Бішкекте «ШЫҰ+» форматындағы кездесу өтіп жатыр. Онда мемлекет басшылары соғыстар, қауіпсіздік, мемлекетаралық қатынастар және жаңа көлік бағыттарын дамыту мәселелерін талқылауда. Кездесуде Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ саясаты дипломатиялық үдерісті бұзуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Пезешкиан АҚШ туралы
Иран президенті Тегеранның АҚШ-пен соғысты бастамағанын және өзін қорғауға мәжбүр болғанын айтты. Оның сөзінше, Иран келіспеушіліктерді реттеудің негізгі жолы ретінде келіссөздерді әлі де қолдайды.
Ол АҚШ тарапынан міндеттемелердің бұзылуы, кепілдіктердің болмауы және қысым көрсету саясатына қайта оралу келіссөздердің сәтсіздікке ұшырауына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар Пезешкиан БҰҰ-ны өз міндетін атқаруға үндеді.
– Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын белгілі бір тарихи дәуірге ғана тиесілі институт деп қарастырмаймыз... БҰҰ жаңа әлемнің шынайылығын неғұрлым толық көрсететін және өзінің негізгі миссиясын – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, соғыстардың алдын алу және дауларды бейбіт жолмен реттеуді – тиімді жүзеге асыра алатын институтқа айналуы керек, – деді ол.
Әлиев Армениямен бейбітшілік туралы
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Армениямен 30 жылдан астам уақытқа созылған қақтығыстың бейбіт келісімге парафирлеу арқылы іс жүзінде аяқталғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Оңтүстік Кавказ біртіндеп қақтығыс аймағынан бейбітшілік кеңістігіне айналып келеді.
– Әзербайжан қазірдің өзінде Арменияға мұнай өнімдерін жеткізіп, үшінші елдердің жүктерін транзиттеу мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр, – деді Әлиев.
Ол сондай-ақ Баку мен Ереван өзара сауданы арттыру және жаңа құрлық көлік бағыттарын құру бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты.
Әлиев БҰҰ-ны сынға алды
Әлиев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Қарабаққа қатысты қарарлары ондаған жылдан кейін ғана және ұйымның нақты қатысуынсыз орындалғанын айтты.
Оның пікірінше, БҰҰ өз шешімдерінің орындалуын жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін неғұрлым тиімді тетіктерді қалыптастыруы керек.
Ердоған жаңа қорғаныс альянсы туралы
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістанның Меккелік қорғаныс альянсы аймақтық қауіпсіздік пен ұжымдық тежеу мүмкіндігін күшейтуге тиіс екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ ол Газа мен Ливандағы жағдайға тағы да тоқталып, бұл қақтығыстар бүкіл аймақтағы тұрақсыздықты күшейтіп отырғанын айтты.
Пашинян Путинмен кездеседі
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванның Әзербайжан және Түркиямен жаңа коммуникациялық байланыстарды ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар ол 1 қыркүйекте Владимир Путинмен кездесіп, Армения мен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың алдағы стратегиясын талқылайтынын айтты.
Саммитте тағы не айтылды?
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ отырысында әскери тәуекелдерді азайтуға және жаңа қарулану жарысына жол бермеуге шақырған еді. Оның айтуынша, қазіргі қақтығыстардың салдары соғыс жүріп жатқан аймақтардың шекарасынан әлдеқайда асып түсіп жатыр.
Саммит қорытындысы бойынша ШЫҰ елдерінің көшбасшылары 28 құжатқа қол қойды. Олардың ішіндегі бастысы – ұйымның 25 жылдығына орай қабылданған Бішкек декларациясы.
«ШЫҰ+» кездесуіне ұйымға мүше мемлекеттермен қатар Әзербайжан, Армения, Түркия, Моңғолия және басқа да елдердің өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар қатысып жатыр.