Салық кодексі өзгермейтін құдайдың құраны емес. Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған пара-пар сөз айтты. Президент сөзі өткен жылы айналасында қызу пікірталас туғызған құжат қайта түзетіле ме, әлде ол қайта қарала ма деген сұрақты күн тәртібіне шығарды. Ulysmedia.kz осы мәселені саралап көрді.
Жарамды ма, жарамсыз ба?
Ұлттық құрылтайда Тоқаев жаңа Салық кодексіне қатысты «орынды әрі сындарлы» ұсыныстарды қайта зерделеуді тапсырды. Бұл бір қарағанда күтпеген мәлімдеме секілді. Себебі құжат былтыр бизнес пен қоғам өкілдерінің қатысуымен ұзақ талқыланып, ақыры соңғы нұсқа бойынша қабылданған еді.
Президенттің бұл сөзі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің де алаңдаушылығын тудырды. Өзін «салық реформасының авторымын» деп атаған министр кодексті қайта жазудың қажеті жоқ екенін айтты.
– Жұмыс істеп тұрған дүниені не үшін қайта жазу керек? Салық кодексіне жыл сайын өзгерістер енгізіледі. Арнайы жұмыс тобы бар. Жағдай үнемі өзгеріп отырады, – деді Жұманғарин.
Алайда мәселе сол «жағдайдың» қаншалықты өзгергенінде. Президенттің сөзі жай ғана пікір ме, әлде бизнес үшін ең өткір тұстарын жұмсарту жөніндегі ишара ма?
Желпіндіру емес, жетілдіру
Сарапшылар жаңа редакциядағы Салық кодексі толықтай кері қайтарылады немесе түбегейлі өзгертіледі деп күтудің қажеті жоқ екенін айтады. Өйткені құжатты әзірлеуге бір жылға жуық уақыт кеткен.
Президенттің мәлімдемесі Үкіметке берілген саяси сигнал іспетті: егер кейбір нормалар іс жүзінде жұмыс істемесе немесе түзетуді қажет етсе, оларды өзгертуге қорықпау керек.
– Салық циклі әрдайым осылай жүреді: талқылау, енгізу және қателермен жұмыс. Салық кодексінің шын мәніндегі соңғы нұсқасы шамамен 2027 жылдың ортасына қарай қалыптасады. Ал 2026 жылы оның әлсіз тұстары анықталып, реттеледі. Бірден мінсіз кодекс жазу мүмкін емес, – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.
Оның айтуынша, тек кодекстің өзі емес, оған ілеспе құжаттар – бюджет, Мемлекеттік кірістер комитетінің ішкі нұсқаулықтары да тексеріледі. Сондықтан президенттің «қасиетті жазба емес» деуі орынды. 2026 жылдың алғашқы жартысында-ақ бастапқы түзетулер енгізілуі мүмкін.
Қазақстанға тән ауру
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл жағдайға сәл ирониямен қарайды. Оның пікірінше, жаңа қабылданған заңды бірден қайта өзгертуге ұмтылу – қазақстандық мемлекеттік басқаруға тән құбылыс.
– Бізде кез келген заң қаншалықты жаңа болса да, оған шексіз түзету енгізу әдетке айналған. Сондықтан Салық кодексі төңірегінде де үлкен ойын басталды. Төменнен де, жоғарыдан да қысым бар. Ұлттық құрылтайда президент: егер шынымен қажет болса, өзгертіңдер дегенді аңғартты, – дейді ол.
Сарапшының ойынша, бұл кейбір олқылықтарды түзетуге мүмкіндік береді. Бірақ кодекстің негізгі параметрлері өзгермейді. Ал салықтық шегерімдер секілді даулы мәселелер шешіле ме, ол жағы әзірге белгісіз.
Дегенмен президент Үкіметке мүмкіндік берді деуге болады. Ал бұл Салық кодексінің қайта-қайта өзгеруіне де жол ашуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Серік Жұманғариннің «кодекс үнемі жетілдіріледі» деген ұстанымымен де үйлеседі.
Жаңа кодекс не үшін қажет еді?
Расул Рысмамбетовтің айтуынша, ең бастысы, Салық кодексі не үшін қабылданғанын ұмытпау.
– Біз – шикізатқа тәуелді, саудаға негізделген экономикамыз. Валютаның негізгі көзі – мұнай мен металлургия. Кейін ол ақша ел ішінде қайта бөлініп, біз Ресейдің азық-түлігін, Түркияның киімін, Қытайдың көлігін сатып аламыз. Ел ішінде қосылған құн өте аз. Сондықтан отандық өндірісті дамыту – стратегиялық міндет. Тек сатып алып, үстіне баға қосып сататын емес, өндіретін және өңдейтін бизнеске басымдық берілуі тиіс, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан өз экономикасын өзге елдердің емес, өз азаматтарының жұмыс орындары есебінен дамытуы керек.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Салық кодексінің негізгі идеясы – ішкі өндірісті қолдау. Сондықтан оның базалық тұжырымдамасынан бас тарту жоспарланып отырған жоқ. Сұрақ тек нақты нормалардың қалай жүзеге асырылып жатқанына қатысты.
– Үкімет қазір жүйкені жұқартпай, кодексті біртіндеп енгізуі керек. Қатаң да емес, әлсіз де емес. Артқа шегінуге уақыт жоқ. Салық жүйесінің басты бенефициары отандық өндіруші болуы тиіс. Әйтпесе ешқандай ынта қалмайды. Тіпті туризмге ғана сүйенетін Тайландтың өзі өндірісті дамытып отыр. Бізге тіптен қажет, – деді Рысмамбетов.
Қазір президенттің сөзінен кейін Салық кодексіне қандай нақты өзгерістер енгізілетіні әзірге белгісіз. Бірақ бастысы – жаңа фискалдық талаптар әділ, түсінікті және кілт бұрылыссыз жүзеге асуы тиіс. Ең маңыздысы, бизнестің сенімі мен экономиканың тұрақтылығы сақталуы қажет.