Жеңіл несие, жаңа бизнес, қайтарымсыз грант жайлы Ұлттық палата өкілі

Ulysmedia

Қазақстандағы бизнестің қазіргі ахуалы қандай? Қай салада кәсіпкерлер саны артты? Қай сала пандемияға төтеп бере алмай құлдырады? Енді бизнес ашамын дегендерге мемлекет тарапынан қандай шаралар бар? Ұлттық палатаның кәсіп бастауға қайтарымсыз қаражат беретін «Бастау Бизнес» жобасы биыл жалғаса ма? Кәсіпкерлікке қатысты осы және өзге де сұрақтар төңірегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтып берді.

Фото: «Атамекен» ҰКП

– Нариман Бақтыбайұлы, пандемия салдарынан қанша және қандай бизнес субъектілері жабылды? Сондай-ақ, керісінше, қай салада кәсіпкерлер көбейді?

 Пандемияның салдары тек бизнеске емес, барлық салаға әсер еткені белгілі. Жалпы елімізде кәсіпкерлік саны артты. 2020 жылдың 1 қаңтарында елімізде 1 330,2 мың шағын және орта бизнес субъекті болса, осы жылдың қаңтарында 27,1 мыңға артып, 1 357,3 мыңға жетті. Яғни 2 пайызға көбейді.

Дегенмен кейбір салада азайғанын байқадық. Мәселен, былтыр 1 қаңтарда көтерме және бөлшек сауда саласында 442,4 мың субъект болса, биыл 1,4 пайызға қысқарып, 436,1 мыңы қалған. Қаржы, көлік және қойма, жылжымайтын мүлік бойынша операциялар саласында да кәсіпкерлер азайған. Керісінше, ауыл шаруашылығы (3,4%), құрылыс (11,2%), денсаулық сақтау (10,1%) және басқа салаларда кәсіп ашқандар көбейді.

ҚАЗАҚСТАНДА ШОБ 6,1% АРТТЫ 

Ал 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 424 мыңды құрады, оның ішінде 2,7 мың (0,2%) орта бизнестегі заңды тұлғалар, 298 мың (20,9%) шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар, сондай-ақ 902 мың (63,3%) жеке кәсіпкерлік, 221 мың (15,5%) ауыл шаруашылығындағы заңды тұлғалар тіркелген. 2020 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын-орта бизнес субъектілерінің саны 81 мыңға немесе 6,1% пайызға көбейді.

– Карантин кезінде бизнес үшін бірқатар жеңілдік қарастырылды. Солар туралы толығырақ айтып берсеңіз.

 Коронавирус пандемиясы отандық бизнес үшін қиын сынақ болды. Пандемия зардабын еңсеру үшін мемлекет бизнеске дағдарысқа қарсы айтарлықтай қолдау көрсетті. Пандемия кезеңінде карантин шектеулерін ескере отырып, бизнестің қызметін қалпына келтіру басым міндет болып қала берді. 2021 жылғы қаңтардан бастап пилот ретінде Ashyq жобасы іске қосылды. Бүгінде жобаның арқасында бизнес субъектілерінің 99%-ы қызметін қалпына келтірді.

САЛЫҚ ЖӘНЕ НЕСИЕ ЖЕҢІЛДІГІ

Сондай-ақ, Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, дағдарысқа қарсы шаралардың 3 пакетін іске асырды. Дағдарысқа қарсы қолдау шараларының негізгі пакетіне салық және несие шаралары кірді. Салық шаралары 700 мыңнан аса заңды тұлға мен жеке кәсіпкерді қамтуға мүмкіндік берді.

Пандемия уақытында карантин шектеулерінің енгізілуіне байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешіміне сәйкес 2020 жылдың 16 наурызынан 1 қазанына дейін төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен ШОБ қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеу жұмыстары тоқтатылды. Осы аралықта 12,5 мың ШОБ өкіліне кейінге қалдыруға мүмкіндік беріліп, оның сомасы 209 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, 2021 жылғы сәуір және шілде аралығында экономиканың зардап шеккен секторларының 547 шағын және орта бизнес субъектілері екінші деңгейлі банктерден 9,3 млрд теңге сомасындағы несиелері бойынша мерзімін кейінге қалдырды.

АӘК – 42 500 ТЕҢГЕ

2021 жылы зардап шеккен салаларда ШОБ субъектілерінің несиелері бойынша 2021 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейін (346 ЭҚЖЖ) кейінге қалдыру әрекет етті.

Салықтық және несиелік шаралардан басқа, көлденең және салалық қолдау шаралары қолданылды. Олардың негізгілері жалдау және коммуналдық төлемдер, мемлекеттік сатып алулар, 42 500 теңге әлеуметтік төлемдерді төлеуді қолдауға қатысты болды.

ЖАҢА БАҒЫТ – ПАЙЫЗЫ ТӨМЕН ШАҒЫН НЕСИЕ

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды, несие мөлшері 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды.

Жаңа бағыт іске қосылды. 6% мөлшерлемемен субсидиялау есебінен несие алу үшін микро және шағын кәсіпкерлікті микро несиелендіру іске асырылып жатыр.

Кәсіпкерлердің борыштық жүктемесін төмендету үшін қайта қаржыландыруға жататын несие мерзімі 4 жылдан 8 жылға дейін ұлғайтылды.

Пандемияға байланысты экономиканың зардап шеккен салалары үшін 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2021 жылғы 1 шілдеге (16 ай) дейінгі кезеңде барлық қолданыстағы ШОБ несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6%-ға дейін субсидиялау тетігі қолданылды. Айта берсек, қолдау шаралары көптеп жүзеге асырылды.

– Көпшілік жақсы білетін және жылда асыға күтетін «Бастау Бизнес» жобасы аясында қанша адам оқыды және қанша адам кәсіп ашты?

– Иә, бұл жобаны қалың жұртшылық жақсы біледі. Себебі кәсіп бастаймын деген азаматқа қайтарымсыз грантпен қоса, бизнес жүргізудің курсын оқытады. Бес жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 185 мыңға жуық қатысушы оқыды, оның ішінде 122 мыңнан аса немесе 66% жұмыссыз, 57 мыңға жуық немесе 31% өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және 5 700 жуығы немесе 3% кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Оқыту нәтижелері бойынша 59 мыңнан аса жоба іске қосылды, оның ішінде 40 мыңға жуық адам немесе 67%-ы грант алды, 19,5 мыңнан аса адам немесе 33% жобаларды микронесиелер есебінен іске асырды. 70 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, 1,6 млрд теңге сомасына салық төленді.

2021 жылы жоспар бойынша 30 мың адам курстан өтуі керек еді. Бірақ биыл оқуды 33 374 қатысушы аяқтады. Яғни, жоспар артығымен орындалды. Оның ішінде 64% (21 мыңнан аса адам) – жұмыссыздар, 29% (9 500 адам) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және 7% (2 500-ден аса адам) кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Осы жылы 15 мыңнан аса жоба іске асырылды.

Оның ішінде 11,5 мыңға жуық адам гранттық қаржыландыру алды, 3,8 мыңнан аса адам микронесиелер есебінен бизнес ашты. Іске асырылған жобалардың ішінде 9 мыңнан аса жоба немесе 59%-ы ауыл шаруашылығы саласына, 6 мыңнан аса жоба немесе (41%) сервис, сауда және қызмет көрсету саласындағы жобаларға жатады.

– Келер жылы жоба жалғаса ма? Жалғасса, қашан басталуы мүмкін және курсқа қанша орын бөлінеді?

– Иә, жоба жалғасады және 2022 жылдың наурызынан бастап өтінім қабылдау басталуы керек. Алдағы жылы да 30 мыңға жуық қазақстандықты оқытамыз деген жоспар бар.

Сондай-ақ, келер жылы «Бастау 2.0» жаңа форматында бастамақпыз. Жоба барысында анықталған басым бағыттар аясында жоспарларға сәйкес өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді. Бұл технологиялық карталар халықты сұранысқа ие бағыттар бойынша кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі.

Техникалық карталарға сәйкес нақты кейстерді оқыту неғұрлым сапалы өнім немесе шикізат өндіруге мүмкіндік береді және кепілді өткізуді қамтамасыз етеді, бұл сайып келгенде ауыл халқының табысын арттыруға ықпал ететін болады.

Осының аясында Ұлттық палата биыл аудандардың мамандануын айқындау және аудандардың мастер-жоспарларын әзірлеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу және бекіту, сауалнама жүргізу үшін аудандардың (42 аудан) тізбесін айқындауды ұсынды.

Ұлттық жобаға сәйкес, 2021-2025 жылдар аралықта «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке кәсібін ашқан кәсіпкерлердің үлесін 35%-дан 60%-ға дейін көтеруді көздеп отырмыз.

Сондай-ақ, алдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру шеңберінде Atameken Academy онлайн-оқыту платформасына өзгерістер: өтінім беру кезінде ЭЦҚ арқылы авторизациялау, қатысушыларды кезеңдер бойынша бөлуді автоматтандыру. Оқуды іске асыру процесінде – онлайн өтінім беру, қатысушы статусын верификациялау арқылы жолдамаларды беру кезеңін алып тастау енгізіліп жатыр.

– Қазір микроқаржы ұйымдарының жеңілдетілген несие беретінін білеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр? Қанша теңге игерілді?

 Үкіметтің қолдауының арқасында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 15 «Атамекен» микроқаржы ұйымы құрылды. «Бастау Бизнес» түлектерін несиелендіруге бюджеттен 22,5 млрд теңге бөлінді. Ұлттық палатаның ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл туралы мәлімет көп. Кез келген адам оқып танысуына және 1432 байланыс орталығына хабарласып, барлық сұраққа жауап алуға болады.

2021 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша микроқаржы ұйымдары жалпы сомасы 16,2 млрд теңгеге 2 417 өтінім қабылдаған. Оның ішінде жалпы сомасы 8,7 млрд теңге болатын 1 619 өтінім микроқаржы ұйымдарының несие комитеті арқылы мақұлданған. 1429 өтінім Аграрлық несие корпорациясына жолданып, 4,1 млрд теңгеге 734 микронесие берілді.

Айта кету керек, бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатыр. Жоспар бойынша 2022 жылдың наурызына дейін 5 мың жобаны қаржыландыру жоспарда бар.

– Алғаш рет еліміздің үш өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылды. Мұндай орталықтың ерекшелігіне тоқталсаңыз.

– Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылды. Енді бұл өңірдің іскерлігімен көзге түсіп жүрген қыз-келіншектері арнайы ашылған орталықтардан жан-жақты кеңес алуға мүмкіндігі бар.

Орталықтар кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналады. Онда оларға стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызмет көрсетіледі, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен нетворкинг іс-шараларға қатыса алады.

Келер жылы Ынтымақтастық қоры, Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында еліміздің барлық өңірлік орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларында тағы 14 орталық ашу жоспарланып отыр.

Бүгінде бұл орталықтарға 3 өңір бойынша 57 жуық әйел жүгінген, оның ішінде 30-49 жас аралығындағы 37 әйел (65%) және 17-29 жас аралығындағы 13 әйел (23%). Жүгінген көрсетілетін қызметті алушылардың жалпы санының 9%-ын 50-57 жастағы әйелдер құрады. Ал 57 жастан асқан және өтініш білдірген қызмет алушылардың жалпы санының 3%-ынан жоғарысы әйелдер.

– Ұлттық палатаның жыл бойы атқарған қызметі, яғни кәсіпкерлерді қорғау, қолдау және басқа қызмет түрлері аясында көрсеткіштерді атап берсеңіз.

– 2020 жылы Ұлттық палатаға кәсіпкерлер тарапынан 5 175 шағым түсті, оның ішінде 2 245 (44%) оң шешілді. Биылғы он бір айда 3912 өтініш түсті, оның ішінде 1463 өтініш (38%) оң шешілді. 2020 жылдың (4610 өтініш) ұқсас кезеңімен  салыстырғанда, осы жылы 15%-ға (11 ай) төмендегені байқалады.

Жалпы динамиканы 2016 жылмен салыстырсақ, соңғы жылдардағы пандемияға байланысты өтініштердің азайғанын көріп отырмыз. Көбінесе өтініштерде сатып алу, жер, салық, құрылыс мәселелері қарастырылады.

Осы жылы қорғалған мүліктік құқықтың сомасы 29,1 млрд теңгені құрады, яғни күші жойылған айыппұлдар, активтерді қайтару немесе бизнес мүлкін сақтаудың өзге тәсілдері арқылы кәсіпкерлердің қаржысы қорғалды.

Анықтама ретінде:

  • 2016 жылы - 7 225 өтініш түсті, 3 033 өтініш оң шешілді;
  • 2017 жылы - 5 195 өтініш түсті, 2 778 өтініш оң шешілді;
  • 2018 жылы - 4 599 өтініш түсті, 1 980 өтініш оң шешілді.
  • 2019 жылы - 4 854 өтініш түсті, 1 879 өтініш оң шешілді.
  • 2020 жылы - 5 175 өтініш түсті, 2 245 өтініш оң шешілді.