Бекжан Пiрматов: «Біз үшін клиент сенімі маңызды»

Ulysmedia

Аз болсын, көп болсын, әйтеуір қолымызға ақша тисе, оны сақтауды банкке сеніп тапсырамыз. Неге? Өйткені бар шаруамыз банкпен тікелей байланысты. Бала ақшасын, жалақыны, жәрдемақыны, зейнетақыны осынау қаржы институты арқылы алып отырмыз. Тіпті келешекте керек болады деген сеніммен барымызды депозитте сақтаймыз. Айтпағымыз,  қаласақ та, қаламасақ та банктермен жұмыс істеуге мәжбүрміз. Олай болса, аталған сектордың ішкі кухнясын бес саусағындай білетін маманмен сұхбатымызды көріп шығыңыз. 

Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Берікқызы ForteBank басқарма төрағасы, Қазақстандағы ең жас банкир Пiрматов Бекжан Олжаұлымен сұхбаттасты. Банкке «керек болмаған» қазақ тілі, банкирлердің сараңдығы, т.б. банк төңірегіндегі әңгімелер материалда.

Коллаж: ulysmedia.kz.

«Дарақы жомарттықтан, сарабдал сараңдық артық»

Банк ретінде біз салымшылардың қаражатының бір бөлігін несие ретінде береміз дейді банк басшысы. Ол – банктің ең басты функциясының бірі.

– Мысалы, несие алуға бізге 100 адам келсе, біз олардың төлем қабілетін тексереміз. Шамамен отызына несие береміз, қалған жетпісіне несие беруден бас тартамыз. Өйткені біз несиені уақытылы қайтара алмасақ, салымшыларға да ақшасын қайтара алмаймыз. Сондықтан ол банк үшін үлкен жауапкершілік. Сол себепті несие сұрап келгендердің 70 пайына қарыз бермегеннен кейін олар бізді сараң деп айтады. Өз ақшаң болса, оны қалай пайдалансаң да ешкім кінәламайды. Ал біреудің салған ақшасына жауапкершілік болады. Өйткені сұрауы бар. Сараңдық біздің кәсіби қырымыз дейтінім сондықтан, – дейді Бекжан Пірматов.

– Қазір басында несиесі жоқ адам аз елімізде. Жағдай неліктен осылай болды?

– "Риск аппетит" деген ұғым бар. Әр банктің өз риск аппетиті болады. Бұл сіз қанша мол табыс тапқыңыз келеді, яғни тәбетіңіз қандай, қай шамаға дейін тәуекел ете аласыз деген сөз. Яғни, банктің бизнес моделі. Қазақстанда қазір жеке тұлғаларға несие берудің ең жоғары мөлшері - 56%. Агенттік талабы осындай. Қазір бұл пайызды төмендетейін деп жатыр елімізде. Біз де бұл саясатты қолдаймыз. Forte банкте орта есеппен алғанда 28-30% аралығында. Қазір базалық мөлшерлеме түсіп келе жатыр. Ол түссе, бізде несие бағасы тағы төмендейді. Сөз басында айттым, әр банктің бизнес моделі әртүрлі деп. Кейбір банктер 56 пайызбен береді. Тәуекел етеді. Себебі екі адамның бірі қайтарса, соның есебінен екінші адамға кеткен шығын жабылады. Яғни, тәуекел ақталады. Статистикаға сенсек, елімізде 9,5 млн.адам еңбекке жарамды. Бірінші кредиттік бюро жыл басында Қазақстанда 7,8 млн.адамның басында несие бар екенін мәлімдеді. Адам санына шаққанда өте жоғары. Осы 7,8-дің 1,5 млн-ы несиелерін төлей алмай жүр. Оның бәрі банктің клиенттері емес, жартысы микронесие алғандар. Халықаралық стандартпен санасақ, онда екі көрсеткіш бар, несие көп пе, аз ба дегенді санау үшін.

1) сіз табысыңыздың қанша пайызын несие жабуға жұмсайсыз;

2) жеке тұлғалардың несие портфелін елдің жалпы ішкі өніміне шаққанда (ВВП) қанша шығады.

Екі тәсілмен де есептеп қарағанда, басқа елдермен салыстырғанда бізде ондай көп емес.

Қазір несиеге қатысты заңдық нормалар қарастырылып жатыр. Несие беру саясаты өзгеріске түседі. Біз банкке келген адамдардың тек 30% пайызына ғана несие береміз дедім. Егер талаптар қатаңдайтын болса, онда көп адам несие ала алмай қалады. Сонда олар керек ақшаны қайдан алады, кімнен сұрайды? Криминалға баруы мүмкін. Сондықтан тосқауыл қойғанша, керісінше, халықтың табысын арттыруды ойлауымыз керек.

– Несиені кімдер алады?

– Жоғары пайыздық мөлшерлеме не екенін түсінбей алатындар бар несиені. Екіншіден, амалы жоқтар. Олардың айлық табысы төмен. Оларға ақша жетпейді. Мемлекет осы екінші категориядағы адамдардың табысын арттыруды ойласа екен деймін.

Былтыр "Халық" банкі "Аманат" партиясымен бірге "Қарызсыз қоғам" атты әлеуметтік жобаны қолға алды. Әртүрлі ұйымдардағы қызметкерлерге несие туралы білім береді. Пайызды қалай есептеу керектігін үйретеді. Біз де бұған қолдау білдіріп, биыл 200 млн.теңгені жұмсадық.

– Банкроттық жариялау туралы заң қабылданды. Заң тиімді болды ма? Меніңше, тиімділігін дәлелдей алмай тұр. Себебі өзін банкротпын деп жариялағандар саны аздау...

– Былтыр бірінші қаңтарға дейін сексен мың адам өзін банкрот деп жариялау туралы өтініш жазған. Соның тоғыз мыңына рұқсат берілген. Мұндай заң Ресейде бұрынырақ қабылданды. Бірақ оларда да миллиондап банкрот болып жатқандар жоқ. Себебі заңда банкрот деп жариялаудың бірнеше талабы бар. Біріншіден, 12 ай ішінде несие төлейтін мүмкіндігіңіз болмауы керек. Екіншіден, сізде ешқандай мүлік болмауы тиіс. Банкроттық жарияланғаннан кейін органдар сізді үш жыл қадағалап отырады. Мүлік сатып алды ма, алмады ма деп. Сіз шетелге шыға алмайсыз. Бірнеше жыл кредит ала алмай жүресіз. Сондықтан банкрот болмас бұрын сіз бәрін түсініп, жауапкершілікпен келуіңіз керек.  Заң шыққанда көбісі: "несиемді төлемей, банкрот бола салам, сосын қайта несие алам" деп ойлады. Меніңше, заң шыққаннан кейін біраз адам барды, оларға түсіндірді, қандай тосқауылдар болатынын айтты. Содан кейін адамдар "банкроттыққа" қызықпайтын болды.

Біздің банкке 2500-дей адам жүгінді осындай өтінішпен. Оның 12%-ның өтініші қанағаттандырылды. Бірақ оны біз шешпейміз, мұнымен арнайы органдар айналысады. Еговтан өтініш береді. Егер банк алдындағы қарызыңыз 5,5 млн.теңгеге дейін болса, оны сотқа бармай-ақ шешуге болады. Ал ол суммадан көп болса, оны сот арқылы шешеді. Ол ұзақ процесс.

Банк ғимаратындағы отандық суретшілердің галереясы

Банк 2016 жылы ашылғаннан бері сурет галереясын жасап келеді. Жылына бұл жерде 6 көрме өтеді. Жергілікті суретшілерді қолдау үшін жыл сайын 70-80 млн.теңге шамасында қаржы бөлеміз.

Тегін wi-fi

Ғимаратта коворкинг жұмыс істейді. Интернет тегін. Кофе ғана сатып алсаңыз болады. Банк қызметкерлеріне жеңілдік қарастырылған.

Рейтинг

Халықаралық рейтингтің жергілікті банк аталымы бойынша Forte банк үшінші позицияда тұр. Бірінші ол Халық банк, екінші орында Каспи бар. Жалпы рейтингте банктің тұрақтылығы ескеріледі.

Абай ұлағаты

Банк ғимаратының ең жоғары қабатында Абай Құнанбайұлының арнайы стенді бар. Мұнда: "Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап" деген ұлағатты сөзі жазылған.

 

Шетелдік банктерге барғанда осындай стендтерді көретінмін. Мотивация үшін жетістікке жеткен тұлғалардың, тарихи тұлғалардың сөзі жазулы тұрады. Екі жыл бұрын басшы болып тағайындалғанда осы сөзді арнайы жазғыздым. Бізде көбісі біреу сырттан көмектессе деп ойлайды. Мемлекет, қоғам, көршілер, ауылдастар. Ал Абай айтады өзіңе сен деп. Өзіңнің білімің мен еңбегіңе сен дейді. Сондықтан бұл тәмсіл бізге үлгі болуы керек.

– Сіздің карьералық өсуіңізді ағаңыздың креслосымен байланыстырып жатады. Қаншалықты рас?

– Мен банк саласында 2004 жылдан бері жұмыс істеймін. Фортеге 2020 жылы ауыстым. Ағам Ұлттық банкке басшы болып 2022 жылдың басында тағайындалды. Мен басшы болып Forte-ге 2022 жылдың ортасында тағайындалдым. Бұл жерде былай: Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің жұмысына араласа алмайды. Қаржы нарығын реттеу агенттігі деген бар. Ол жерде Мәдина Әбілқасымова басшылық етеді. Біз солармен тығыз жұмыс істейміз. Басқа банктер секілді біз де ақшамыздың бір бөлігін Ұлттық банкте сақтаймыз. Яғни, Ұлттық банкпен тікелей байланысымыз жоқ. Өзге банктерден бөле-жара қарамайды. Өйткені бәрі ашық жүреді. Және айта кетейін, үлкен ағам Ұлттық банктегі қызметінен кетті.

– Банк саласындағы карьераңыз...

– 2004 жылы үшінші курста, Нархозда оқып жүргенде банкке жұмысқа тұрдым. Оған ағамның ақылы себеп болды. Ол маған жұмысқа төртінші курсты бітіріп емес, үшінші курс оқып жүріп те кіре бер деді. Өйткені қатарластарыңнан бір жыл болса да алда боласың дегенді айтты. Резюмемді қаладағы түрлі мекемелерге аяқтай апардым. Сол кезде "Банк Каспийский" деп аталады, қазіргі Каспи банк, сол банкте үш ай тегін жұмыс істедім. Кейін жұмысқа шақырды. Төртінші курста мен басқа банкке ауыстым. Жалақым да көбейді. 2008 жылы шетелге оқуға түстім. "Болашақ" арқылы барып келдім. Оқудан кейін шетелдік банктердің Қазақстандағы бөлімшелерінде жұмыс істедім. Міне, Forte банкке дейінгі қызметтік жолым қысқаша айтқанда осындай.

– Банкир кабинеті қандай?

– Ерекшелігі: шефтің кабинеті шыны қабырғадан жасалған. Яғни, қызметкерлер басшының немен айналысып отырғанын көріп отырады. Жасыратын ештеңем жоқ, бізде бәрі ашық дейді банкирдің өзі. Хатшы жоқ, көмекші ғана бар. Қабылдау, демалу бөлмесі деген атымен жоқ. Ортақ лифтіні қолданады. Кабинетінде қымбат жиһаз жоқ. Банкирдің кабинеті мұндай қарапайым болады деп кім ойлаған?

– Жиналыстар қай тілде өтеді?

 Әртүрлі. Өңірлердің директорларымен қазақ тілінде, қазақша білмейтіндермен орысша, шетелдік әріптестермен ағылшын тілінде сөйлесемін.

– Forte банкте Қазақстан бойынша қанша қызметкер бар?

– 4000-нан астам адам. Штат бойынша - 4200.

– Fortе деген қандай мағынаны білдіреді?

– Сенің мықты жағың, күш беретін мықты қасиетің дегенді білдіреді.

Цифрландыру

2016 жылы клиенттеріміз банк қызметінің тек 5% ғана интернет арқылы алатын. Қазір 85%- дан астам қызмет мобильді қосымша арқылы көрсетіледі. Адами капитал, фактор қай-қай жұмыста да маңызды рөл атқарады. Ол банкте де солай. Бірақ заманның үздік туындыларын пайдалану керек. Цифрландыру жаңа мамандықтарға деген сұранысты арттырады. Цифрландыру бағыты бойынша 500-ден астам қызметкеріміз бар. Соңғы он жыл ішінде клиенттік базамыз екі есе ұлғайды. Ал банк қызметкерлерінің саны он пайызға ғана көбейді. Егер цифрландыру болмаса, клиент екі есе өскенде, қызметкерлер саны да осыншама артуы керек болар еді. Бірақ цифрландырудың арқасында біз банк қызметкерлерінің санын тек он пайызға ғана өсірдік. Қалған жұмыс цифрландыру шараларының арқасында орындалып жатыр.

Қазақ тілі керек пе, керек емес пе?

– Өзіңіз білесіз, мамырдың басында әлеуметтік желіде қызу талқыланған тақырыптың бірі - Forte банктің бос жұмыс орнына жариялаған конкурсы. Онда қазақ тілін білу маңызды емес деген пункт болды. Қазақ қоғамы осыған қатты ашуланды. Жағдайды банктің басшысы ретінде өз аузыңыздан естісек. Неге бұлай болды?

– Біздің тарапымыздан сондай қателік кетті. Оны мойындаймыз. 4000-нан астам адам жұмыс істейді дедім, жылына орта есеппен 800-900 адам ауысып отырады. Сол орынға жаңа адамдарды тарту үшін, түрлі платформаларға жарнама береміз. Қызметкер бірден табыла бермейді. Жарнамамызды екі не үш рет қайталап саламыз. Мысалы, соңғы жылда 1600 рет жарияланды. Осындай кезде қателік кетті.

– Қателескен сіздің банктің қызметкері ме?

– Біз 1600 хабарландыруды адам күшімен емес, роботизация көмегімен жасаймыз деп шешкенбіз. Ал оған керек мәліметтерді қызметкерлер дайындайды. Хабарландыру беруді ІТ мамандары дайындап салған. ІТ деген бағдарламалаушылар ғой. Олар қазақ тілі керек емес деп жазып жіберген. Ал роботизация қандай мәлімет бар, сонымен вакансиялар платформасына салған. Яғни, адами фактор екенін мойындаймыз. Өзіміздің ішкі процестерімізге өзгеріс енгіздік. Қатемізді түзеттік. Осы қателігіміздің "арқасында" басқа да құжаттарымызды тексеріп жатырмыз. Дұрыс аударма болсын деп сайтымызда да қатемен жұмыс жүргіздік.

– Forte банкке жұмысқа кіру үшін қазақ тілін білу міндетті ме?

– Әрине, Қазақстанда жұмыс істеп отырмыз. Клиенттерге қызмет көрсететін секторда қазақ тілін білетін қызметкерлер жұмыс істейді. Біз үшін клиент маңызды. Егер клиентіміз керек сұрағына жауап ала алмай кетсе, коммерциялық құрылым болғандықтан, ол бізге тиімсіз.

– Соңғы он жыл көлемінде банктер саны азайды деген пікір бар. Бұл нені білдіреді? 20 млн.халқы бар Қазақстан үшін біздегі банктер саны жеткілікті ме?

– Он жыл ішінде банктер саны екі есе азайды. 38 болатын, қазір 20-сы қалды. Халықаралық статистикада, 100 мың ересек адамға қанша банк бөлімшесі бар, сол есептеледі. Мысалы, Францияда 100 мың ересек адамға 30 банк бөлімшесінен келеді. Америкада, егер қателеспесем, 50-дей банк филиалынан келеді. Қазақстанда 12-ден келеді. Ол бір жағынан цифрландырудың арқасы. Өзбекстан, Ресейге қарағанда цифрландыру Қазақстанда ілгері жүріп жатыр. Банк бөлімшесін ұстап отыру шығыны көп, сол себеп болуы мүмкін. Қазіргі 20 банк те аз емес. Оның он шақтысы ғана жеке тұлғалармен жұмыс істейді. Қалғаны корпоративтік қызмет көрсетеді. Әрине, бәсекелестік болса, ол сапаға оң әсер етеді.

– Цифрландыру банк секторындағы жұмысты жеңілдетті, алайда қауіпсіздік мәселесіне келгенде, кемшін тұстары көп. Алаяқтық көбейді, жеке мәліметтердің таралып кетуі...

– Дұрыс айтасыз. Цифрландырумен бірге алаяқтар да өз кәсіби машықтарын жетілдіріп жатыр. Онлайн қызмет арқылы алаяқтық жасауды үйренді. Алаяқтық тек банк секторында ғана емес, қаржылық пирамидалар да бар. Көмекке деп ақша жинайды, т.б. Біз түрлі жағдаяттарды ескеріп, көп өзгеріс енгіздік. Бізде алаяқтыққа қарсы департамент бар. Оған шетелден мамандарды, бағдарламаларды алып келдік. Бірақ біздің мобильдік қосымшаның ақауынан емес, ол клиенттеріміздің аңғалдығынан болып отыр. Біз қазір былай жасаймыз: клиент онлайн кредит алса, біз оған телефон соғамыз. Сіз осындай суммада несие алып жатырсыз. Расымен бұл сіз бе? Оның жауапкершілігін білесіз бе деп сұраймыз. Әңгіме жазылып алынады. Сақталады. Егер клиент "иә, мен несиені өзім алып отырмын" деп растаса, бірнеше уақыттан кейін ғана ақшаны босатамыз. Соның арқасында алаяқтық әрекеттері он еседей азайды.

– "Банк лопнул" деген идиома бар... Осы сөздің төркіні қайдан шыққан?

– Біздің елде де біраз банктер жабылды. Біз салымшылардан ақша жинаймыз. Олар өз капиталын бізге сеніп тапсырады. Ол ақшаның белгілі мөлшерін кредит ретінде береміз. Бірнеше бөлігін құнды қағаздарға саламыз. Қалған бөлігін Ұлттық банкке сақтаймыз. Себебі салымшылар кез келген уақытта өз ақшасын сұрауы мүмкін. Сондықтан бізде әрқашан бос ақша болуы кереу. "Банк лопнул" дегеніміз салымшыға ақшасын қайтара алмай қалу. Банк несиені шамадан тыс көп берсе, бұл да осы айтып отырған жағдайға алып келеді. Forte-де несие портфелі бүкіл активтеріміздің 45 пайызын құрайды. Орта есеппен алып қарасақ, банктерде 55-57 пайыз. Біз үшін клиент сенімі маңызды. Сондықтан біз несиені бәріне емес, төлем қабілеті бар адамдарға таңдап береміз.

– Ресейге салынған санкциялар банктеріңізге әсер етті ме?

– Жұмысымызға әсер етті. Көрші болғандықтан,  сауда-саттық болады. Оны бір күнде не бір айда тоқтату мүмкін емес. Өзіңіз білесіз, сауда-саттық төлемдері банктер арқылы жүреді. Ал санкция орындалып жатқанын банк саласы арқылы тексереді. Ақша аударылған жоқ па деп, тексеріп отырады. Сондықтан санкцияға түсіп қалмау үшін біз де өз тарапымыздан тексеруді екі ксе күшейттік. Төлем жасаған клиент кім, оның бизнесі Ресеймен қатысты ма деген сияқты. Соғысқа қатысты тауар бар ма, жоқ па... ол көп уақытты алады. Қызметкерлер саны өсті деп айттым. Оларға айлық төлеу керек. Екі жыл өтті. Менің ойымша, біздегі банктер жағдайдан шығудың жолын үйренді. Егер төлемдерді тексермей жібере бергенде, біздің банктеріміз де санкцияның астында қалатын еді.

– Банктің әлеуметтік жауапкершілігі туралы не айтар едіңіз. Биылғы су тасқыны сияқты...

– Өнер саласында, жаңа айтып өткенімдей, сурет галереясына, суретшілерге қолдау жасаймыз, спортта Теннис федерациясымен бірлесіп, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырамыз. Алматы облысында (Есік қаласында) жалпы құны 8 млрд.теңге болатын үлкен заманауи мектеп салып жатырмыз. Былтыр орман өрті кезінде де көмектестік. Банктің құрылтайшысы Болат Өтемұратов. Оның банктен бөлек өзінің атында қор бар. Су тасқынына қарсы шараларға 10 млрд.680 млн.теңге жіберді. Бұл сома Forte банктің де табысынан алынған. Қазір су тасқынынан зардап шеккендерге қалталы азаматтар жан-жақты көмектесіп жатыр. Б.Өтемұратов Ақтөбе облысына көмектеседі. Өңірдегі 419 отбасыға үй сатып әпереді.

– Депозит ашу үшін сіздің банк жайында клиент нені білуі керек?

– Біздің сыйақы өте жоғары да емес, төмен де емес, орта деңгей. Себебі депозит иелеріне жоғары мөлшерде сыйақы берсек, онда оның есесін кредиттен алуымыз керек. Яғни, несиенің пайызы артады. Сондықтан біз орта деңгеймен есептеп, 14-15%-бен есептейміз.

– Қандай валютамен сақтаған тиімді?

– Бізде клиенттердің 70%-ы теңгемен сақтайды. Соңғы екі жылда доллар бағамы қатты өзгере қоймады. Тұрақтылық бар. Мұндайда теңгемен сақтаған тиімді. Өйткені доллармен сақтасаңыз, 1%, ал теңгемен сақтасаңыз, 14-15% аласыз.

– Сұқбатыңызға көп рахмет! Сіз бен біз  «банкирлер өте сараң келеді» деген стереотипті жойған секілдіміз. Біздің осы эфирімізден кейін отандастарымыздың банк жүйесіне деген сенімі мен қызығушылығы артады деп үміттенемін.