Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Ulysmedia подкастында «Қазақмыс» төңірегіндегі жағдай туралы сұрақтарға жауап беріп, корпорацияның жаңа басшылығынан не күтетінін және өңірдің ондаған жыл бойы өркениет игіліктерінен қалыс қалуы себебін түсіндірді. Бас редактор Самал Ибраеваға берген сұқбатында ол сотта өз абыройын не үшін қорғағанын, Қызылорда – Жезқазған тасжолының маңызын, су және медицина мәселелерінің қашан шешілетінін айтты. Рыспеков өңірге «ойын ережесін өзгертуге» келгенін, ал нәтижені көрсетуге үш жыл жеткілікті мерзім екенін айтады.
Айта кетейік: Дастан Рыспеков 2024 жылғы қазан айынан бері Ұлытау облысын басқарады. Ол Жезқазған қаласының тумасы, мемлекеттік басқару және құқықтану мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Бұған дейін Алматы әкімі аппаратында, Есеп комитетінде, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясында, Мәдениет және спорт министрлігінде және Президент әкімшілігінде еңбек еткен.
ҰЛЫТАУ ҮШІН «ҚАЗАҚМЫСТЫҢ» АЛАР ОРНЫ
Ең көп талқыланған мәселе – «Қазақмыс» корпорациясын сату жөніндегі мәміле. Сіз бұл жағдайды қалай бағалайсыз?
– «Қазақмыс» маңайындағы жаңалықты мен де алғаш әлеуметтік желілерден көрдім. Егер басшылықтың ауысуы расымен жоспарланып жатса, бұл жақын арада белгілі болады. Айта кетейін, акционер кім болса да, «Қазақмыс» өңір дамуына зор үлес қосатын негізгі кәсіпорын болып қала береді. Бүгінде облыс экономикасының 70 пайызы осы корпорацияға тиесілі: салық көлемі бойынша да, өнеркәсіптік өндіріс бойынша да. Егер жаңа акционер келсе, бұрынғы бағыт сақталады деп сенемін. «Қазақмыс» өңірге көмектеспейді деген пікір бар. Шын мәнінде, Ұлытау облысы құрылғаннан бері кәсіпорын әлеуметтік және спорттық нысандар салуға, инфрақұрылымды қаржыландыруға шамамен 35 млрд теңге бөлді. Акционердің ауысуы жоспарланған жобалардың жүзеге асуына кедергі болмай, бәрі соңына дейін жеткізіледі деп үміттенемін.
Корпорация басшылығымен қарым-қатынасыңыз қалай? Тұрақты байланыс бар ма?
— Корпорация басшыларымен қарым-қатынасымыз іскерлік әрі сыйластыққа негізделген. Объективті түрде қарасақ, біз оларға тікелей нұсқау бере алмаймыз, ол жеке компания. Біздің міндет – өңірдің дамуы үшін бірге жұмыс істеу. «Қазақмыста», яғни, біздің облыс төңірегінде 22 мыңнан астам адам еңбек етеді, ал аутсорсингтік қызмет көрсететін компанияларды қоса есептесек, шамамен 30 мың. Бұл екі қаланың экономикалық белсенді халқының төрттен бірі және олар негізінен осы екі қаланың тұрғындары. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы - кәсіпорынның тұрақты жұмысы, жалақының уақытылы төленуі және салықтардың дұрыс әрі дер кезінде аударылуы.
«Қазақмыс» акционерлері соңғы 30 жыл бойы тек өз қалтасын ойлағандай әсер қалдырады. Жезқазған іс жүзінде дамымай қалды.
- Қазіргі Ұлытау облысы Қарағанды облысының құрамында болған кезде Жезқазғаннан түсетін тек кіріс және әлеуметтік салықтардың 70 пайызына дейінгі қаржы облысқа бағытталған. Ал, бұл дегеніміз бюджетке түсетін қаржының басым бөлігі және осы салықтар жергілікті бюджеттің барлық кірістерінің негізгі бөлігін құрайды. Бұған тек «Қазақмысты» немесе бұрынғы жергілікті билікті кінәлау дұрыс емес, себебі бюджеттік жүйе осылай құрылған еді. Қазір жағдай өзгерді: корпорация төлейтін салықтың 65 пайызы республикалық бюджетке түседі, ал 35 пайызы облыста қалады.
Қаланың бюджетін алып қарасақ, 6-7 жыл бұрын ол бар болғаны 10 млрд теңге еді. Бюджетке қатысты шешімдердің барлығы жергілікті деңгейде қабылданатын қазіргі жүйе енгізілгелі бері біз Жезқазғанды айтарлықтай қолдай алдық, оның бюджеті 50 млрд теңгеге дейін өсті.
«Қазақмыс» бұрын қалаға неге аз қаржы бөлгенін білмеймін. Мүмкін, экономикалық себептері болған шығар. Мысалы, 4-5 жыл бұрын мыс бағасының динамикасын талдаған жоқпыз. Қорытынды жасау үшін корпорацияның қаржылық есептерін зерттеу қажет. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанында «Қазақмыс» қызметкерлерінің еңбекақысын 50 млрд теңгеге өсірді, бұл да кәсіпорын мүмкіндігін бағалауда ескерілетін жайт.
«Қазақмыстағы» орташа жалақы қандай?
– Шамамен 700 мың теңге. Ал, кеншілердің орташа жалақысы шамамен 900 мың теңге. Ең төменгі еңбекақы 400 мың теңге шамасында. Мысалы, менің анам корпорацияның жылу электр орталығында жұмыс істейді. Оның айлығы 450-500 мың теңге.
СУ ЖӘНЕ ЖЫЛУ
Өңір тұрғындары үйлердің дұрыс жылытылмайтынын, құбырлар тозғанын жиі айтады. Бұл шағымдар орынды ма?
– Иә, жылу жеткіліксіздігі расымен бар. 2022 жылы облыс жаңадан құрылған кезде қаланың жылу және су жүйелері өте қиын жағдайда болды.
Соңғы үш жылда Жезқазғанда үш магистральдық жылу желісі толық жаңарды. Бұрын ЖЭО жылу беру маусымын төрт қазандықпен бастаса, биылғы жылыту маусымын алты қазандықпен бастадық. Сондықтан «жылу мәселесі шешілмей жатыр» деу әділетсіз.
Ал ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Сумен қамту әлдеқайда күрделі әрі жүйелі мәселе. Былтырға дейін халыққа берілетін су Кенгір су қоймасынан алынып, тазартылып, қалаға жіберілетін.
Былтыр «Үйтас – Айдос» су құбырының бірінші кезеңін аяқтадық. 51 шақырым жаңа құбыр салынды. Соның арқасында судың шамамен 30 пайызы жер асты көздерінен келе бастады.
Алда жобаның екінші және үшінші кезеңдері тұр. Бұдан бөлек, Жезқазғанның ішкі су желілерін ауқымды жаңғырту жалғасуда. 216 шақырым желінің 186 шақырымы түгел ауыстырылды, жаңартылған учаскелер кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.
ЭКОЛОГИЯ: ШЫНЫНДА НАШАР МА, ӘЛДЕ СТЕРЕОТИП ПЕ?
Өңірдегі экологиялық жағдайды қалай бағалайсыз?
– Шағымдардың басым бөлігі Жезқазған экологиясына қатысты. Қазір ЖЭО-ға жаңа сүзгілер мен өлшеуіш датчиктер орнатылды. Соның арқасында зиянды шығарындылар айтарлықтай азайды. Мен өзім ауа сапасын мобильді қосымша арқылы бақылап отырамын. Көп адам Жезқазған елдегі ең лас қалалардың бірі дейді. Бірақ қосымша деректеріне сүйенсек, ауа сапасы Қазақстандағы көптеген қаладан жақсырақ.
Иә, мыс балқыту зауытынан зиян қалдықтар тарайды. Желсіз күндері зауытқа жақын аудандардың тұрғындары мұны көбірек сезінеді. Бірақ біздің өңір желді аймақ, сондықтан 1,5-2 сағат ішінде ауа толық тазарады.
Айтпақшы, «Қазақмыс» күкірт қышқылы цехын салу жобасын бастағалы жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Келесі жылы кәсіпорын жобаны іске асыруға кірісуі тиіс.
МЕДИЦИНА: ХАЛЫҚ НЕГЕ ҚАРАҒАНДЫҒА БАРУҒА МӘЖБҮР?
Тұрғындар медициналық тексеруден тек Қарағандыда өте алатынын, ал облыста онкологиялық орталықтың жоқ екенін айтып шағымданады. Неліктен?
– Бұрын МРТ мен КТ-ға қол жеткізу расымен қиын болған шығар, бірақ қазір бұл қызметтер өңір тұрғындары үшін бар және жұмыс істеп тұр. Облыс құрылған кезде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы 73% деңгейінде болса, бүгінде 88%-ға жетті.
Онкоорталықтың жоқ екені рас. Бүгінде 2 500-ге жуық науқас есепте тұр. Биыл біз жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді бастадық. Келесі жылы облыстық мамандандырылған аурухана жанынан жаңа ғимарат салынып, онкологиялық орталық сонда орналастырылады. Қаржыландыру көзі әзірге анықталған жоқ, ол мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынуы да мүмкін.
БІЛЕК СЫБАНЫП КІРІСУ
Президент Тоқаев бірнеше рет шенеуніктердің жауапкершілік алуы керектігін айтқан. Сіздің жұмыс стиліңіз қандай? Бәрін өзіңіз басқарасыз ба, әлде тапсырма беріп, бақылап отырасыз ба?
– Басшы жұмысты дұрыс бөлудің маңызын түсінуі тиіс: бір бөлігі орынбасарларға, бір бөлігі басқарма басшыларына жүктеледі. Бірақ кадр тапшылығына байланысты кейде микроменеджментпен айналысуға тура келеді. Егер орынбасарларда уақыт болмаса, басқарма басшыларымен тікелей өзім жұмыс істеймін. Ең бастысы, тапсырманың сапалы әрі уақытылы орындалуы.
Мәселенің бірі көптеген басқарма басшысы бұған дейін орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істемеген. Бірақ айта кететін жайт, республикалық деңгейде тәжірибесі бар орынбасарлар олардың үйренісуіне көмектесіп жүр.
Кейде тәжірибелі маман жетіспегендіктен, баяндамаларды өзім жазуға тура келеді. Егер маңызды іс-шара менің тікелей араласуымды талап етсе, қарап отырмаймын.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ: ӨТКЕННІҢ САЛДАРЫ БАР МА?
Сіз Есеп комитетінде жұмыс істедіңіз, қаржы айналымын білесіз. Облыстағы көп сыбайлас жемқорлық ісі сізден бұрынғы басшының жұмсақтығынан деп ойламайсыз ба? Қызметкерлеріңізді қалай бақылайсыз?
– Мұнда ешқандай сенсация жоқ. Менің ойымша, бұрын болған оқиғалардың бәрі көп адамға сабақ болды. Мен қызметкерлеріме сенемін. Әр адамды әр минут сайын бақылау мүмкін емес. Біз заң аясында, қолымыздағы ресурс пен өкілеттіктер шегінде жұмыс істеуге тырысамыз.
Сіз әкім болып тағайындалғанда өз командаңызды қоса ала келдіңіз бе?
– Әкім болып тағайындалмай тұрып, жеті ай облыс әкімінің орынбасары қызметін атқардым, кейін Президент Әкімшілігіне жұмысқа ауыстым. Облысқа басшы болып қайта оралғанда, бес басқарма басшысы орнында болмады. Қылмыстық істерге байланысты екі қызметке ұзақ уақыт бойы адам тағайындай алмадық. Қалған үш басқарма бойынша қажетті конкурстар өткізіліп, басшылар тағайындалды.
Шынын айтсам, бұл тағайындауларға қатысты «ерекше әңгіме» болған жоқ. Мен Алматыда, Павлодарда жұмыс істедім, Президенттік академияда оқыдым. Әртүрлі ортада жүріп, кадрға деген өз көзқарасың қалыптасады, жеке резервіңді құрайсың, кімнің қандай қабілеті бар екенін белгілеп жүресің. Сол бойынша бірнеше маманды Ұлытауға шақырдым.
Біз конкурс жариялаған кезде өзге өңірлерде бір орынға 10 үміткер түссе, бізде кейде бірде-бір кандидат болмай қалады. Сол себепті конкурсты қайта жариялауға тура келеді. Сондықтан өзім әлеуетін көрген мамандарды шақырдым. Тәжірибенің аты тәжірибе ғой, олар өңірде жаңа жобалар бастауға мұрындық болып жүр.
Аудан әкімдерін сіз тағайындайсыз ба?
– Мен қызметке келгеннен бері бірде-бір қала немесе аудан әкімі ауыстырылған жоқ. Бізде бар-жоғы бес қала мен аудан бар. Бір әкім былтыр ғана сайланды. Қалғаны өкілеттік мерзімі аяқталғанша қызметінде. Егер әкім мерзімінен бұрын кетсе, жаңа басшыны тек сайлау арқылы тағайындауға болады.
Жуырда Президент төрағалығымен өткен форумда осы тетікті қайта қарау жөнінде тапсырма берілді. Мүмкін, келесі жылдың басында өзгерістер болар. Біз жаңартылған ережелерге сай жұмыс істейміз.
БАР-ЖОҒЫ ТӨРТ ТҮРЛІ ТАУАР ӨНДІРЕТІН ӨҢІР
Ұлытауда азық-түлік бағасы басқа өңірлерге қарағанда қымбат. Такси де қымбат. Қоқыс шығарылмайды деген шағымдар да көп.
– Иә, қоқыс мәселесі расымен реттеуді қажет етеді. 12 жыл жұмыс істеген мердігер міндеттемелерін орындауды тоқтатты, сондықтан 3-4 ай бұрын онымен келісімшартты бұздық. Жаңа конкурс өткізіп, басқа компанияны таңдадық. Бірақ жаңа мердігер табу өте қиынға соқты. Қала шағын, қызметті тұтынушылар саны шектеулі, сондықтан кез келген компания экономикалық тиімділікті есептейді.
Ешкім бұл жұмысты алғысы келмегендіктен, Жезқазған әкімінің орынбасары мен салалық бөлім басшысы басқа өңірлерге өздері барып, жағдайды түсіндіріп, сол арқылы жаңа мердігерді тарта алды.
Бағаның қымбаттауына келсек, біз ел бойынша баға өсімі жағынан екінші орындамыз. Оның бірнеше себебі бар: сыртқы инфляция, логистика және кей кәсіпкерлердің тауар бағасын негізсіз көтеруі. Соңғысы бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Оларды заң шеңберінде жауапкершілікке тарту тетіктері бар.
Мысалы, Қызылорда – Жезқазған жолының нашар болуына байланысты тасымалдаушылар жоғары ақы талап етеді, бұл тауар құнын бірден арттырады. Жол жөнделген соң, екі жыл ішінде жағдай тұрақталады деп күтеміз. Бұған қоса, бұрын 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың тек үшеуін өндірсек, қазір төртеуін шығарамыз.
Қандай тауарлар өндіресіздер?
– Ет, ұн, нан және жұмыртқа. Басқа ештеңе. Келесі жылдан бастап картоп және құс өнімдері шығарыла бастайды. Сол кезде өзге өңірлерге тәуелділік азайып, бағалар төмендейді.
Бірақ адамдарға азық-түлік те, көлік те ертең емес, қазір керек. Оның үстіне ҚҚС өседі. Бизнес бағаны одан әрі көтереді, қоғамның наразылығы өсіп кетпей ме? Шұғыл шешімдер қажет емес пе?
– Келісемін. Қажет шаралар қабылданып жатыр. Ауыл шаруашылығында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Швейцарияның Harvest Agro Holding компаниясы келесі жылдан бастап шамамен 200 млн долларлық жобаларды іске асырады. Бұдан бөлек, жем-шөп базасының өндірісі жолға қойылып жатыр. Әр істің өз циклі бар. Менің ойымша, алдағы екі жылда жағдай тұрақталады.
ӘКІМДЕРДІҢ ЖИІ АУЫСУЫ ТУРАЛЫ
– Кез келген басшыға өз идеясын жүзеге асыру үшін кемінде үш жыл қажет. Бірінші жылы өңірді зерттейсің: әлсіз және күшті тұстарын анықтайсың. Екінші жылы жобаларды бастайсың. Үшінші жылы алғашқы нәтижелерін көресің.
Осы үш жыл сізге жеткілікті ме?
– Бұл тек маған емес, кез келген басшыға қатысты. Біздің жұмысымызды халық пен мемлекет басшысы бағалайды. Қазір болжам жасау ерте.
НЕЛІКТЕН ЖЕЗҚАЗҒАН ЖАСТАРЫ ДАЯШЫ БОЛУДАН ҰЯЛАДЫ?
Ұлытауда діни жолға бет бұрған жастар көбейіп жатыр. Бұған жұмыссыздық себеп деген пікірге келісесіз бе?
– «Жұмыссыздар өте көп» дегенмен келіспеймін. Ресми статистика бойынша жұмыссыздық деңгейі – 4,1%, бұл көрсеткіш бойынша біз Қарағанды облысынан кейін екінші орындамыз. Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – 4,6%.
Бірақ, әрине, статистика бір басқа, нақты жағдай сәл өзгеше. Қазір өңірде жұмыс көп: жаңа нысандар ашылып, жобалар іске қосылып жатыр. Хабарландыруларды ашсаңыз, бос орын өте көп. Бірақ еңбек биржасы 250-300 мың теңге жалақысы бар жұмыс ұсынып көрсе, қызығушылық аз. Көпшілігі жалақысы кемінде 500 мың теңге болатын «Қазақмысқа» жұмысқа кіргісі келеді.
Жезқазған – шағын қала, бәрі бірін-бірі таниды. Сол себепті кей жастар даяшы немесе қызмет көрсету саласында жұмыс істеуді ар санайды.
Ұлытау тұрғындарының тағы қандай ерекшеліктері бар?
– Мұндағы адамдар өте еңбекқор, қонақжай. Бұрын өңірде негізінен жергілікті, осы жерде туғандар тұратын. Қазір басқа облыстардан да адамдар келіп жатыр, жаңа мәдениет әкелуде. Қызмет көрсету саласы дамып келеді. Әрине, өзгеріске дайын емес, бұрынғы өмір салтын қалайтындар бар. Бірақ көпшілігі жаңашылдыққа ашық.
Неге екені белгісіз, көпшілік Жезқазған мүлде дамымай қалған кедей өңір деп есептейді.
– Оны түсіндірейін. Алғашқы екі жыл барлық қаражат инженерлік желілерді жаңартуға жұмсалды. Жай сөзбен айтқанда, бүкіл ақша жер астына кетті. Коммуникация мәселесі шешілмей, абаттандыруды бастауға болмайды.
Биылдан бастап жолдар жөнделіп, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, құрылыс көлемі артты. Адамдар ақыры өз көздерімен өзгерісті көре бастады.
ҚОНАҚ ҮЙЛЕРДЕ БОС ОРЫН ЖОҚ
Туризм – Қазақстандағы ең артта қалған салалардың бірі. Бұл бағытта қозғалыс бар ма?
– Бар. Туристер саны жыл сайын өсіп келеді. Биыл алғашқы жартыжылдықта бізге 22 мың турист келді. Инвестиция көлемі 46%-ға артты. Былтыр бір жаңа қонақүй ашылса, биыл тағы екеуі пайдалануға беріледі.
Бірақ бізде бір мәселе бар: облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін Жезқазғанда қонақ үйлерде орын жетіспейді. Осы мәселеге байланысты инвесторларды тарту жұмыстарын ширатып жатырмыз. Бұл ыңғайсыздықты ішінара шешу үшін былтыр туристік аймақтарда киіз үй қалашықтарын орнатуды бастасақ, келесі жылдан бастап глэмпинг құрылысы іске қосылады.
Туризмді дамыту үшін, алдымен, инфрақұрылым қажет. Жол мәселесі толық шешілсе, туристік ағын 3-5 есеге дейін артады деп отырмыз. Әсіресе оңтүстік өңірден көп адам келеді. Қазір Жошы хан және Алаша хан кесенелеріне баратын жолдар жөнделіп жатыр. Хан ордасына апарар шамамен 3 шақырым жаңа жол да салынады.
Ұлытауды теңізі немесе көлі бар өңірлермен салыстыру қиын. Бізде эко- және этнотуризм. Соған қарамастан, шетелдік туристер көбейіп келеді. Голландия, Норвегиядан келген қонақтар болды. Бізде туристік полиция жұмыс істейді, мамандары ағылшын тілін жақсы меңгерген. Жақында олардың бірі шетелдікке жол сілтеп жүріп, әлеуметтік желілерде жұлдызға айналды. Өңір туризмінің болашағы өте зор деп санаймын.
БЛОГЕРМЕН БОЛҒАН ДАУ ЖӘНЕ СОТ
– Жақында сіз блогермен соттастыңыз. Сынды неге сонша ауыр қабылдайсыз?
– Мен сынға өкпелей қалатын бала емеспін. Бұл жерде мәселе абырой мен іскерлік бедел туралы болды. Блогер қала мен облыстағы әлеуметтік мәселелерді көрсетті, ол ешкімге құпия емес, біз олардың бәрін білеміз. Айтылған сынның жаңалығы да жоқ. Бірақ маған ұнамағаны – осы проблемаларды жеке пайдасына пайдалану.
Бұл адам соңғы 15 жыл Жезқазғанда тұрған жоқ. Биыл мамырда келіп, бірден үш бөлмелі пәтер, «Қазақмысқа» жұмысқа орналастыру және қаржылай көмек талап етіп, әкімдікке келді.
Әкімдік заң аясында жауап берді. Максималды мөлшерде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, бірақ оны аз көрді. Ал пәтер тек кезекпен беріледі, оны да түсіндірдік.
Бас тартқаннан кейін ол негізсіз түрде сыбайлас жемқорлықпен айыптай бастады, мені «ең ірі парақор, Гиннес рекордтар кітабына лайық» деп атады. Әкімдік пен басқарма басшылары жалған ақпараттың таралуына жол бермеу керектігін түсіндіріп, оны өшіруді сұрады. Бірақ ол айтқанынан қайтпады.
Біраз уақыт шыдадым. Бірақ менің де отбасым, ата-анам, балаларым бар. Мектепте балаларымды «сенің әкең жемқор» деп мазақтай бастады. Сол кезде үнсіз қалуға болмайтынын түсіндім. Атымды қорғау үшін полицияға өтініш бердім.
Полиция материалдарды сараптамаға жіберді. Сарапшылар блогер жалған ақпарат таратқанын, менің ар-намысыма нұқсан келгенін анықтады.
Іс сотқа жіберілгеннен кейін, мен дауды медиация арқылы шешкім келді. Біз оған: «Таратқан жалған ақпаратыңды мойында, кешірім сұра және керісінше, экологиялық ағартуды бірге жүзеге асырайық» дедік. Ол адам келіспеді және ақырында сот шешімімен жазаланды.
Айтпақшы, ол тек мені емес, қала тұрғындарын да балағаттады. Алғашында адамдар оны қолдағанымен, кейін боқтық сөзге толы видеоларын көріп, қарсы шыға бастады.
Сізге пара ұсынғандар болды ма?
– Жоқ. Менің ойымша пара ұсынатындар ең алдымен жағдайды зерттейді. Кімге айтуға болады, кімге болмайды, соны талдайды. Сондықтан осы уақытқа дейін ешкім ондай әрекетке бармады. Бірақ «біреуді жұмысқа орналастырып беріңіз», «мынаны өзіңізге алыңыз» деген өтінішпен келетіндер бар. Менің жауабым біреу: «Бізде кадр тапшылығы бар. Құжаттарыңды тапсыр, конкурстан өт, сені мен айтпай-ақ қабылдайды».
Осындай жауаптарым үшін бірнеше туысым менімен сөйлеспей кетті.
ҮШ НЕГІЗГІ МАҚСАТ
Әкім ретінде шешкіңіз келетін үш басты міндетті атай аласыз ба?
– Біріншісі және ең маңыздысы: Жезқазған – Қызылорда жолы. Жоспар бойынша оны 2027 жылы аяқтауымыз керек.
Екіншісі: Жезқазғанның жаңа батыс ауданын дамыту. Біз оны шартты түрде Астанадағыдай «сол жағалау» деп атаймыз. Бұл жобаны 2027-2028 жылдары аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Үшіншісі: қаланы толықтай таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешу.
Осы үш міндетті сәтті орындап, халыққа тапсыра алсам, оны үлкен мәртебе деп санаймын.
Ал одан кейінгі қызметімнің қалай өрбитінін білмеймін. Бірақ зейнетке шыққанға дейін мемлекеттік қызметте қалғым келеді.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан көре аласыз.