Миллион жұмсап, миллиард табу: Қазақстанда кино түсіру табысты бизнес пе

Ulysmedia коллажы

Қазақстанда қымбат фильм түсіру оның прокатта табысты болатынына кепіл емес. Бұған 720 млн теңгеге түсірілген «Жеті қарақшы» мысал. Фильм режиссерінің сөзінше,  жоба өзін ақтамаған. Мемлекеттік қаржыға түсірілген картиналардың да басым бөлігі кинотеатрлардағы көрсетілімнен шығынын қайтара алмайды. Сонда Қазақстанда кино түсіру қаншалықты тиімді бизнес? Ulysmedia.kz тілшісі кино нарығының жұмыс істеу тәртібін, көрермен таңдауына әсер ететін факторларды және жеке инвестиция мен мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдердің тәуекелдерін сарапшыдан сұрады.

«7 қарақшы»: кассалық түсім мен нақты табыстың айырмасы

Үш апта бұрын қазақстандық прокатқа режиссер Қуаныш Бейсектің «7 қарақшы» фильмі шықты. Режиссердің айтуынша, картинаны түсіруге 720 млн теңге жұмсалған. Фильм осы күзде көрермен назарын жаулаған киножобалардың біріне айналып, прокатта сәтті басталды. Алайда қомақты бюджет пен алғашқы апталардағы жоғары кассалық түсім фильмнің өзін-өзі ақтайтынына кепілдік бермейді.

Бұл фильмнің айналасындағы көп талқының тағы бір себебі бар. «7 қарақшыға» жұмсалған 720 млн теңге – қазақстандық кино өндірісіндегі жеке инвестор салған ең ірі қаражаттың бірі.

Күні кеше жарияланған ашық дереккөздерде «Жеті қарақшы» фильмінің үш аптада 730 млн теңге кассалық түсім жинағаны белгілі болды. Осылайша, фильмнің прокаттан түскен жалпы табысы оның 720 млн теңгелік өндіріс бюджетінен асып түсті. Алайда бұл картинаның шығынын толық өтеп, өзін-өзі ақтады дегенді білдірмейді. Әдетте фильмнің өзін-өзі ақтауы үшін өндіріс бюджетінен екі, екі жарым, тіпті үш есе көп табыс табуы қажет. Бұл дистрибьютормен және кинотеатрлармен жасалған келісімдерге байланысты. Өйткені билет сатылымынан түскен ақшаның барлығы бірдей фильм авторларына берілмейді, табыс прокатқа қатысатын тараптар арасында бөлінеді.

Үлкен инвестиция – үлкен тәуекел

Бұл жоба отандық киноға жүздеген миллион теңге инвестиция салу қаншалықты орынды және фильмнің коммерциялық нәтижесін қандай факторлар анықтайды деген сұрақтарды алға тартады. Бұған режиссердің өзі де пікір білдірді. Қуаныш Бейсеков Instagram парақшасында фильмнің қаржылық нәтижесі команда күткендей болмағанын жазды.

«Кино үшінші аптада 1 млрд жинамады, құйған ақшаның жартысын да ақтамады. Көп таныстар «сосын стримингтен көре саламыз», деп жатыр, блогер таныстарымыз «бармаңдар» деп жатыр. Келесі 2–3 жыл қымбат, экспериментке ашық кино түсірілмейді Қазақстанда», – деп жазды режиссер.

Еске сала кетейік, Қуаныш Бейсектің бұған дейінгі түсірген «Дәстүр» хорроры қазақстандық прокатта шамамен 1,73 млрд теңге жинаған еді.

Көрермен пікірі прокатқа қалай әсер етеді?

Осы орайда біз журналист әрі киносыншы Дмитрий Мостовойдан режиссердің фильмге 720 млн теңге салынды деп жер жаһанға жар салып, артынша қаражат ақталмады деп жазуына не себеп болғанын сұрадық.

«Меніңше, басты себептердің бірі – көрерменнің фильмнен тым жоғары үміт күтуі. Бұған трейлер де, фильм төңірегінде қалыптасқан ақпараттық шу да әсер етті. Оның үстіне, фильм авторларының өздері де көрерменнің қызығушылығын қыздыра түсті. Алайда, киноны көрген кейбір көрермен күткенін таппағанын айтып, әлеуметтік желілерде өз пікірлерімен бөлісе бастады»,– деді Мостовой.

Киносыншы біздің қоғамда әлеуметтік желідегі көрермен пікірінің ықпалы әлі де күшті екенін атап өтті.

«Мұны басқа фильмдердің прокаттағы көрсеткіштерінен де байқауға болады. Кейбір картиналар прокатқа шыққан алғашқы күндері аса жоғары нәтиже көрсетпегенімен, көрерменнің оң бағасына ие болған соң кассалық түсімін арттырады. Өкінішке қарай, «Жеті қарақшы» үшін алғашқы күндерден бастап көрермендер арасындағы ауызша пікір алмасу – кинода «сарафан радиосы» деп аталатын құбылыс – күткендей нәтиже бермеді. Мәселе пікірлердің орташа болуында ғана емес, көрермендердің бір бөлігі фильмнен көңілі қалғанын ашық жазуында. Мұндай пікірлерді оқыған кейбір адам киноны кинотеатрдан көруден бас тартуы мүмкін»,– дейді маман.

Дмитрий Мостовой соңғы екі аптада әлеуметтік желілерде фильмді мақтап, өзгелерге де көруге кеңес беретін жазбаларды жиі кездестіре бастағанын айтады.

«Көрерменнің фильм туралы өз пікірін өзі қалыптастырғаны дұрыс деген ұстаныммен келісемін. Ал бұл пікірлердің қаншалықты шынайы екенін бағалау менің міндетім емес. Дегенмен әлеуметтік желілерде фильм төңірегінде өзіндік бір пікірталас жүріп жатқаны байқалады. Алайда бұл талқылаулар әзірге фильмнің кассалық түсіміне айтарлықтай ықпал етіп отырған жоқ. Белгілі бір әсері болуы мүмкін, бірақ прокаттағы нәтижені түбегейлі өзгертер серпін байқалмайды», – деді киносыншы.

Дмитрий Мостовой. фото: Facebook

Фильмнің табысы кинотеатрдағы прокатпен шектеле ме?

Сарапшының пікірінше, жалпы отандық кино қазірдің өзінде табысты. Соңғы бір-екі жылдағы апталық кассалық түсімдерге көз жүгіртсек, үздік фильмдердің жартысына жуығы, кейде одан да көбі қазақстандық фильмдер.

«Фильмнің табысы тек кинотеатрлардағы прокатпен шектелмейтінін ұмытпау керек. Қазір Қазақстанда дамып келе жатқан стримингтік платформалар фильмдерді сатып алады. Әуе компаниялары да жолаушыларға көрсету үшін контент сатып алады. Бұған қоса, фильмді шетелде прокатқа шығару және оны шетелдік стримингтік платформаларға сату мүмкіндігі бар. Сондықтан «Жеті қарақшыға» қайта оралсақ, түптің түбінде бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Иә, фильм кинотеатрлардағы прокат арқылы шығынын өтей алмауы мүмкін. Бірақ оның шетелде прокатқа шығуы, стримингтік платформаларға сатылуы сияқты мүмкіндіктер бар. Сол себепті фильм ерте ме, кеш пе, шығынын өтеп алуы да әбден мүмкін», – деді Мостовой.

Мемлекет киноға қанша ақша жұмсайды?

2025 жылы Ұлттық киноны қолдау орталығына мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетуге 2,6 млрд теңге, ал 2026 жылы 3,6 млрд теңге бөлінген. Ал 2024 және 2025 жылдардағы конкурстарда іріктелген киножобалардың өндірісіне 2,5 млрд теңге бағытталған. Қазір 20 киножоба өндіріс үстінде болса, 2026 жылғы қаңтардан тамызға дейін бес көркем фильмнің өндірісі аяқталған. Биыл мемлекеттік қолдаумен түсірілген алты фильм кинотеатрларға шыққан, ал жыл соңына дейін тағы екі фильмді прокатқа шығару жоспарланып отыр екен.

Дмитрий Мостовойдан біз мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдер өз шығынын қаншалықты ақтайтынын сұрастырдық. Оның сөзінше, жалпы мемлекет қаражат салып, кассалық тұрғыдан табысқа жеткен фильмдердің ішінде тек бір ғана жарқын мысал бар екен.

«Мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдердің басым бөлігі, әдетте, өзін-өзі ақтамайды, тіпті шығынын өтеуге де жақындай бермейді. Сирек кездесетін ерекшеліктердің бірі – былтыр жарыққа шыққан «Қайтадан» фильмі. Бұл өте сәтті туынды. Ол мемлекеттік қаржыға түсіріліп, кинотеатрлардағы прокаттан 1 млрд теңге табыс тапқан алғашқы әрі әзірге жалғыз фильм болды. Кино прокатта жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, көрермендер мен сыншылардың да оң бағасына ие болды. Ал мемлекеттік қаржыға түсірілген өзге фильмдердің, соның ішінде авторлық және фестивальдік картиналардың басым бөлігі прокатта сәтсіздікке ұшырайды. Мұның өзіндік себептері бар. Соның бірі – мемлекет фильмнің өндірісіне қаржы бөлгенімен, маркетинг пен жарнамаға, яғни оны көрерменге танытып, ілгерілетуге қаражат қарастырылмайды. Соның салдарынан, қосымша қаржы көзі болмаса, мұндай фильмдер тиісті қолдаусыз қалады», - дейді сарапшы.

Комедия әлі де табысты ма?

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде тек қана комедиялық жанр емес драма жанрының да көрерменің көңілінен шығып, қаражат жағынан да табысқа жетіп жатқанын көріп келеміз. Соған қарағанда халықты талғамы мен таңдау ауысты деуге бола ма? Сарапшы қазір көпшілік, яғни негізгі аудитория, кинотеатрға екі сағат бойы баяу өрбитін оқиғаны, ұзақ кадрларды және терең ойларға құрылған фильмді тамашалау үшін емес, жай ғана демалып, көңіл көтеру үшін келетінін айтты. Яғни кино түсіріп, касса жинағың келсе, әртүрлі элементтерді сәтті пайдаланып, көрерменнің эмоциялық көңіл күйіне дөп түсе білу керек екен.

«Авторлық, интеллектуалды фильмдердің түсіріліп жатқаны жақсы. Бірақ олардан үлкен кассалық түсім күтудің қажеті жоқ. Қазақстанда да, әлемде де дәстүрлі түрде көп табыс жинайтын фильмдер – әртүрлі элементтерді сәтті үйлестіре алған туындылар. Елімізде комедиялық жанрдағы киноның көп табыс табуы түсінікті. Бұл тарихи қалыптасқан үрдіс деуге болады. Оның үстіне, өмірдің қиындығы аз емес кезде адамдар киноға барып, жағымды эмоция алғысы келеді. Көрермен жағымсыз әсерден гөрі көңіл көтеруді қалайды», – деді Мостовой.

Десе де, маман соңғы бір жарым жылдағы ерекше үрдістің бірі – мелодрамалардың да өте жақсы касса жинай бастағанын атап өтті.

«Көрермен киноға барып, жылағысы келетіндей әсер бар. Соңғы уақытта миллиард теңгеден астам касса жинаған фильмдердің арасында жүрекке тиетін, көзге жас үйіретін мелодрамалар көбейді. Жыл басында шыққан «Мама» фильмі соның бір мысалы. Ол қазақстандық емес, қырғыз фильмі. Бұл да назар аударарлық жайт: табысқа тек Батыс киносы емес, Орталық Азияда түсірілген туындылар да жете алады. Көрермен кейіпкерлердің тағдырына шын көңілмен беріледі. Кейде өзгелердің де қиындық көріп жүргенін, тіпті жағдайы өзінен де ауыр екенін сезіну адамға эмоциялық жеңілдік беруі мүмкін. Яғни экрандағы кейіпкерлердің де қиналып, азап шегетінін көру көрерменнің ішкі сезіміне әсер етеді. Біздің кинематографистер көрерменнің көңіл күйін аңғарып, бір ерекшелікті байқаған сияқты. Қазір жұрт киноға барып, әрі күлгісі, әрі жылағысы да келеді. Олар осы эмоциялық әсерге басымдық беріп отыр. Әзірге бұл тәсіл жұмыс істеп тұр», – дейді киносыншы.

«Жеті қарақшының» прокаттағы нәтижесі қазақстандық кино нарығындағы жағдайға тағы бір назар аудартты. Фильмнің кассалық түсіміне бюджеттен бөлек, көрерменнің қызығушылығы, жарнама және прокат мерзімі де әсер етеді. Жалпы, елдегі кино нарығын ақсап тұр дей алмаймыз. Соңғы жылдары кино түсіруге қызығатындар мен жаңа жобалар көбейіп келеді. Дегенмен уақыт өте келе көрермен сұранысына сай келетін, сапалы әрі табысты фильмдер сұрыпталып әрі суырылып алға шығары анық.

Перизат Жарылқасын