Қазақстан мен Балидің қайсысы жанға жайлы немесе Сәуле Бали аралына не үшін көшті

Ulysmedia

Бойдағы қорқынышты жеңе білу жеңістің ең негізгісі. Себебі адам өзінің қорқынышын жеңбесе, оның өмірінде оң өзгерістер болмайды. Сондай-ақ сүймеген адамымен бірге тұру, қаламаған жұмысты істеу, осы сияқты небір жағымсыз дүниелерді амалсыз жасауға тура келеді. Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатында Сәуле осылай деп ағынан жарылды. Оның Қазақстаннан Индонезияға кетуінде де осындай себептер бар екен.

Ulysmedia

Сәуле Қазақстаннан неге кетті дерсіз. «Соңғы уақытта бір нәрсені өзгерту керек еді деп жүргенмін. Бірақ түбегейлі өзгеріске осы кезде дайын болдым. Өткен күндер естелігін осында қалдырып, бүгінім үшін өмір сүрейін деп шештім. Бастапқыда Тай елінде тұрдым. Кейін Балиге кеттім.

Қазақстанда жүргенде Сәуленің тұрмыс жағдайы жаман болған жоқ, саудамен айналысты. Киім сатты, төсек жабындарын сатты, мектеп формасын да сатты. Негізгі мамандығы психолог-сексолог болғанмен, ол салада жұмыс істемеді. Кейін шетелге барып тұрамын дегенде туыстары мен жақын достары «мұның не» деп оны қалуға көндірмек болды. Ол пәтерін, қымбат көлігін де сатты. Бизнесін де сатты. Сөйтті де «Оңтүстік Азия, қайдасың?» деп тартып тұрды. 

   – Қазақстанда мен өзімді торда тұрғандай сезіндім. Біздің менталитетіміз адамды шектеп тастайды. Бір кездері мен өзіме жаңа өмірге мүмкіндік беруім керек екенін түсіндім, әлемді көріп, рухани дамуым керек. 

Қорқыныш, балалар, білім

Туыстары «есің дұрыс па?» деп ұрсып, ақылға келуін сұрапты. Жайлы өміріңді тастап, балаларыңды қаңғыртпақсың ба депті. Алайда Сәуле бұған да ішкі қолдау тапқан. Қорқынышын  жеңген. Қазір оның егіздері Мұхамед пен Айша есейген, олар 10 жаста, жергілікті мектепте орыс тілінде оқиды, Қазақстанды анда-санда сағынады. 

– Балидегі білім Қазақстандағыдай сапалы емес,  бірақ бұл жерде әр бала өзін тұлға ретінде сезінеді. Оның таланты мен қабілетіне мән береді. Біз Қазақстанда тұрғанда балалар мектептен шаршап келетін, сабақтан кейін ештеңе істегісі келмейтін.  Қазір мұнда емін-еркін, бәрін өздері жасайды. Шектеу қоймайды. 

Сәуленің айтуынша, оқу ақысы айына 1000 АҚШ доллары. Алдын-ала үш айға төлеп қоюың керек. Әрине, америкалық мектептер де бар. Бірақ оның оқу ақысы бұған қарағанда қымбатырақ. 

– Бастапқыда қиын болды, қайда баратыныңды білмейсің. Балиде таныстарымыз да жоқ оның үстіне. Бұл жерде қиындықтар болатынын бәрі айтты. Келген бетте банк картам бұғатталып қалды. Маған «мұнда қарақшылар көп, ақшаңды тонап кетеді» деп ескерткен. Құдайға шүкір, ондай болмады. Бірақ қиындықтардан өттім. Бұл аралдың өз кармасы бар. Біреуге жағады, біреуге жақпайды. Қазір бәрі реттелді. Мұндағы мектеп гуманды жүйеге негізделген. Арнайы мектеп формасы, үй тапсырмасы, кітап арқалау деген атымен жоқ.  

Жұмыс, бюджет және байлардың қарапайымдылығы

Балиде Сәуле клиенттеріне түрлі кеңес береді,  рухани тәжірибесімен бөліседі, тантра жүрегімді тыңдауды үйретті, соның арқасында өмірге қайта келгендей болдым, енді өз білімімді бөлісуге дайынмын дейді.

– Балидегі өмір Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Азық-түлік, жеміс-жидектер бағасы арзан, 4 мезгілге арнап киім алудың қажеті жоқ. Мұнда жалаң аяқ та жүре береді. Мен мұнда бренд киім мен Диор-дың сөмкесімен келгем. Айналамдағылар тегіс күлді, айтуларынша, бұл жерде ешкім сенің үстіңдегі шүберекке мән бермейді.

Қазақстанда адам көркі шүберек дегенді жиі айтады. Ал мұнда байлардың өзі бір долларлық сланцымен емін-еркін жүре береді. 

– Бұл жерде сіздің қалай киінгеніңіз немесе қандай вилла жалдағаныңыз емес, жаныңыз бен өмірлік тәжірибеңіз бағаланады. Мен баспанаға айына 1000 доллар төлеймін. Аптасына азық-түлікке 26 мың теңге жұмсаймын. Үш адамға арналған кәрзеңкеде шұжық, мұнда қымбат тұратын сиыр еті, тауық еті, жұмыртқа, жеміс-жидек бар, бірақ мұнда аш қалмайсың – көршілер де көмек қолын созады. 

Қазақстанда не жақсы?

Жер бетіндегі жұмақ саналған Бали аралының өз кемшіліктері де бар екен. Сәуленің айтуынша, мұнда медицина дамымаған. Қазақстан медицинасын осында келіп мойындадым дейді Сәуле. 

Тіпті МРТ аппараттары да жоқ, дәрігерлері сауатсыз. Қазақстандық дәрігерлер оқыған-тоқыған ғой дейді кейіпкеріміз. 

Бірақ соған қарамастан, Сәуле Қазақстанға қайтқысы жоқ. 

Қазақстанда біреудің өмірін әңгіме етуге дайын тұрады, оның киген киімін, тұрмысын, қалтасындағы ақшасына дейін. Ал мұнда әркім өз шаруасымен ғана айналысады. Ешкімде ешкімнің шатағы жоқ. Қазақстанда ақша құдай сияқты. Бәрі соған табынып кеткен. Ал Бали аралында әйелдердің қадірін біледі, бағалайды. Сәуленің бұрынғы күйеуі қазір екінші отбасымен тұрады. Сәулеге одан айына алимент ретінде 130 мың теңге ғана түседі. Балаларына еш назар аудармайды екен. 

– Бұлай болмауы керек, балалар әкелеріне өздері хабарласады, смс жазады, ал оған екі сомың бір тиын. Балаларына еш мән бермейді. 

Сәуленің айтуынша, Қазақстанда ұл балаларға ерекше мән береді. Туғаннан бастап оны көкке көтереді. Бала есейіп, ер жеткенде сол биіктен түсе алмай қалады. Жауапкершілік, отбасына жауапкершілік дегенді үйрету керек. 

Жердегі жұмақ

Индонезия – мұсылман елі, бірақ балилықтар индуизмнің жергілікті нұсқасы - Агама Хинду Дхарма дегенді ұстанады. Олар табысының 60 пайызын діни жөн-жора мен рәсімдерге береді. Бали бақытты арал деп аталады, өйткені мұнда туризм бар, сол арқылы табыс та бар. Мұнда тұратындар өте ашық, ақжарқын, дейді Сәуле.

– Олар барлығын емен-жарқын қарсы алады және бұл салыстырмалы түрде қауіпсіз, сондықтан адамдар мұнда келгенді жақсы көреді. Бали өте танымал орынға айналды, кейде осының бәрі шағын аралға қалай сыйып жатыр деп ойлайсың. Мұнда қытайлар, аустралиялықтар, американдықтар келеді...

Балиде балаларды ерекше жақсы көреді. Ешкім ешкімді күстаналамайды, артынан сөз етпейді, адамды адам болғаны үшін құрметтейді. Мүмкін осындай жақсы ниеттері үшін Жаратушы оларға жердегі жұмақты нәсіп еткен шығар, - дейді Сәуле.