"Ауыл адам тіршілік ететін мекеннің ең соры, себебі онда кедей-кепшік, жолы болмағандар ғана тұрады деген пенденің аузы қалайша әлі күнге дейін қисайып кетпей жүр? Алтын бесік ауылымызды жамандап жатса, намысымызға тиеді, алайда оқу бітіріп, бойда жалын атып тұрған кезде ауылға еңбек етуге барасың ба десе, мұрнымызды тыржитатынымыз өтірік емес қой. Оның үстіне ресми деректер бойынша да ауыл тұрғындарының табысы қалалықтарға қарағанда екі есе төмен екен. Қазақстанда 6 280 ауыл бар, онда жеті миллионнан астам адам тұрады. Көпшілігінің басы ауырып, балтыры сыздай қалса шауып баратын медпункті түгілі, дәрігері жоқ, ес біліп қалған баласын оқытатын мектеп түгілі мұғалімі жоқ. Сондықтан ауылдан қалаға көшушілер көбейген. Бәрі бірдей сыпырылып көшіп, ауыл қаңырап қалмау үшін ауылға шұғыл түрде көмектесу керек. Білім алуға да мүмкіндігі жоқ, бірақ олар қалаға қоныс аударып үлгермей тұрып, оларға шұғыл түрде көмектесу керек", – дейді Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры Өңірлік даму бағдарламасының жетекшісі Фатима Герфанова.
Ulysmedia студиясында Ф.Герфанова ауылдардың мүмкіндіктері мол екенін, тұрғындардың жайлы өмір сүруге толық құқығы бар екенін бас редактор Самал Ибраеваға айтып берді.
АУЫЛ ЖАЙЛЫ ТЕРЕҢ ТОЛҒАНЫСТАР
Қор құру идеясы кімнен шықты? Бұл жеке бастама ма, жоғарыдан келген бұйрық па, әлде саяси ұпай жинау әрекеті ме?
– Бұл – біздің құрылтайшымыз әрі идея авторы Серік Толықпаевтың жеке бастамасы. Ол 2019 жылы өзіне: "Мен елім үшін не істей аламын?" деген сұрақ қойып, холдинг компаниялары орналасқан өңірлердегі ауылдарды дамытуға бел буған еді. Қазір Қорымыз Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай және Ұлан аудандарында, сондай-ақ Ақмола облысының Бұланды ауданында жұмыс істейді. Біздің жұмысымыздың негізінде стратегиялық жоспарлау жатыр, ол бізге алға жылжуға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды компонентті айта кетейін: біз үкіметтік емес ұйымбыз, сондықтан еркін жұмыс істей аламыз.
Қорыңыздың саяси амбициялары жоқ па?
– Жоқ, саяси амбиция жоқ. Бізден “сендер кімсіңдер” деп сұрағанда, мен былай түсіндіремін: мысалы, кәсіпкерлікке, алыс-беріске бейім адамдар болады, мемлекеттік қызметке жаралған адамдар болады және біз секілді қоғам белсенділері бар. Біздің миссиямыз – қоғамға пайдамызды тигізу. Билік те, ақша да бізді қызықтырмайды, бізді қазақстандық қоғамның дамуы ғана қызықтырады.
Неге Қатонқарағайды таңдадыңыздар?
– Біріншіден, бұл біздің құрылтайшымыз Серік Толықпаевтың туған жері. Екіншіден, бұл бүкіл түркі халқының бесігі. Қатонқарағай – Алтайдың қазақстандық бөлігі. Сонымен қатар бұл жерде қасиетті орын, эзотерикаға, рухани практикаларға қызығатын адамдарды тартатын мекен – Белуха тауы орналасқан. Сондықтан біз бұл жерде жұмыс істеп жатырмыз.
БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ КІМ ОЙЛАУЫ КЕРЕК
Сіздің қызметіңізге не кіреді?
– Біз билік, бизнес және қоғам арасындағы өзара қарым-қатынас орнатамыз. Қызметіміз үш бағытта жүреді: экономика, әлеуметтік орта және экология. Аудандарда жұмысымызды бастағанда, дамудың ешқандай стратегиясы жоқ екенін байқадық, ешкім болашақты ойламайды, 5-10 жылдан кейін не болатынын көз алдарына елестете де алмайды.
Сонда жергілікті билік тек бүгінгі күнмен өмір сүре ме?
– Иә, солай деуге болады. Ұзақ мерзімді даму жоспарларының болмауы адамдардың болашақты айқын көруіне мүмкіндік бермейді. Мүмкін бұл да ауылдардан қалаға көшудің бір себебі шығар: қалаларда даму өте қарқынды, ал ауылда баяу. Сондықтан біз, ең алдымен, әкімдіктер мен бизнес өкілдерімен бірігіп, даму стратегияларын жасауды бастадық.
Мемлекеттік органдар "Бұл сіздер айналысатын іс емес” деп қарсы шықпады ма?
– Жоқ, керісінше, олар бізбен диалог орнатқандарына дән риза. Өйткені біз оларға “бүйт, сүйт” демейміз, керісінше, ауыл-аймаққа инвесторларды әкелеміз, әкімдіктер бізді өздерін қолдаушы ретінде қабылдайды. Бәрі неден басталды? Біз ауылдардағы әлеуметтік жағдайдың төмен екенін байқадық. Сондықтан алғашқы жобаларымыз білім және денсаулық сақтау саласына бағытталды.
2019 жылы біз “Powered by NIS" деп аталатын ауылдық мектеп жобасын қолға алдық. Ол үшін 150 баладан кем емес оқушысы бар төрт қарапайым мемлекеттік мектепті таңдадық. Назарбаев Зияткерлік мектептері (NIS) бізге өз әдістемесін тегін ұсынуға келісті. Біз мектептерді НЗМ стандарттарына сәйкес жабдықтадық, бір мектепке шамамен 200-250 млн теңге жұмсалды. NIS мұғалімдерді дайындап, инвентаризация жүргізді. Қазір мұндай жобалар бүкіл ел бойынша жүзеге асырылуда.
ОҢ ҮРДІС БАСТАЛДЫ
Әлі де көмек алмаған ауылдар көп шығар? Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
– Иә, барлық ауылға жете алмай жатырмыз. Бірақ біздің "тірек ауылдарды дамыту" идеямызды "Қазақстан халқына" қоры қолдады. Қазір үшінші жыл қатарынан "Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасын жүзеге асырып келеміз. Әр ауданда және моноқалаларда бір тірек мектеп ашып жатырмыз, олар кейін өз тәжірибесін басқа мектептерге таратады. Ақтөбе облысында шағын жинақты мектептер бойынша жобаны бастадық, ол ауылдық білім саласында серпіліс әкелді, бұл жобаға шамамен 40 млрд теңге жұмсалды. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ауылдық білім беру саласындағы ең ауқымды жобалардың бірі.
Қанша мектеп осы жобалардың арқасында жаңғырды?
– Бұл жобаға 300-ден астам мектеп қатысуда, бізде әрбір ауданда осындай тірек мектеп бар.
Бұл ірі жобада Қатонқарағай қандай рөл атқарады?
– Қатонқарағай – біздің жобаларымызды сынайтын алаң іспетті. Осы жерде сыналған жобалар кейін бүкіл Қазақстанға таратылады. Мысалы, егер Қатонқарағай біздің стратегиямызға сәйкес туризмнің орталығына айналса, Бұланды ауданы ет өнеркәсібінің кластеріне айналады. Стратегия әзірлеу үшін, алдымен, деректерді, ауданның барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін, тарихын талдаймыз, бизнес және билік өкілдерімен бірге талқылаймыз, өйткені бірінші кезекте ауыл-аймақта тұратын адамдар өздерінің болашағын өздері айқындауы керек.
НЕГЕ АУЫЛ ШЕТ ҚАЛДЫ
Біз бірнеше онжылдықтар бойы ауылға көмектесу туралы айтып келдік, үкімет қымбат мемлекеттік бағдарламалар қабылдады, бірақ ауыл бәрібір қараусыз қалып қойды. Мұны қалай түсіндіруге болады?
– Шындыққа тура қарайық, бізде ауылдарға әрдайым өгей балаға қарағандай қатынас болды. Мемлекет бірінші орынға қалаларды дамыту мен урбанизацияны қойды, тіпті бұл туралы ашық айтылмаса да, барлық мемлекеттік құжаттардан анық байқалады. Ауылдарға әрдайым ауыртпалық ретінде қарады, ал шын мәнінде ауылға ресурс ретінде қарау керек. Жақында 2030 жылға дейінгі Қазақстанның өңірлік саясатының тұжырымдамасы шықты, онда қалаларда жайлы орта дамытылуы тиіс, ал ауылдарда тек базалық инфрақұрылымды дамыту керек деп жазылғанын бірден көзім шалды.
Неліктен? Бағдарламалар мен тұжырымдамаларды жазатындар ауыл тұрғындарының да жайлы өмір сүруге құқығы бар екенін түсінбейді ме?
– Иә, менің ойымша, басты себеп – бұл тұжырымдамаларды Астанадағы бір бизнес-орталықтың он тоғызыншы қабатында отырып жазады. Олар ауыл тұрғындарының пікірін тыңдамайды, олардан сұрамайды. Ал бұл өте маңызды. Егер ауыл тұрғындары қандай да бір шешімдерді қабылдау процесіне қатысатын болса, бір жыл өтпей ұмытылып қалатын көзбояушылық жобалар болмайтын еді.
ТОҚАЕВ БЕРГЕН СЕРПІН
Құрылтайда Тоқаев осы мәселеге назар аударды. Бұл қандай да бір серпін береді деп ойлайсыз ба?
– Мен қатты үміттенемін. Құрылтайда Президент шекаралық аумақтар туралы заң әзірлеуді тапсырды, ол аумақтар басқаларына қарағанда ерекше қаржыландырылады деген сөз. Біз ең болмаса онда тұратын тұрғындар белгілі бір жеңілдіктерге қол жеткізсе екен дейміз. Мысалы, еңбек өтілі бойынша, коммуналдық қызметтер төлемі бойынша, тұрғын үй құрылысы бойынша жеңілдіктер болар деп күтеміз.
Тағы бір реформа дейсің ғой?
– 1997 жылы Қазақстанда ауқымды әкімшілік-аумақтық реформа жүргізілген болатын, сол уақыттың ықпалымен бірқатар облыс таратылды. Егер 1995 жылдың басында 220 ауылдық негіздегі аудан болса, реформадан кейін 160 аудан ғана қалды, яғни 60 аудан біріктірілді. Яғни мұнда тұратындар үшін “сендердің ауылдарың мемлекет үшін маңызды емес” деген емеурін көрсетті. Ал бұл көші-қонды күшейтті. Президенттің тапсырмасы аудандардың дамуына үлкен әсер етеді деп ойлаймын, оның ішінде біздің Қатонқарағай ауданына да оң әсері болар. Өйткені ол Ресей, Моңғолия және Қытай шекарасының түйіскен жерінде орналасқан.
Бұл көші-қонды тоқтатады деп ойлайсыз ба?
– Заңның қабылдануы адамдарға оң әсер етеді, олар бұл аудандарда өмір сүруге болатынын түсінеді. Мысалы, Қатонқарағай ауданы 2023 жылдың соңында қайтадан бөлек ауданға айналды, және 15 жылда алғаш рет бізде көші-қон өсімі (+147 адам) байқалды. Бұл аз ғана көрсеткіш болса да, зор үміт сыйлайды.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Адамдарға жұмыс керек, балалары дұрыс мектепте оқитынына, өндірістік қалдықтардан тараған лас ауаға тұншықпайтынына сенімді болуы керек керек.
– Биыл біз Нобель сыйлығының лауреаты Раэ Квон Чунгпен бірге Қатонқарағайда Қазақстандағы алғашқы «жасыл ауданның» даму стратегиясын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Қатонқарағай – ерекше орын: оның аумағының 68%-ы ұлттық паркке тиесілі. Біздің міндетіміз – осы аймақты тұмса табиғи күйінде сақтау.
Олигархтардың ауылдық аумақтарға қызығушылығы жоқ па?
– Әрине, әрбір ірі кәсіпорын бір ауданның дамуына атсалысса деген үлкен арман бар. Бірақ бәрі адамның құндылықтарына және оның ішкі ұстанымына байланысты. Адам туған жеріне инвестиция құйса – бұл әрдайым мақтауға лайық іс.
Сіздерде табысты жүзеге асқан кейстер бар ма?
– Біздің ең табысты кейсіміз – Бұланды ауданы. Біз Макинск қаласында бірнеше қауымдастық құра алдық. Қазір бұл қауымдастыққа ірі ауылшаруашылық өндірушілері, шағын және жеке кәсіпкерлер қосылып жатыр. Олар ұзақ уақыт бойы бізді сырттай бақылап, “қиялилар” деп атады. Бірақ біз жобаларды жүзеге асыра бастағанда, олардың бізге деген сенімі оянды. Былтыр Бұланды ауданында су тасқыны болды, сол кезде біз «Қазақстан халқына» қорына арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледік. Үш ауылда үйлердің құрылысы жүрді. Қордың осы аудандағы жұмыс істейтін директоры үш ай бойы сол ауылдарда тұрып, үйлердің дәл біз әзірлеген жобалар бойынша салынуын қадағалады: ештеңеден үнемдемеуді, қандай да бір схемаларға жол бермеуді талап етті. Мұны кәсіпкерлер көріп, “егер сіздер біздің ақшамыз үшін де осылай күресетін болсаңыздар, біз сіздермен жұмыс істейміз” деді. Қазір біз Бұланды ауданында орнықты даму қорын құрып жатырмыз. Бұл қорға өз ауданын дамытуға ниетті адамдар жиналған. Сондай-ақ біз ауданда ет кластерін дамытып жатырмыз, жобаларды іске асыруға екі халықаралық ұйымды тарттық. Бірақ ең бастысы – бейресми байланыстар мен сенімді қалыптастыру. Біз, ең алдымен, осыны бағалаймыз.
Аудандардың бюджеті қандай?
– Бұланды ауданының бюджеті 5 миллиардтан асады, онда ірі кәсіпорындар бар, бәрі де ірі салық төлеушілер. Менің ойымша, мемлекет әр ауданға кемінде бір ірі жобаны әкелуді мақсат етуі керек. Мен бұрын Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында жұмыс істедім. Сол кезде ауданда әлі құс фабрикасы ашылмаған еді. Ол уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және жұмыссыздарды оқытуға арналған «Бастау» жобасы басталған болатын. Бұланды ауданы республикалық тас жолдың бойында орналасқанымен, әрі жері шүйгін, табиғаты әсем болғанымен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздардың саны бойынша екінші орында тұрғаны мен үшін үлкен жаңалық болды. Кейін құс фабрикасы ашылған соң, 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, ауданның көрсеткіштері түбегейлі өзгерді, ол облыстағы басқа аудандарды басып озды. Сондықтан менің субъективті пікірім: ұсақ өндірістерді дамытуға емес, ірі жобаларды ашуға инвестиция салу керек.
СЕНІМДІ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРУҒА БОЛАДЫ
Неліктен бізде кооперация дамымады? «Бастау» бағдарламасы болашағынан көп үміт күттірген еді ғой.
– Адамдар бір-біріне деген сенімдерін жоғалтты. Бұған урбанизация әсер еткен шығар, біз қалаларда бір-бірімізбен өте аз араласамыз, көршілер бір-бірімен сөйлеспейді, амандаспайды, ал сенім дәл осыдан қалыптасады. Ал ауылда сенімді қалпына келтіру әлдеқайда оңай, адамдар бір-бірімен көбірек араласады, шынайы құндылықтар, табиғатпен байланыс әлдеқайда терең. Сондықтан дәл қазір ауыл біз үшін сенімді қалпына келтіретін тірек нүктесіне айналуы мүмкін, әрі қарай оны бүкіл қоғамға таратуға болады.
Қалай қаларға көшу үдерісін тоқтатып, ауылға жан бітіруге болады?
– Біздің қор ауылдық аумақтардың болашақ бейнесін әзірлеумен айналысып жатыр. Менің көзқарасым бойынша, ауыл мен қала, екі жарты, бір бүтін дүние. Олар инь мен янь сияқты. Ауылдарды дамытпай, қалаларды өркендету мүмкін емес. Біз ауылдар өздігінен дамысын, амалдап өмір сүрсін деп қол сілтей алмаймыз, тек қалаға ғана басымдық береміз деп айта алмаймыз. Ақыр соңында, ауыл – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Егер ауылдар дамымаса, болашақта қалай тамақтанамыз? Сондықтан біздің идеяларымыздың бірі – көш қозғалысын қаладан ауылға қарай бұру. Біз адам қай жаста ауылда тұруға ықыласы оянады деген сұраққа жауап іздеп көрдік, зерттей келе ең қолайлысы 40 жас деген қорытындыға келдік. Алайда талқылауға қатысқан жастар бұған наразы болды. Өйткені олар егер ауылда барлық игілік болса, біз де ауылда қалар едік дегенді айтты. Неге біз олардың құқықтарын шектейміз? Сондықтан егер ауылда өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалса, адамдар қаладан ауылға көшеді, күйзелісті, экологияның нашарлығын, жолдағы кептелісті қимайтындай не болыпты? Қазір сіздер мұны қиял деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ болашақта бұл шынайы нәрсеге айналады.
МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ
Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою үшін қанша жыл қажет ?
– Бұл өте күрделі сұрақ, оған нақты жауап беру қиын. Менің ойымша, алдымен мемлекеттік саясат өзгеруі керек, сонда бұл мерзімді қысқартуға болады. Сонымен бірге ауылдар мен ауыл тұрғындарына қоғамның тең құқықты мүшелері ретінде қарау қажет. Олар да прогресс, жақсы мектептер мен сапалы денсаулық сақтау қызметіне құқылы екенін түсінуіміз керек. Егер ауылдарда осы базалық нәрселер қамтамасыз етілсе, тек ауылдан қалаға көшу тоқтап қана қоймай, қаладан ауылға көшу басталады.
Сіздер мемлекеттік саясатқа әсер етуге әрекет жасадыңыздар ма?
– Біз Мәжіліс отырыстарына қатыстық, ауылды дамытуға байланысты өз стратегиялық көзқарастарымызды Сенатта да айттық. Бірақ, өкінішке қарай, бұл мәселені заңнамалық деңгейге көтере алмадық. Мен депутаттық корпусты әр ауданның орнықты дамуы қажет екеніне сендірсем деп армандаймын және соған үміттенемін, өйткені ауданның болашақ жоспары нақты болса, адамдар оны дамытуға өз үлесін қосуға ынталанады.
Бұл ұзақ мерзімді жоспар екен, ал қазір не істеуге болады?
– Жергілікті қауымдастықтармен, белсенділермен жұмыс істей бастау керек, жергілікті бастамаларды қолдау қажет. Әр ауыл үшін бір ортақ кеңістік, мысалы, адамдар жиналып, мәселелерді талқылай алатын мектеп сияқты орын өте маңызды. Ал билік халықтың үніне құлақ асып үйренуі керек.
АУЫЛҒА ӨЗІНДІК ВЕДОМСТВО КЕРЕК
Сіздің бұл жұмыстарда Президент Тоқаевтың қолдауын сезінесіз бе?
– Президент Құрылтайда өңірлік теңсіздіктер туралы айтты. Өкінішке қарай, 30 жыл ішінде бұл мәселелер шешілмеді. Бірақ қазір біз, ең болмаса, бұл туралы ойлана бастадық, айта бастадық. Менің ойымша, елімізде өңірлік дамумен арнайы айналысатын жеке ведомство болуы керек.
Сіз агенттік ауыл туралы қалыптасқан стереотиптерді бұза алады деп ойлайсыз ба?
– Әйтеуір бір нәрсе істеу керек! Мысал ретінде айтайын, кейде жобаларға бөлінген қаражат игерілмей жатады. Жақында бір ауылда мәдениет үйін көрдім, оны салғанда жылыту жүйесін салмай кеткен. Яғни ол тек жылы мезгілде ғана жұмыс істей алады. Осындай жағдайлар адамды қараптан-қарап ашуландырады, бір нәрсені өзгерткің келеді.
Егер сізде барлық құзырет болса, ең бірінші неге көңіл бөлер едіңіз?
– Ауылдарға назар аудару керек, олардың дамуын күн тәртібінде оныншы орынға қоюға болмайды, ауылдарды адамдарға жайлы ету керек. Мәдениетті дамыту, жастарды қолдау, ұлттық құндылықтар мен өзіндік ерекшеліктерге қайта оралу керек. Әр адам тек өзі мен отбасы үшін ғана емес, туған жері мен елі үшін де жауапкершілік алуы керек. Егер осындай жауапкершілік қалыптасса, болашағымыз жарқын болады. Бірақ бұл өздігінен келмейді – бұл мемлекет айналысуы тиіс идеология.
Толық сұхбатты Ulysmedia YouTube-арнасынан көре аласыз.