Алматыдағы сайлау учаскесінде комиссия төрағасы Инга Иманбайдың сенімді өкілін қуып жіберген

Ulysmedia

Мәжіліске кандидат бұл жөнінде бүгінгі баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Оның сөзінше, Алматыдағы №533 сайлау учаскесінде төраға кандидаттың сенімді өкілімен қайта-қайта сөзге келіп, ақыры бюллетенді санауға үш минут қалғанда залдан қуып тынған.

«Бір жағдайда хаттаманы бермес үшін менің сенімді өкілдерімді қуған. Басқасында сенімді өкілге күші жетпегендер бюллетень толы қапты алып қашпақ болды», - дейді Иманбай видеодәлелді көрсетіп.

Айта кетсек, Инга Иманбай – тіркелмеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайдың жары, журналист.

Жанболат Мамай 2022 жылдың ақпанында қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды еске алу акциясынан кейін бірден қамауға алынған болатын. Содан бері қамауға алу мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Қараша айында белсендіге «қасақана жалған ақпарат таратқан, мемлекеттік қызметкерді балағаттап, тәртіп бұзған, бейбіт жиналыстар ұйымдастырып, өткізген деген» айып тағылған. Сот отырысында Мамай өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтінін мәлімдеді. Қазір ол үйқамақта отыр.

Бұдан бұрын Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы прокуратураның Мамайға мұндай айып тағуын негізсіз деп есептейтінін мәлімдеген.

10 ақпанда өткен сот отырысында Жанболат Мамайдың қорғаушысы судьяға сенімсіздік танытқан. Себебі, ол бұрын процесте бақылаушы болған адамдарды куә ретінде сұраудан бас тартты. Ал олардың арасында белгілі саясаткер Төлеген Жүкеев пен Демпартия бастамашыл тобының мүшесі Дәурен Достияров та бар. Олар өте маңызды мәлімет бере алатын куәгерлер. Себебі, дәл сол «Алматы Арена» маңында болған оқиғаларды бастан аяқ көзімен көрген, құлағымен естіген.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай,  сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде Инга Иманбайдың ролигі Назарбаев туралы айтылғаны үшін эфирден алынып тасталды.

Еске салайық, кеше елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті.

Дауыс беру кезінде сайлау туралы заңнама талаптарының бұзылу деректері аз болған жоқ. Мәселен, Алматының сайлау учаскелеріндегі өрескел бұзушылықтар видеоға түсіп қалды

Шымкенттен шыққан шу да көптің құлағына жетті. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған фотолар мен аудиожазбаларға сүйенсек, қалада сайлау басталмай тұрып сайлаушылардың дауыстарын санап қойған.

Алматы облысының Қарасай ауданында жәшікке бірнеше бюллетень салған сайлау комиссиясының хатшысы қызметінен шеттетілді.

Сондай-ақ, Бас прокуратура дауыс беру кезінде үш өңірде сайлау туралы заңнаманы бұзудың 9 фактісі тіркелгенін мәлімдеді.

Бұдан бұрын Мәжіліс депутаттығына тәуелсіз кандидаттар президент пен ОСК төрағасына жүгініп, сайлау нәтижелерін жоюды талап еткен.