Ұлыбритания Ресей омбудсменінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөз сөйлеуіне тыйым салды

Ғалиасқар Думан

Ұлыбритания өкілі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына Ресейдің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованың виртуалды қатысуына бұғат қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

24newnews.ru

"Оған жалған ақпарат тарату үшін БҰҰ платформасын ұсынуға болмайды. Егер ол өз әрекеттері үшін жауап бергісі келсе, Гаагаға барсын", - деді Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Ұлыбритания миссияның өкілі.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы сәрсенбіде өтпек. Шарада балаларды қақтығыс аймағынан эвакуациялау мәселесі талқыланады. Сәуір айында Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін ресейлік делегация сейсенбіде Мария Львова-Белова жиынға қашықтан қатысады деп мәлімдеді. Ол үшін Қауіпсіздік Кеңесінің барлық 15 мүшесі шақырылған спикерлердің виртуалды қатысуына келісуі тиіс.

Айта кетейік, 17 наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді және Ресей Федерациясындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындауға халықаралық ордерлер берді. Олар украиндық балаларды заңсыз депортациялады деген күдікке ілінген.