Жеке сот орындаушылары және психология: борышкерлер неге сот орындаушыларын жақтырмайды

Ulysmedia

Соңғы уақытта жеке сот орындаушылары (ЧСИ) институтын жоюды талап еткен петиция жарияланды. Қазақстандықтардың ЖСО-на наразылығы көбінесе борышты өндіріп алу әдістерімен байланысты. Халықтың ЖСО-на деген наразылығы жайдан-жай туындап отырған жоқ. Бұған қатысты дау-дамай өршімесе, басылғанын көргеніміз де жоқ. Тіпті арты қайғылы оқиғаға соқтырған жайттар да бар. Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының басқарма төрағасы Айдос Иманбаев жағдайды өзі тәптіштеп түсіндіріп беруге келісіп, Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға сұқбат берді. Сұқбатта ол барлық сынға толыққанды жауап беріп,  жеке сот орындаушыларының қоғамға зияннан гөрі пайдасы көп екенін дәлелдеуге тырысты.

Ulysmedia коллажы

ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ИНСТИТУТЫНА ҚАРСЫ ПЕТИЦИЯ

– Сіз петицияда айтылған талаптарды қалай қабылдадыңыз, петиция авторларымен келісесіз бе?

– Біріншіден, петиция – адамның сөз бостандығына деген конституциялық құқығы және өз пікірін мәдениетті әрі лигитимді жеткізу құралы. ЖСО-на қатысты петицияға келетін болсақ, бұл жеке сот орындаушыларының қызметін жабу туралы бірінші петиция емес екенін айта кетейік. Ипотекалық қоғамдастық екі жыл бойы дәл осындай бастама көтеріп келеді. ЖСО-ын таратуды, негізінен,  банктерге қарызы бар, кепілде жылжымайтын мүлкі бар адамдар ерекше қалап отыр. Соңғы петицияны жуырда ғана құрылған «Қазақстан ерлер альянсы» жариялаған. Оның құрамында алимент бойынша борышкерлер бар. Ең белсенді мүшелерінің бірінің қарызы бес миллионнан асады.

– Бұл дәлелденген ақпарат па?

– Алматы облысындағы бір азаматтың бала-шағасы алдында осындай сомада қарызы бары анықталды. Сот орындаушысының қаулысы бар. Олар сонымен бірге жалпы алимент өндіруге қарсы петиция жариялауға тырысқан. Өзіңіз ойланып қараңызшы, бұл қаншалықты ақылға қонымды? Сондықтан бұл петиция қажетті дауыс жинаған күннің өзінде мемлекет мұндай идеяны қолдайтынына күмәнім бар.

– Яғни адам бала-шағасына 5 млн теңге қарыз, ал сіздер оны өндіре алмай отырсыздар ғой, солай ма?

– Алиментке қатысты бізде бөлек әңгіме. Қазір 300 мыңдай құжат сот орындаушыларының қолында.  Осы сот шешімдерінің шамамен 90 пайызы еш қиындықсыз орындалады. Ал 10 пайызы, яғни 30 мыңдай борышкер алиментті не төлей алмайды, не төлегісі келмейді.

ЕГЕР ТӨЛЕЙТІН АҚШАСЫ БОЛМАСА

– Сонда не істеу керек? Ату керек пе, абақтыға отырғызу керек пе?

– Мәселе онда емес. Егер борышкер жұмыс істемесе, бұл заңда қарастырылмаған болса да, бізде әрекет ету алгоритмі бар. Сот орындаушысы, ең алдымен, оны жұмысқа тұрғызуға тырысады және оған жұмыс тауып береді. Осы жылы біз 4000-ға жуық борышкерді жұмысқа орналастырдық. Ал борышкер жұмыс істегісі келмесе ше деген сұрақ туындауы мүмкін. Айта кетейік, ондай жағдайда сот орындаушысы оны әкімшілік жауапкершілікке тартады, егер бұл да көмектеспесе, қылмыстық жауапкершілікке тартады.

– Біздің әйелдер көп жағдайда кешірім беріп, алимент сұрамайтын шығар?

– Ондайлар да бар, мысалы, бұрынғы күйеуі сотталатын болса, бұл ертең балаларға да теріс әсер етуі мүмкін деп ойлайды. Өйткені егер алдын ала тергеу барысында борышкер алименттің бір бөлігін төлеген болса, онда іс сотқа жолданбайды. Яғни, ЖСО-ның қызметі көпшілік айтып жүргендей адамдарды қан қақсату емес, туындаған алимент мәселесін шешу.

– Қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі туындаған жағдайда ЖСО-ы түрлі қитұрқылыққа бара ма?

– Бізде сот орындаушыларының этикасы бойынша жұмыс істейтін комиссия бар және этика бұзылған фактілер болса, оны назардан тыс қалдырмаймыз. Оларды оқытамыз, психологтармен жұмыс істейді. Мұның бәрі заңмен қарастырылған.

– Қазақстанда қанша жеке сот орындаушысы бар?

– Қазіргі таңда 2100-ге жуық жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Билікті асыра пайдалану фактілері бар, біз оларды жасырмаймыз және материалдарды құқық қорғау органдарына өзіміз тапсырамыз. Биыл мұндай екі жағдай болды.

– Мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының айырмашылығы неде?

– Процессуалдық тұрғыдан алғанда ешқандай айырмашылық жоқ, бірдей функцияларды орындайды, өкілеттіктері бірдей деп айта аламыз, тек мемлекеттік орындаушы борышкерлерге қатысты әкімшілік хаттамаларды өзі толтыра алады, жеке сот орындаушысында ондай құқық жоқ. Екінші бір ерекшелігі – бұл істердің санаты бойынша. Яғни, мемлекеттік сот орындаушысы тек мемлекеттік мекемелерден және квазимемлекеттік сектордан мемлекет кірісі үшін 1000 АЕК-тен асатын соманы өндіріп алады, қалған санаттарды жеке сот орындаушылары реттейді. Бұл барлық істің 99%-ын құрайды.

ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ ҚАНША ТАБЫС ТАБАДЫ?

– Сот орындаушыларының жалақысы қандай немесе белгілі бір пайызын ала ма? Олар өз пайдасы үшін борышкерден «сындыруға» мүдделі ме? Жеке сот орындаушыларының өзін құдайдай сезінетін жағдайларын өз көзіммен көрдім де.

– Заң бар, ол заңдық негізде әрекет етеді. Бірақ, мысалы, егер азамат жол ережесін бұзып, камераға түсіп қалса, оған хабарлама келеді, хабарламада 7 күннің ішінде айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеуге болатыны айтылады.  Одан кейін 30 күн тағы уақыт беріледі. Жүйе осылай жұмыс істейді.

– Егер хабарлама келмесе, біздің есепшотымыз бірден бұғатталады. Менің ойымша, жүйе ЖСО-ның пайдасына жұмыс істейтін секілді.

– Енді бұл жерде жүйе сот орындаушысының пайдасына жұмыс істемейді . Ол тек сот актісін орындайды. Егер адам айыппұлын төлемесе, онда мәжбүрлеп өндіруден басқа шара қалмайды. Бізде жүйе цифрландырылып жатыр.  Соның ішінде атқарушылық өндірісті цифрландырудамыз. Іс қозғалған кезде автоматты түрде Egov-та тіркелген телефон нөміріне SMS жіберіледі, содан кейін сот орындаушысы прокурордың санкциясын алып, есепшотты бұғаттайды.

– Есепшоттарды бұғаттамай-ақ басқа амалын жасауға болмай ма?

– Керісінше, бұлай жасамаса, сот орындаушыларының өзі заң алдында жауап береді. Себебі қарызды төлемеген адамның ақшасы бұғатталуы тиіс, ол ақша өндіріліп алынбай тұрып, есепшоттан шешілсе, ЖСО уақытылы шаралар қабылдамағаны үшін заң алдында жауап береді. Жалақы мен материалдық ынталандыруға келетін болсақ, бұл, әрине, ең маңызды мотивация деп ойлаймын. Неліктен мемлекет ЖСО институтын құрды? Себебі мемлекеттік орындаушыларда ондай мүмкіндік болмады. Олар бір істі жаба ма, он істі жаба ма, бәрібір болатын.

– Қазір жалақылары қанша? Әр істен қанша пайыз алады?

– ЖСО сот актісінің жылдам орындалуына мүдделі, өйткені ол өздері үшін де тиімді. Іс жабылды, қарыз өтелді – оларға да пайызы түседі. Енді тегін жұмыс істемейді ғой. Бізде мемлекет белгілеген тарифтер бар, олар өндіріп алу көлеміне байланысты, яғни 3-тен 25 пайызға дейін.

Яғни, егер сома көп болса, онда ЖСО-на түсетін пайыз аз болады, солай ма?

– Иә, егер үлкен сома болса, онда пайыз да сәйкесінше аз, бірақ өндіріп алатын жеке сот орындаушысы ғана емес, бізде мемлекеттік сот орындаушысы да бар, егер ол соманың 100 пайызын өндіріп алса, мемлекет пайдасына тағы 10 пайызын өндіріп алады.

Бұдан 10-12 жыл бұрын тек мемлекеттік сот орындаушылары жұмыс істеген кезде республика бойынша млн-ға жуық іс болатын. Қазір олардың саны 9 млн-ға жетті, яғни жүктеме артты. Осы 9 млн істің 3 млн-ға жуығы тұтынушылық несиеге байланысты істер.

БОРЫШКЕРЛЕР

– Орташа алғанда, бір борышкерге қаншадан келеді?

   – Көп емес, 50-ден 300 мың теңгеге дейін. Кезінде несиені оңды-солды берді, адамның несие тарихына ешкім қараған жоқ. Шүлен таратқандай таратты. Биыл бұған ел президенті де назар аударды. Енді төлем мерзімі 90 күннен асатын қарыз алушы екінші рет несие ала алмайды. Адамдар жоғары пайыздық мөлшерлемеге қарамастан, несие алады, содан кейін кінәні сот орындаушысына аударады. Бірақ алған қарызды төлеу керек, басқа амал жоқ.

– Мысалы, адамды жалғыз баспанасынан айыру дұрыс па?

    – Егер азаматтың қарызы көп болса және оның атында баспана болса, ол оны сатуы керек. Жақында қоғам белсенділері мен депутаттар жалғыз баспананы сатуға тыйым салу мәселесін көтерді, бірақ әзірге бұл түзетулер қабылданған жоқ.

– Яғни, борышкердің басқа барар жері болмаса да, оның баспанасын тартып алуға бола ма?

   - Егер қарызды өтеу үшін баспананы сату туралы сот шешімі шықса, сот орындаушысы оны сатуға шығарады, ал ол азаматты үйден шығару мәселелері басқа процесс, басқа кезең, бірақ тағы да қайталап айтайын, сот қарызы бар адамның басқа баспанасы бар ма, жоқ па, оған қарамайды, шешім шығарады. Ал соңында кім жаман? Сот орындаушысы жаман. Тағы бір жайт, бұл күрделі процесті орындау әдістемесінің өзі шикі, бұл жерде сот орындаушысы көп жағдайда жалғыз қалады, бірақ бұл мемлекеттік органдардың – әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдары, сот орындаушылары, прокуратураның қатысуымен өтуі тиіс шара ғой. Бізде қалай? Сот шешімі шықты, оны сот орындаушысы орындауы керек, бітті.

ШАҒЫМДАР

– Сіздердің қызметтеріңізге қатысты әсіресе кәсіпкерлер шағымы көп екен. Мұны қалай түсіндіресіз?

– Заң барлығына бірдей, ал есепшоттарды бұғаттау бұл сот орындаушысының істеуі керек жұмысы, міндеті. Әрине, бұл бір жерде бизнеске тиімсіз болуы мүмкін, сондықтан атқарушылық өндіріс аясында да дауды тікелей контрагентпен, яғни қарыздар адаммен бейбіт жолмен шешу мүмкіндіктері бар.

– Сонда сіздер біздің барлық есепшоттарымызға қол жеткізе аласыздар ма?

– Есепшотты бұғаттауға рұқсатты тек прокурор береді. Оның санкциясынсыз ЖСО ештеңе жасай алмайды. Прокурор санкция береді, содан кейін тиісті соманы бұғаттау процесі жүреді. Біз бұл шоттарды көрмейміз, яғни біз, алдымен, банктен сұраймыз, банк бізге адамның осы банкте шоты бар-жоғын айтады, ал біз бұл ақшаның қайдан келгенін білмейміз.

– Биыл ЖСО қанша ақша өндірді?

– Биыл негізінен өсім бар – заңды және жеке тұлғалардың пайдасына шамамен 230 миллиард теңге өндірілді. Яғни, бұл сот орындаушыларының арқасында өндірілген сома.

АУЫР ПРОЦЕДУРА

– Жеке сот орындаушылар келіп, балаларды үйден қуып шыққан Әйтеновке қатысты оқиға есіңізде ме?

– Иә, есімде, бұл сот шешімімен көшіру болатын. ЖСО мұндай жұмыстарды амалсыз орындайды, өйткені одан жақсы атты бола алмайсың, жаман атқа қаласың. Бұған дейін мұндай істермен мемлекеттік органдар айналысуы керек деп айттым. Үйден шығаруға көп ақша төлемейді, ал оның психологиялық кері әсерін сөзбен айта алмаймын.

– Жеке сот орындаушысы сот шешімін орындамаса ше?

– Бұл тағы да сот орындаушысының өзіне ғана емес, борышкердің мүліктік жағдайына байланысты, егер оның ештеңесі болмаса, сот орындаушысы ештеңе істей алмайды, ол бұл құжатты өндіріп алушыға қайтарып, борышкерде ештеңе жоқ екенін айтады.

– Айтпақшы, өндіріп алушылар бар және жеке сот орындаушылары бар, олардың айырмашылығы неде?

– Екеуінің айырмашылығы бар. Өндіріп алушылық басқа заңдармен реттеледі. Олардың өкілеттігі жоқ, олар тек қоңырау шалып, төлемді талап ете алады, басқа әрекет ету құралдары жоқ. Бірақ бұл жерде тағы бір мәселе туындайды – кейбір коллекторлар өздерін ЖСО деп таныстырып, борышкерге ғана емес, оның туыстарына және жұмысына телефон соғады, содан кейін бізге азаматтардан шағымдар түседі, біз мұндай коллекторларға шара қолдану үшін уәкілетті органға шағым түсіреміз.

– Егер борышкердің шотында ақша болмаса, ЖСО қандай шаралар қолданады?

– Есепшотты бұғаттаумен қатар, мүлкін тәркілеу, мүлкіне тыйым салу секілді шаралар бар ғой. Егер борышкердің автокөлігі болса, оны тәркілейді, сосын оны сатып, қарызын жабады. Бұдан басқа, егер қарыз 40 АЕК-тен асса, онда сот орындаушысы борышкердің елден шығуына уақытша тыйым салуға міндетті. Бірақ бұл да соттың санкциясымен жасалады. ЖСО өздігінен жасай алмайды.

– Алты адам қаза тапқан алматылық атқыш Дужновтың резонансты оқиғасын еске түсірейікші. Сіздің ойыңызша, қайғылы оқиғаны болдырмауға болар ма еді?

– Сол кезде де сұрақтар көтерілді, бірақ бәрі бұрынғыдай қалды. Яғни, бұл мәселеде әзірге ілгерілеушілік жоқ, сот орындаушысы өз өмірі үшін қорқады, алайда ол сот шешімін орындауға міндетті. Соңғы 3 жылда 400 қызметкер жұмыстан өз еріктерімен кетті. Не үшін? Себебі қауіп бар. Жұрт бұлардың жұмысы рахат деп ойлайтын шығар, бірақ олай емес. Бұл жерде құқық қорғау органдары да атсалысуы керек.

ТЕКСЕРУ, ТҮЗЕТУ, ҚОРЫТЫНДЫ

– ЖСО институты 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде бірдеңе өзгерді ме?

– Заңнамалық деңгейде 2 жыл бұрын біз заңға түзетулер енгізуді ұсындық, біз Бас прокуратураның қатысуымен үш ірі тексеру жүргіздік, оның ішінде банктер мен коллекторлық ұйымдарға қатысты тексерулер бар. Біз барынша ашық жұмыс істеуге мүдделіміз. Біз шетелдік әріптестерімізбен байланыстамыз, себебі мұндай институт барлық елде бар. Мысалы, Ресей Федерациясында сот орындаушыларының күшті әскерилендірілген мемлекеттік қызметі жұмыс істейді - олардың барлығы форма киеді, олардың жеке ОМОН-ы бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір мың өндіріске оларда 25 шағым болса, бізде әрбір мыңнан бір шағым бар. Қырғызстанда да, Әзірбайжанда да сот орындаушылары арнайы формамен жүреді. Ондағы әріптестер біз жалақыны да, погонды да бердік, бірақ жемқорлық тыйылар емес. Сот шешімдерін орындамау туралы шағымдар көп, не істерімізді білмейміз дейді.

– Бізде барлық сот орындаушылар отыратын портал бар ма?

– Иә, барлық сот орындаушылары тек осы жүйеде ғана жұмыс істейді, барлық құжат тек электронды форматта өңделеді, қазір қағаз жүзінде ештеңе жоқ – арыз түссе, кеңсеге барып тексерудің қажеті жоқ – мұны қашықтан істеуге болады. Әрбір әрекет бәрі тексеріледі. Бұл бізге сенімгерлікпен берілген мемлекеттік жүйе, біз оны өз қаражатымызбен, дұрыс монетизация арқылы ұстап отырмыз, яғни, шамамен айтқанда, соңғы 5 жылда оның жұмыс істеуі үшін біз 3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсадық.

КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

– Петиция авторлары жеке сот орындаушылар қызметінің коммерциялық сипаты халықаралық және ұлттық заңнамаға қайшы келеді деп есептейді.

– Ешқандай қарама-қайшылықтар жоқ, институт қолданысқа енгізілгенде неше түрлі сараптамалардан өтті, соның ішінде Конституцияға сәйкестігі тексерілді. Осы саладағы ғалымдарымыз конституцияға қайшылықтар жоқ деген қорытындыға келді.

– «ЖСО-лары ойына келгенін істейді» деген стереотип қайдан пайда болды?

– ЖСО өз бетімен әрекет етпейді, оларды әділет органдары, прокуратура үнемі тексеріп отырады. Оларға ештеңе кедергі емес деген біреулердің ойдан шығарған әңгімесі.

– Петиция авторларының тағы бір уәжі – борышкерлерді қорғау шаралары жеткіліксіз.

– Бұл да қате пікір, мәселен, біздің заңда қандай тұлғаларға қатысты шара қолдануға болатыны анық жазылған, тіпті айталық, банктік шоттарға да – кейбір әлеуметтік төлемдерге және тағы басқаларға белгілі бір иммунитет бар, біз жәрдемақыға тиіспейміз, зейнетақыны 50% ұстауға болады, заң бәріне бірдей болу керек, мен түсінемін, бұлар зейнеткерлер, бірақ олардың да белгілі бір қарыздары бар, заңда бір нәрсе анық жазылған, егер заңда зейнетақыдан ұстауға болмайды деп белгіленсе, әрине, сот орындаушысы ұстамайтын еді, бірақ біз өзімізге қатысты заң ережелерін берік ұстанамыз.

– ЖСО-ның әрекетіне шектеулер енгізу, қамауға алуға тыйым салу және жалғыз баспананы, көлік жүргізу құқығын, ең төменгі кірісті, әлеуметтік төлемдерді қайтару туралы ұсыныс айтылуда. Бұған не дейсіз?

– Сот орындаушысының шара қолдануына қалай тыйым салуға болады? Сонда атқарушылық жүйеміз жұмыс істемейді, елімізде соттардың шешімдері орындалмаса, қандай құқықтық мемлекет туралы айтуға болады? Шешім орындалмаса, ешкім сотқа жүгінбейді. Мәселені бұлай қоймау керек. Егер мемлекет құқықтық мемлекет болса, онда барлық құқықтық тетіктер жұмыс істеуі керек, тіпті бұл мәжбүрлеу немесе басқа да шаралар болса да, бірақ осылай ғана мемлекет пен азаматтар белгіленген заңдар мен талаптарды сақтайды деп ойлаймын.

МЕМЛЕКЕТ АСЫҒЫП КЕТТІ

– Дегенмен бұған барынша өркениетті түрде қараған жөн секілді.

– Соңғы 3 жылда 79 жеке сот орындаушысы өрескел, оның ішінде этика нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылды. Біз өз арамыздағы кемшіліктерді жөндеуге мүдделіміз. Неліктен мұндай мәселе туындады? Институт құрылған кезде лицензия алу үшін Әділет министрлігіне келіп, вице-министр деңгейінде әңгімелесуден өтіп, 2015 жылы реформа жүргізді, бірақ бұл қате болды деп ойлаймын. Асығыс жасалды. Мемлекеттік сот орындаушыларының санын қысқартып, олардың алдында жатқан жылдар бойы орындалмаған істерді жеке сот орындаушыларына итере салды. Мемлекет ЖСО-ның мұндай қысымға шыдамай жатқанын біліп, жаңа қызметкерлерге қойылатын талапты тым жеңілдетіп жіберді. Енді құқық қорғау органдарында 5 жыл жұмыс істеген кез келген адам ол жерден лицензия ала алады, лицензиясын алып, емтихансыз жұмыс істей береді. Қазір бұл қателіктер түзетілді, 2016-2020 жылдар аралығында бізге жұмыс істеуге көшелерді патрульдеп жүргендер мен қылмыстық атқару жүйесінде істегендер ғана келді. Бұл реформа біздің институттың беделіне нұқсан келтіріп, оның ілгері басуына кедергі болды. Қазір жіберген қателіктер түзетілді. Жалпы, ЖСО-ның міндеті – кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға көмектесу.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz-тің YouTube арнасынан көре аласыз.