«Сабақта оқушылар тек сабақ оқуы керек»: Аймағамбетов мектепте телефон ұстауға тыйым салу жайлы

Ғалиасқар Думан

Бүгін палатаның жалпы отырысында мәжіліс депутаттары Қазақстан мектептерінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеуді ұсынатын заң жобасын қарастырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, мектеп оқушысы оқу барысында тек сабақ оқуы керек. Себебі, ұялы телефон сабақ процесіне кедергі келтіреді.

«Ұстаздармен болған кездесулерде түскен тағы бір мәселе оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануына қатысты. Телефонға тыйым салуға заңнамада нақты шектеу жоқ. Осыған орай, жобаға сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да енгізілді», – деді  Аймағамбетов.

Сондай-ақ депутат оқушы телефонды қай кезде қандай мақсатта қолдануы керектігін де айтып өтті. 

«Біз ұсынған норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты. Ал бала ұялы телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алады. Яғни, бұл тұрғыда ешқандай шектеулер жоқ. Сабақ уақытында бала тек сабақ оқуы керек. Яғни, ешқандай әлеуметтік желіні пайдаланбауы керек. Қазір бізде заманауи мамандар көп, әртүрлі қолданбаларды пайдаланатын мұғалімдер көп. Сондай-ақ мұғалім ұялы телефонды кейбір инновациялық әдістерді қолдана отырып жұмыс істеуге рұқсат ете алады. Яғни, бұл тұрғыда ешқандай шектеулер жоқ. Ал егер бала өз ісімен айналысып, телефонды пайдаланатын болса, әрине, бұл тұрғыда шектеулер болады»,  –  деді мәжілісмен.