Банктік құпия жойыла ма? Мемлекет бизнестің сенімінен айырылудан неге қорықпайды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Үкімет 1 қаңтардан бастап жүзеге асыруға дайындалып жатқан реформалардан Қазақстан ешқандай қайыр күтіп отырған жоқ.  ҚҚС өскеннен кейін болады деп уәде етілген «тұрақтылық» пен «өсім» халықтың алаңдаушылығын, ал кәсіпкерлер арасында дүрбелең туғызды. Салық өзгерістері шағын және орта кәсіпке қалай әсер етеді және мемлекет неге бизнестің сенімін жоғалтудан қорықпайды? Ұлттық инновациялар және кәсіпкерлік орталығының бас директоры Асланбек Жақыпов Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева берген сұхбатында біздің дағдарысты бастан өткеріп жатқанымызды ашық айтты, бірақ басты мәселе экономикада емес, басқаруда жатыр деп есептейді. Ол шенеуніктердің неге әрекетсіздікті құп көретінін түсіндірді. Сондай-ақ, Жақыпов жойылғалы тұрған банктік құпия қорғаныстың соңғы жібі екенін айтады. Егер ол үзілсе, бизнес «жалаңаш» қалады және инвесторлар тұра қашады дейді.

БҰЙРЫҚТЫҢ АТЫ – БҰЙРЫҚ

Әңгімені елде болып жатқан ең түсініксіз нәрседен бастауды ұсынамын: ең қастерлі саналатын банктік құпия қалай көкпарға түсіп кетті?

– Мұның бәрі қазан айында «Ашық НҚА» порталында жарияланған Қаржы министрлігі бұйрығының жобасынан басталды. Бұл 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексінің салдары.

Бұйрық банктердің салық органдарының сұрауы бойынша банктік шоттардағы ақша аударымдары туралы ақпаратты беруге міндеттелуіне қатысты. Тек компаниялар ғана емес, қарапайым азаматтар да.

Әр нәрсені өз атымен атайық: ресми түрде «салықты тиімді басқару» деп аталғанымен, іс жүзінде бұл банктік құпияның жойылуы.

Яғни, салық органдары кез келген транзакция туралы мәліметтерді сұрай ала ма? Адамның қарызы немесе бұзушылықтары болмаса да?

 – Бұйрықта нақты шектеулер жоқ. Салық органдары түсімдер, төлемдер және шоттағы барлық қозғалыстар туралы мәліметтерге қол жеткізе алады. Бұл іс жүзінде банктерді Мемлекеттік кірістер комитетінің «сыртқы серверіне» айналдырады. Әлемдік тәжірибеде банктік құпия – бұл инвестициялық тартымдылық пен капитал айналымыны қауіпсіздігінің құралы. Шот ашқан адам өзінің кірістері, серіктестері, шығыстары туралы ақпарат біреудің меншігіне айналмайтынына сенімді болғысы келеді.

Банктер бұл бұйрыққа наразылық білдіреді деп ойлайсыз ба?

– Банктердің таңдау еркіндігі болмайды – бұйрықтың аты бұйрық. Олар қарсы болса да, айыппұлдар мен санкциялар талапқа бағынуға мәжбүрлейді. Сондықтан банк қауымдастығы дүрлігіп жатыр, бәрінің айтатыны бір: «ірі капиталды жоғалтамыз. Жеке тұлғалар да, компаниялар да кетеді».

Бұл бұйрықтың авторлары мұны түсінбей ме?

 – Бұл нақты адамдарға емес, жүйеге қатысты мәселе. Банк деректеріне қол жеткізу туралы норма салық кодексіне енгізілген, депутаттар бұған дауыс берді. Қаржы министрлігінің бұйрығы – «жұмсартуға» болатын механизм, бірақ оның мәні өзгермейді: Қазақстанда банктік құпия жойылады.

МЕМЛЕКЕТ БӘРІН КӨРГІСІ КЕЛЕДІ

1 қаңтардан бастап салық органдары бизнесті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстай ма?

–  Басты мәселе осында –  бұл жүйені бизнес пен азаматтар ықтимал бұзушылар ретінде қарастырылатындай етіп құрған. Бұл тексерулер логикасында да, мемлекеттік органдардың жұмысында да бекітілген. Мемлекет банк деректеріне шектеусіз қол жеткізген қол жеткізген кезде – бұл теріс пайдалану үшін тамаша негіз. Заңды бұзудың қажеті жоқ  –   бизнеске ықпал ету тетіктерін қолға алғысы келетіндерде «күшті қызығушылық» туса жеткілікті. Кез-келген транзакцияны «схема» деп тәпсірлеуге болады. Ал шенеуніктердің манипуляция жасау кеңістігі салық төлеушілерден онсыз да көп.

Яғни, түзетулер салық үшін емес, бақылау үшін қабылданды ма?

 – Ресми түрде бұл салықтан жалтаруға қарсы күрес деп түсіндіріледі. Бірақ салық жүйесіндегі негізгі тесіктер Жаркенттегі әлдебір кәсіпкердің бір қап цемент үшін қолма-қол ақша төлеуінің кесірінен емес. Негізгі түйткіл ірі капитал мен трансферттік бағада, ЕО және Қытаймен сұр импортта.Бірақ б9л салаларда тәртіп орнатудың орнына, мемлекет «электронды тоқпақпен» тәртіпке салмақ: бәріне шектеусіз қол жеткізгісі келеді.

ҚҰПИЯ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЛИМАТ

Банктік құпияны жою инвестициялық климатқа қалай әсер етуі мүмкін?

– Ақша тыныштық пен қорғауды жақсы көреді. Егер инвестор, мейлі қазақстандық немесе шетелдік болсын, өзінің қаржылық деректері кез келген салық инспекторының қолына түсуі мүмкін екенін түсінсе, «сіздің дерегіңіз – сіздің меншігіңіз» деген ереже жұмыс істейтін басқа жерге кетіп қалады.

Инвестициялық тартымдылық деген жай ғана «төмен салықтар» емес. Бұл меншік иелерінің құқықтарының кепілі. Егер билік сіздің шоттарыңызды бақылай алатын болса, әрине, инвесторлар кетеді. Біз тек шетелдіктерді ғана жоғалтпаймыз – ішкі ақша да оффшорларға немесе өзгенің нарығына жылыстайды. Қазақстан қайтадан кәсіпкерлер ақшаны үйде емес, Дубайда, Лондонда, Сингапурда сақтайтын елге айналады. Біз бәріміз Қазақстанда өстік және оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін білеміз.

Сот шешімінсіз араласуға мүмкіндік беретін кез-келген механизм ерте ме, кеш пе салық салудан басқа мақсаттарда да қолданылатыны анық.

ЖАППАЙ БАҚЫЛАУ КІМГЕ ТИІМДІ

Бизнес бұл өзгерістерге неге селк етпей отыр?

– Бұл қазақстандық бизнестің ерекшелігі: барлығы «бір мәнісі болады» деп үміттенеді. Ірі компаниялар мемлекетке тәуелді екенін ұмытпаңыз – келісімшарттар, мемлекеттік несиелеуге қол жетімділік, жер мәселелері, лицензиялар. Екіншіден, көп адам «мен өзімдікін шешемін» деп сенеді. Қорқыныш та бар. Қазақстанда мемлекеттік бастамаларды көпшілік алдында сынауға дайын адамдар аз. Басты қате де – осы. Себебі қазір жекелеген актілер емес, барлығына әсер ететін ережелер жүйесі қабылданып жатыр. Қазір бизнес үнсіз, бірақ бірнеше жылдан кейін таңғала бастайды: бәсекелестер шотыңызда қанша ақша барын, айналымыңыз қанша екенін, кімге ақша аударылғанын қайдан біледі деп. Үнсіздік – келісімнің бір түрі және егер бизнес қауымдастықтар қазір жаппай қарсылық білдірсе, билік бұйрықты өзгертуге мәжбүр болар еді. Кем дегенде сот бақылауы енгізіліп, деректерге қол жеткізу ауқымын шектелер еді. Facebook-те бірлі-жарым жазба ғана жазылды. Басқасы үнсіз.

Бұл мәселе әлемдік тәжірибеде қалай шешілген? Құпия әлі бар ма?

–  Әрине. Швейцарияда клиент туралы деректерді сот талабынсыз жария ету  – қылмыстық құқық бұзушылық. БАӘ-де компанияның немесе жеке тұлғаның шоты жеке меншік деңгейінде қорғалған актив саналады. ЕО-да банктік ақпарат тек соттың өтініші бойынша және нақты іс бойынша ғана ашылады. Ал бізде салық инспекторына өз шешімі бойынша барлық банктерге сұрау тастау мүмкіндігін беру көзделген. Бұл Конституцияға да, әлемдік тәжірибеге де сәйкес келмейді.

КАПИТАЛ ЖЫЛЫСТАЙ МА?

Сіз БАӘ және Еуропамен салыстырдыңыз. Посткеңестік кеңістікте бізге қай елдің тәжірибесі жақын? Параллельдер бар ма?

– Ең жарқын мысал – Ресей. 2014 жылдан бастап онда банктік құпияны біртіндеп әлсірете бастады – алдымен оффшорлармен күресу үшін, содан кейін шағын бизнесті бақылау үшін және т. б. Нәтижесінде 2018 жылдан 2022 жылға дейін Ресейден 250 миллиард доллардан астам жеке капитал шығарылды.

Ірі бизнестің барлығы дерлік Англия, Араб Әмірліктері, Қазақстан, Кипр юрисдикциясына ақша аударды. Яғни, ресми түрде билік «шоттардың ашықтығына» қол жеткізді, ал іс жүзінде бизнеспен бірге ақша да шетке кетті. Қазір бізде бәрі дәл сондай схема бойынша жүріп жатыр, тек жұмсақ, қарама-қайшылықсыз формада. Бірақ егер бұйрық қабылданса, дәрігер немесе кәсіпкер болсаңыз да, мемлекет сіздің кез келген транзакцияларыңызды көруге мүмкіндік алады.

ҚҚС-ТЫҢ ЗАРДАБЫН КІМ ТАРТАДЫ

16% ҚҚС бизнесті өлтірді деген әңгіме көп, сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Иә, келісемін. Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз және сіздің айналымыңыз 43 миллион теңгеден асып кетсе, автоматты түрде ҚҚС төлеушісіз. Ал 43 миллион дегеніміз – айына 3,5 миллион теңге айналым, бұл табыс емес, айналым. Шығындарды, жалға алуды, жалақыны ескерсек, таза пайда 500 мыңнан аз болуы мүмкін. Сонда да мемлекетке 16% беруің керек. Егер төлемесең, айыппұл салынады, шоттарыңды бұғаттайды, кәсібіңді жауып тастайды. Сондықтан бұл үлкен соққы.

Ірі бизнес те, шағын бизнес те бірдей төлеуі керек пе? Бұл әділ ме?

– Жоқ, ірі бизнес аудитті, заңгерлерді жалдай алады, холдингтік құрылымдар арқылы салықтарды оңтайландырады. Ал шағын бизнес – бұл наубайхана, балалар үйірмесі, жеке балабақша, отбасылық кафе. Олардың мұндай мүмкіндігі жоқ. Олар жабылуға мәжбүр болады. Дифференциацияны енгізу әлдеқайда қисынды болар еді – миллионерлер 16% төлесін. Пандемия мен девальвациядан кейін енді ғана еңсесін көтергендерді «тұншықтырудың» қажеті қанша? Оның үстіне елде орта тап жоқ. Тақыр кедейлер мен шіріген байлар ғана бар.

ЕСЕПТЕГЕН БІРЕУ БАР МА?

Есептеулерді, болжамдарды кім жасады?

– Бізде реттеуші әсерді терең талдау тәжірибесі әлдеқашан жоғалған. Өзге елдерде салық реформасын қабылдамас бұрын үкімет экономикалық модельді, бизнеске әсер ету болжамын, бюджеттің шығындары мен пайдасын есептеуді, әлеуметтік тәуекелдерді бағалауды және іске асырудың жол картасын жариялайды. Оның орнына бізде жалпылама сандар мен «біз есептедік, бюджет олжалы болады» деп жазылған слайдтар ғана көрсетіледі.

Яғни, мұндай үлкен реформа дәйекті негізсіз жүргізіліп жатыр ма?

– Біз 16% ҚҚС енгізілгеннен кейін қанша кәсіпкер нарықтан кететінін нақты білмейміз. Қанша адам жұмысынан айырылатынын да білмейміз. Қай салаларға көбірек әсер ететінін де болжай алмаймыз. Мемлекет тіпті оның салдары үшін жауап бермейді. Бұл қорқынышты, өйткені біз қателіктен сабақ алуды әлі үйренген жоқпыз.

КЛАССИКАЛЫҚ ДОМИНО ЭФФЕКТІСІ

Егер ҚҚС өссе, бағалар қанша уақыттан кейін өсе бастайды?

 – 2-3 айдан кейін. Ал кейбір өнімдер құны бірден шарықтайды. ҚҚС  –  бұл бизнес тапқан пайдасынан төлейтін салық емес. Бұл бизнестің сатып алушыларға артатын салығы. Нәтижесінде өнімдер, қызметтер, импорт, балалар демалысы мен дәрі-дәрмектер қымбаттайды. Мемлекет емес, ірі капитал емес, қарапайым тұтынушылардың қалтасына салмақ түседі.

БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ БАСТАМАНЫ ЖАЗАЛАУ

Сіз жүйеде 10 жылдан астам жұмыс істедіңіз, мемлекеттік қызметті осы күнге дейін ретке келтіре алмауын қалай түсіндіре аласыз?

– Иә, мен 12 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істедім және бұл жүйеде адамдарды ойлануға, жауапкершілік алуға және реформаларды алға жылжытуға ынталандыратын ештеңе қалған жоқ. Мемлекеттік қызметші елді қалай көркейтсем деп ойланбайды, ол «ұсталып қалмасам және сыйақыдан қағылмасам болды» деген ұстаныммен жұмыс істейді.

Яғни, бастамашылдарды бастан сипамайды ғой?

 – Бастама үшін, керісінше, жазалауы да мүмкін. Сіз жас мемлекеттік қызметкерсіз делік, бір проблеманы көрдіңіз, шешім тауып тұжырымдама жазып ұсынасыз. Егер идея мақұлданса, сіз оның орындаушысы боласыз. Толық бақылау, 5 есеп, үш тексеру сіздің мойныңызға жүктеледі. Егер бірдеңе дұрыс болмаса – жазаланасыз. Бастама сіздің еңбегіңіз екенін ешкім есіне де алмайды. Сондықтан жүйедегі адамдар ештеңе істемей-ақ қойған дұрыс деген принципті таңдайды.

ИНВЕСТОРЛАР КІМГЕ КЕРЕК

Сіз тіпті мемлекеттік органдарға инвесторлармен жұмыс істеу міндеті жүктелмеген дедіңіз бе?

– Иә. Бір қызығы, көптеген министрліктердің функционалында инвестиция тартуға тікелей жауапкершілік жоқ. Олар шетелдік компанияларға көмектесе алады, бірақ бұл олардың міндеті болып саналмайды.

Егер олар бірдеңе істей бастаса, бірден күдік туындайды: «Мұны неге істеп жатсың? Кімнің сойылын соғып жүрсің?». Өзбекстанда мемлекеттік қызметшілердің өздері инвесторды түскі асқа шақырады, жерді, мерзімдерді, инфрақұрылымды ұйымдастырады, ал бізде мемлекеттік қызметші тәуекелге бармайды, жай ғана шетке ысырылады. Нәтижесінде президент бүкіл әлем бойынша жеке сапарлайды және орта басқару деңгейінде шешілуі тиіс міндеттерді шешуге тырысады.

РЕФОРМАЛАР МЕН ҰРАНДАР

Мәселенің шешімін табу керек басқару жүйесін «жөндеуге» бола ма?

– Қарапайым нәрселерден бастауға болады: «реформа жарысын» алып тастау керек. Бізде заңдар олардың шын мәнінде қалай жұмыс істейтінін түсініп үлгермей тұрып қабылданып кетеді. «Ережелерді тоқтаусыз өзгерту» режимінен «қабылдаған нәрсені орындаймыз және бақылаймыз» режиміне өту керек. Бизнесті дамытудың 2035 жылға дейінгі стратегиясын құратын уақыт келді – KPI, мерзімдерін, жауапты министрліктерді, жыл сайынғы мониторингті жүйелеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қызметтің кадрлық моделін қайта қарау, өйткені бүгінде оған ешкім барғысы келмейді – жастар да, кәсіпқойлар да. Өйткені ақша да, мансаптық өсу де, құрмет те жоқ.

Кәсіби мамандарды жүйеге қалай тартуға болады?

 –Тек адал конкурс, ашықтық, нарыққа сай жалақы және адамдарға деген құрмет арқылы. «Көрсеткіш үшін таңдауды» доғарып, үздіктерді іріктеп, оларға өкілеттік пен жауапкершілік беруіміз қажет. Әйтпесе, дәл қазіргідей жағдай болады – реформаларды бизнесті білмейтін адамдар қабылдайды. Содан кейін бизнес өз қалтасынан ешқашан жалақы төлемеген адамдар жазған заңдардан зардап шегеді.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ШАБЫТТАНДЫРУЫ ТИІС

Сіз мемлекеттік басқарудағы кадрлық дағдарыс туралы айтып отырсыз ба?

 – Дағдарыс бар және тереңдеп келеді. Бүгінде мемлекеттік қызмет талантты адамдар үшін тартымды болуды тоқтатты. Мемлекеттік қызметте ынталандырулар жоқ, мансаптық өсудің нақты құралдары жоқ, бастама бостандығының орнына тыйымдар мен тәртіптік тәуекелдер бар. Өз бастамаң үшін жазалануың мүмкін, жүктеме көп, нәтиже жоқ. 8-10 жыл бұрын адамдар мемлекеттік қызметке бір нәрсені өзгерте алатындай үлкен ынтамен келді – қазір ешқандай құлық жоқ.

Десе де, билікке жұмыс істеуге барып жатқандар аз емес. Олардың жайы қалай?

– Екі сценарий бар. Біріншісі – адам зор ынтамен келеді де, өз білімі ешкімге қажет емес екенін тез түсінеді. Ол мұның бәрі жеке жауапкершілік пен бастамашыл ойлаудың жоқтығына байланысты екенін көреді. Бір-екі жылдан кейін бизнеске, консалтингке, халықаралық жобаларға кетеді. Немесе адам жүйеге бейімделеді, «қайта құрылады», талап етілгеннен көп нәрсені істеуді тоқтатады, ойлауды тоқтатады, тек есептен есепке дейін өмір сүреді. Осылайша менеджерлер институтыны құрдымға кетеді.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ҚАЙТА ІСКЕ ҚОСУ

Бірдеңе істегеннен гөрі сынаған оңай. Нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

 – Мемлекеттік қызметті қайта іске қосу қажет және бұл мүмкін нәрсе. Бірақ ол үшін мемлекеттік қызмет сан емес, сапасы жағынан мықты болуы керек екенін шынайы мойындауымыз керек. Мотивация басқаша болуы керек: тек сыйақы емес, нәтижелерге қатысу, бедел, нақты іріктеу бағдарламалары, ашық конкурстар, тәуелсіз комиссиялар қажет. Ең бастысы – жауапкершілік мәдениетін толығымен өзгерту. Бүгінде мемлекеттік қызметші нәтиже үшін емес, «өзіне зиян келтірмеу» үшін жұмыс істейді. Бұл кез-келген реформаны өлтіреді.

ДАҒДАРЫС ҚАЙДА АПАРАДЫ

Егер ештеңені өзгертпесек, алда не күтіп тұр деп ойлайсыз?

– Біз бизнестің мемлекетке деген сенімін толығымен жоямыз, көлеңкелі экономиканы өрістетеміз және салықтар мен айыппұлдарды көбейтіп, халықты тонауға мәжбүр боламыз. Бірақ егер сіз басқару реформасына байыпты қарап, диалог құруды бастасақ, өзгеруге мүмкіндік бар. Қазір басты мәселе – дағдарысты халықтың мойнына іле беруді тоқтату.

ҮКІМЕТТІҢ ҚАТЕЛІКТЕРІ ҮШІН КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ

Сіз барлық реформалар қарапайым адамдардың мойнына түсетінін атап өттіңіз. Неліктен үкімет шешімдері үшін халық пен шағын және орта бизнес жауап беруі тиіс?

– Себебі жүйе осылай жұмыс істейді. Ірі ойыншылар сақтандырылған. Олардың саясатқа әсер ету, келіссөздер жүргізу, лобби жасау, бейімделу мүмкіндігі бар. Ал қарапайым кәсіпкердің келіссөз жүргізу мүмкіндігі де, сүйенер қоры да жоқ. Жүйені үш күнде «қайта конфигурациялауға» болады – кодекске жаңа норманы енгізсе болғаны. ҚҚС өседі – бағалар шарықтайды. Банк құпиясы жойылады – адамдар банктерге сенуді тоқтатады. Салық декларациясы міндетті болады, ал елдің жартысында қаржылық сауаттылық жоқ. Міне, қорытынды жасай беріңіз.

КӘСІБИ БАТЫЛДЫҚ

Сіз бұл жағдайға талдаушы және бұрынғы мемлекеттік қызметкер ретінде қарайсыз біздің тұтылатын жеріміз қайсы?

 – Салықта емес, банкте емес, бизнесте емес – басқаруда. Бізде есептеулер жүргізуге, қателіктерді мойындауға, тәсілдерді қайта қарауға кәсіби батылдық жетіспейді. Оның орнына біз «уақытша шаралар» және «саяси қажеттілік» терминдерінің ығына тығыламыз. Экономика деген сенім мен ұзақ ойын мәселесі.

Егер сіз ережелерді бес рет өзгертсеңіз, тарифтерді көтерсеңіз, айыппұлдармен қорқытсаңыз – сенімділік, инвестиция және өсім күтпеңіз. Тоқсандық есепті емес, алдағы бірнеше жылды ойлайтын мықты менеджерлер қажет. Біз қысым жолын немесе диалог жолын таңдай аламыз.

Егер қазір жүйені өзгертпесе, салдары ауыр болуы мүмкін.  «Бәрі құрдымға кеткендіктен» емес, қарапайым халық бұл елдегі ойын ережелерін өзгертуге болады дегенге сенуді тоқтатқандықтан.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көре аласыз.