Құрылтай Мәжіліс пен Сенат тұсында қалыптасқан дәстүрге қарамастан, жұмысын 1 қыркүйекте емес, тамыздың соңында бастады. Алайда жаңа парламентіміздің жалғыз «тосынсыйы» емес. Құрылтайдың алғашқы жалпы отырысында журналистер депутаттарды емес, халық қалаулыларына апаратын фойе мен жеделсатының алдында тартылған қызыл таспаларды ғана көрді.
Бұрын БАҚ өкілдері де, депутаттар да кофе ішіп отыра алатын буфетке де кіру мүмкін емес. Құрылтай Бюросында түсіндіргендей, енді бұл тұрақты тәртіпке айналатын сияқты. Бұл кедергілердің не үшін қойылғанын әкімшілік нақты түсіндірмеді. Есесіне, Ulysmedia.kz тілшісі депутаттардың пікірін тыңдады. Енді олармен парламент ғимаратында тілдесуге мүмкіндік жоқ.
Қазақстандық журналистер бірнеше жылдан бері кеңестер мен ірі конференциялар өтетін залдарға бас сұға алмайды. Жалпы алғанда, мұндай тәртіпті біз де ішінара түсінеміз: ғимараттағы орын шектеулі, ал қазіргі технологиялар отырысты көрші залға ғана емес, әлемнің кез келген нүктесіне тікелей трансляциялауға мүмкіндік береді. Мұны тіпті қолдаймыз.
Бір кездері адамдардың басым бөлігі үкіметтің, парламенттің немесе соттың жұмысы туралы тек БАҚ жарияланымдары мен осы құрылымдарда жұмыс істейтін адамдардың әңгімелерінен ғана хабардар болатын. Ал қазір – ниет болса, Астанада диванда отырып-ақ БҰҰ-дағы пікірталастарды, Қызыл алаңдағы шеруді тамашалай аласыз…
Қазақстандағы сот процесін де онлайн көруге болады. Үкімет, парламент отырыстары туралы айтудың өзі артық шығар. Алайда біз, журналистер, іс-шараны үйден көруге болатынын білсек те, мемлекеттік мекемелердің баспасөз орталықтарына барып, теледидарға телміретінбіз. Өйткені сол жерде ғана министрлер мен депутаттарға қоғамды толғандырған сұрақтарды трансляцияға дейін немесе одан кейін тікелей қоюға мүмкіндік болды.
Негізінде, біздің жұмысымыздың басты мәні де осында – жоғарыдағы кабинеттердің бірінде отырған адам тілшімен кездескенге дейін бас қатырып та көрмеген сұрақтарға жауап іздеу. Сондықтан біз ақ қар, көк мұзда да белгіленген уақыттан кемінде бір сағат бұрын сол жерге барамыз.
Жаңа Құрылтай бұрыннан келе жатқан игі дәстүрлерді өзгертпейді деп ойлағанбыз. Алайда депутаттарға апаратын дәліздің алдында бізді бөгет күтіп тұрды. Ол екінші жалпы отырыс кезінде де сол күйі тұрды. Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Қалиянбеков бізге бұл «интерьерлік шешім» өзгермейтінін мәлімдеді.
Оның түсіндіруінше, Құрылтай ғимараты – режимдік нысан, сондықтан журналистер оның ішінде емін-еркін жүре алмайды. Депутаттарға сұрақ қоюға не баспасөз орталығында, не режимдік нысаннан тыс жерде мүмкіндік беріледі.
Парламент ғимаратынан шыға берісте Respublica фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаровты кездестірдік.
Ол кез келген сұраққа әрдайым жауап беруге дайын екенін және әр журналисті бағалайтынын тәтпіштеп түсіндірді. Бірақ БАҚ өкілдерінсіз өткен екі жалпы отырыстан кейін журналистерді сағынып үлгермегенін де мойындады.
Айдарбек Қожаназаров. Видеодан скриншот
Ал парламент ғимаратындағы БАҚ жұмысына қатысты жаңа тәртіпке келсек, Қожаназаровтың пікірінше, оның өзіндік салмақты себептері бар.
– Бір мысал келтірейін. Маған жеке басыма тиетін сөздер айтып, сұрақ қойған кездер болды. Мені камераға түсіріп тұрғанын және белгілі бір реакцияға итермелеп жатқанын түсіндім. Ертең Telegram-арналардың бірінде «Қожаназаров жабайы» деп жар салу үшін солай жасайтыны анық, – деп еске алды ол.
Оның айтуынша, кейбір журналистер мүлде орынсыз сұрақтар қояды. Біз одан сондай диалогтардың бірінен мысал келтіруді сұрадық.
– Бірде маған: «Аманат – оппозициялық па, әлде демократиялық партия ма?» деген сұрақ қойды. Мен: «Оппозициялық» және «демократиялық» деген сөздер антоним емес дедім. Бұл – мүлде екі түрлі ұғым. Бұл қызанақ пен апельсинді салыстырумен бірдей. Мен барынша сыпайы сөйлесуге тырыстым, сұхбатқа жақсырақ дайындалуды сұрадым, кейін бұрылып кетпек болдым. Сол кезде олардың «Қожаназаров журналистерден қашып барады, сұрақтарға жауап бергісі келмейді» дегенін естідім, – деп ол болған оқиғалардың бірін еске алды.
Көшеде 15 минуттай тұрып, басқа депутаттардың ешқайсысын кездестіре алмаған соң, олармен телефон арқылы сөйлесуді жөн көрдік.
«Ақ жол» партиясының жетекшісі, Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева жағдайға қатысты пікір білдіру туралы өтінішімізге бірден жауап берді.
Дания Еспаева. Фото: parlam.kz
– Депутаттар мен БАҚ-тың өзара іс-қимылы мәселесі әзірге пысықталып жатыр, бұл мәселені Бюро отырысында талқылаймыз. Бірақ меніңше, әзірленіп жатқан заң жобалары бойынша депутаттардың БАҚ үшін брифингтер мен баспасөз конференцияларын өткізуі міндетті түрде болуы керек, – деді ол.
Дания Еспаева БАҚ-қа ешқандай өкпесі жоғын жеткізді. Журналистер оған үнемі орынды сұрақтар қойған. Дегенмен ол Құрылтай ғимаратынан шығатын БАҚ материалдарында жаңа заңдар туралы көбірек айтылғанын қалайды.
– Меніңше, журналистердің депутаттарға еркін түрде жүгініп, сұрақ қоя алуы – сөз бостандығының бар екенін көрсететін ең жақсы дәлел. Ал жаңа тәртіпті енгізуге қандай уәждер бар екенін білмеймін, – дейді Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшісі Асхат Рахымжанов.
Асхат Рахымжанов. Фото: parlam.kz
Оның пайымынша, Құрылтай әкімшілігі жақын арада депутаттарға өз шешімін түсіндіріп, олар бұл мәселені қарастырады.
Сонымен бірге Рахымжановтың айтуынша, әзірге Құрылтай Бюросының алғашқы отырысының күні белгіленбеген. Сондықтан әзірге ол БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жазбаша түрде, телефон арқылы және жеке кездескен кезде жауап беруге дайын екенін айтты.
Біз одан да журналистерге өкпелеген кезі болған-болмағанын сұрадық.
– Журналистердің орынсыз әрекетіне кезіккен жоқпын. Бірақ депутаттың сөзін бұрмалау және оны өз қалауынша түсіндіру жағдайлары болды, – деді Асхат Рахымжанов.
Журналистерді кінәлайтын тұстар басқа халық қалаулыларында да бар екен.
– Бірде журналиспен балалар жәрдемақысына қатысты депутаттық сауалымның тақырыбы бойынша сұхбат беруге келістік. Бірақ түсірілім кезінде журналист әңгімені зорлық-зомбылық тақырыбына бұрып, көрші мемлекеттердегі мәселелер туралы пікір айта бастады. Тағы бір жолы журналист лифт жанындағы қараңғы дәлізден камерасын қосып, алдымнан кенет шыға келді, – деп еске алды «Әділет» партиясының депутаты Айжан Сқақова.
Алайда Сқақова жалпы алғанда журналистердің басым бөлігі кәсіби мамандар екенін айтады. Оның пікірінше, олар билік пен қоғам арасындағы көпір іспетті. Сондықтан өзі құзыретті тақырыптардың бәріне жауап беруге дайын.
Айжан Сқақова. Фото: parlam.kz
– Меніңше, бүгін депутаттар мен БАҚ арасындағы байланыстың мазмұнды болғаны аса маңызды. Популизмге немесе елдің назарын аударатын мәлімдемелердің соңынан қумай, қандай нормалардың қабылданып жатқанын, олардың не үшін қажет екенін және іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көбірек айту керек. Құрылтайдың қоғаммен байланысындағы негізгі міндетті мен осылай түсінемін, – дейді ол.
Депутат орындығына жаңадан жайғасқан саясаттанушы Марат Шибұтов та осыған ұқсас пікірде.
Марат Шибұтов. Фото: kt.kz
– Мен БАҚ-ты үнемі мұқият бақылап отырамын және бір үрдісті байқадым: журналистердің арандатушы сұрақтарымен салыстырғанда, парламенттің нақты күн тәртібі, заңнамаға ұсынылып жатқан өзгерістер, заң шығару процесінің барысы өте аз қамтылады. Журналист үшін оның қойған сұрағы хайпқа айналып, әлеуметтік желілерде «вирус» болып тарағаны, әрине, жағымды екенін түсінемін. Бірақ соған қарамастан, қаралым қуып жүріп, контент сапасын да ұмытпау керек, – дейді ол.
Оның айтуынша, журналистер мен қоғамның депутаттармен байланысуына жеткілікті арна бар. Олардың қатарында телефон арқылы сөйлесу және хат жолдау арқылы ресми өтініш жасау мүмкіндігі де бар.
Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болған депутат Александр Данилов та қандай тәртіп орнаса да, журналистер мен депутаттар өзара байланысудың жолын табатынына сенімді.
Александр Данилов. Фото: kaztag.kz
– Менің түсінуімше, әңгіме ең алдымен жұмысты ұйымдастыру туралы болып отыр, депутаттардың ақпарат кеңістігіндегі орнына қатысты ұстанымды өзгерту туралы емес. Меніңше, неғұрлым егжей-тегжейлі немесе эксклюзивті байланысты депутаттармен, фракциялармен немесе баспасөз қызметімен тікелей ұйымдастыруға болады. Мысалы, мен БАҚ-пен араласуға ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын және журналистердің сұрақтарына жауап беруді жалғастыруға дайынмын, – дейді ол.
Сонымен бірге ол БАҚ-қа қатысты ешқандай өкпе-реніші жоқ екенін жеткізді.
– Қоғамдық кеңістікте жұмыс істеген жылдарымда әрине, түрлі сұрақтар қойылды. Бірақ журналистің қандай да бір сұрағы менің көңіліме шын мәнінде тиді деп айта алмаймын, – дейді Александр Данилов.
Қазақстанға объективті қарайтын болсақ, біз демократиялық құндылықтардың басты қорғандары саналатын елдермен бір қатардамыз деуге болады. Арнайы Free Press Areas, stakeout areas, Stand-up positions АҚШ Конгресі мен Еуропарламентте де бар.
АҚШ Конгресінде Өкілдер палатасы мен Сенат залдарында отырыстар өтіп жатқан кезде, палаталар орналасқан екінші және үшінші қабаттардың кейбір дәліздерінде, Конгресс мейрамханалары мен кафетерийлерінде, көпшілікке жабық бөлмелерде және – маңызды бір ескерту – «Конгресс ережелерімен белгіленген кейбір басқа аймақтарда» бейнетүсірілім жасауға тыйым салынған. Яғни, ол жақта да қажет болған жағдайда кез келген ғимаратты баспасөз өкілдері үшін жабуға болады.
Еуропарламентте ережелер одан да қатаң. Онда журналистің камерасын қай жерде қосуға құқығы бар екені нақты жазылған.
Түсірілім жасауға тек баспасөз конференциялары мен press points кезінде; келіссөз бөлмелерінің айналасындағы қоғамдық кеңістіктерде; келіссөз бөлмелерінің жанындағы холлдар мен дәліздерде; жалпы отырыс залының айналасында; ғимараттар арасындағы өткелдерде; баспасөзге арналған бөлмелерде; түсірілімге арнайы бөлінген орындарда; депутаттың кеңсесінде – депутаттың алдын ала рұқсатымен және оның қатысуымен рұқсат етіледі.
Халықаралық сарапшылардың жазуынша, БАҚ жұмысына қойылатын талаптардың қатаюы – жаһандық үрдіс. Бұған журналистердің алдын ала ескертпестен смартфонды адамның бетіне тақап түсіре бастауы себеп болып отыр. Қазақстандық депутаттар да осыған наразы.
Қалай болғанда да, журналистерге Құрылтай депутаттарымен қарым-қатынастың жаңа тәртібіне бейімделуге тура келетін сияқты.
Дегенмен әділін айтсақ, кедергілер қою үрдісі әлдеқашан басталған. Алдымен үкімет «жабылды»: үкімет отырысынан кейін брифингке шыққан адамдарға ғана сұрақ қоя алатынымызға үйрендік. Кейін парламенттің қабаттарында нақты депутаттың арнайы шақыруынсыз жүрмеуімізді сұрады. Одан кейін қабаттарға мүлде бармай, тек фойеде жұмыс істеуді талап етті.
Сұрақтарды баспасөз қызметі арқылы ресми түрде жолдау ұсынысы да жиілеп келеді.
Енді міне, журналистер мен депутаттардың арасында қызыл лента пайда болды. Әр жолы бұл тыйымға қисынды түсініктеме беріліп жатады.
Жаңа жағдайда жұмыс істей аламыз ба? Әрине, істейміз. Ресми сауалдар жолдауды, депутаттарға қоңырау шалуды, сұхбатқа келісуді, брифингтерге баруды және халық қалаулыларын парламент дәліздерінен емес, енді көшеден “ұстауды” жалғастырамыз.
Бірақ билік те мынаны түсінуі өте маңызды: Қазақстан азаматтарының шынайы өмірі қызыл ленталар мен қоршаулардың ішінде емес, арғы жағында. Депутаттар мен шенеуніктердің жұмысының мәні – ел өмірінің тек қағаз жүзінде емес, шын мәнінде жақсаруына ықпал ету. Елорданың сол жағалауында тұратын шенділерге мұны журналистен басқа кім еске салсын?