«Зорлық көрген әйелдер шетелге кетіп жатыр»: Қазақстан заңы оларды неге қорғай алмай отыр?

Рая Минап
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейтілгеніне қарамастан, әйеліне жұдырық ала жүгіретіндер мен балаға зорлық-зомбылық көрсететіндер тиісті жазаға тартылмай жатқаны, заңның әлсіз тұстары мен құзырлы органдардың әрекетсіздігі жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Ulysmedia.kz тілшісі белгілі құқық қорғаушыларды сөзге тартып, әйелдер мен балалар құқығының аяқ асты болуына не себеп екенін сұрап білді.

Зәбір көрген әйелдер қоғамдық ұйымдар мен қорлардан көмек сұрауға мәжбүр

Белгілі құқық қорғаушы, "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, зәбір көрген әйелдер қоғамдық қорлар мен ұйымдарға жиі жүгінетін болған. Өйткені, полиция жазалаушы органға айналған. 

- Халық полицейлерден қорқады. Өйткені, олар көп жағдайда әрекетсіздік танытып, ықпалды туысы бар тирандарды жақтап шығады. Яғни әйел күйеуінің жоғары жақта, мысалы прокуратурада, мемлекеттік органда, әкімдікте, полицияда байланысы барын білгенде шарасыздықтан бізге жүгінеді. Ақшасы мен арқа сүйейтін көкелері бар еркек әйелді жеңетіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде сонымен қатар жүйе күресі жүреді. Адам өзінің құқығын қорғамақ болғанда бүкіл жүйе оған қарсы шығады. Барлық жерде бәрі бір-бірінің артын жабады. Бұл ең сорақы құбылыс. Бұл балаларға қатысты болғанда қиын. Екіншіден, біз әйелдерге жан-жақты кеңес береміз. Оларға жүйенің қарсылығын, не болатынын және қалай қорғану керектігін бәрін талдап береміз. Адвокат, психолог тауып, материалдық тұрғыдан көмек көрсетеміз. Күрес жүріп жатқан уақытта адам әлсіз болады, жұмысынан, туыстарының қолдауынан айырылады. Сондықтан әйелдің атына халықтан ақша жинап қолдау көрсетеміз. Туыстардың көбі даудан қашады, оған қарсы шығып, өзіне қысым көрсетуі мүмкін. Адам жалғыз қалады. Жүйе де оған қарсы шығады. Осындай жағдайда біз секілді қоғамдық қор, ұйымдар керек, - дейді ол.

Оның айтуынша, "НеМолчи.kz" қорының жедел желісіне, әлеуметтік желілерге орта есеппен 30-50 шағым түседі. 

- Яна Легдокимованың ісі секілді ауыр кейстер көп болады. Кейде тіпті 500 шағымға дейін арыз түседі, ондай кезде бәрін өңдеп үлгермейміз. Арыз көп болғандықтан, кейбірін байқамай қалудан қорқамыз. Қазір адам өлімі, зорлау секілді өте ауыр істер болмаса, кейбірін қараудан бас тартып жатырмыз. Бәріне бірдей үлгермейміз, қатты шаршаймыз, сондықтан аса ауыр емес жағдайларға кеңес беріп, 111 желісіне бағыттаймыз. Соңғы екі кейс мені қатты алаңдатады. Сотқа отбасылық зорлық-зомбылық бойынша іс келіп түскен. 109- бап «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бойынша судья 100 АЕК айыппұл салып, негіздемесіне ауызша түсініктеме берген. Үкімде емес, сот залында ауызша айтқан. Бұл туралы бізге екі әйел хабарлады. Бір бұйрықтың негізінде еркектерді қамауға алуға 2027 жылға дейін мораторий жарияланғанын айтқан. Соттар қоғамдық жұмыспен шектеледі немесе көбірек айыппұл салуға тырысады. 2024 жылы отбасылық зорық-зомбылық бойынша 3,5 мың адам жауапқа тартылған. Бәрақ. солардың ішінде тек 28 адам ғана елу тәулікке қамалған. Бұл қамауға алатын орындардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Ішкі істер министрлігі жаңасын салуды ойлап та жатқан жоқ. Оның үстіне, қамау орындарын саяси мақсатта пайдалану үшін бос ұстап отыр. Қазір референдум қарсаңында, былтырдан бері ұсталғандар көп болып жатқанын көріп отырмыз. Орынды соларға сақтап отырған секілді, - дейді ол. 

Дина Таңсәрінің айтуынша, қазіргі таңда заңның солқылдақтығынан құқығы  қорғалмаған әйелдер шетел асып жатыр.

- Өзін сөзі үшін құдалайтын, агрессордың жағына шығатын полицияға кім барғысы келеді. Өкінішке қарай, әйелдер осындайда күйеуіне үндемей шыдайды немесе қашуға мәжбүр. Бізге шетелден саяси баспана алу үшін хат жолдап беруді сұрайтын әйелдер көп. Зорлық-зомбылық көрген, зорланған әйелдер осылай Еуропаға кетуге мәжбүр. Оларға мұндай мүмкіндік қазір беріледі. Бұл да алаңдатарлық жағдай. Өйткені біздің билік әйелдерге елден кетуге өздері жол беріп отыр. Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін де көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Қамауға алмау әлі бар. Ер адамдар қамаудан бір жарым-екі сағаттан соң босап, қайта үйіне барып, әйелді соққының астына алады. Әйел қатты зардап шеккен жағдайда ғана шара қолданылуы мүмкін. Денсаулығына қатты зақым келсе немесе өлтірсе, сонда ғана полиция жауыз еркекті қамауға алады. Біз бұл туралы үздіксіз жазып келеміз. Алайда, ештеңе өзгеретін түрі жоқ. Осындай жағдайларға назар аудармауға бұйрық беріліп қойған секілді. Полицейлер роликтер түсіріп, қоғамға жақсы жағынан көрінуге тырысады, бірақ әйелдер көмек сұрағанда, олардың үні шықпай қалады. Біздің қоғамда себепсіз, түкке тұрмайтын нәрсе үшін әйелді ұрып-соғу, тіпті өлтіре салу оңай болып кетті.Ал полиция қорғаудың орнына елемеуге, тіпті сол әйелдерден құтылуға тырысады. Мысалы, жақында бір мынадай жағдай болды. Күйеуі әйелін жиі соққыға жыққан. Ақыры шақыра берген әйелден құтылу үшін полицей үй иесіне хабарласып, оны үйден шығарып жіберуді сұраған. Құтылу үшін үйіңде өлім болады, оларды тезірек шығарып жібер деген. Бұл бір ғана мысал, мұндай жағдайлар жиі кездеседі, - дейді құқық қорғаушы.

Педофилға полицейлер мен тергеушілер жақтасады

Өмірін тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен қыздарды қорғауға арнаған Human Rights Lawyers қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышева қоғам жәбірленушінің өзін кінәлап үйреніп қалғанын айтады.

- Бізде қоғам әйелді кінәлауды үйреніп алған. Әйелді ұрып жатса, өзінің тілінен болған шығар деп қарайды. Қыз көмектесіңдер деп айқайласа, ешкім көмекке келмейді, себебі қалыпты жағдайдай қарайды. Бала зорланса да, ол жерге бармау керек еді, түн ішінде не істеп жүр деп сөгеді. Қыздың өзіне байланысты, қысқа киінген шығар дейді. Қысқа киінбеген 2,5 жастағы баланы зорлаған жағдай бар. Өз әкесі зорлаған. Бізге келіп түскен арыздардың 90%-ында туған әкесі, атасы, ағасы, жездесі, өгей әкесі, көршісі мен танысы зорлағаны айтылады. Ол киімнен болатын жағдай емес. Біреулерге екінші рет неге күйеуге тиесің деп тиіседі. Ол қайдан біледі. Педафил деген өте қу, ақылды, бәрін ойластырып жасайды. Екінші рет тұрмыс құрған әйелдерді әдейі баланың көзінше сындырады. Сосын менің анамды ұрып-соқса, мені қайдан анам қорғайды деп ойлап, көп бала қорлық көрсе де, үндемей шыдап жүре береді, - дейді ол.

Ләззат Рақышеваның айтуынша,  полицейлердің педофилдың ісін жауып тастауы елде жүйелі жемқорлық бар екенін көрсетеді.

- 2023 жылы Америкада тәжірибе алмасу мақсатында бір ай болдым. Онда жәбірленушіге бір жерде көмек көрсетіледі екен. Жан-жақтан бір мезетте тергеуші, психолог, сарапшы келіп көмек көрсетеді. Ол жемқорлыққа жол берілмейтінін білдіреді. Бізде арызды қабылдамады деп жатады, меніңше тергеушілер мен полицейлер сол педофилға өздері барып, онымен келісіп алады. Өйткені, олар тергеу кезінде үйін жанталасып сатып жатады. Сол жемқорларға ақша беру үшін солай істейді деген сөз. Жазадан құтылу үшін бәрін жасайды, бар дүние-мүлкін сатады. Өкінішке қарай, жәбірленушіге неше түрлі қиянат жасалады. Педафилды әшкерелейтін бар дәлел бола тұра, оны қорғайды, баланы, әйелді кінәлайды. Сөйтіп істі жауып тастайды, - дейді заңгер.

Қоғам белсендісінің айтуынша, құқық қорғау органдарында өз жұмыстарына  салғырт қарайтындар көп. 

- Нақты жұмыс алгаритмі жоқ, арызды уақытында қабылдамайды, кешіктіріп қабылдайды, жәбірленушіге дер кезінде іс қозғалмайды, құжаттарды толық тексермейді, жинамайды, дұрыс рәсімдемейді. Оған қысым көрсету, сенбеу түрлі салада бар. Алдын алу шараларын орындамау, күдіктіні уақытша ұстау – осының бәрі үлкен мән беретін дүниелер. Халықтың құқықтық сауатын арттырып, қоғам болып күрессек, сонда зорлық-зомбылық тоқтайды деп ойлаймын. Тек үлкен қалаларда тренинг өткізіп қана қоймай, ауыл-аймақтың бәрін аралап, қарапайым халықтың сауатын ашып, нені білу қажет екенін түсіндіру керек. Тегін құқықтық кеңес беру керек. Бұған тек Үкімет жауапты емес, бүкіл қоғам болып жұмылып атсалысуымыз керек, - дейді ол. 

Зорлық туралы айту ұят емес

Құқық қорғаушы зорлық туралы айту ұят емес, оны ашық айтқан дұрыс деп есептейді.

- Менталитетке жат дегенді қою керек. Мұндай қылмысқа баратындар ішімдік ішіп, есірткі шегетіндер ғана емес, кәдімгі саналы азаматтар да бар. Полиция, әкім, тіпті депутат та бар. Оған таңқалмайтын болдық. Айтпа, айтқан сайын көбейеді, өз бетімен кетсін дейтіндер бар. Керісінше, айтқан сайын адамдар түсінеді екен. Маған көп адамдар жазып, алғысын айтатын болды. Сіз айтқан соң балаларыма қарайтын болдым, біреудің үйіне қондырмайтын болдым, балама қорғануды үйрететін болдым деп жазып жатыр. Яғни, бұл мәселе ашық айтылған сайын қылмыс та азаяды деген сөз, - дейді маман. 

Заңның қабылдануы қоғамдағы барлық мәселені шешпейді

Белгілі адвокат Анар Құсайынова бір заңның қабылдануы қоғамдағы барлық мәселені автоматты түрде шешпейтінін айтады.

- 2024 жылы бұрынғы Ұлттық экономика министрінің жұбайын өлтіруінен кейін, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жөніндегі басқа да қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстық істерден кейін, менің ойымша, көп әйелдер мен ер адамдардың санасы айтарлықтай өзгерді. Көптеген жәбірленушілер енді үнсіз қалмайды және өздеріне қатысты жағдайды ұят деп санамайды. Олар бұл туралы айтуға мәжбүр. Соның нәтижесінде халық арасында «Салтанат заңы» деп аталып кеткен заң қабылданды. Бұған дейін де балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған қылмыстар үшін және басқа да осындай құқықбұзушылықтар үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған бірқатар түзетулер қабылданған болатын. Алайда, өкінішке қарай, қандай да бір заңның қабылдануы қоғамдағы барлық мәселені автоматты түрде шешпейді, - дейді ол. 

Адвокаттың айтуынша, кез келген, тіпті ең дұрыс заңның өзі оның орындалуы мен қолданылуына байланысты көрінеді. Қазіргі таңда көптеген бұзушылықтарға жол беріліп келеді.

- Мысалы, жаңа Конституция жобасын алайық. Ұсынылып отырған жобада адам құқықтары мен бостандықтарының күшейтілгенін көруге болады. Әділетті Қазақстан идеясын ұстану, заң мен тәртіп қағидаты, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау туралы айтылған. Сонымен қатар, онда мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген залалды өтеу құқығы да сақталған. Өйткені негізгі заң қаншалықты мінсіз болса да, өкінішке қарай, ол әрбір адамның конституциялық құқықтарының жүз пайыз сақталуына толық кепілдік бере алмайды, - дейді заңгер.

Адвокат өзі жүргізген резонастық істердің бірі құқық қорғаушы Дина Таңсәрінің заңсыз құдаулауға ұшырап, елден кетіп, Черногориядан саяси баспана алуға мәжбүр болғанын адам құқығы бұзылуының бір көрінісі ретінде мысалға келтірді.

- Мен Президентке және Бас прокурорға Дина Таңсәріге заңсыз және негізсіз қылмыстық іс қозғалуына байланысты үндеу жолдаған едім. Онда қылмыс құрамы жоқ. Қоғамдық қорға ерікті қаражат аударуға қарамастан, залал көлемі 21 мың теңге деп көрсетілген. Тіпті қылмыс деп айтуға келмейді. Сотқа дейінгі тергеу аясында дайындалған осы құжаттарды оның Черногориядағы адвокатына жолдадым. Осыны негізге алып, Черногория тарабы оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Бұл іс оның қызметімен байланысты болды, ол отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларды қорғайды. Өкінішке қарай, бұл ішкі істер органдары әрдайым заң бойынша жұмыс істемейтінін көрсетеді. Заң жәбірленуші арыз түсірген сәттен бастап әрекет етуге міндетті болса да, біздің қоғамда кейбір істер резонанс тудырған соң ғана қаралады. Динаның ісінен кейін көп полиция қызметкері тәртіптік жазаға таптылып, қызметінен болсатылды. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылғандары да бар. Сондықтан, бұл жерде Ішкі істер министрлігі қылмыстық іске тапсырыс беруші әрі оны тергеуші екені көрінеді. Бұл енді адам құқығының дұрыс сақталмауы ғана емес, заңсыз қудалау фактісі. Әйелдер осындай жағдайдан кейін шетелге кетуге мәжбүр», - дейді Анар Құсайынова.