Қазақстанда спорт саласын реформалау басталды. Алда қаржыландыру мен басқару жүйесінде елеулі өзгерістер болады, спортшыларды дайындау стандарттары жаңарып, спортпен шұғылдануға арналған нысандарды халыққа қолжетімді ету жоспарланып отыр. Саланы басқарудағы жаңашылдық туралы Ulysmedia.kz сайтына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтып берді.
БАСҚАРУ ВЕРТИКАЛІ
Президент спорт саласындағы реформаларды, ең алдымен, басқару жүйесін өзгерту арқылы бастау қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Қазір қандай шаралар жүзеге асырылды?
– Шынында да, біз, ең алдымен, нақты басқару вертикалін құруды қолға алдық. Бұл – жауапкершілікті орталыққа жүктеу және шешім қабылдаудағы бейберекеттікті жою үшін қажетті қадам. Іс жүзінде бұл қалай жүзеге асатынын тарқатып айтайын. Өңірлердегі спорт басқармаларын басқаратын кандидаттарды енді министрлік жанындағы арнайы комиссия қарайды. Яғни талап күшейтілді, осыған орай 13 облыста басшылық ауысты. Қаржыландыру бағытын да реттестіріп жатырмыз. Кәсіби клубтардың бюджетіне белгілі лимит енгізілді, енді легионерлер мемлекеттік қаржы есебінен жалақы алмайды. Оған тыйым салынды. Спортшыларға төленетін сыйақылар да бірыңғай стандартқа келтірілді. Сонымен қатар бүкіл жүйені ашық ету үшін Бірыңғай цифрлық платформа енгізілуде. Онда спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және спорт нысандары туралы толық деректер жинақталады. Бұл саладағы нақты жағдайды көруге және кез келген деректермен манипуляцияны болдырмауға мүмкіндік береді.
Бұл – басқарудың жаңа моделі. Одан қандай нәтиже күтіп отырсыздар?
– Бұл модель орталық пен өңірлер арасындағы үйлестіруді нақты жолға қояды. Ең бастысы, ел көлемінде бірдей стандарт қалыптасады. Кадрлық ротация және бірыңғай тағайындау тәртібі басшылардың жеке жауапкершілігін арттырып, басқару мәдениетін күшейтеді. Қаржылық лимиттер мен цифрландыру жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауды шектейді. Мұның барлығы жүйелі дамуға жол ашады. Яғни бұқаралық спорттан бастап, балалар мен жасөспірімдер спорты, резерв дайындау және инфрақұрылымды дамытуға дейін жүйелі қадамдар жасалады. Біз шашыраңқы шаралардан бас тартуымыз керек. Біздің мақсат – спорт саласын жүйелі түрде дамыту, соған орай басқару вертикалі енгізілді.
ТЕК ЖЕҢІСТЕР ҒАНА ЕМЕС
Бұл реформалардың түпкі мақсаты қандай?
– Бұл реформалар – саланы тиімді, заманауи және тұрақты басқару жүйесіне көшіруге бағытталған негізгі қадамдар. Мақсат тек спортшының жеңістері емес. Біз әрбір бала үшін спортқа бара алатын орта қалыптастыруымыз керек. Оның қалада немесе ауылда тұратыны маңызды емес. Инфрақұрылым, жаттықтырушыларды даярлау, қаржыландыру – барлығы бір жүйе бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл бұқаралық спорттан бастап кәсіби деңгейге дейін нақты нәтиже береді. Бірақ ең маңыздысы: бұл өзгерістер жастарды тәрбиелеудің іргетасын қалайды. Спорт – тәртіп, жауапкершілік, мақсатқа ұмтылу және командамен жұмыс істеу. Сол себепті біз жүргізіп жатқан реформалар тек медаль үшін емес, ертеңгі күні елді алға бастайтын белсенді, дені сау, жігерлі ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған. Спортшы – жастардың үлгі тұтатын тұлғасы. Олар спортшының жетістігін көреді, оған сенеді. Оның еңбегі мен жеңісі арқылы жасөспірімдер дұрыс өмірлік құндылықтарды бойына сіңіреді.
СПОРТТЫ ҚАЛАЙ ЖАППАЙ ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ?
Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Халықты спортқа тарту үшін министрлік қандай шараларды жоспарлап отыр?
– Бұқаралық спортты дамыту – министрлік үшін сөзсіз басым бағыт. Біз тұрақты физикалық белсенділік ұлт денсаулығының негізі әрі жастарды зиянды әдеттерден қорғаудың ең тиімді жолы деп санаймыз. Қазір елімізде халықтың 40%-дан астамы жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Біздің мақсат – 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу. Футбол, волейбол, баскетбол қай жерде де танымал спорт түрлері саналады. Бірақ соңғы жылдары марафондар мен жаппай жүгіру жарыстарына қызығушылық айтарлықтай артты. Осы қозғалысты қолдау үшін жыл сайын көлемі әртүрлі, шағын аудандық жарыстардан бастап республикалық деңгейдегі марафондарға дейін, 25 мыңнан астам іс-шара өткізіледі.
Бұқаралық спорт бала кезден басталады. Қазір болашақ спорт резервін дайындайтын секциялар мен мектептер жеткілікті ме?
– Әрине, ерекше назарды біз балалар мен жасөспірімдер спортына аударып отырмыз. Бүгінде еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде 50 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді, оларға 1,5 млн-ға жуық бала барады. Ал кәсіби даярлық тұрғысынан 521 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар, онда 400 мыңнан астам жас спортшы жаттығады. Сонымен қатар дарынды балаларға арналған спорт бағыты бойынша 19 арнайы мектеп-интернат-колледж қызмет атқарады.
Ата-аналар үшін ең күрделі мәселелердің бірі – жаттығу құны. Мемлекеттік спорт тапсырысы қалай жұмыс істейді және «бірегей ваучердің» енгізілуі нені өзгертеді?
– Мемлекеттік спорттық тапсырыс механизмі жүйелі түрде дамып жатыр. Тек биылдың өзінде осы формат арқылы 240 мыңға жуық бала тегін спорт секцияларында жаттығу мүмкіндігіне ие болды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар қолжетімділікті арттыру мақсатында маусым айынан бастап мәдениет, оқу-ағарту және цифрландыру министрліктерімен бірлескен «бірегей ваучер» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл балаларды спорт секцияларына тіркеу процесін жеңілдетеді, ал қолдау тетігі барынша ашық әрі нақты болмақ.
ҚАЙ СПОРТ ТҮРІ БАСЫМ?
Биыл ең көп талқыланған жаңалықтың бірі – басты спорт түрлерінің белгіленуі. Бұл шешім не үшін қабылданды және ол нені өзгертеді?
– Иә, бұл жылдағы ең ауқымды өзгерістердің бірі. Басты спорт түрлерін анықтау – бұрынғы олимпиадалық циклдер нәтижелеріне байланысты қабылданған қажет қадам. Бірқатар спортта медаль бойынша тоқырау байқалды, сондықтан жоғары жетістіктерге жеткізетін, елдің атын шығаратын спорт түрлерін дамыту тәсілдерін қайта қарау қажет болды. Мұндай жіктеу жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Біз потенциалы бар спорт түрлеріне назар аударып, оларға тұрақты қолдау көрсетуді көздейміз. Бұл спортшылар үшін дайындықтың нақты әрі болжамды жолы, ал жастар үшін таңдаған бағытына мемлекет қолдау көрсететіні жөніндегі маңызды сигнал.
Бұл тізімге алғаш рет ұлттық спорт түрлері де енді. Бұл қандай мүмкіндік береді?
– Бұл өте маңызды қадам. Ұлттық спорттың басым спорт түрлерінің қатарына кіруі балалардың мүмкіндіктерін кеңейтеді, мәдени болмысымызды нығайтады және спортқа қызығушылықтың жаңа ортасын қалыптастырады. Біз тек мәселелерді айтып қана қоймай, алдағы циклде Қазақстанның спорттық мүмкіндігін арттыруға нақты жағдай жасап отырмыз. Мұнда ұлттық спорт түрлерінің рөлі олимпиадалық бағыттардан кем болмайды.
ЖАСТАР ЖӘНЕ ПАТРИОТИЗМ
Cіз жастар туралы жиі айтып жүрсіз. Олардың рөлі қандай және мемлекет бұл салада қандай стратегиялық ұстанымда?
– Қазақстан қазір үлкен өзгерістер кезеңінен өтіп жатыр. Президент бастамасымен елеулі реформалар жүргізілуде, ал осы өзгерістердің қозғаушы күші – жастар. Сондықтан жаңа көшбасшылар тәрбиелейтін жастар ұйымдарының рөлі арта береді. Бірақ жастар дегеніміз энергия, ал оны дұрыс жолға бағыттау керек. Егер мемлекет жастардың алдарына мақсат қойып, оған жететін мүмкіндік бермесе, оны басқа күштер өз мүддесіне қолданады. Міне, дәл осы жерде спорт маңызды рөл атқарады. Спорт – жай ғана дене белсенділігі емес, ол өмір салты. Ол командада жұмыс істеуді, тәртіпті, жауапкершілікті үйретеді. Спорт арқылы біз патриотизмді қалыптастырамыз. Өйткені елге қызмет етуге дайын, мықты жастарсыз мықты мемлекет болуы мүмкін емес.
Сіз жауапкершілік пен патриотизм туралы айттыңыз. Жастар бұл құндылықтарды жеткілікті деңгейде сезініп жүр деп ойлайсыз ба?
– Мен мұны мәселе деп айтпас едім. Негізі, қазіргі жастар жаңа мән іздейді. Олар үшін патриотизм жай ұран емес, нақты мазмұнға ие болуы тиіс. Біз оларға патриотизм – бұл, ең алдымен, өз сөзіңе, ісіңе және еліңе деген жеке жауапкершілік екенін түсіндіреміз. Ал жауапкершілік – мықты адамның қасиеті. Ол қателіктен қорықпау, бастаған ісін аяқтау, қиындықты еңсеру арқылы өсу дегенді білдіреді. Бұл – нағыз спорттық мінез. Егер біз чемпиондардың даму, қалыптасу жолын жастардың энергиясымен ұштастыра алсақ, онда ертең елге қызметін ісімен дәлелдейтін жаңа буынды қалыптастырамыз.