Қазақстан Тәжікстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуын қолдайды

Ақорда

Қазақстан Тәжікстанның 2028–2029 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына қолдау көрсетеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қарашада Астанада Эмомали Рахмонмен өткен келіссөзден кейін мәлімдеді. Екі ел басшысы сауда байланысын кеңейту, энергетика, білім беру және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде де уағдаласты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан Тәжікстанға БҰҰ-да қолдау көрсетеді

Бірлескен брифингте Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті.

Оның айтуынша, келіссөз барысында президенттер Орталық Азиядағы ахуалды және өңірдегі тұрақтылықты сақтау мәселесін жеке талқылаған.

«Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшесіне үміткер ретінде Тәжікстанның ұсынылуын қуана қабыл алды. Біз Тәжікстанның кандидатурасын қолдаймыз», – деді Тоқаев.

Екі ел сауда көлемін арттыруды көздеп отыр

Келіссөздің тағы бір маңызды тақырыбы экономика болды. Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Тәжікстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ал екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жақындап қалды.

Сауда көлемін одан әрі арттыру үшін тараптар 2030 жылға дейінгі жол картасын қабылдады.

Әсіресе ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінді. Былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы 11 пайызға өсіп, шамамен 600 миллион долларға жеткен. Бұл – жалпы тауар айналымының жартысына жуығы.

Президенттер энергетика, мұнай-газ саласы, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыттарындағы бірлескен жобаларды да талқылады.

Көлік қатынасы және су ресурстары

Қазақстан мен Тәжікстан жүк тасымалын дамытып, тасымалдауға қатысты рәсімдерді жеңілдетуді жоспарлап отыр.

Былтыр екі ел арасындағы автомобиль және теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі шамамен 7 миллион тоннаға жеткен. Оның ішінде автомобильмен жүк тасымалдау 8 пайызға, ал теміржол тасымалы 15 пайызға артқан.

Енді тараптар жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту үшін цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді көздеп отыр.

Президенттер су ресурстарын пайдалану мәселесін де жеке талқылады. Тоқаев трансшекаралық өзендерге қатысты ынтымақтастығы үшін Тәжікстанға алғыс айтты.

Екі ел су көлемін есепке алу мен бақылаудың цифрлық жүйелерін дамыту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Қазақстан тәжік әскери қызметшілерін оқытады

Келіссөз барысында тараптар білім беру және мамандар даярлау мәселелеріне де тоқталды.

Тоқаев Қазақстан жыл сайын Тәжікстаннан келген студенттерге 100-ге дейін білім грантын бөлетінін айтты. Бұл – өңір елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Сонымен қатар президенттер тәжік әскери қызметшілерін Қазақстанның оқу орындарында даярлауды жалғастыруға ниетті екенін растады.

Осы мақсатта әскери кадрларды даярлау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Цифрлық саладағы ынтымақтастық та жалғасады. Қазақстан бұған дейін Тәжікстанға электронды үкімет платформасының кейбір технологиялық шешімдерін ұсынған. Ал тәжік мамандары Қазақстандағы IT мектептерінде білім алған.

Рахмон жаңа орденмен марапатталды

Сапар барысында Тоқаев Эмомали Рахмонға «Қожа Ахмет Ясауи» орденін табыстады.

Қазақстан президенті бұл марапат қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымына зор ықпал еткен ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің құрметіне тағайындалғанын түсіндірді.

Тоқаев сондай-ақ Ясауи ілімін мектептерде, жоғары оқу орындарында, әскерде және мемлекеттік мекемелерде кеңінен насихаттауды тапсырғанын айтты.

«Бұл уақытша науқан емес, ауқымды идеологиялық жұмыс», – деп атап өтті президент.

Эмомали Рахмон марапат үшін алғыс айтып, оны бүкіл тәжік халқының еңбегіне берілген баға ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Бұған дейін не белгілі?

Еске салайық, Ulysmedia.kz бұған дейін 7 қарашада Тоқаев Эмомали Рахмонды Ақордада қарсы алғанын хабарлаған.

Тәжікстан президентінің құрметіне резиденцияның үстінен екі елдің мемлекеттік туларын желбіреткен әскери тікұшақтар ұшып өтті.