Өртке оранған мұнай өңдеу зауыты, үнсіз қалған Путин, қауқарсыз әуе қорғанысы. Украина Мәскеуге ең ауқымды дрон шабылын жасады. Шабуылдың мақсаты мен салдары қандай?
ДРОН ШАБУЫЛЫ
18 маусымға қараған түні Украина Мәскеуді дрондармен шабуылдады. Соққының негізгі бөлігі қаладағы мұнай өңдеу зауытына жасалды. Капотня ауданындағы зауыттың тура мағынада «күлі көкке ұшты». Жарылыстың қатты болғаны соншалық, зауыттың мұнай сақтайтын резервуарларының бірінің қақпағы әуеге «зымыран» ұқсап ұшты. Дәл осы көрініс әлемдік БАҚ-тың «күн картинасына» айналды.
– Жарылыстың қуаты соншалық, мұнай сақтау резервуарының алып дөңгелек қақпағы Мәскеу аспанына фрисби дискісі секілді ұшып кетті, – деп жазды Reuters басылымы.
Reuters мәліметінше, бір апта ішінде екінші рет шабуыл жасалған мұнай өңдеу зауытының бұл жолы технологиялық қондырғылары бүлініп, бірнеше жерде өрт шыққан. Зауыт осыдан екі күн бұрын ғана дрон шабуылына байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан. 17 адам жараланып, бірнеше тұрғын үй бүлінген.
Алайда Мәскеу билігі қалада ешқандай жанармай тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді. Зауыт аумағында қаза тапқандар жоқ екені айтылды.
Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің сөзінше, 18 маусымға қараған түні қалаға қарата ұшып келе жатқан 194 дрон атып түсірілген. Бірақ қанша дронның әуе қорғанысын бұзып, Мәскеуге жеткені белгісіз.
Ресей қорғаныс министрлігі бір күнде 555 дронды атып түсіргенін мәлімдеді. ТАСС мемлекеттік агенттігі Мәскеуге жасалған шабуылды «кейінгі екі жылда болған ең ауқымды шабуыл» деп атады.
Алайда Ресейдің федералды телеарналары әлеуметтік желі мен әлемдік БАҚ-ты шарлап кеткен видеолардың бірін де көрсетпеді. Шабуылдың өзін емес, қорғаныс жүйесі қанша дронды атып түсіргеніне басымдық берді. Сергей Собянин жазбаларының скриншоттарын көрсетті.
Соғысты қолдайтын ресейлік блогер Максим Калашников Telegram-арнасында Капотнядағы мұнай өңдеу зауытына келтірілген залалды бейнеленген видеоны жариялағаны үшін полицияға шақырылғанын хабарлады. Осыдан кейін басқа да соғысты жақтайтын блогерлер мен пропагандистер мұндай видеоларды жариялағандарға қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға шақырды
ӘУЕ ҚОРҒАНЫС ЖҮЙЕСІ МӘСКЕУДІ НЕГЕ ҚОРҒАЙ АЛМАДЫ?
Conflict Intelligence Team-нің негізін қалаушы, ресейлік әскери шолушы Руслан Левиев жаппай дрон шабуылы кезінде әуе қорғаныс жүйесі жүз пайыз қорғай алмайды дейді.
– Мен әуе қорғаныс жүйесі дрондарды атып құлатып жатқан көптеген видеолар көрдім. Панцирь, зениттік кешен, жай ғана ату құралдары қолданылғаны байқалды. Кейбірі нысанды атып түсіріп жатты, кейбірі қиыс кетіп жатты. Бірақ жалпы алғанда, кейбір дрондардың әуе қорғаныс жүйесінен өтіп кетуі қалыпты жағдай. Себебі қауіпсіздікті жүз пайыз қамтамасыз ететін бірде-бір әуе қорғанысы жоқ. Тіпті заманауи америкалық немесе еуропалық әуе қорғаныс жүйелерінің өзі жаппай шабуыл кезінде дрондардың бір бөлігін өткізіп алады. Мәселе дрондардың қаншасы атып түсірілгенінде болып отыр. Ресей қорғаныс министрлігінің есебінше, 555 дрон болған. Енді қанша дронның нысанаға дөп тигенін есептеу қажет... Панцирь, Тор мобилді ұрыс топтарының барлығының әрекет ету аумағы кең емес. Олар бір ғана құрылғымен Мәскеудің үштен бір бөлігін қорғай алмайды. Ол үшін өте көп құрылғы қажет. Сол себепті дрондардың қалаға өтіп кетіп жатқаны күтілген жағдай, – дейді ол.
Руслан Левиев Мәскеуге әлі де дрон шабылдары болатынын айтады. Оның сөзінше, Украина дрондарының Мәскеуге дейін жетуі, қаланың өртке орануы соғыс тағдырын шешпейді. Бейбіт келісімге келуді де жақындатпайды.
– Тіпті пропаганда бұны өзінің мақсаттарына пайдалануға тырысатын болады. «Міне қараңдар, Украина азаматтық нысандарды атқылап жатыр» деп көрсететін болады. Шын мәнінде Ресейдің өзі де Украинаның азаматтық нысандарын атқылап жатыр, – дейді Левиев.
МӘСКЕУГЕ ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛДЫҢ МАҚСАТЫ НЕ?
Блогер, журналист Илья Варламов Украина Мәскеу халқына әсер ету үшін осындай қадамға барып отыр. Оның сөзінше, дрон шабуылының мақсаты – соғыстың Ресей астанасына да жеткенін көрсету.
– Президент Владимир Зеленский мен Украинаның бұл әрекеті соғысты елегісі келмейтін мәскеуліктерді ояту. «Сендер көргілерің келмейтін соғыс міне осындай болады» дегендей. Мәскеуге бұған дейін де дрон шабуылы болған. Өрт сөндіріледі, барлығы ұмытылады. Мәселе Украина шабуылды қаншалықты тұрақты түрде жасай алатынында. Осыдан екі күн бұрын ғана Капотнядағы мұнай зауытына соққы жасалған. Бұл жерде Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінде мәселе бар немесе Украинаның оны айналып өтетін көп дроны бар. Оқиға қалай қарай өрбитінін алдағы бірнеше ай көрсетеді, – дейді блогер.
«Эхо Москвы» радиостанциясының бұрынғы бас редакторы Алексей Венедиктов дрон шабуылы Мәскеу халқына айтарлықтай әсер еткен жоқ дейді. Оның сөзінше, бірнеше дрон бұған дейін де қала аумағына өтіп кеткен.
– Халық туралы айтатын болсақ, ешнәрсе өзгерген жоқ. Мәскеу жанармай бекеттерінде кезек жоқ. Барлығы тұрақты. Иә, бір дрон Капотняға өтіп, мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Ол жерде барлығы сөндірілді. Бірнеше жыл ішінде Мәскеудің өзіне тек бір ғана дрон өтті, – дейді ол.
ҮНСІЗ ПУТИН
Украина Мәскеуге дронмен шабуылдап жатқан тұста, Ресей президенті Владимир Путин Қазан қаласында Оңтүстік-шығыс Азия елдері қауымдастығының саммитін өткізіп, шетелдік қонақтарды қабылдап жүрді. Шабуылға қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.
Путиннің орнына оның көмекшісі Юрий Ушаков мемлекеттік телеарналардың біріне қысқа ғана жауап берді.
– Бұның барлығы Киев режимінің басшысы мен біздің президенттің арасын жақындатпайтынын айтуға болады, – деді ол.
«УКРАИНА ӨРТЕНСЕ, МӘСКЕУ ДЕ ӨРТКЕ ОРАНАДЫ»
Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеуге жасалған дрон шабуылына қатысты мәлімдеме жасады. Ол «Бұл Ресейдің Украина қалаларына жасаған шабуылдарына қарсы әділетті жауап» деп атады.
– Украина өртенсе, сіздердің Мәскеу де өртенеді. Сондықтан тағы да атап өтеміз: Агрессияны тоқтататын уақыт келді, бұл соғысты аяқтайтын уақыт келді. Қысымды күшейтуіміз керек деп санаймын. Әрине, мен қысымның әртүрлі түрлерін айтып отырмын. Украина тек алыс қашықтықтан соққы жасаумен шектелмеуі керек. Ресей соғысудың еш мәні жоқ екенін сезінуі үшін серіктестердің санкциялары да қажет, – деді Зеленский.