britain’s Got Talent-8, «Минута славы», «Шабыт», Ukraine’s Got Talent-5 бар.

2014 жылдың сәуірінде «Классика для всех» атты онлайн-альбомын, ал 2015 жылдың маусымында авторлық музыкалардан құралған «Дударай» альбомын жарыққа шығарды.

Әкім Тарази

Жазушы, драматург, сценарист, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази сәуір айында жарық дүниемен қоштасты. Ол 1933 жылы 9 қыркүйекте дүние есігін ашқан.

«Қара жұлдызға жол», «Жаза», «Мәскеу – Баласағұн», «Тасжарған» романдарының, «Күлмейтін комедия», «Жақсы адам» пьесаларының авторы. Сондай-ақ классикалық фильм саналатын Мәжит Бегалиннің «Іздер көкжиектен кетеді» көркем туындысының сценарийін жазған. Болат Шәмшиевтің «Қараш-қараш оқиғасы» және Сатыбалды Нарымбетовтің Роза Мұқанованың повесі негізінде түсірілген «Ләйләнің дұғасы» фильмдерінің сценарийіне қосалқы автор болды.

Сейіт Қасқабасов

28 сәуір күні көрнекті әдебиеттанушы, фольклортанушы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сейіт Қасқабасовтың да дәм-тұзы таусылды.

Сейіт Асқарұлы 1940 жылы Семей қаласында туған. Ол Қазақ КСР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым хатшысы, «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабарлары» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарды.

Мәскеудегі М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында және Алматыдағы Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек етті. 1989 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Қазақ халық прозасының жанрлары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Сейіт Қасқабасов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне белсене қатысып, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы және басқа да көрнекті тұлғаларды толық ақтауға қажетті құжаттарды даярлады.

Темірхан Медетбек

2025 жылы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, көрнекті ақын Темірхан Медетбек дүниеден өтті.

Ақын тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің дамуына, сондай-ақ сын мен публицистика саласына өлшеусіз үлес қосты. Ол республикалық теледидарда редактор, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, Маңғыстау облыстық телерадио комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

1996 жылы Темірхан Медетбек Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып сайланды. Оның өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай және татар тілдеріне аударылған. Сонымен қатар ақын Пушкин, Лермонтов, Набоков және өзге де қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысты.

Диас Ахметшарип

Танымал қазақстандық журналист Диас Ахметшарип 48 жасында дүниеден өтті. Ол «Қазақ радиосында», «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында қызмет етті.

«Қазспорт» телеарнасының тұңғыш директоры болды, сондай-ақ Insport телеарнасының бас редакторы қызметін атқарды. 2003-2007 жылдары ҚР Туризм және спорт істері агенттігінің баспасөз қызметін басқарды. Соңғы жылдары Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі болды.

Ибрагим Көбеков

2025 жылғы 2 маусымда қазақстандық танымал суретші-график, карикатурист Ибрагим Көбеков өмірден өтті. Ол ұзақ жылдар бойы газеттерде еңбек етіп, түрлі әдеби шығармаларға иллюстрациялар жасады.

1999 жылы «Иссык» атты алғашқы тәуелсіз апталық аудандық газетті ашты. Ибрагим Көбеков карикатура мен шарж жанрының шебері ретінде кеңінен танылды. Оның шығармашылығында өмірден алынған, суретшінің қиялымен көркемделген юморлық сюжеттер айрықша орын алады.

Адольф Арцишевский

3 маусым күні жазушы, ақын, журналист, аудармашы және қоғам қайраткері Адольф Арцишевский дүниеден өтті. Ол 87 жаста еді.

Адольф Альфонсович өмірінің басым бөлігін Алматы қаласында өткізді. ҚазМУ-дың журналистика факультетін және Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстарды тәмамдады. «Жазушы» баспасында, «Простор» және «Новая эра» журналдарында редактор болып жұмыс істеді.

Поэзия мен прозадан тұратын 18 кітаптың авторы. Жазушылар одағының, ПЕН-клубтың, Журналистер одағының, Театр қайраткерлері мен Кинематографистер одағының мүшесі болды.

Әкім Таразидің «Аяз бен Ораз», «Әулет» повестерін, Баққожа Мұқаевтың «Ақ құс» жинағын, Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романын, Қалихан Ысқақов пен Шахимардан Құсайыновтың «Бұйрық күшінде қалады», Дулат Исабековтің «Ібіліс торы (Михаил Булгаковтың өмірі)» пьесаларын қазақшадан орысшаға аударды.

Балтабек Қуандықов

7 маусым күні бұқаралық ақпарат құралдары белгілі қазақстандық геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықовтың қайтыс болғанын хабарлады. Ол 76 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Ғалымның кәсіби қызметі еліміздің минералдық-шикізат базасын дамытуға және Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға арналды. Қаралы хабарда айтылғандай, ол Қазақстандағы Қарашығанақ, Жаңажол, Иманшев, Кенбай, Әлібекмола, Арман және басқа да ірілі-ұсақты мұнай-газ кен орындарын ашу мен игеруге елеулі үлес қосты.

Балтабек Қуандықов 80-нен астам ғылыми мақала мен 10 монографияның авторы. Оның еңбектерінің қатарында «Палеонтологиялық қалдықтар атласы» және «Мұнай-газ геологиясы терминдерінің глоссарийі» бар.

Сламбек Тәуекел

Сламбек Тәуекел – бірқатар тарихи-көркем фильмдер түсірген кәсіби режиссер, шебер сценарист әрі продюсер, ұлттық руханияттың дамуына үлес қосқан өнер қайраткері. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп, жас мамандарды тәрбиелеуге зор еңбек сіңірді.

Сламбек Тәуекелдің түсірген фильмдері қатарында «Сәлем, Наурыз!», «Жоғалған өлке», «Киіз үйге арналған гимн», «Асанәлі», «Батыр Баян», «Махамбет» және басқа да туындылар бар.

Нина Қаюпова

90 жасқа қараған шағында қазақстандық медицинаның аңызына айналған тұлға, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының негізін қалаушылардың бірі Нина Қаюпова дүниеден өтті.

Көрнекті дәрігер, ғалым және педагог Нина Әмірқызы Қаюпова Қазақстандағы заманауи акушерлік-гинекологиялық қызметтің қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Ол 30 мыңнан астамперзенттің кіндігін кесіп, 25 ғылым докторы мен 40 ғылым кандидатын даярлады.

Сондай-ақ ол 19 монографияның, 400-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Өмірінің соңғы жылдарына дейін белсенді қызмет етіп, Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығында жетекші ғылыми қызметкер, «Акушерлік, гинекология және перинатология» журналының бас редакторы болды.

Исраил Сапарбай

Қазақстанның халық жазушысы Исраил Сапарбай 85 жасында өмірден өтті. Ол Шымкент педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін тәмамдаған. Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды, «Жалын» және «Жазушы» баспаларында, «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді.

«Аққу арман», «Раушан-ғұмыр», «Қызыл жел» секілді поэтикалық жинақтардың, сондай-ақ «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан» атты кең танымал әндер мен театрлық пьесалардың авторы.

Исраил Сапарбай І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, түркі поэзиясының халықаралық фестивалінің қатысушысы. Ол шамамен 70 ән жазып, 150-ге жуық ән мәтінінің авторы болды.

Талғат Мұсабаев

Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы 1951 жылы Алматы облысы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын «Авиациялық радиожабдықтарды техникалық пайдалану» мамандығы бойынша, Алматыдағы ДОСААФ аэроклубын, Ақтөбе жоғары азаматтық авиация ұшқыштар училищесін тәмамдады.

Техника ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Халықаралық астронавтика академиясының академигі болды. Әр жылдары ұшу жасағы командирінің орынбасары, ұшқыш, зерттеуші-ғарышкер, «Мир» орбиталық кешеніндегі «Союз ТМ-19» ғарыш кемесінің негізгі ЭО-16 экспедициясының бортинженері қызметтерін атқарды.

Ол Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды. Көптеген мемлекеттік наградалар мен атақтардың иегері, соның ішінде «Халық Қаһарманы», «Ресей Федерациясының Батыры» атақтары бар.

Ағымсалы Дүзелханов

Белгілі қазақстандық суретші Ағымсалы Дүзелханов Қазалы қаласында дүниеге келген, Мәскеудегі Суриков атындағы көркемсурет институтында білім алған. Ол «Сақтар» атты тарихи картиналар топтамасының авторы.

«Абылай хан», «Әбілқайыр хан», «Томирис», «Алтын адам» және басқа да туындылары Қазақстан Президентінің резиденциясында сақтаулы. Ал «Оғыз хан» мен «Көроғлы» атты тарихи картиналарын Түрікменстан Республикасы Президентінің резиденциясы сатып алған.

Ағымсалы Дүзелханов бейнелеу өнері, музыка, тарих, қазақ тілі және өзге де пәндер бойынша оқулықтарды безендірді. Графика факультеттерінің студенттеріне арналған көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Сонымен қатар теңге дизайнын әзірлеуге қатысқан.

Қайым-Мұнар Табеев

Қайым-Мұнар Табеев 1956 жылғы 5 мамырда Семей облысында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Ұлан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде еңбек етті. Ол 300-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Шығармалары ағылшын, орыс, неміс, түрік, латыш, саха, әзербайжан тілдеріне аударылған.

Ғалым Доскен

Ғалым Доскен 1960 жылы туған. Филолог, әдеби сыншы, режиссер, сценарист. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.

Қазақ теледидарында жұмыс істеген. «Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» фильмдерінің, сондай-ақ «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарының авторы.

Күләш Ахметова

Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» атты жыр жинақтары бірнеше буынның эстетикалық талғамын қалыптастырды.

Ол Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде, республикалық «Қазақстан пионері» басылымында еңбек етіп, «Жалын» баспасының поэзия бөлімінің редакторы болды. Ақын өлеңдері орыс, украин, беларусь, өзбек, башқұрт, қырғыз және басқа да тілдерге аударылған.

Жабайхан Әбділдин

Қазақ философы Жабайхан Әбділдин 93 жасында өмірден өтті. Ол Павлодар облысында туған, Қиров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Қазақстанда диалектика теориясы мен диалектикалық логика бағыты бойынша философиялық мектептің негізін қалаушы, ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының, Президенттің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының, Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші сыйлықтың лауреаты болды.

Әр жылдары Философия және құқық институтының директоры, ҚР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, Академияның вице-президенті, Парламент Сенатының депутаты қызметтерін атқарды. Президент әкімшілігінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етті.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Асанәлі Әшімов

Қазақстанның театр және кино өнерінің аса көрнекті өкілі Асанәлі Әшімов 21 желтоқсанда 88 жасында дүниеден өтті. Ол Жамбыл облысында туған.

Театр институтын тәмамдағаннан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында қызмет етіп, «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Қыз Жібек» секілді көптеген фильмге түсті.

Актердің кинодағы алғашқы қадамы студенттік шағында, «Ботагөз» фильмінде (1958) басталды. Қазақ эпосы негізінде түсірілген «Қыз Жібек» (1970) фильміндегі рөлі де айрықша бағаланды. Ал Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильмі оған кең танымалдық әкелді. Бұл туындыны тек 1972 жылдың өзінде 30 миллионға жуық көрермен тамашалаған.

2017 жылы Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Ринат Исағалиев

Ең жұмбақ өлімдердің бірі құқық қорғаушы, азаматтық белсенді Ринат Исағалиевтің кенеттен қайтыс болуы болды. Ол 23 желтоқсанда 42 жасында дүние салды.

Ринат Исағалиев «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының белсенді мүшесі болды. Қазақстандағы қоғамдық-саяси маңызы бар сот процестерін бақылап, Қаңтар оқиғаларына қатысты істерге қатысып, адам құқықтарының бұзылу деректерін тіркеді. Құқық қорғаушының қазасының себептері туралы ресми ақпарат бүгінге дейін жарияланған жоқ.

Эпилог орнына

Біз бреулерді тұтас бір дәуірмен бірге еске аламыз, өйткені олар сол кезеңнің бет-бейнесіне, символына, белгісіне айналды. Енді біреулерді артында сөз ғана емес, іс қалдырғаны үшін ұмытпаймыз. Әндерін бірге шырқаймыз,  кітаптарын бас алмай оқимыз, жаңалықтары мен идеяларына тамсанамыз, артында қалдырған мектептері мен жобаларына, жеңістері мен адамдық қасиеттеріне сүйсінеміз.

Ел ардақтаған, таныған талай тұлға 2025 жылы бұл жарық дүниемен қоштасып, келместің кемесіне мінді. Бірақ біз олардың есімдерін атап, еңбегін еске алып, алғыс білдіреміз. Олардың есімі ел тарихында қашанда жазулы тұрады.