Ормуз дағдарысы: мұнай нарығы мен Қазақстан үшін жаңа тәуекелдер

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Тегеранға жасалған ауқымды шабуылдар мен елдің рухани көшбасшысы Әли Хаменейдің қаза табуы Иранды Ормуз бұғазын жабуға итермеледі. Иран билігі бейресми арналар арқылы осындай мәлімдеме жасаған. Алайда «келесі хабарламаға дейін» деген ескертпемен бірнеше сағаттан соң оны қайта ашты. Ulysmedia.kz сарапшылармен бірге бұл бұғаздың неліктен аса маңызды екенін, оның жабылуы мұнай бағасын барреліне 300 долларға дейін көтеруі мүмкін бе және жалпы Ирандағы соғыс Қазақстан үшін қандай қатер төндіретінін талдады.

Әлемдік мұнай саудасының маңызды арнасы 

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылы жұма мен сенбіге қараған түні болды. Бұл, сірә, тәжірибелі кәсіпкер, АҚШ президенті Дональд Трамптың ойластырған тактикасы болса керек. Себебі демалыс күндері биржалар жұмыс істемейді, стратегиялық маңызды шикізат бағасы айтарлықтай өзгермейді, ал дүйсенбіге қарай алғашқы соққының әсері бәсеңдеп, мұнай, газ және өзге де ресурстардың бағасы оптимистік деңгейде қалыптасады. Осындай әдіспен АҚШ бұған дейін Венесуэлада әскери операция жүргізген, енді Иранға кезек келді. Соған қарамастан, 2026 жылғы 2 наурыз, дүйсенбі күні таңертең Лондон биржасында мұнай бағасы сауда шегінде 13 пайызға өсіп, барреліне 82 долларға жетті. Нарық қатысушыларының неге алаңдағанын түсіну үшін Таяу Шығыс картасына көз салу жеткілікті. Ормуз бұғазы – Иран, БАӘ мен Оман арасындағы тар теңіз өткелі, ол Парсы шығанағын Үнді мұхитымен жалғайды.  БАӘ, Сауд Арабиясы, Иран мен Ирак, Бахрейн, Катар, Кувейт секілді мұнайға бай елдердің шикізатының басым бөлігі осы тар арна арқылы экспортқа шығады. Оның үстіне соңғы үшеуінде мұнай мен газды тасымалдаудың балама бағыттары жоқ. Әлемдік мұнайдың кемінде 20 пайызы және сұйытылған табиғи газдың кемінде 25 пайызы Ормуз арқылы өтеді. Сондықтан әр жылдары Goldman Sachs пен JPMorgan Chase секілді ірі инвестбанктер осындай сындарлы сәттерде баға уақытша 150-200 доллардан да асып кетуі мүмкін екенін айтып келген, ал кейбір болжамдарда одан да жоғары көрсеткіштер айтылған.

Ормузсыз біраз уақыт шыдауға болады

Алайда қазақстандық сарапшылар мұндай болжамдармен келісе бермейді.

– Мұнай бағасы уақытша өсуі мүмкін, бірақ бірнеше күннен, жоқ дегенде бірнеше аптадан кейін бәрі орнына келеді. Шынын айтсақ, Ормуз бұғазының жабылуы туралы әңгімелер, меніңше, әскери даудағы аргумент қана. Нақтысын айтқанда, осы өңірдегі барлық әскери қақтығыстар тарихында Ормуз бұғазы бірде-бір рет толық жабылған жоқ. Өйткені бұл Парсы шығанағындағы барлық елге тиімсіз. Иранға мұндай қадамға баруға мүмкіндік бермейді, – дейді ENERGY ANALYTICS директоры Абзал Нарымбетов.

Мұнай-газ нарығының сарапшысы, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Байдильдинов тағы бір маңызды жайтты еске салады: қоймаларында көмірсутек қоры мүлде жоқ ел әлемде жоқ. Сондықтан Иран шынымен Ормуз бұғазын жапса да, жаһандық экономика белгілі бір уақытқа дейін осы «мұнай саудасының тар өткелін» айналып өтіп, өмір сүре алады.

Ол сондай-ақ Иран – Израиль мен АҚШ арасындағы соғыстағы тағы бір маңызды сәтке назар аударады.

– Бұл қақтығысты да, 2025 жылғы маусымда болғанын да талдасақ, екі жағдайда да мұнай өндіру және тасымалдау инфрақұрылымына соққы жасалмағаны анық. Қақтығыс күні ретінде сенбінің таңдалуы да тегін емес, себебі демалыс күндері биржалар жабық болады. Дүйсенбіге қарай белгілі бір алаңдаушылық сезілуі мүмкін, бірақ ол бірнеше күннен аспайды. Себебі мұнай импорттаушы барлық елдің бірнеше айға жететін коммерциялық қоры бар. Бұған қоса, ОПЕК елдері, соның ішінде мұнайды әлемдік нарыққа Ормузсыз-ақ жеткізетін Қазақстан да өндірісті арттыруға дайын, – дейді Олжас Байдильдинов.

Барреліне 300 доллар 

Соған қарамастан, әлемдік БАҚ-та Ирандағы соғыстан кейін мұнай бағасы қанша болуы мүмкін дегенге қатысты бір-біріне қайшы болжамдар жарияланып жатыр. Кейбір нұсқаларда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 300 долларға жетуі мүмкін делінеді. Себебі техникалық тұрғыдан Иран Ормузды жабуға қауқарлы, өйткені ең тар жерінің ені – 40 шақырым. Бұл қашықтықты жағалаудағы зымыран оңай еңсереді. Ал бұғаздың салыстырмалы түрде таяз болуы оны миналау мүмкіндігін де арттырады. Алайда мұнай-газ нарығының сарапшысы, Pace Telegram-арнасының авторы Асқар Исмаиловтың пікірінше, Иран бұл техникалық мүмкіндіктерін пайдаланбайды.

– Іс жүзінде Иран бұғаздың жабылғанын жариялап, бір тәуліктен аз уақыт өткен соң оны қайта ашты. Бұл тараптардың қайсысына болмасын, бұғазды жабудың нақты пайда әкелмейтінін көрсетеді. Ешкім өзі отырған бұтақты кеспейді, ал мұнай экспортынсыз Иран экономикасы бір айға да жетпей құлайды, – дейді ол.

Сонымен бірге ол Ормуз төңірегіндегі ахуал нарыққа белгілі бір деңгейде мазасыздық орнататынын мойындайды, бірақ бұл – компаниялар бағаға енгізетін жекелеген тәуекелдер ғана.

– Әрине, Ормуз – әлемдегі басты мұнай өткелдерінің бірі. Ол арқылы тәулігіне шамамен 20 млн баррель, яғни әлемдік тұтынудың 20 пайызына жуық мұнай өтеді. Балама маршруттарды ескерсек те, ықтимал блокада нарықтан тәулігіне 8-10 млн баррельді алып тастауы мүмкін. Бірақ тағы да қайталаймын, бұл екіталай. Ал мұнай бағасының 300 долларға дейін өсуі одан да сенімсіз сценарий. Меніңше, бұл мүмкін емес. Ірі ойыншылардың қазіргі бағалаулары әлдеқайда байыпты. ICIS, RBC және Barclays агенттіктері ұзаққа созылған іркіліс кезінде баға 100 долларға қарай жылжуы мүмкін деп жазады, Rystad бастапқы секірісті шамамен 92 доллар деңгейінде көреді, ал бұған дейін Goldman Sachs пен JPMorgan стресс-сценарийлерде 110-130 доллар аралығын атаған, бірақ 300 емес. Қысқасы, 300 доллар тек өте ұзақ аймақтық соғыс, бірнеше жеткізушінің бірден нарықтан шығып қалуы және нарықты тұрақтандыру әрекеттерінің толық сәтсіздігі жағдайында ғана мүмкін, – дейді Асқар Исмаилов.

Бізге соғыстан гөрі бейбітшілік тиімді

Әрине, мұнай нарығындағы дүрбелең Қазақстанға ішінара тиімді: біздің мұнай Ормуз арқылы өтпейді, бірақ парсылық мұнаймен бірге қымбаттайды. Барреліне 80 доллардың өзі қазақстандық қазынаны едәуір толықтыра алар еді. Алайда, Абзал Нарымбетов атап өткендей, Ирандағы бейбіт жағдай Қазақстан үшін одан да үлкен артықшылық әкелуі мүмкін.

– 2000-жылдардың басында Иран арқылы жылына 5 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдау жөнінде swap operations тұжырымдамасы әзірленген еді: олар біздің мұнайды сатып алып, экспортқа өз мұнайын шығаратын. Бірақ антиирандық санкциялар мен өзге себептерге байланысты бұл бағыт жабылды. Ал географиялық тұрғыдан алғанда, бұл біз үшін мұнай тасымалдаудың ең тиімді жолы, яғни мұхитқа шығатын ең қысқа бағыт, – деп еске салады ол.

Қауіп көп пе, пайда көп пе?

Ulysmedia.kz-ке Ирандағы жағдайға қатысты пікір білдірген шығыстанушы, философия ғылымдарының кандидаты Жанат Момынқұлов мұнай бағасының қақтығыс салдарынан өсуі қысқа мерзімді болуы мүмкін екенін, ал Таяу Шығыстағы соғыстың теріс салдары ұзаққа созылатынын атап өтті.

– Әскери дағдарыстар әуелі бағаны өсіреді, бірақ кейін құбылмалылық пен құлдырауға әкеледі: ұзаққа созылған қақтығыс кезінде әлемдік экономика баяулап, сұраныс төмендейді де, мұнай арзандайды, – дейді ол.

Саясаттанушының айтуынша, Ирандағы қақтығысты басқа геосаяси үдерістерден, әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің күшеюінен бөліп қарауға болмайды. Иранның ықтимал трансформациясы жағдайында Орталық Азия біртіндеп АҚШ пен Қытай бәсекелестігі аймағына айналып келеді.

– Біз бұл үдерістердің шетінде емес, ірі державалардың мүдделері тоғысқан ортасында тұрмыз. Иранның әлсіреуі немесе тұрақсыздануы Еуразияның энергетикалық картасын өзгертеді. Иран Венесуэламен бірге, соның ішінде Қытай үшін балама мұнай ағындарының елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Ауыр дағдарыс кезінде Бейжің Ресей бағытына одан сайын жақындауға мәжбүр болады. Ал Қытайға баратын ресейлік энергетикалық маршруттар Қазақстанмен байланысты инфрақұрылым мен логистикалық дәліздер арқылы өтеді. Бұл біздің аумақтың стратегиялық маңызын автоматты түрде арттырады әрі қысымды да күшейтеді, – деп түсіндіреді ол.

Ол Бейжің Астанадан «ұқыпты бейтараптыққа» қатысты қосымша кепілдіктер талап етуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

– Қытай күшейіп келеді әрі жүйелі әрекет етеді. Егер тепе-теңдік бұзылса, Бейжіңмен маневр жасау Украинадағы соғыстан әлсіреген Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда қиын болады. Бұл ретте Қазақстан соңғы жылдары бірқатар стратегиялық маңызды қадам жасады: белсенді дипломатия, Трамптың түрлі халықаралық форматтарына қатысу (Авраам келісімдері, Бейбітшілік кеңесі, Газаны болашақта тұрақтандыруға қатысу), бейтарап алаң болуға ұмтылу. Мұның бәрі еліміздің халықаралық ойыншы ретіндегі мәртебесін арттырады. Ал қазіргі президенттің осы бағыттағы тәжірибесі маңызды рөл атқарады, өйткені бүгінде тепе-теңдікті сақтай білу ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр, – деп атап өтті ол.

Осылайша, қазіргі жағдайда Қазақстан мұнай бағасының өсуінен барынша пайда табуды ғана емес, Ирандағы соғыстан кейін сөзсіз өзгеретін әлемде тепе-теңдікті сақтау мәселесіне де баса назар аудару керек.