Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдан кейін теңге құлдырай ма

Ulysmedia
shutterstock

Ресейлік Wildberries маркетплейсінің қоймаларына дрондармен жасалған шабуылдардан кейін теңге «құнсызданады» деген қауіп негізсіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Wildberries-тің жағдайы банкроттыққа әкелмейді

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев өзінің Finance.kz Telegram-арнасында Wildberries-тегі жағдайдан кейін теңгенің күрт құнсызданады деген пікірлерді сынға алды. Оның айтуынша, мұндай болжамдардың негізі жоқ.

– Қазақстан үшін мәселенің ауқымы болжамдарда айтылып жүргеннен жүздеген мың есе аз. E-commerce сатушылар қауымдастығы мен «Атамекен» ҰКП мәліметінше, зардап шеккен қазақстандық сатушылар саны 150-ден асады, ал жалпы шығын 1,5 млрд теңгеден жоғары. Енді мұны Қазақстан экономикасына 1 мамырдағы несие көлемімен салыстырыңыз. Ол кезде несие портфелі 51,5 трлн теңге болды, оның 27,3 трлн теңгесі халыққа тиесілі. Сатушылардың шығыны несие портфелінің небәрі 0,003 пайызын құрайды, – деп жазды сарапшы.

Оның айтуынша, Wildberries үшін шығын айтарлықтай. Компания қоймаларының жалпы аумағының 22 пайызына дейін зақымданған. Алайда маркетплейстің банкротқа ұшырайтыны туралы айтуға әлі ерте. Компанияның қаржылық жағдайы жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Теңге бағамына әсері қандай?

Қазақстан валютасының рубльмен байланысына қатысты сарапшы теңгенің девальвациясы реттелмейтін бағам жағдайында алдын ала қарастырылмайтынын атап өтті.

Қаржыгер Wildberries-тегі жағдайдан кейін теңге белгілі бір қысымды сезінуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен оның ықпалын асыра бағалауға болмайды.

Сарапшының айтуынша, теңгенің бағамы үнемі нарықтағы факторларға байланысты қалыптасады. Олардың қатарында экспорт пен импорттың арақатынасы, базалық мөлшерлеме және басқа да экономикалық көрсеткіштер бар.

– Теңге бағамының бір реттік әлсіреуі мүмкін. Алайда 2015 жылдан бері ұлттық валютаның осындай құбылуына алдын ала болжау мүмкін емес сыртқы және ішкі факторлар әсер етіп келеді, – деп қорытындылады Андрей Чеботарёв.

Бұған дейін

Ресейдің түкпір-түкпірінде украиналық дрондардың соққысына ұшыраған Wildberries маркетплейсінің қоймалары өртеніп жатыр. Компания жалма-жан логистикалық инфрақұрылымының бір бөлігін қауіпсіз аймаққа көшіру мүмкіндігін қарастырып, Қазақстанға көз салды.

Бұл жоспар жүзеге асса, Wildberries-тің Қазақстанға келуі ел экономикасы үшін күтпеген мүмкіндікке де, үлкен сын-қатерге де айналуы мүмкін. Бұл бастаманың пайдасы басым ба, әлде тәуекелі көп пе? Ulysmedia.kz тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрген еді.