Брюссельден кейінгі пайым: Еуропа Қазақстанды неге байыппен қабылдай бастады

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Әріптестерімнің арасында президент сапарларын жиі жазып жүрген тәжірибелі журналистер бар. Олар жолға шығарда-ақ: «Мемлекет басшысының сапарын жариялауға барсаң, кездесулер мен қол қойылған келісімдердің санын тізіп шығумен шектеліп қалуың мүмкін», – деп ескерткен еді. Бұл сөздің жаны бар. Брюссельде бір жиыннан шығып, екіншісіне жүгірумен болдық: Еуропалық одақ басшылығымен келіссөздер, бизнес-форумдар, құны 12 миллиард доллардан асатын келісімдер, жаңа жобалар, ұшақтар, ғылым мен технологиялар жөніндегі мәлімдемелер. Әрине, мемлекеттік сапар болған соң мұның бәрі заңды.

Бірақ менің жадымда мүлде басқа жайттар қатталды. Шетелге шықсаң, ең бірінші еститін «Қазақстан қай жерде орналасқан?» деген сұрақтың екі күнде бірде-бір рет қойылмағаны таңғалдырды.

Еуропада бізді танитын, бізбен кездесуге, келіссөз жүргізуге мүдделі адамдар көп екеніне көз жетті. Әңгіме тек саясаткерлер жайлы емес. Еуропалық бизнес өкілдерінің өзі кездесулер ұйымдастыруды сұрап, әр ұсынысқа құлақ түріп, нақты инвестициялық жобаларды талқылауға дайын отырды.

Айтпақшы, Еурокомиссияның сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчович Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында сөйлеген сөзін қазақша: «Белгияға қош келдіңіз, құрметті Президент!», – деп бастады.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті.

Бұған жауап ретінде Мемлекет басшысы еліміздің түрлі саладағы ұзақмерзімді ықпалдастыққа әрдайым ашық екенін айтты.

– Біз өз тарапымыздан жоғары табыс әкелетін инвестициялық жобаларды іске асыруға еуропалық серіктестердің белсенді қатысатынына сенім артамыз. Сондай-ақ Еуропаның қаржы институттарының Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына және өңіраралық байланысты нығайтуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсету рөлінің күшейгенін құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бағзыдан таныс әріптестердей

Брюссельде Қазақстан делегациясы біреуді үгіттеп, өзіне назар аударту үшін жанталасып жүргендей әсер қалдырған жоқ. Керісінше, келіссөздер бірін-бірі бұрыннан білетін, ендігі қадамдарын ақылдасып отырған серіктестердің әңгімесіне көбірек ұқсады.

– Мұндай маңызды сапарларға дайындық – үлкен еңбек. Брюссельде қол қойылған келісімдер шамамен жарты жылдық жұмыстың жемісі. Екі күн ішінде көптеген кездесу өтті. Үкіметтік делегациямен бірге мұнда қазақстандық бизнес өкілдері де келді. Бір күннің өзінде жалпы құны 12 миллиард АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларға қол қойылды. Олардың қатарында көлік және логистика, банк саласы мен өнеркәсіп жобалары бар. Меніңше, нәтиже шынымен де өте жақсы. Ең бастысы – еуропалық серіктестер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары екенін және елімізге сенімнің берік екенін көріп отырмыз, – деді Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров.

Баға беруден аулақпын, бірақ қазақстандық дипломатияның деңгейі жоғары деген ой еріксіз туындады.

Еуроодақ емес, қазақстандық бизнес таңғалдырды

Дегенмен бір жайт ойландырмай қоймады. Еуропалық және қазақстандық бизнес өкілдерінің кездесуіне Еуропаның жиырмаға жуық ірі компаниясының басшылары қатысты. Ал Қазақстан тарапынан санаулы ғана ірі кәсіпкер келді.

Олардың арасында HARVEST GROUP компаниясының басшысы Алмаз Әлсенов секілді мықты ойыншылар болды. Ол Қазақстанға қарызсыз әрі субсидиясыз 70 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция салған. Сондай-ақ Тимур Турлов, Андрей Лаврентьев және Шахмұрат Мүтәліп бар. Қазір оларсыз бірде-бір бизнес-форум өтпейді.

4

Еріксіз мынадай сұрақ туады: егер президент кәсіпкерлерге осындай мүмкіндіктердің есігін ашып отырса, онда неге бизнестің өзі бұл мүмкіндіктерге әлі де жеткілікті қызығушылық танытпайды? Мүмкін, ірі кәсіпкерлер жаңа жағдайға бейімделіп үлгермеген шығар? Әлде елге қаржы салуға әлі де дайын емес пе? Бұл, әрине, риторикалық сұрақтар. Бірақ мұндай алаңдарда қазақстандық кәсіпкерлердің қарасы әлдеқайда көп болуы керек сияқты.

Қарым-қатынас және ішкі нарық

Бүгінде Қазақстан мен Еуропа мемлекеттері арасындағы тауар айналымы 45 миллиард долларға жетті.

Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Еуропамен тұрақты әрі түсінікті қарым-қатынас ішкі нарыққа, инфляцияға және экономикалық өсімге оң әсер ететінін айтты. Сондықтан бұл сапардың маңызы ерекше. Қазақстан үшін ең ірі сауда серіктестері – Еуропалық одақ, Ресей және Қытаймен берік әрі тұрақты байланыс өте маңызды.

– Қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде серіктестерімізбен тұрақты әрі ұғынықты қарым-қатынастың болуы ел ішіндегі ахуалға – инфляцияға, экономикалық өсімге және ішкі нарықтың жағдайына тікелей әсер етеді. Брюссельдегі кездесулерге Қазақстанға шынайы қызығушылық танытқан Еуропаның ең ірі компаниялары қатысты. Мәселен, олардың бірі Каспий теңізінде кеме жасауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл үлкен жетістік! Біз отыз жыл күткен инвестиция. Бүгін олар 100 миллион доллар салуға дайын екенін нақты айтты. Тағы бір компания Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді қолға алмақ. Бұл да өте маңызды жоба, – деді Серік Жұманғарин.

Бельгияда Air Astana мен Airbus арасында 50 жаңа ұшақ сатып алу туралы келісім жасалды. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова мұны ерекше мақтанышпен айтып, ұшақтарды жеткізу 2031 жылдан басталатынын жеткізді. Келісімнің жалпы құны шамамен 8,3 миллиард еуроны құрайды.

Ол сондай-ақ көлік, авиация, жол инфрақұрылымы, цифрландыру және өнеркәсіп салаларындағы өзге де келісімдерді, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту мен цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған Еуропалық инвестициялық банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің жобаларын атады.

– Президент Еуропаның жетекші компаниялары мен халықаралық қаржы институттарының басшыларымен кездесті. Транскаспий бағытының келешегіне арналған «Қазақстан – ЕО» бизнес-конференциясында Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайту, Орта дәлізді дамыту, инвестиция тарту және оны Global Gateway бастамасымен ықпалдастыру мәселелері талқыланды, – деді Әсел Жанасова.

Сонымен қатар Президенттің Брюссельге сапары аясында отандық ғылымның дамуына серпін беретін бірқатар келісімдер жасалды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның әлемдегі ең ірі ғылыми бағдарламалардың бірі – Horizon Europe бағдарламасына қосылғанын хабарлады. Бағдарламаның бюджеті 200 миллиард еуроны құрайды. Бұл қазақстандық ғылыми орталықтарға, университеттер мен ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашып, Еуропаның жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарының тәжірибесіне тікелей қол жеткізуге жол ашады.

Елмен бірге есейген буын

Тағы бір аңғарған жайт мен үшін күтпеген жаңалық болды. Бұл салада жүргеніме талай жылдың жүзі. Қазір Президенттің жанында жүрген жас шенеуніктер еңбек жолын қалай бастағанын жақсы білем. Брюссельде мен мүлде басқа адамдарды көрдім. Әсет Ерғалиев, Әсел Жанасова, Нұрлан Байбазаров, Жаслан Мәдиев, Нұрлан Жақыпов, Ерсайын Нағаспаев – бес-алты жыл бұрын оларды көпшілік жас менеджерлер ретінде қабылдайтын. Бүгінде олар толық қалыптасқан мемлекеттік басқарушыларға айналған.

Назар аудартқаны – лауазымы емес, өзіне деген сенімділігі. Келіссөздер кезінде ешкім өзгенің көмегін күтпейді, аудармашы іздемейді. Бәрі де ағылшын тілінде еркін сөйлеп, пікірталасқа қатысып, сұрақтарға белсенді жауап беріп отырды.

Мүмкін, бұл ұсақ-түйек шығар. Бірақ елдің бейнесін дәл осындай дүниелер қалыптастырады. Брюссельде асығыс қимыл да, жасандылық та байқалмады. Біреуге ұнауға тырысқан мазасыздық та жоқ. Бәрі сабырлы әрі кәсіби деңгейде өтті.

Айтпақшы, хаттама қызметі де өте жақсы жұмыс істеді. Журналистердің іс-шаралардың басым бөлігіне еркін қатысты, кулуарда жұмыс істеп, сұрақ қойып, жедел сұхбаттар жазуға мүмкіндік болды. Өзіне сенімді адамдар ашық сұрақтардан қорықпайды.

Президент командасын сергек ұстайды

Тағы бір назар аудартқан жайт болды. Кездесулер мен келіссөздер жүріп жатқанда шенеуніктердің бәрі барынша жинақы әрі ширақ болды. Тіпті ішкі ширығу сырттан да сезіліп тұрды. Ал негізгі іс-шаралар аяқталғаннан кейін жағдай бірден өзгерді. Адамдардың жүзіне күлкі үйіріліп, еркін әңгімеге ықылас пайда болды. Президент өз командасына жедел кері байланыс беретіндей көрінді. Ым-ишарамен оларды нәтижелі жұмыс үшін мақтап үлгергендей әсер қалдырды.

– Еуропалықтар Қазақстанға өздері қызығушылық танытып отыр. Кездесулердің бастамашысы да өздері. Өткен жылдың желтоқсанында мұнда келгенімде біз бірқатар келіссөз жүргізген едік. Олардың өкілдері де Қазақстанға тұрақты түрде келіп тұрады. Еуропа – сауда мен инвестиция саласындағы ең ірі серіктесіміз. Мұны ұмытпауымыз керек. Ендігі міндетіміз – қол жеткізген деңгейді сақтап қана қоймай, оны жаңа белеске көтеру. Бұл сапар сол мақсатқа қызмет етеді деп сенемін, – деді Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев.

Бельгия королі Қазақстанға келеді

– Бұл – бөлек мәселе. Екі дүниені шатастыруға болмайды. Бельгияны Еуропалық одақтың астанасы деуге болады. Өйткені мұнда Еуропалық кеңес пен Еуропалық комиссия орналасқан. Ал Бельгия Корольдігі – жеке мемлекет. Оның басшысының Қазақстанға сапары алдын ала осы күзге жоспарланып отыр, – деді Ермек Көшербаев.

Брюссель сапарынан не түйдік?

Әрине, алдағы бірнеше күн бойы жұрт 12 миллиард долларлық келісімдерді, жаңа инвестицияларды, Бельгия королінің Қазақстанға ықтимал сапарын және еуропалық ғылыми бағдарламаларға қатысу мәселесін талқылайды. Мұның бәрі сөзсіз маңызды. Бірақ мен үшін Брюссель сапарынан алған басты әсер басқа болды.

Мен Еуропаның саяси кабинеттерінде өзін еркін әрі сенімді ұстайтын команданы көрдім.

Сол сәтте Қазақстанның Еуропамен бұдан былай өтініш тілінде емес, әріптестік тілде сөйлесе бастағанын түсіндім.

Сірә, Президент Тоқаевтың Брюссельге сапарының ең басты қорытындысы да осы болса керек.