Бектенов үкіметі екі жылда не бітірді?

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Қазақстанда осыдан тура екі жыл бұрын Үкімет ауысты. Мұны жоспарлы саяси рокировка десе де болады. Әлихан Смайыловтың үкіметі отставкаға кетіп, премьер-министр қызметіне Олжас Бектенов келді. Ол ел тарихындағы ең жас үкімет басшысы, «таза» технократ деген беделі бар, жемқорлықпен күресетін органды басқарған. Алайда өзі жаңа болғанмен, командасы көнекөз, сары сүйек шенділер болып қалды. Жалпы алғанда 20-дан астам министрдің тек төртеуі ғана ауысты. Жаңа да ескі үкімет бірден экономиканы тұрақтандыруға, сыбайлас жемқорлықпен күреске және тиімділікке басымдық беретінін мәлімдеді. Ал осы екі жылда іс жүзінде не өзгерді? Бектенов командасы елді орнықты өсім траекториясына шығара алды ма, әлде бұрынғы үкіметтер секілді сол баяғы қателіктерді қайталады ма? Осы сұрақтарға жауапты Ulysmedia.kz тілшісі іздеп көрді.

Экономика: есеп үшін пайыздар

Бектенов кабинетінің толық бір жылдық жұмысына (өткен 2025 жыл) «Стратегия» орталығының экономистері «қанағаттанарлық» деген баға берді, яғни 5 баллдан – 2,77. ЖІӨ өсімі 6,3-6,5% деңгейінде. Бір қарағанда әсерлі естіледі әрі қазіргі үкіметтің басты жетістігі ретінде жиі айтылады. Алайда тереңірек үңілсек, халықтың әл-ауқатынан басқа бәрі өсті. Негізгі драйверлер – өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы. Бірақ 2025 жылдың соңына қарай сауда, құрылыс және металлургия салаларында баяулау байқалды. Ең бастысы, сарапшылар әл-ауқаттың өсуі ЖІӨ өсімінен қалып қойғанын ашық айтты. Бұл не деген сөз? Экономика бойына қан жүгірді, бірақ қарапайым қазақстандықтарға одан түк те пайда болған жоқ.  Халықтың нақты табысы өскен күннің өзінде, ол өсімді басқа, әлдеқайда қауіпті көрсеткіш – инфляция түгелдей жұтып қойды.

Айта кету керек, инфляция мен бағаның өсуі Бектенов басқарған үкіметтің бас ауруына айналды. Премьер-министрдің өзі азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты әкімдерді жиі «сынайтын», алайда жағдай түбегейлі өзгермеді, әлеуметтік-экономикалық шолулар қымбат өнімдер мен коммуналдық қызмет тарифтерін тұрақты түрде атап отырды. Ал инфляция отбасылық бюджет үшін нені білдіреді? Кеше мың теңгеге толатын азық-түлік себеті бүгін сол ақшаға жарты себет азық-түлік аласың дегенді білдіреді.

ТКШ тарифтеріне келсек, Бектеновтің ұстанымы қызық. Бір жағынан ашық, бір жағынан күңгірт. Мәселен, өткен жылдың шілдесінде үкіметтегі брифингте ол:

– Мен жақсы көріну үшін тарифтердің өсу қарқынын тоқтатамын деп айтпаймын. Жоқ, тоқтатпаймын. Олар өседі, сол арқылы ТКШ саласына инвестиция тартамыз, - деп ашық айтты.

Тарифтер расымен өсті. Болашақ инвестиция деген желеумен азаматтардың қалтасынан тікелей ақша алу көптеген, әсіресе табысы төмен отбасыларды коммуналдық төлем мен ең қажетті затты сатып алу арасында таңдау жасауға мәжбүрледі.

…Халық үшін шынайы шындық

Енді нақты табысқа келейік. Номиналды орташа жалақының өсуі туралы қанша айтқанмен, егер ол 5%-ға өсіп, инфляция 15% болса, нақты сатып алу қабілеті 10%-ға төмендейді. 2024-2025 жылдардағы нақты табыстың төмендеуіне қатысты құжатта нақты цифрлар жоқ, бірақ сарапшылар бағаның өсуін және әл-ауқаттың ЖІӨ-ден қалып қойғанын байқап, біліп отыр. Де-факто, екі жылда халық байыған жоқ. Керісінше, негізгі қажеттіліктерге, яғни азық-түлікке, баспанаға, дәрі-дәрмекке көбірек ақша жұмсай бастады. Ал білімге, демалысқа, дамуға қаржы аз қалатын немесе тіптен қалмайтын деңгейге жетті.

Осы арада мемлекеттік бюджет тұрақты дағдарыс күйінде болды. Оның тапшылығы 2022 жылғы 2,4 трлн теңгеден, 2024 жылы 3,6 трлн теңгеге дейін өсті (50% өсім). Кірістер орындалмай, шығыстар 13,4%-ға артты. 2024 жылы бюджет 12-13 рет түзетілді (рекордтық. – Авт.). Бұл жоспарлаудың әлсіз екенін аңғартты. Жыртықты жамау үшін Ұлттық қордан қаржы белсенді түрде алынды (2024 жылы 5,6 трлн теңге трансферт) және мемлекеттік қарыз ұлғайды: ол 2024 жылдың басындағы 28,6 трлн теңгеден сол жылдың қазанында 32,2 трлн теңгеге жетті. Қарызға қызмет көрсету шығындары 2023 жылғы 3,7 трлн теңгеден, 2024 жылы 4,3 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл қарызды қазақстандықтардың бірнеше буын ұрпағы төлейді. Қарыздың өсуі ертең не салықты көтеруге, не әлеуметтік шығыстарды қысқартуға мәжбүрлейді. Екеуі де халықтың әл-ауқатына соққы болып тиеді.

Із-түзсіз кеткен бюджет миллиардтары

Экономикада көрсеткіштер қайшылықты болса, әлеуметтік салада олар жүйеге шығарылған үкім іспетті болды, өйткені елді ондаған нөлі бар сомалар айтылған даулар шайқалтты.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2026 жылы 2,4 трлн теңге жинақтады (2020 жылмен салыстырғанда бір трлн-ға көп). Бұл қаражат қайда жұмсалды? Биылғы қаңтардағы тексеріс мынаны көрсетті: 996 қайтыс болған адамға көрсетілген «қызметтерге», жатыр мойны обырына қатысты бір миллионға жуық ер адамға жүргізілген жалған тексерулерге, DamuMed жүйесіндегі қолдан жасалған тіркеулерге кеткен. Қордың 2020 жылдан бергі инвестициялық табысы 588 млрд теңгені құрады, бірақ бұл қаражаттың өзі де «қайда екенін» таптырмады. Ал халық кезекке, дәрі-дәрмек тапшылығына шағымданып, тіпті шприц үшін де қалтасынан төлеуге мәжбүр болды. Қордағы бұл цифрлар бюджет қаражаты адамдарға емес, әділетсіз жүйеге жұмыс істегенінің айқын көрсеткіші.

Тағы бір шошытатын мысал – жекеменшік мектептерді жан басына қаржыландыру. Егер 2020 жылы бұған 13 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы бұл сома 242-248 млрд теңгеге жетті. Бес жылдағы инвестициялық шығын 111 млрд теңгені құрады, осы ақшаға 35 жаңа мемлекеттік мектеп салуға болар еді. Ал бюджет не алды? Жаппай қолдан жазу, қосарланған есеп және оқу ақысы онсыз да миллиондап саналатын элиталық мектептерді қаржыландыру. 2026 жылдың қаңтарына қарай 789 жекеменшік мектеппен 78,7 млрд теңгеге келісімшарт жасалған, оның 206-сы талапқа сай келмеген. Сарапшылардың айтуынша, ЖІӨ мен инфляция статистикасы, бюджет тапшылығы, ӘМСҚ-дағы триллиондар мен білім саласындағы жүздеген миллиард – мұның бәрі бір мозаиканың бөлшектері. Ол мозаика макроэкономикалық көрсеткіштер тек қағаз жүзінде өсетін экономиканың бейнесін құрайды. Ал егер үкімет жұмысының басты өлшемі азаматтардың әл-ауқатының артуы болса, онда Бектенов командасының жетістігі елеске айналады. Қағаз жүзінде ел байыды. Ал шын мәнінде қазақстандықтардың өмірі орташа есеппен алғанда жеңілдеген жоқ, ертеңгі күнге деген сенім де нығая түсті деуге келмейді.

Салықтық ревю және цифрландырудың көлеңкелі тұсы

Қазіргі үкіметтің ең даулы экономикалық шешімі – салық реформасы мен ҚҚС айналасындағы пікірталас болды. 2024 жылы Бектенов қосылған құн салығының 12% мөлшерлемесі өзгермейтінін сенімді түрде айтқан еді. Ал 2025 жылға қарай жаңа Салық кодексінде ҚҚС-ты 16%-ға дейін көтеру туралы ұсыныс пайда болды. Реформаның басты «қозғаушы күші» вице-премьер Серік Жұманғарин, сол кезде былай деген:

– Бағаның өсуін тұтынушы сезінеді. Инфляция дәлізі шамамен 4-5%-ға ұлғаяды.

Жұманғарин тіпті «Бұл өмірде ажал мен салықтан басқа ештеңе өзгермей тұрмайды» деп пәлсапа соққан. Оны әлеуметтік желі қолданушылары қазір мем ретінде қолданып жүр.  Ал сарапшылар мен бизнес инфляцияның үдеуі мен экономиканың көлеңкеге кету қаупі туралы дабыл қақты. Президент араласқаннан кейін үкімет бұл шешімді уақытша кейінге шегеруге мәжбүр болды. Бірақ таңдайда кермек дәмі қалды.

Бұл қатарға азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасының өсуі, сондай-ақ қазақстандықтар 50 мыңнан астам қол жинап, петиция жолдаған UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім де қосылды. Үкімет бұл шешімнің күшін жойған жоқ. Министрлер кабинетінің аталған бастамалары халық үшін бір белгі іспетті қабылданды. Мемлекеттің фискалдық мүддесі азаматтардың төлем қабілетінен жоғары тұрғандай әсер қалдырды.

Цифрлық трансформация туралы дабыралы мәлімдемелер аясында елде жеке деректердің ірі көлемде таралуы орын алды. Ең шулы оқиға 2025 жылдың жазында болды: интернетке 16 миллион қазақстандықтың, яғни елдегі ересек тұрғындардың барлығының дерлік деректері тарады. Кейін белгілі болғандай, бұл мәліметтер ескі, бұрынғы деректің сыртқа шығып кетуінен болған. Бірақ осы фактінің өзі мемлекеттік базаларға қол жеткізе алатын жүйелердің қаншалықты осал екенін көрсетті.

Сол кезде премьер-министр дерек тарағанын растады, «мұндай фактілер үкіметтің беделін түсіреді» деп мәлімдеп, кінәлілер жазаланатынын айтты. Telegram арқылы дерек сатқан деген күдікпен 140-тан астам адам қамауға алынды. Билік жазаны күшейту, тіпті қылмыстық жауапкершілік пен 21 млн теңгеге дейін айыппұл салу қажеттігін көтерді. Алайда ӘМСҚ жағдайындағыдай, күрес себептермен емес, салдарлармен жүріп жатқандай әсер қалдырды: азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізетін жекеменшік компаниялардағы әлсіз киберқорғаныс пен ішкі сыбайлас схемалар назардан тыс қалды.

Үкімет кімді тыңдайды…

Билікті ашық сынау «фейкпен күрес» деген желеумен жиі шектелетін жағдайда, мәселелерді ашық айтуға батылы жететін дауыстар талықсып болса да есітіліп қалып жатады. Бектенов үкіметіне парламенттегі ең жүйелі сын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия тарапынан, партия төрағасы Асхат Рахымжанов бастаған топтан айтылды.

2025 жылдың маусымында партия мүшелері үкіметтің бюджеттің орындалуы жөніндегі есебін қабылдаудан бас тартып, оны «халыққа қарсы» деп атады. Рахымжанов ресми азық-түлік себетін кедейлік жағдайында «денсаулыққа қауіп» деп қатаң сынап, зиянды «белді шенеуніктер емес, халық тартып отыр», ал үкіметтің өзі үнемдемейді деп мәлімдеді.

Ал қазіргі министрлер кабинетінің ешкім күтпеген сыншысы мәжілісмен Бақытжан Базарбек болды. Оның эмоцияға толы сөздері жиі дауға ұласатын. Ол орман өсіру деген желеумен миллиардтаған теңгенің ұрланғанын әшкерелеп, үкіметтің сауалдарға жауап бермегеніне ашуланып, алқымынан алу керек деді. Полицияға деген сенім «аса төмен деңгейде» екенін айтты. Алайда өзі де мойындағандай, оның депутаттық сауалдары әрдайым 100% нәтиже бермесе де, тексерістер мен қылмыстық істердің қозғалуына себеп болып отыр.

Бектеновтің негізгі сыны әкімдер мен мемлекеттік компания басшыларына бағытталып жүр. Ол инвестициялық жобалардың үзілуі, су тасқынына дайындықтың әлсіздігі мен энергетикадағы апаттарға байланысты. Өңірлердегі кадрлық ротация тұрақты сипат алды.

Кадр бәрін шеше ме?

Екі жыл ішінде Бектенов кабинетінде шамамен 12 министр ауысты, Қазақстан үшін бұл елеулі ротация. Цифрлық даму, туризм және спорт, ұлттық экономика, әділет, ағарту, сыртқы істер министрлері алмасты. Жаңа министрліктер құрылды (мысалы, жасанды интеллект жөніндегі), кейбірі қайта құрылымдалды.

Алайда сарапшылар бұл ауыс-түйістерді ойластырылған стратегияның бір бөлігі емес, тактикалық маневрге көбірек ұқсатады. Үкіметке өзіне тән айқын экономикалық бағыттың жоқтығы сын ретінде айтылады. Министрлердің әрекеті көбіне жағдайға қарай жасалатындай көрінеді: ӘМСҚ жанжалы, дерек таралуы немесе инвестициялық жобаның сәтсіздігі болсын, мәселе шыққан сайын әрекет етеді.

Сонымен бірге, Назарбаев дәуірімен салыстырғанда, Бектенов үкіметі деңгейінде ірі сыбайлас жемқорлық жанжалдары тіркелген жоқ. Негізгі екпін жүйелік бұзушылықтармен күреске қойылған, бұл премьердің антикоррупциялық тәжірибесіне сай келеді. Бірақ мұнда да нәтиже екіұшты: үлкен қарыздары мен кландық схемалары бар квазимемлекеттік сектор, оның айқын мысалы Есімовтер, Есеновтер әулетіне қатысты тарих, реформалауға оңайлықпен көнбейтін күрделі құрылым болып қала берді.

Екі жылдың қорытындысы

Сонымен Бектенов үкіметі екі жылда қазақстандықтар үшін не істеді? Сарапшылар әлсіз деп бағалаған Смайылов кабинеті кезеңінен кейін жағдайды белгілі бір деңгейде тұрақтандырды деуге болады. Экономика өсім көрсетіп отыр, бірақ ол негізінен шикізатқа сүйенген өсім. Билік шығыстарды оңтайландыруға бағытталған, жұртқа ұнамайтын, алайда өздері қажет деп санаған шешімдер қабылдады.

Алайда команда посткеңестік басқарудың басты дерті стратегияның орнына реакция жасау шырмауынан шыға алмады. Олар ӘМСҚ-та, мектептерде, дерекқорларда «өрт сөндірумен» әлек, бірақ елдің қайда бет алғаны жөнінде тұтас көрініс ұсына бермейді. Мұндай ауқымды әлеуметтік жанжалдар ең маңызды дүниені – азаматтардың қазынаға төлеген жарналары өз игілігіне жұмыс істейтініне деген сенімін селдіретеді.

Сарапшылар Бектенов командасының стилі – ұрансыз, кейде қатқыл, технократиялық прагматизмекенін атап өтті. Үкімет өткеннің қалдығымен күресіп келе жатқан, бірақ болашағын әлі толық айқындап үлгермеген елді басқарып отыр. Ал әзірге, осы екі жылдық хикая кейіпкерлерінің бірі айтқандай, «бұл өмірде бұлжымас екі-ақ нәрсе бар, ол – ажал мен салық». Қалғанының бәрімен әлі де келісуге немесе соған тырысып көруге болады.