Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құру ұсынылды. Бұл бастаманы отырыста депутат Айдос Сарым көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Заң жобалары алдын ала талқыланады
Айдос Сарымның айтуынша, жаңа алаң депутаттардың сарапшылармен, ғалымдармен және азаматтық қоғам өкілдерімен тұрақты диалог орнатуына мүмкіндік беруге тиіс.
Қоғамдық палатаның негізгі міндеттерінің бірі заң жобаларына сараптама жүргізу болмақ. Оларды ресми қарауға дейін, яғни «нөлдік оқылым» деп аталатын кезеңде талқылау ұсынылып отыр.
— Сараптаманы ерте кезеңде, «нөлдік оқылым» сатысында жүргізу аса маңызды. Бұл жерде заң жобасының негізгі ережелерін жан-жақты талқылап, оған түзетулер мен толықтырулар енгізуге болады, — деді Айдос Сарым.
Сарапшылар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттарымен бірге заң жобаларын талқылап, өз ұсыныстарын енгізе алады.
Сонымен қатар палата алаңында елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылау жоспарланып отыр.
Қоғамдық палата құрамына кімдер кіреді?
Палата құрамына 50 адам енгізу ұсынылды. Олардың қатарында барлық партия фракцияларынан Құрылтай депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдар, өңірлердің өкілдері мен түрлі саланың мамандары болады.
Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді талқылауға ғалымдар, салалық мамандар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылады.
— Консультативтік-кеңесші орган ретінде Қоғамдық палатаның міндеті — қоғамдық сараптама, кәсіби диалог және талқылау үшін жұмыс істейтін тетік болу, сондай-ақ Құрылтай мен қоғам арасында тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету, — деді депутат.
Бастамашылар Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубының тәжірибесін сақтауды ұсынып отыр. Бұл алаңдар бұған дейін заң жобаларын сарапшылармен, ғалымдармен, қоғам белсенділерімен және үкіметтік емес сектор өкілдерімен талқылау үшін пайдаланылған.