Ядролық жарыстың жаңа кезеңі: кімде қанша қару бар?

Анар Лепесова
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Таяу Шығыста соғыс басталғалы жаһанды алаңдатқан сұрақ біреу: әлемде ядролық қақтығыс тұтанып кетпей ме? Жойқын қаруға ие мемлекеттер қанша оқтұмсығы барын қатаң құпияда ұстаса да, халықаралық ұйымдардың деректерінен алпауыттар ай қарап отырмағанын аңғаруға болады.Қай-қайсы да қуатын арттыруға мүдделі.

 «Ядролық клубқа» қандай мемлекеттер кіреді, олардың арасында кімнің күші басым, қай елде қанша оқтұмсық бар, жойқын қаруын әлі күнге дейін жасырып отырған кімдер – Ulysmedia.kz тілшісі тарқатады.

«ЯДРОЛЫҚ КЛУБ»

Ресми түрде әлемде небәрі бес ядролық держава бар. Бейресми түрде оларды «Ядролық клуб» деп атайды. Бұл мәртебе осы саладағы басты халықаралық құқықтық құжат –1968 жылғы Ядролық қаруды таратпау туралы шарт негізінде беріледі. Құжаттың IX бабының 3-тармағына сәйкес, 1967 жылғы 1 қаңтарға дейін ядролық қару немесе өзге ядролық құрылғы жасап, сынақтан өткізген ел ядролық қаруға ие мемлекет деп танылады. Алайда бұл келісім қабылданғалы бері ядролық қаруы бар елдердің нақты тізімі бірнеше рет өзгерді.

ҚАЙ ЕЛДЕР ЖОЙҚЫН ҚАРУҒА ИЕ?

Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) дерегінше, бүгінде ядролық қаруға 9 мемлекет ие:

Ресей
АҚШ
Қытай
Ұлыбритания
Франция
Үндістан
Пәкістан
Израиль
Солтүстік Корея

Америкалық ғалымдар федерациясының (FAS) 2026 жылдың басындағы дерегінше, бұл 9 елдің жиынтық арсеналы шамамен 12 300 ядролық оқтұмсықты құрайды. Оның ішінде 9 614-і әскери қоймаларда сақталып, қажет болған жағдайда зымырандар, кемелер, ұшақтар мен суасты қайықтары арқылы қолдануға дайын.

Қалған оқтұмсықтар қызметтен шығарылғанымен, әлі көзі жойылмаған.

«Әскери қордағы 9 614 оқтұмсықтың шамамен 3 912-сі жедел күштердің қарамағында (зымырандарда немесе бомбалаушы базаларда) орналасқан. Соның ішінде АҚШ, Ресей, Ұлыбритания және Францияға тиесілі шамамен 2 100 оқтұмсық жоғары дайындық деңгейінде тұр және қысқа мерзімде қолдануға әзір», – дейді FAS сарапшылары.

Мамандар әлем елдерінің қазіргі ядролық арсеналы қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі көрсеткіштен(70 мың оқтұмсық) айтарлықтай аз екенін айтады. Алайда мемлекеттер жойқын қаруларының нақты санын жария етпейтінін әрі қазіргі қарулар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жетілдірілгенін атап өткен сарапшылар босаңсуға болмайтынын ескертеді.   

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫ РЕСМИ ТҮРДЕ ИЕЛЕНУШІЛЕР

Ресми түрде ядролық қаруға ие мемлекеттер ретінде тек бес ел танылады:

АҚШ

Ядролық қаруды алғаш жасап, сынақтан өткізген ел – АҚШ. 1940-жылдардың басында атақты физик Роберт Оппенгеймер мен генерал Лесли Гровс жетекшілік еткен Манхэттен жобасы аясында үш атом бомбасы әзірленді. Алғашқы сынақ 1945 жылдың шілдесінде Нью-Мексико штатындағы Аламогордо полигонында өтті. Сол жылдың тамыз айының басында екі бомба Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталды. Бұл – бүгінге дейін ядролық қарудың соғыс жағдайында қолданылған жалғыз оқиғасы.

Әлемдегі ең алғашқы ядролық жарылыс, 16 шілде 1945 жыл.

SIPRI бағалауынша, қазіргі таңда АҚШ-та шамамен 5550 ядролық оқтұмсық бар. Оның 3700-і  – белсенді: 1 670-і стратегиялық орналастырылған, 100-і тактикалық деңгейде, ал 1 930-ы әскери қоймада сақтаулы. Қалғаны қызметтен шығарылған.

Америкалық ядролық қару Түркия, Италия, Бельгия, Германия және Нидерланды аумақтарында, сондай-ақ АҚШ-тың өз ішінде орналастырылған.

2026 жылдың басындағы жағдай бойынша, Ресей мен АҚШ әлемдегі ядролық қарудың шамамен 87 пайызын, ал әскери қолдануға дайын қорлардың 83 пайызын иеленіп отыр.

Ресей

КСРО АҚШ-пен ядролық жарысқа алғашқылардың бірі болып қосылып, 1949 жылы өз ядролық қаруын сынақтан өткізді. Жобаны дамыту барысында Манхэттен жобасынан алынған барлау мәліметтері де пайдаланылған. Кейбір ғалымдар АҚШ-тың ядролық монополиясынан қауіптеніп, деректерді Кеңес Одағына астыртын жеткізіп отырған.

АҚШ термоядролық қару жасағаннан кейін, Кеңес Одағы да сутегі бомбасын сынады. 1949 жылдан бері КСРО шамамен 55 мың ядролық оқтұмсық өндірген. 1986 жылы оның арсеналы 45 мыңға жетіп, тарихтағы ең ірі көрсеткішке айналды.

Тактикалық ракетаға арналған алғашқы сериялық ядролық оқтұмсық. Фото: ТАСС

КСРО тараған соң Ресей оның құқықтық мұрагері болды және кеңестік ядролық арсеналды өзіне алды.  Қазіргі кезде SIPRI деректеріне сәйкес, Ресейде 6200-ден астам ядролық оқтұмсық бар. Белсенді оқтұмсықтарының саны 4300-ден асады. Бұл – әлемдегі ең ірі арсенал.

Ұлыбритания

Ұлыбритания ядролық бағдарламасын 1940 жылы бастады. Біраз уақыт АҚШ-пен бірлесіп жұмыс істегенімен, кейін бөлек кетті. 1952 жылы ел ядролық қаруды сынаған үшінші мемлекетке айналды.

Бұл – өз аумағында бірде-бір ядролық сынақ өткізбеген жалғыз держава. Барлық сынақтар өз мемлекеттерде жүргізілген. 1991 жылдан бері Ұлыбритания ядролық сынақ жүргізуді тоқтатты. SIPRI бағалауынша, елде шамамен 225  оқтұмсық бар. Оның 120-сы стратегиялық орналастырылған, ал 105-і резервте сақтаулы.

Франция

АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктеріне сүйенген Франция бастапқыда өз ядролық қаруын жасауды жоспарламаған. Алайда Үндіқытай тәуелсіздігі үшін соғыста жеңілген соң, бұл ұстаным өзгерді. Ядролық жобаға Манхэттен жобасының қатысушысы Бертран Голдшмидт тартылды.

Алғашқы сынақ 1960 жылы сол кездегі француз отары – Алжирде өтті. Кейінгі сынақтар Француз Полинезиясында жалғасты.

Қазір Францияның ядролық арсеналы шамамен 300 оқтұмсық деп бағаланады. Оның 280-і стратегиялық, 10-ы резервте, ал 80-і қызметтен шығарылған. Жалпы саны – 370.

Ядролық оқтұмсығы бар француздың S3 баллистикалық зымыраны.

Қытай

1956 жылы Қытай Коммунистік партиясы елде атом энергетикасы мен ядролық қаруды дамыту туралы шешім қабылдады. Алғашқы кезеңде Кеңес Одағы мамандар ұсынды, технологиялық қолдау көрсетті. Аспан асты елі алғашқы ядролық бомбасын 1964 жылы Лобнор полигонында сынады. Үш жылға жетпей сол жерде термоядролық бомба да сыналды.

Қытайдың алғашқы ядролық бомбасының макеті.

Бүгінде Қытайдың ядролық қорында шамамен 600 оқтұмсық бар: 576-сы резервте, ал 24-і стратегиялық орналастырылған.

БЕЙРЕСМИ ЯДРОЛЫҚ ОЙЫНШЫЛАР

Үндістан

Қытай тарапынан туындаған қауіп және Пәкістанмен тұрақты қақтығыстар Үндістанды ядролық қару жасауға итермеледі. 1974 жылы елде алғашқы құпия сынақ өткізілген, ол «Күлген Будда» операциясы деп аталды.

Қазіргі таңда Үндістанда шамамен 180 ядролық оқтұмсық бар дейді сарапшылар.

Пәкістан

Үндістаннан кейін Пәкістан да іле-шала ядролық бағдарламаға кірісті. Алғашқы жер асты сынақтары 1998 жылы Үндістанның сынақтарына жауап ретінде жүргізілді.

Мамандардың бағалауынша, бүгінде бұл елде шамамен 180 оқтұмсық бар.

Израиль

Израиль ядролық қаруы бар екенін ресми түрде растаған да, жоққа шығарған да емес. Алайда сарапшылар бұл елде 1960-жылдардан бері ядролық қару бар деп есептейді. Сол кезден бері екі ядролық зерттеу орталығы жұмыс істейді.

1979 жылы Оңтүстік Атлантикада тіркелген жұмбақ жарылыстар (Вела оқиғасы) Израиль мен ОАР-дың бірлескен сынағы болуы мүмкін деген болжам бар, бірақ бұл ресми расталмаған.

Израильдің атомдық баллистикалық зымыран тасымалдаушы сүңгуір қайығы.

Қазіргі бағалауларға сәйкес, Израильде шамамен 90 ядролық оқтұмсық болуы мүмкін.

Солтүстік Корея

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Солтүстік Корея АҚШ тарапынан тұрақты қысымда болды. 1950–1953 жылдардағы Корей соғысы кезінде АҚШ ядролық соққы беру мүмкіндігін де қарастырған.

1950-жылдары КСРО көмегімен КХДР ядролық бағдарламаға кірісті. 2006 жылы алғашқы жер асты сынағын өткізді. Оған дейін ел ядролық қару жасағанын ресми түрде жариялаған.

Қазіргі бағалау бойынша, КХДР-да шамамен 50 ядролық оқтұмсық бар.

АЛПАУЫТТАРДЫҢ ЖАҢА ЖАРЫСЫ

Сарапшылардың пікірінше, әлем жаңа қарулану жарысына кірісті.2026 жылғы 5 ақпанда АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы халықаралық шарттың (New START) мерзімі аяқталды. Бұл құжат әр тараптың орналастырылған ядролық оқтұмсықтарын 1550 бірлікке дейін, ал құрлықаралық баллистикалық зымырандар (ҚБЗ), суасты қайықтарынан ұшырылатын баллистикалық зымырандар (БРПЛ) мен ауыр бомбалаушы ұшақтарды 700 бірлікке дейін қысқартуды көздейтін. Енді бұл салада ешқандай шектеу жоқ.

АҚШ Ресеймен жаңа келісім бастамасын көтеруге бейілді емес секілді. Оның орнына Вашингтон енді тек Ресеймен емес, Қытаймен де бәсекеге түсетін жаңа қарулану жарысын бастауы мүмкін. Алдағы уақытта алпауыттар жаңа жүйелерді орналастырып, қолданыстағысын жетілдіреді деп күтілуде. Қытай бұл тұрғыда ерекше қарқын көрсетіп отыр – жылына шамамен 100 оқтұмсық өндіріп, жүздеген жаңа зымыран шахтасын салып жатыр.

ИРАНДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ БАР МА?

Израиль-АҚШ одағымен соғысып жатқан Иран да ядролық қаруға үміткер ел ретінде аталып келді. Тегеран 2003 жылы ядролық қару жасау бағдарламасын тоқтатқанын мәлімдегенімен, МАГАТЭ деректеріне сәйкес, соңғы жылдары уран байытуды жалғастырып келген, соның ішінде қару жасау деңгейіне жақын дәрежеге дейін жеткізген.

Уран байытылған үш нысан өткен жылдың маусым айында Иранға жасалған АҚШ соққылары кезінде зақымданған. Дегенмен,  МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси Иран бірнеше ай ішінде шектеулі көлемде уран байытуды қайта бастай алуы мүмкін екенін ескерткен.

2015 жылғы ядролық келісімге сәйкес, Иранға уранды 3,67% деңгейіне дейін ғана байытуға және оның қорын 300 кг көлемінде ұстауға рұқсат берілген болатын. Алайда МАГАТЭ мәліметінше, Иранда шамамен 400 кг 60% деңгейінде байытылған уран бар. Егер ол 90%-ға дейін жеткізілсе, бұл көлем 10 ядролық оқтұмсық жасауға жетуі мүмкін.

фото: foreignaffairs.com

ТРАМПТЫҢ ТЫНЫШЫН КЕТІРГЕН НЕ?

Iran Watch ұйымы Иран бір ядролық қаруға жететін уранды шамамен төрт айда байыта алады, ал бес қару жасауға қажет мөлшерді бір жыл сегіз ай ішінде жинай алады деп ескерткен. Трампқа маза бермей отырған да – осы. Өткен аптада The Wall Street Journal Ақ үй басшысының Ираннан уран шығару операциясын қарастырып жатқаны жайлы жазды.

Басылымның жазуынша, мұндай миссия америкалық сарбаздардың Иран аумағында бірнеше күн, тіпті одан да ұзақ уақыт болуын талап етуі мүмкін, сондықтан ол «күрделі әрі тәуекелі жоғары» операция ретінде сипатталады.

фото: bloomberg.com

Басылымға пікір білдірген Трамптың ұстанымына жақын дереккөздің айтуынша, АҚШ президенті кеңесшілеріне Иранға қысым күшейтіп, уранды соғысты тоқтату туралы келісім аясында тапсыруға мәжбүрлеуді тапсырған.

Әңгіме былтыр қиратылған Исфахан ядролық нысанының үйінді астында қалған уран қоры туралы болып отыр. Оған қол жеткізсе, онсыз да әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған Трамптың басына қандай ой келерін болжау қиын.