Цифрландыру мен зейнетақы даулары: Светлана Жақыпова не үшін отставкаға кетті?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Светлана Жақыпова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды. Кадрлық шешімнің ресми себептері жарияланған жоқ. Ulysmedia.kz оның осы жауапты қызметте немен есте қалғанын саралап шықты.

Еңбек жолы және тағайындалуы

Светлана Жақыпова министр қызметіне 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Оған дейін ұзақ жылдар бойы әлеуметтік қорғау және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде еңбек етті. Әр жылдары еңбек вице-министрі, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары, сондай-ақ әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл қызметтерін атқарған.

Президентке жасаған соңғы есебі

2025 жылғы 3 желтоқсанда Жақыпова Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы туралы есеп берген.

Еңбек министрлігінің мәліметінше:
– 2029 жылға дейінгі халықты жұмыспен қамту жоспарының 83%-ы орындалған;
– соңғы бес жылда 2,7 млн адам жұмысқа орналастырылған;
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға қысқарған;
– 285,1 мың адамға 27,1 млрд теңге көлемінде АӘК төленген;
– өндірістік жарақаттану 6,5%-ға, өлім-жітім 4,5%-ға азайған;
– әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 522 мыңнан астам адам көмек алған;
– ең төменгі базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70%-ына дейін ұлғайтылған.

Цифрландыру және анықталған заңбұзушылықтар

Жақыпованың тұсында Еңбек министрлігі әлеуметтік қызмет көрсетушілерге ауқымды цифрлық тексеру жүргізді. Ресми деректерге сәйкес:
– тіркелген 1039 жеткізушінің шамамен 800-і ғана нақты жұмыс істеген;
– 500-ге жуық ұйымның лицензиясы болған, ал 300-і талаптарға сай келмеген;
– іс жүзінде қызметті 82 мың адам алған, ал құжат жүзінде бұл көрсеткіш 135 мың деп көрсетілген;
– заңсыз төленген 31 млрд теңге бюджетке қайтарылған.

— Біз бюджетке 31 млрд теңгені қайтардық. Себебі қағаз жүзіндегі есеп пен нақты жағдай екі түрлі болды, — деген еді министр.

Зейнетақы мәселесіндегі пікірталас

2024 жылы министрлік зейнетақы жүйесін өзгертуге қатысты ықтимал нұсқаларды талқылай бастады. Соның бірі — зейнет жасына жетіп, жұмысын жалғастырып жүрген азаматтарға мемлекеттік бюджеттен зейнетақыны уақытша төлемеу туралы ұсыныс болды. Бұл кезеңде олар тек жинақтаушы зейнетақы қаражатын пайдалануы мүмкін деген көзқарас айтылды. Ал бюджеттен төленетін зейнетақы еңбек қызметі толық аяқталғаннан кейін басталуы тиіс деп қарастырылды.

Жақыпова бұл бастама заң жобасы емес екенін және «ертең іске асатын шешім» еместігін атап өткен. Алайда оның мәлімдемелері қоғамда үлкен резонанс тудырды.

«Ақ жағалылар» туралы сөз және парламенттің реакциясы

Қоғамдық пікірді одан әрі ушықтырған мәлімдемелердің бірі — министрдің «ақ жағалылардың» зейнетке шығуға асықпайтыны жөніндегі сөзі болды. Оның айтуынша, олар үшін жұмыс істеу ыңғайлы әрі кәсіби тәжірибесі сұранысқа ие.

Бұл пікірге Мәжіліс депутаты Айдос Сарым сын айтып, министрге ресми депутаттық сауал жолдады. Ол мұндай ұсыныстар Конституцияға қайшы келуі мүмкін екенін және әлеуметтік шиеленісті күшейтетінін мәлімдеді.

— Зейнетке шығу — өлім жазасы емес, — деді депутат.

Оның айтуынша, кадр тапшылығы жасқа емес, жалақы деңгейі мен еңбек жағдайына байланысты.

Брифингтер барысында Жақыповадан зейнетақы ұсыныстарының авторы жиі сұралды. Алғашында ол қаржы саласындағы сарапшыларды атаған, кейін:

— Автор — Жақыпова. Жарай ма? — деп жауап берген.

Министр барлық ұсыныс тек талқылау сатысында екенін және қоғам қолдаған жағдайда ғана қаралатынын да айтқан.

Жақыпованың рейтингі

Министрлік қызметіне сыртқы бағалар да әсер етті. 2025 жылдың IV тоқсаны қорытындысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 40 мемлекеттік органның ішінде 32-орынға жайғасты.

Тиімділік рейтингі саяси зерттеулермен айналысатын «Стратегия» қоғамдық қоры жүргізген 27 сарапшының сауалнамасы негізінде жасалған. Ведомствоның жиынтық балы: 7 балдың 3,01 балын иеленген.

Светлана Жақыпова — 58 жаста. Министрліктен кеткеннен кейін оған өзге лауазым ұсынылған жоқ, ол мемлекеттік аппараттағы қызметін толық аяқтады.

Сол күні Еңбек министрлігіне жаңа басшы болып бұған дейін Жақыпованың орынбасары болған Асқарбек Ертаев тағайындалды. Ол бұл ведомствода 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін банк секторында, ұлттық экономика министрлігінде, президент әкімшілігінде және премьер-министр кеңсесінде еңбек еткен.