Франциямен келісім жасау кезінде орыс тілі не үшін керек болды

Ulysmedia

Мәжіліс отырысында депутат Қазыбек Иса энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен Франция мен Қазақстан арасындағы келісімшартқа неліктен орыс тілінің қажет болғанын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

 - Былтыр 30-қарашада Франция астанасы Париж қаласында жасалған келісімшарт үш тілде жасалыпты. Қазақ, француз және орыс тілінде. Келісімшарт жасап отырған екі ел – Франция мен Қазақстан. Бұл жерде орыс тілінің не қажеті бар? Ол француздарға түк те қажеті жоқ. Сингапурмен жасалған келісімшарт та сондай. Неге солай? Мемлекеттік тілді білмейтін Үкімет үшін жасала ма? Бұл қашан тоқтатылады? Екі елдің келісімшартына үшінші елдің не қатысы бар? – деді депутат.

Министр негізгі құжат қазақ және француз тілінде жасалатынын айтты.

- Орыс тілі банктерге, халықаралық қаржылық ұйымдарға ыңғайлы болу үшін қолданылады. Сөзіңіздің жаны бар. Алдағы уақытта бұл норманы алып тастаймыз, –  деп сендірді Сәтқалиев.

Еске сала кетейік, 2022 жылы Парижде Қазақстан  мен Франция  арасында жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісім жасалған еді.

Келісім негізінде экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Қазақстан Үкіметі мен Франция Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жолдауды ұсынған болатын.

Оралхан ҚОЖАНОВ