Гарвардтың хаты һәм ақылы курстар: Әкімдік дәріптеген павлодарлық оқушының жетістігі неге дау тудырды

Ulysmedia.kz коллажы

Павлодарлық оқушы Айханым Оқасова желіде Гарвард университетіне түскені және тоғыз тіл білетіні жөніндегі әңгімелерімен танылды. Бұған қоса, жасөспірімнің өз білім беру жобасы да бар. Алайда оның жетістіктері туралы әдемі хикаяға күмән тудыра бастады. Павлодарлық Даниял есімді азамат қыздың АҚШ университеттерінен алған хаттары жалған екенін айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ulysmedia.kz оқушының отбасымен тілдесіп, мән-жайды білуге тырысты. Сондай-ақ бұл жағдайға қатысты полиция мен білім басқармасының да пікірін сұрады.

ГАРВАРДТЫҢ ХАТ ЖІБЕРГЕНІ РАС ПА?

Павлодарлық Даниял Сүлеймен Айханымның Гарвардқа қазан айында оқуға түскені туралы жазбасын оқығаннан кейін бұл оқиғаны індете зерттеген. Оқуға қабылдау мерзімі мен оқушы таңдаған бағдарламаға қатысты мәліметтер күмән тудырыпты.

«Гарвардта тіпті мерзімінен бұрын өтініш бергендердің (Early Decision) нәтижесі желтоқсанда жарияланады. Оның үстіне, Айханым түстім деп отырған Bachelor of Liberal Arts бағдарламасына мектеп бітіргеніне кемінде бес жыл болған адамдар ғана қабылданады. Ал ол қазір 11-сыныпта оқиды», – деп жазды ол Threads желісінде.

Осыдан кейін жігіт қыздың жазылушыларына көрсеткен хатының шынайылығын тексермек болған. Ол құжатты әуелі Harvard Extension School-ға, кейін Айханым шақырту жариялаған Миннесота университетіне жіберген.

«Университет өкілдері құжаттың түпнұсқа емес екенін айтып, оның жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін нақты жеткізді. Сондай-ақ Гарвардтан келген хаттағы қолтаңбаның да ЖИ арқылы жасалғанын атап өткім келеді. Өйткені онда көрсетілген қолтаңба университет өкілінің шынайы қолтаңбасынан мүлде өзгеше», – деп жазды Даниял. Ол америкалық жоғары оқу орындарынан келген жауаптардың скриншоттарын да жариялады.

Павлодарлық жігіт оқушының өзге жетістіктеріне де күмән келтірген. Мәселен, Айханым бұған дейін АҚШ-тағы FLEX алмасу бағдарламасына қатысқанын айтқан. Алайда Даниялдың назар аударуынша, жарияланған құжат тек өтініш жіберілгенін растайды.

Оқушы тоғыз тіл білетінін айтып, өзін полиглот ретінде де таныстырған. Бірде ол Peking University логотипі бейнеленген «Chinese for HSK 5» сертификатын көрсеткен. Бірақ Даниялдың сөзінше, бұл құжат тек онлайн курсты аяқтағанын білдіреді.

«Ең қызығы, ол өзінің “жетістіктерін” айтып қана қоймайды. Сонымен бірге балаларға сабақ беретін Ailingo.global мектебі де бар. Мұнда мәселе әлеуметтік желідегі күмәнді жетістіктермен шектелмейді. Сенгіш ата-аналар оған нақты ақша төлеп отыр. Павлодарлық ретінде оның жалған жетістіктері туралы жазбаларын оқуға ұялам. Өйткені әр жазбасында Павлодар аталады. Жылдар бойы еңбектеніп, шын мәнінде үлкен нәтижеге жеткен, бірақ мұндай назарға ілінбейтін оқушылардың алдында тіпті қысылам», – деді Даниял Сүлеймен.

ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Әлеуметтік желіде құжаттардың шынайылығы қызу талқыланып жатқанда, Ulysmedia.kz мәселенің анық-қанығын оқушының өз аузынан естуді жөн көрді. Редакция Айханыммен байланысқа шықты. Оқушы жолдаған видеода анасы Әсия Оқасова қызына тағылған айыптарға жауап берген.

Оның айтуынша, қызы шынымен бірнеше шет тілін меңгерген әрі өз еңбегімен табыс тауып жүр. Сабақтан кейін Айханым оқушыларына кейде түнге дейін дәріс береді.

«Ол жеті тілді жетік біледі, тағы екі тілде сөйлесе алады. Аудармашы болып жұмыс істейтінін растаймын, мұны әріптестерім де дәлелдей алады. Біз оны үнемі шақырамыз. Кеңсемізге қытайлар, ағылшындар, корейлер жиі келеді. Сол кезде оның аудармашылық қызметіне жүгінеміз. Сабақ беретіні де рас», – деді Әсия Оқасова.

Анасының сөзінше, Айханым өз табысынан пәтер алуға да қаражат жинаған. Бала күнінен даяшы әрі аудармашы болып қосымша жұмыс істеген. Бастапқы жарнаны өз жинағынан төлеген, қазір несиесін де өзі өтеп жүрген көрінеді. Кәмелетке толмағандықтан, пәтер әпкесінің атына рәсімделіпті.

Оқушының анасы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен (ММУ) келген шақырту туралы да айтты. Оның сөзінше, университет қызына оқу ақысын 50 пайызға жеңілдетуді және ғылыми жобаға қатысуды ұсынған. Ал АҚШ университеттерінен келген хаттарға қатысты жағдайдың мән-жайы әзірге белгісіз екенін айтады.

«Гарвардқа қатысты жағдайды да, шетелдік университеттерден келген барлық шақыртуды да анықтаймыз. Менің ойымша, баланың электронды поштасын бұзып кіріп, біреу оны мазақ еткен болуы мүмкін», – деді ол.

Яғни анасының болжамынша, Айханымның біреулер алдаған болуы мүмкін. Әлдекім оған оқуға қабылданғаны туралы жалған хаттар жіберген, ал қыз оларды шынайы деп қабылдап, әлеуметтік желіде жариялаған-мыс.

Бұған дейін Айханым Harvard College-ге емес, Harvard Extension School-ға құжат тапсырғанын айтқан еді. Оның сөзінше, өтінішті 2025 жылы жіберіп, биыл қазанда шақырту алған. Қыз хаттың шынайылығын анықтау үшін университетке хабарласатынын да мәлімдеді.

Әсия Оқасова бұл жағдайды қызын бұрыннан ұнатпайтын адамдар әдейі ұйымдастырған деп есептейді. Оның айтуынша, дау басталмай тұрып-ақ қызына бірнеше апта бойы қорлайтын, тіпті өлім тілеген хабарламалар келген.

«Бұл жағдайды анықтаймын. Мен анамын, мұны жайдан-жай қалдырмаймын. Баламды жамандамауларыңызды сұраймын. Оған түсіністікпен қараңыздар. Бізге де оңай емес», – деді ол.

Әйел полицияға арыз жазып, киберполицияны іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты. Ал Ulysmedia.kz тілшісі Павлодар облысының полиция департаментіне хабарласқанда, ведомство Айханымның отбасы әзірге арыз түсірмегенін жеткізді.

АҚЫЛЫ ТІЛ КУРСТАРЫНЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Айханым сыныптасы Азамат Серікпен бірге шет тілдерін жасанды интеллект көмегімен үйрететін Ailingo білім беру платформасын құрған. Жобаның сайтында қыз оның тең құрылтайшысы әрі бас директоры (CEO) ретінде көрсетілген.

Ulysmedia.kz платформаның қалай жұмыс істейтінін және Айханымға қатысты айыптауларға қандай көзқараста екенін білу үшін Азаматпен байланысуға тырысты. Алайда ол редакция сауалына жауап бермеді.

Ailingo-ның тегін нұсқасы бар, ал ақылы жазылымы айына үш доллар тұрады. Айханым бұған дейін платформаны Қазақстаннан тыс елдерді қоса алғанда, мыңнан астам адам пайдаланатынын айтқан. Сайтта Гарвард университеті мен Y Combinator логотиптері де орналастырылған. Олардың тұсында осы ұйымдардың студенттері мен сарапшылары платформаға сенім білдіретіні жазылған.

Бұдан бөлек, оқушы Languages with Aikhanym атты жеке жобасын да дамытып келеді. Қазір оның Instagram парақшасы жабық. Ал EasyWeek сервисінде Айханым қытай, қазақ және француз тілдерінің оқытушысы ретінде тіркелген.

Ulysmedia.kz Оқасованың тіл курсына қатысып жүрген әйелдердің бірімен де сөйлесті. Ол әкімнің қолдауымен ұйымдастырылған тегін курсқа жазылғанын айтты. Редакция өкілі одан Айханымның өзі сабақ бере ме, оқыту сапасы қандай екенін сұрады.

«Курс екі айға созылады. Бірақ әзірге үш апта ғана өтті. Сондықтан бірдеңе айтуға әлі ерте», – деді ол.

ӘКІМДІК ОҚУШЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ ТУРАЛЫ ЖАЗБАСЫН ӨШІРДІ

Бұл оқиғаға қатысты тағы бір жайт анықталды. Бұған дейін Айханымның жетістіктері туралы Павлодар облысының әкімдігі де жазған. Алайда қыздың Гарвардқа түскені туралы мәліметтің шынайылығына күмән туғаннан кейін шенеуніктер ресми парақшасындағы жарияланымды өшіріп тастаған.

Ulysmedia.kz сауалына берген жауабында әкімдік бұл ақпаратты оқушыны қолдау және оның жетістіктерін көпшілікке таныстыру мақсатында жариялағанын түсіндірді. Сол кезде басқарма өкілдерінде қыз алған шақыртулардың шынайылығына күмәндануға негіз болмаған көрінеді. Қазір құжаттарды мектеп пен отбасы өкілдері бірлесіп тексеріп жатыр.

«Harvard Extension School-дан және басқа да оқу орындарынан келген ұсыныстар туралы мәліметтер қосымша нақтылауды және тексеруді қажет етеді», – деп хабарлады білім басқармасы.

Ал Ломоносов атындағы ММУ-дің оқу ақысына берілетін 50 пайыздық жеңілдігі туралы ақпаратты ведомство растады.

Басқарманың мәліметінше, оқушының отбасы құқық қорғау органдарына жүгінуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге ведомство бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам өкілдерін кәмелетке толмаған балаға қатысты жағдайға түсіністікпен қарауға, расталмаған ақпарат таратпауға, қорлау мен қудалауға жол бермеуге шақырды.

ЖЕТІСТІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ АРА ЖІГІ ҚАЙДА?

Айханымның оқиғасынан кейін кәмелетке толмаған оқушы шет тілдерінен сабақ беріп, сол үшін ақы ала ала ма деген сауалдың тууы заңды. Ал оның жетістіктері туралы мәліметтер жалған болып шықса, қандай жауапкершілік қарастырылған? Ulysmedia.kz осы сұрақтарды адвокат Бағдагүл Әжіғалиеваға қойды.

Оның түсіндіруінше, заң жасөспірімдердің репетиторлықпен айналысуына тыйым салмайды. Алайда кәмелетке толмағандарға қатысты белгілі бір талаптар бар.

«14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің әрекет қабілеттілігі шектеулі болады. Олар ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен кейбір мәмілелер жасай алады. Репетиторлық қызмет те осыған жатады. Мұндай сабақ беру үшін дипломның болуы міндетті емес. Барлығы жұмыс істеу тәртібі мен ұйымның талаптарына байланысты», – деп түсіндірді адвокат.

Ал шетелдік университеттерге түскені туралы жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік мәселесі оқушының құжаттардың қолдан жасалғанын білген-білмегеніне байланысты.

«Ол үшін адамның мәліметтің жалған екенін алдын ала білгенін дәлелдеу қажет. Егер қызды шынымен алдап, электронды поштасын бұзып кірген болса және өзі хаттардың жалған екенін білмесе, онда жауапкершілікке тартылмайды. Сондықтан алдымен барлық мән-жайды анықтау керек», – деді ол.

Адвокат ата-аналарға білім беру курстарының жарнамасына бірден сене бермеуге кеңес береді. Оқу ақысын төлемес бұрын оқытушының біліктілігін тексеріп, міндетті түрде жазбаша келісімшарт жасаған жөн.

«Келісімшартта көрсетілетін қызметтің түрі, оқушының не алатыны, тараптардың құқықтары мен міндеттері түгел жазылуы керек. Келісімшарт болмаса, дау туындаған жағдайда тараптардың нақты не туралы уағдаласқанын дәлелдеу қиынға соғады. Сондықтан балаларыңызды оқытуға сеніп тапсырған адамның жетістіктері мен тәжірибесін өздеріңіз де тексеріңіздер», – деп атап өтті Әжіғалиева.

АҚШ университеттерінен келген хаттардың түпнұсқалығы әлі тексеріліп жатқандықтан, біреуді алдады деп айыптауға әлі ерте. Дегенмен бұл оқиға білім саласындағы жетістіктерді сүйіншілеген жарияланымдарды мұқият тексеру қаншылықты маңызды екенін көрсетті.