Қазақстан, Өзбекстан және Ресей газ бойынша келіссөздерді жеделдетуге келісті. Бұл туралы Өзбекстанның Энергетика министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"9 ақпанда Санкт-Петербургте Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Жорабек Мырзамахмудов, "Газпром" ААҚ Басқарма төрағасы А.Миллер және ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов үшжақты кездесу өткізді", – делінген хабарламада.
Мемлекеттер Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға ресейлік табиғи газды жеткізу мәселелерін, атап айтқанда, үшжақты жұмыс тобы жүргізген алдын ала техникалық байқаудың нәтижелерін, жеткізудің қолда бар мүмкіндіктерін, сондай-ақ ағымдағы жылдың қаңтарында қол қойылған "Жол картасын" іске асыруды талқылады.
Ведомство осы кездесудің қорытындысы бойынша үшжақты зерттеулердің келесі кезеңін жеделдету, сондай-ақ үшжақты кездесуді қысқа мерзімде қайта ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.
Еске салайық, өткен жылдың соңында Ресей тарапы Өзбекстан және Қазақстанмен “үшітк газ одағын” құру жөнінде келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеген. Алайда Қазақстан үкіметі бұл мәлімдемені жоққа шығарып, Ресей тарапынан ресми ұсыныс түспегенін айтқан.