Арзан импорттың ақыры: Қазақстан жалғыз ашытқы зауытынан қалай айырылды

фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Қазақстанда жарты ғасырдан астам уақыт бойы нан пісіруге қажетті ашытқы өзімізде өндіріліп келді. Елдің ішкі сұранысын Алматыдағы жалғыз ашытқы зауыты толық өтеп отырған. Алайда ұзақ жылдар бойы күн көруге тырысқан кәсіпорын арзан импортпен бәсекеге төтеп бере алмай, ақыры жұмысын тоқтатты. Енді Қазақстан нанды шетелден әкелінген ашытқымен пісіруге мәжбүр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа өндіріс орнын ашуға ниетті инвестор іздеуге кіріспек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Импорт отандық ашытқыны нарықтан қалай ығыстырды?

Алматы ашытқы зауыты 1969 жылы ашылған. Содан бері ол Қазақстандағы нан пісіруге арналған престелген және құрғақ ашытқы шығаратын жалғыз мамандандырылған кәсіпорын болып келді. Зауыттың өндірістік қуаты елдің осы өнімге деген сұранысын толық өтеуге жететін.

Кәсіпорынның басына қара бұлт 2015 жылы үйіріле бастады. Зауыт басшылығының айтуынша, Ресей рублі құнсызданғаннан кейін Қазақстан нарығына көрші елден арзан ашытқы ағылған. Соның салдарынан отандық өндіріс көлемі бір жылдың ішінде 40 пайызға қысқарған. Мемлекет қазақстандық өндірушіні қолдауға тырысып, кәсіпорынды жеңілдетілген несие беру бағдарламасына қосқан. Алайда бұл шара нарықтағы жағдайды өзгерте алмады.

2021 жылы зауыт басшылығы Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінді. Отандық өндіруші «Ангел Ист Рус» компаниясы өз өнімін Қазақстанда Ресейдің өзіндегі бағадан да арзанға сатып отырғанын айтып, мұны демпинг белгісі деп бағалады. Алайда комиссия бәсекелестіктің ортақ қағидалары бұзылғаны туралы іс қозғауға жеткілікті негіз таппаған. Ал Алматыдағы зауыт өндіріс көлемін одан әрі қысқартуға мәжбүр болды.

Фото: «Яндекс Карталар» сервисі

2026 жылы кәсіпорын тоқсаныншы жылдардың басында жекешелендірілген мүлкін сатуға кірісті. Тамыз айында жалпы бағалау құны 3,28 миллиард теңгеден асатын екі жер телімі саудаға шығарылып, сатылды. Ал қыркүйекте акционерлер қоғамды өз еркімен тарату туралы шешім қабылдады. Кәсіпорынды жабуды 22 206 акция иесі қолдаса, 258 акционер қарсы дауыс берген. Осылайша, Қазақстандағы нан ашытқысын шығаратын жалғыз отандық зауыттың жарты ғасырдан астам тарихы аяқталды.

Арзан өнімнің қайыры бар ма?

Астық өндіру мен экспорттаудан алдыңғы қатарда тұрған Қазақстан енді ашытқы жеткізуде шетелдік өндірушілерге толық тәуелді. Әрине, нанның өзіндік құнындағы үлесі көп болмаса да, бұл өнімсіз наубайхана өндірісінің едәуір бөлігін жүргізу мүмкін емес.

Импорттық ашытқы отандық өнімнен арзан болған кезде сатып алушылардың шетелдік тауарды таңдауы түсінікті. Бірақ енді өз өндірушіміз болмаған соң, ішкі нарықтағы баға шетелдік жеткізушілердің шарттары мен импорттаушылар арасындағы бәсекеге тәуелді болмақ.

Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі зауыттың жабылуы нан бағасына әсер етеді деп есептемейді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, бағасының арзандығына байланысты импорттық ашытқы бұған дейін де сұранысқа ие болған. Оның үстіне, нан-тоқаш өнімдерінің өзіндік құнындағы ашытқының үлесі мардымсыз.

Назгүл Хатепова. Фото: Ulysmedia.kz

– Жалпы, қазір бағаның өсіп жатқанын байқап отырған жоқпыз. Нанның өзіндік құнындағы ашытқының үлесі өте аз екенін ескерсек, нан мен нан-тоқаш өнімдерінің қымбаттауын күтпейміз, – дейді ол.

Ал жеткізушілер бағаны негізсіз көтерген жағдайда, мұндай мәселені басқа мемлекеттік органдар бақылауға тиіс екенін айтты.

– Ішкі нарықта бағаны қолдан көтеру немесе сөз байласу деректерін анықтау менің құзыретіме кірмейді. Әр тауардың қаншаға импортталып, қаншаға сатылып жатқанын қадағалайтын арнайы уәкілетті органдар бар, – деді вице-министр.

Алайда мәселе ертең нанның қанша тұратынында ғана емес. Алматыдағы зауыттың тарихы импорттық тауардың бағасы арзан болғандықтан, отандық өндірістің біржола жойылып кетуі мүмкін екенін көрсетті. Ал жабылған өндірісті қайта қалпына келтіру оны сақтап қалудан әлдеқайда қиын.

Бір зауыт жабылды, енді екіншісіне инвестор іздеп жүр

Бұл оқиғаның тағы бір қызық тұсы бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанға ашытқы өндірудің қажеті жоқ деп есептемейді. Керісінше, ведомство осындай кәсіпорын ашуға қаржы салатын инвестор тартуды көздеп отыр.

– Бұл өнім біз үшін өте маңызды. Инвестицияны қолдау шараларын жүзеге асыру аясында инвесторлармен кездескенде осы мәселені де көтеріп жүрміз. Әрине, елімізде ашытқы өндіретін кәсіпорын ашуға ниетті инвесторларды тартқымыз келеді, – деді Назгүл Хатепова.

Алайда осы уақыт ішінде нарықта не өзгерді? Жаңа зауыт шетелдік жеткізушілермен бәсекеге түсе ала ма? Ең бастысы, мемлекет жаңа инвесторға қандай қолдау көрсетпек? Әйтпесе, оның кәсіпорны да Алматыдағы зауыттың кебін кимейтініне кім кепіл?

Зауыттан гөрі жері қымбат па?

Ашытқы зауытының жабылуына қатысты тағы бір назар аударарлық жайт бар. Кәсіпорын Алматыда, жер телімінің өзі қомақты коммерциялық құнға ие қалада орналасқан. Картадан байқағанымыздай, зауыт аумағына теміржол тармақтары келіп тіреледі. Қарама-қарсы бетте көпқабатты тұрғын үй бой көтерген, ал екінші жағында да құрылыс қарқын алған.

2GIS сервисі. Белгі бұрынғы ашытқы зауытының аумағын көрсетеді.

Тамыз айында сатылған кәсіпорынның екі жер телімі 3,28 миллиард теңгеден астам сомаға бағаланған. Әзірге олардың жаңа иесі кім екені және аумақты қандай мақсатқа пайдаланатыны белгісіз.

Жер телімдерінің нысаналы мақсаты да өзгермеген. Құжат бойынша, олар зауыт орналастыруға, әкімшілік-өндірістік ғимаратты пайдалануға және күтіп ұстауға арналған.

Алматыда бұрынғы өндіріс орындарының орнына тұрғын үй кешендері мен сауда орталықтары салынған мысалдар аз емес. Ашытқы зауыты орналасқан аумақтың болашағы қандай боларын уақыт көрсетеді.

Арзан импорттың ақыры

Алматы ашытқы зауытының тарихы тек нан пісіруге қажетті өнімнің тағдыры болғандықтан ғана маңызды емес. Қазақстанда импортты алмастыру, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу және өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы жиі айтылады. Алайда елімізде бұрыннан жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын сақтап қалудың да маңызы кем емес.

Алматыдағы зауыт Кеңес Одағының ыдырауын, нарықтық экономикаға көшуді және бірнеше экономикалық дағдарысты бастан өткерді. Бірақ арзан шетелдік ашытқымен бәсекеге төтеп бере алмады.

Бүгінде импорт наубайханаларға шығынды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда Қазақстан енді өз өндірісін қайта жолға қою үшін қаржы құюға, инвестор тартуға, құрал-жабдық сатып алуға және маман даярлауға мәжбүр болуы мүмкін.

Сонда бір кезде арзан болған импорттық ашытқының елге түптеп келгенде қаншаға түскенін есептеп көру қызық болар еді.

Сізге қызық болуы мүмкін