АҚШ пен Израильдің соққысы, Иранның жауабы. Аятолла режимі құлай ма?

Есдәулет Қызырбекұлы
Коллаж: РБК-Украина

АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасап, бірнеше қаласын атқылады. Ресми Тегеран қарымта ретінде АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базалары мен Израильді атқылағанын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы «ірі әскери операция басталғанын» хабарлады.

Былтыр 12 күндік соғыспен аяқталған АҚШ, Израиль және Иран қақтығысы жаңа сипат алды ма? Бұның арты немен аяқталуы мүмкін? Аятолла режимі құлай ма? Осы уақытқа дейін не белгілі? Бұл жолғы қақтығысқа тағы кімдер қатысып жатыр?

 

ИРАНҒА ЖАСАЛҒАН СОҚҚЫ ЖӘНЕ ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасады. Президент Дональд Трамп әлеуметтік желіде жарияланған 8 минуттық мәлімдемесінде мұны «Иран режимінен төнген қатерге төтеп беріп, Америка халқын қорғау» деп атады.

«Америка халқының қаһармандарынан айырылуымыз мүмкін және бізде адам шығыны да болуы мүмкін, мұндай нәрсе соғыста болады, бірақ біз мұны бүгінгі күн үшін жасап жатқан жоқпыз. Мұны болашақ үшін жасап жатырмыз және бұл киелі миссия», – деді Трамп.

Дональд Трамп Тегеранды былтыр Иран мен Израиль арасындағы 12 күндік соғыстан кейін өзінің ядролық бағдарламасын жалғастырды деп айыптады. АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы мен ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарын да жоймақ. Бұдан өзге, Трамп Иран халқына қайырылып: «Еркіндікке қол жеткізетін уақыт жетті» деп мәлімдеді.

Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тегеран, Исфахан, Тебриз, Қом, Лорестан, Шабахар қалаларында жарылыстар болған. Желіде тараған Тегеранда түсірілген видеоларда жарылыстан аспанға қою түтін көтерілгені көрінеді және адамдардың айқай-шуы естіледі.

ТРАМП АЯТОЛЛА РЕЖИМІН ҚҰЛАТА АЛА МА?

Қазақстандық сарапшы,  Қажыкелді Шамбылдың пікірінше, аятолла режимін құлату оңай емес. Себебі Иран мемлекет ретінде әлсіз емес. Оның тарихы тереңде.

«2025 жылы да тура осы сұрақтар қойылды. Құлата ала ма, құлата алмай ма деген. 2025 жылы Иранға әрине үлкен нұқсан келді, бірақ биліктің өзгергенін көрген жоқпыз. Ал енді қазіргі жағдай өзгеше ме, оны біз білмейміз. Өйткені бізге келіп жеткен ақпарат, соңғы 3-4 сағаттың көлемінде ғана. Қазіргі ақпараттар легі тұрғысында белгілі бір болжам айту қиын. Менің бір ғана айта алатын дүнием – Иран әлсіз мемлекет емес. Үш мың жыл, төрт мың жылдық тарихта өзінің орынын ойып тұрып алған ірі держава. Сондықтан Ирандағы жағдайды өзгерту ол басқа бір мемлекеттерде болған жағдайдай емес. Өте үлкен ресурстарды, өте үлкен дүниелерді талап етеді», – дейді сарапшы.

ИЗРАИЛЬ ҰСТАНЫМЫ

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да мәлімдеме жасады. АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққысы «Иран халқының өз тағдырын өз қолына алуға жағдай жасайды» деп мәлімдеді.

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Катц «Израиль мемлекеті өзіне төнген қауіпті сейілту үшін Иранға превентив соққы жасады» деп мәлімдеді.

ИРАННЫҢ ҚАРЫМТА ЖАУАБЫ

Иран қорғаныс министрлігі қарымта жауап ретінде Тегеран АҚШ-тың аймақтағы барлық әскери базаларына соққы жасайтынын мәлімдеді. Израиль әскері Иранның Израильге қарата зымыран жібергенін хабарлады.

«Қауіптің алдын алу мақсатында қорғаныс жүйесі істеп тұр», – деп жазылған Израиль әскерінің мәлімдемесінде.

Бұдан өзге, Иран АҚШ-тың бесінші әскер флотының кемелері шоғырланған Бахрейнді, Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әскери базаларында атқылаған. Бұқаралық ақпарат құралдары БАӘ астанасы Абу-Дабиде жарылыс болғанын жазды. Осыдан кейін БАӘ әуе кеңістігін уақытша жапқанын хабарлады. Сауд Арабиясы Иранға қарсы әскери операцияға қосылатынын мәлімдеді.

Иранның Shargh ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Тегеранда президент резиденциясы мен оның штаб-пәтеріне соққы жасалған.

NYT басылымы Израиль күштік құрылымдарындағы үш дереккөзге сүйене отырып, Иранға жасалған соққының алғашқы толқыны кезінде Иранның көптеген жоғары лауазымды шенеуніктері өлтірілуі керек болған деп жазған еді.

Иран ақпарат құралдарының жазуынша, президент Масуд Пезешкиан соққының салдарынан зардап шекпеген.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи қазір ел аумағында емес деп жазды Reuters. Ақпарат агенттігі дереккөзінің хабарлауынша, аятолла қауіпсіз жерге әкетілген.

Дегенмен Израильдің 12-арнасы дереккөздерге сүйене отырып, соққының салдарынан аятолла Әли Хаменей қаза болған болуы мүмкін немесе жарақаттанған болуы ықтимал деп хабарлады. Иранның рухани көсемі әзірге жұрт алдына шыққан жоқ.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи ел басшылығы толықтай дін-аман екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, президент те, аятолла да аман. Соққыдан тек екі әскери лауазымды басшы қаза тапқан.

ӘЛЕМ РЕАКЦИЯСЫ

Германия, Франция және Ұлыбритания басшылары (Фридрих Мерц, Эммануэль Макрон, Кир Стармер) Иранның Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базаларын атқылауын сынап, тараптарды келіссөздерге қайтып оралуға үндеді.

«Біз келіссөздерді қайта жандандыруға шақырамыз және Иран басшылығынан мәселені тек келіссөздер арқылы шешуді талап етеміз. Түптеп келгенде, Иран халқы өз болашағын өзі айқындауға мүмкіндік алуы тиіс», – деді Германия, Франция және Ұлыбритания жетекшілері.

Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққысын сынап, қақтығысты келіссөздер арқылы шешуге үндеді.

«Иранға қарсы жасалған шабуылды қарулы әскери агрессиялық акт» деп бағалады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылым тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Үкіметте сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды, – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сыртқы істер министрлігі Иранда зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады. Бұл елде 96 қазақстандық жүр.

Қазақстандық сарапшы,  Қажыкелді Шамбылдың сөзінше, Иранда тұрақсыздық орнайтын болса, онда аймақта миграциялық мәселелер туындайтыны сөзсіз. Оның ішінде Иранда тұратын қазақтар мәселесі де бар.

«Егерде белгілі бір деңгейде тұрақсыздық жағдайы болса, мүмкін миграция мәселелері мүмкін көкейкесті болатын шығар. Қандастар үшін сол жердегі», – деді ол.

Контекст

Былтыр Израиль мен Иран арасында 12 күндік соғыс болған. Сол уақытта АҚШ Иранның ядролық нысандарының көзін жойғанын мәлімдеген. Тегеран оны жоққа шығарып, нысандарға айтарлықтай зақым келмегенін айтқан. Желтоқсанда Дональд Трамп «Егер Иран ядролық бағдарламаларын қалпына келтіретін болса, АҚШ Иранға қарсы тағы бір ауқымды шабуыл қолдануы мүмкін» деп мәлімдеген.

Ұзақ жылдан бері санкция астында отырған 90 миллион халқы бар Иранда былтыр желтоқсанда Тегерандағы «Үлкен базар» деп аталатын сауда орталықтарының бірінен басталған наразылық қаңтардың ортасына дейін жалғасып, билік оны күшпен басқан. Көптеген дүкен иелері экономикадағы гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне қарсылық ретінде сауда орындарын жауып, көшеге шыққан. Кейіннен оларға студенттер мен өзге де адамдар қосылды. Наразылыққа Тегераннан өзге Исфахан, Мешхед және өзге де қалалар қосылды. Көшеге шыққан халық елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына билікті кінәлаған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ наразылық кезінде 30 мыңға жуық адамның қаза тапқанын жазған. Иран билігі де қаза тапқандардың мыңдап саналатынын жоққа шығармаған.