Жаңа жылдан бастап күшіне енген Салық кодексі Қазақстан нарығының түрлі салаларында бағаның өсуіне бірден-бір себеп болып отыр. Осы орайда Ulysmedia.kz тілшісі такси нарығында қандай өзгерістер болып жатқанына үңіліп көрді.
Енді такси жүргізушілері өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде жұмыс істейді
2026 жылдан бастап интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері мен курьерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді. Жаңа ережелерге сәйкес, платформалар зейнетақы аударымдары, әлеуметтік төлемдер және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналары сияқты әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде ұстап, аударып отырады. Бұған дейін жүргізушілер оңайлатылған салық режимі бойынша 3% салық және стандартты әлеуметтік аударымдар төлесе, енді тек 4% көлемінде әлеуметтік төлемдер ұсталады, ал оңайлатылған салық алынбайды.
Жаңа режим ең алдымен уақытша жұмыс істейтіндерге немесе негізгі жұмысынан кейін қосымша табыс табатын азаматтарға арналған. Пайдаланушыларға есеп жүргізу немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет емес, барлық міндеттемені платформа өз мойнына алады. Кейбір санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылған: мысалы, зейнеткерлер үшін мөлшерлеме 2%-ға дейін төмендетіледі немесе мүлде алынбауы мүмкін.
Жаңа ережелер 2026 жылдан бастап күшіне енді және жылдық табысы 300 АЕК-тен (1,3 млн теңге) аспайтын әрі жалдамалы қызметкерлері жоқ барлық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қолданылады.
Қазақстан қалаларында такси құны қанша
2025 жылы такси бағасы әр шақырымына есептегенде Таразда 220, Екібастұзда 240, Қызылордада 240, Түркістанда 240, Ақтөбеде 270, Қостанайда 280, Петропавл 280, Ақтау 280, Талдықорған 285, Павлодарда 290, Оралда 300, Семейде 300, Шымкентте 310, Атырауда 320, Қарағандыда 320, Жезқазғанда 330 Көкшетауда 350, Өскеменде 370, Алматы мен Астанада 420 теңге болып белгіленген.
Өткен жылғы Numbeo деректеріне сәйкес, такси бағасы бойынша әлем елдер рейтингінде Қазақстан 124 мемлекеттің ішінде 87-орынға жайғасқан. Елдегі 1 шақырым жол ақысы орта есеппен 0,78 АҚШ долларын құрады. ТМД елдері арасында ең жоғары тариф Қазақстанда тіркелген.
Басқа мемлекеттердегі көрсеткіштер мынадай: Әзербайжан — 0,59 доллар, Ресей — 0,45 доллар, Украина — 0,36 доллар, Армения мен Беларусь — 0,33 доллардан, Тәжікстан және Өзбекстан — 0,30 доллардан, Молдова — 0,29 доллар, ал Қырғызстан — 0,23 доллар.
Әлем бойынша ең қымбат такси тарифі Швейцария, Люксембург және Бахрейн елдерінде тіркелсе, ең төмен баға Қырғызстан, Филиппин және Молдова мемлекеттерінде байқалған.
Қалаларға келсек, Алматы қаласында такси құны 1 шақырымға 0,69 АҚШ долларын құрап, 168 қаланың ішінде 111-орынға тұрақтады. Астана — 0,74 доллар (102-орын). ТМД-ның ірі қалалары арасында Астана мен Алматы тек бір ғана ресейлік қалаға Санкт-Петерборға жол берген. Мұнда 1 шақырым құны 0,76 долларды құраған.
Әдетте такси қызметінің бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Олар: ауа райы, сұраныс, адамның мекенжайы. Жауын-шашынды күні сұраныс артып, сәйкесінше баға да көтеріледі. Сонымен бірге адамдар жұмысқа баратын, үйіне қайтатын шақта дәл осындай жағдай болады. Бағаға күту уақыты, үй жануарларын тасымалдау қызметі, балаларға арналған креслоның бар-жоғы да әсер етеді.
Қазақстанда такси құны өсті
Бұған дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жүргізушілер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде жұмыс істесе, бұл такси бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін, себебі шығындар азайып, жұмыс үдерісі жеңілдейді деген еді. Алайда жаңа жылдан бастап такси құнының өскені байқалады.
Экономист Айдар Әлібаев Қазақстанда такси құнының кұрт өсуіне Яндекс Такси операторының нарыққа енуі әсер еткен деп есептейді.
«Такси бағасы үнемі өсу үстінде келе жатыр. Осыдан 5-7 жыл бұрын такси бағасы халыққа қолжетімді болды. Қазақстан нарығына ресейлік Яндекс Такси операторының келуімен баға күрт көтерілді. Қазір екінің бірі такси шақыра алмайды. Көбіне кеңес қызметкерлері, жастар және шенеуніктер тапсырыс беретінін байқауға болады. Қарапайым халық қоғамдық көлікте сағаттап қатынап жүр. Мысалы Алматыда осы такси операторымен қала орталығынан әуежайға жеткізу құны 5 мың теңге, егер ауа райы бұзылса, 7 мың теңгеге дейін барады. Бұл біздің нарыққа Ресей үстемдік етіп жатқандай әсер қалдырады. Неге өзіміздің отандық такси агрегаторларын іске қоспайды деген сұрақ туындайды. Яндекс Такси жасаған жүйе біздің кәсіпкерлер де қолынан келетін секілді. Көлік министрлігі отандық тасымалдаушы компанияларға басымдық берсе, баға да аспандамас па еді деген ой келеді. Оған қоса инфляция, қосылған құн салығының 12-ден 16%-ға өсуі де баға өсіміне әсер етпей жатқан жоқ. Меніңше, жаңа жылдан бастап такси құны 10-12% өскен. Қазақстандағы такси құны шығыс Еуропамен бірдей. Ол жақтағы табысты біздікімен салыстыруға тіпті келмейді. Оларда жалақы әлеқайда жоғары екенін бәріміз білеміз», - дейді сарапшы.
Сарапшы Бауыржан Ысқақ жаңа жылдан бастап такси құны өскенін айтады.
«Өткен жылы желтоқсанда такси құны 2,5-3% қымбаттаған. Сол қарқын биыл да жалғасып жатыр. 2026 жылы нарық ойыншылары мен такси парктері бағаны бірден өсірмей, инфляцияға қарай өсіретіндерін айтқаны есімізде. Биыл баға қалай өзгереді деген сұраққа келсек, инфляция баяулап келе жатқаны байқалады.Ақылы қызметтердің бағасы өсіп, жаңа жылдан бері такси бағасы 3-4%-ға артты. Күшіне енген салық кодексі такси жүргізушілері мен платформаларға өзіндік әсерін тигізуі мүмкін. Бюджеттік факторлар да бар. Айлық есептік көрсеткіш, халық шығынының өсуі бұның бәрі такси құнының өсуіне алып келеді. Менің ойымша, биыл такси құны айтарлықтай өспейді, орта есепппен өсім 5-8% деңгейінде болады.Бұған қосылған құн салығынан басқа банк талаптары, инфляцияның өсуі, бензиннің қымбаттауы, агрегаттардың талаптары, сұраныс пен ұсыныстың көбеюі секілді факторлар себеп болады. Бұл енді нарық заңдылығы», - дейді экономист Бауыржан Ысқақ.