Алматыда әкімдіктің атын жамылып, тұрғындарды алдайтын айлакерлердің саны күрт артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Алматы” арнасының хабарлауынша, қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы тұрғындарға ескерту жасады.
Әкімдіктегілердің сөзінше, алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін бірнеше жәйтқа назар аудару қажет. Белгілі болғандай, айласын асырмақ болғандар халықты басындағы несиесін өтеген жағдайда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілетінін айтып, алдайды. Жауапты басқарма егер осы тектес қоңырау түссе, бірден тәртіп сақшысына хабарласуын сұрайды.
«Егер сіз пәтер алу үшін кезекте тұрсаңыз, www.kezekte.kz сайтына кіріп ЖСН теру арқылы мәлімет алуға болады. Сондай-ақ 225-14-37, 225-14-52, 225-14-57 телефонына хабарласып, сұрай аласыз», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін ешқандай несиелік тарих және банк, қаржы ұйымдарындағы қарыз есептелмейді. Егер кезек келіп, пәтер алып жатсаңыз ғана мамандар тиісті құжатқа қол қою үшін шақырады. Тағы бір мәселе, тұрғын үй заңына сәйкес баспана тек кезек тәртібімен беріледі.
«Пәтер кезегін білу үшін бізге қоңырау шалады. Көріп, нақты мәлімет айтамыз. Ал тұрғынның кезегі келсе, келісімшартқа қол қою үшін өзіміз хабарласамыз. Қазір тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізіп жатырмыз. Алматы қаласы тұрғындарына «алаяқтардың алдауына сеніп қалмаңыздар» деп ескертеміз», – деді Ғалымжан Әбдішүкірұлы.