Алматыда «омикрон» штамының пайда болу қаупі бар

Ulysmedia

Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов «омикрон» штамының Алматыда таралуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Оның айтуынша, қазір Алматыда аталған коронавирустың жаңа штамына қатысты белгілер байқалмаған. Вирус ауа тамшылары арқылы таралатындықтан Алматыда «омикрон» штамының пайда болу қаупі бар.

«Сонымен қатар вакцинацияланбаған халық жаңа штамдарды жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан таралудағы маңызды тосқауыл коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинация алу қажет», – деді Байғабылов.

Оның айтуынша, алматылықтар арасында ковид жұқтыру жағдай тұрақталып келеді.

«Қазір көптеген елмен әуе рейстері қалпына келтіріліп, туристік бағыттар қайта жанданды. Атап айтқанда, Алматыдан Шарм-эль-Шейх, Дубай, Ыстанбұл, Сеулге күнделікті рейстер орындалып жатыр. Шетелге шығатын болсаңыз, екпе алуыңыз қажет, өйткені біздің тұрғындар ПТР анықтамамен келуді жалғастыруда. Мәселен, 29 қарашада Алматы қаласына шетелден 3365 жолаушы келді, оның ішінде ПТР-сынамасы теріс нәтиже көрсеткен 1645 жолаушы және вакцинацияның толық курсының төлқұжатпен 1720 жолаушы келді», – деді дәрігер.

Еске сала кетейік, жұма күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шұғыл отырысында сарапшылар Оңтүстік Африканың барлық аймақтарында вирустың жаңа нұсқасын жұқтырғандар қатары артып жатқанын хабарлаған еді. Осыған орай елдер арасында шекара жабу қайта басталған болатын.