Қазақстанда мектептегі екі пәннің атауы өзгереді

Ulysmedia
Gov.kz

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу аясында екі пәннің атауы өзгертіледі. Сонымен қатар оқу бағдарламаларына ЖИ-ға қатысты жаңа бөлімдер мен оқу мақсаттары енгізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің құқықтық негізі де күшейтілді. 2025 жылғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданса, 2026 жылғы мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент Жарлығы қабылданды.

Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңартылды.

Енді 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады.

Өзгеріс тек пән атауына қатысты емес. Оқу бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізіліп, барлығы 43 оқу мақсаты белгіленді.

Бастауыш сыныпта не оқытылады?

1-4-сынып оқушылары «Медиасауаттылық және ЖИ» бөлімі бойынша 17 оқу мақсатын меңгереді. Олар жасанды интеллектпен күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдар арқылы танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортада жауапты әрекет ету негіздерін үйренеді.

5-9-сыныпта қандай өзгеріс бар?

Бұл сыныптарда «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ» бөлімдері бойынша 14 оқу мақсаты қарастырылған.

Оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді пайдалануды, сауатты сұраныс жасауды және алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды үйренеді. Сонымен қатар киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарына мән беріледі.

Жоғары сыныптарда ЖИ тереңірек оқытылады

10-11-сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі бойынша 12 оқу мақсаты енгізілген.

Бұл кезеңде оқушылар жасанды интеллектінің жұмыс істеу принциптерін түсініп, оны практикада қолдануға басымдық береді. Оқу бағдарламасына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған. Қазір құжаттар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында.

Сонымен қатар педагогтерге білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.