АЭС салуда Росатомды таңдау қолайсыз кезеңде жасалған шешім болмақ – Тоғжан Қасенова

Ulysmedia

«Атом улаған дала» кітабының авторы, саясаттану ғылымдарының докторы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі маман, Олбани университетінің (SUNY-Albany) Саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенова Қазақстанның АЭС салуда «Росатомды» серіктес ретінде таңдаса – қазіргі уақыт ең қолайсыз кезең деп есептейді. Бұл пікірді ол Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұқбатында айтты.

Ulysmedia коллажы

РЕФЕРЕНДУМ КӨҢІЛГЕ “ҚАЯУ ТҮСІРЕДІ”

– «Росатомның» еншілес компаниялары санкцияларға ұшыраған, бұл «Росатомға» кейбір компоненттерді алуда қиындықтар туғызады. Сонымен қатар Қазақстан Украина сияқты тәуелсіз мемлекеттің атомдық бейбіт жобасына ресейлік әскерилер мен «Росатом» өкілдерінің қатысып жатқанын елемеуі мүмкін емес. Қазақстан бұған көз жұмып қарай алмайды», – деп атап өтті Қасенова.

Оның айтуынша, дәл қазір мұндай шешім қабылдау мүлде дұрыс емес. АЭС құрылысы бойынша өткен референдумның нәтижесі көңіл көншітпейді. Ғалымның пікірінше, Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша өткен референдум «көңілге қаяу түсіреді».

– Референдумның қалай өткеніне, халықтың оның нәтижелеріне сенбеуіне қарағанда, бұл жағдайды жақсартудың орнына, нашарлатты деп ойлаймын. Ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану туралы халыққа түсіндіру, үкімет пен халық арасындағы, үкімет пен азаматтық белсенділер арасындағы өзара сенімді арттыру үшін бұл процесс маңызды болатын. Бірақ референдум кезіндегі пікірталастар көңілге жағымсыз әсер қалдырды, – деді ол.

Росатомды серіктес ретінде таңдауды қайта қарау қажет

Доктор Қасенова  жаһандық ядролық жүйеде өзін жақсы жағынан танытқан ел ретінде Қазақстанның «Росатомды» серіктес ретінде таңдаудан бұрын бірнеше рет ойланып, бұл шешімді қайта қарауы керек деп есептейді.

АЭС ҚАЛДЫҚТАРЫН САҚТАУ: НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК

Тоғжан Қасенова АЭС қызметінен туындайтын қалдықтарды тұрақты көму мәселесі әлемнің ешбір елінде әлі шешімін таппағанын да ескертеді.

– Ядролық қалдықтарды тұрақты түрде көму мәселесі ешбір елде шешілген жоқ. Қалдықтар болмайды деп айту – шындықты шамадан тыс бұрмалау. Бұл мәселе шешілмеген. Ұзақ мерзімді сақтау үшін технологиялар бар, бірақ қалдықтарды түпкілікті көмуге арналған технологиялар жоқ, – деді доктор Қасенова.

Сақтау стандарттары сақталған жағдайда қауіп азаяды. Сонымен қатар ол ұзақмерзімді сақталатын қалдықтардан қауіптенудің қажеті жоқтығын, бірақ тек сақтау стандарттары толық орындалған жағдайда ғана алаңдамауға болатынын атап өтті.

– Мұнда басты сұрақ – стандарттар сақтала ма? Егер сақталса, бұл жағдай орасан зор қауіп төндірмейді, – деді ол.

Қоғам мен үкімет арасындағы сенімсіздік мәселені ушықтырады.

Доктор Қасенова бұл мәселеде халықтың үкіметке деген сенімсіздігі салдарынан пікірталастардың «агрессивті сипат алып», шектен тыс радикалданып жатқанын айтты. Ал, шын мәнінде, көму процесінен туындайтын қауіп минималды болуы мүмкін, бірақ бұл тек барлық стандарттар толық орындалған жағдайда ғана мүмкін.

“ТЫҢДАЙТЫН МЕМЛЕКЕТ”?

– Егер біз АЭС мәселесіне оралсақ, биліктің «тыңдайтын мемлекет» қағидатын көрсететін мүмкіндігі болды. Бірақ нәтижесінде бұл оның ең жақсы мысалы болмады. Қазақстанның сыртқы саясатына жоғары баға берер едім, бірақ ішкі саясатқа қатысты жағдай күрделі. Мен бұл саланың маманы емеспін, бірақ байқап отырған кейбір мәселелерде жақсарту қажет, – деді доктор Қасенова.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі үміттер мен реформалар жайлы айтқан сарапшының пікірінше, Қазақстанда реформаларға үлкен үміт артылған.

– Реформалардың кейбірін байқадым. Бірақ олардың жылдамдығы мен ауқымы, сондай-ақ азаматтық қоғамды тарту деңгейі күтілген нәтижеге жеткен жоқ, – деп атап өтті ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көре аласыз.