Жарық жиі сөнеді, газ беру тоқтап қалып жатады, жылу мен электр энергиясының тарифтері қымбаттап барады. «Тапшылық», «артық жүктеме», «энергетикалық дағдарыс» деген сөздер күнделікті өмірде жиі еститін тіркеске айналды. Отандық энергетика саласында мұндай оқиғалар неліктен жиілегенін кезінде саланы жаңғыртуға білек сыбана кірісіп, кейін тергеуге тартылған бұрынғы вице-министр Бақытжан Жақсалиев сұқбатта түсіндіріп берді. Айтпақшы, оған тағылған айып кейін алынып, кешірім жасалғанымен, ол ведомствоға қайта оралмады.
Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұқбатында Жақсалиев ел энергетикасында шын мәнінде не болып жатқанын және «жоғарыда» қабылданатын шешімдердің неге жиі сәтсіздікке ұшырайтынын түсіндірді.
КӨКШЕТАУҒА ЖЭО НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
– Шешімдер асығыс әрі директивалық түрде қабылданғанда, декларатив сипаттағы, техникалық тұрғыдан негізсіз жобалар пайда болады. Уақыт өте келе мұндай бастамалар күрделі экономикалық мәселеге айналуы мүмкін.
Бұлай деу үшін дәлел де салмақты болуы керек. Нақты мысал келтіре аласыз ба?
– Сөзіме Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жобалар дәлел бола алады. Мұнда үш-төрт жыл бұрынғы жағдайға оралу керек. Мемлекет басшысының бір сапары барысында Ресей Федерациясымен үш жобаны іске асыру жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойылған еді.
Олардың барлығы бірдей шын мәнінде қажет деп кесіп айта алмаймын. Мәселен, Көкшетаудағы жоба сұрақ тудырады. Қалада электр қуатының айтарлықтай қоры бар. Мұнда қуаты 1150 кВ болатын «Көкшетау» қосалқы станциясы жұмыс істейді. Ол Ресей мен Қазақстан аумағы арқылы батыс пен шығысты жалғайтын 500 кВ транзиттік желілеріне қосылған. Қазірдің өзінде бұл торапта электр энергиясының елеулі артықшылығы байқалады.
Алайда қала қыста тоңып қалады. Демек, мәселе бар ғой?
– Иә, мәселе бар. Бірақ ол электр энергиясына емес, жылумен қамту жүйесіне қатысты. Көкшетауда екі аудандық қазандық жұмыс істейді. Егер олар дұрыс пайдаланылса, белгіленген қуаты аяз кезіндегі ең жоғары жүктемені де өтеуге жеткілікті.
Екінші мәселе – қаланың дамуы. Орталықтандырылған жылумен қамту аймағы кеңеюі тиіс. Осындай жағдайда қосымша жылу өндіретін нысан салу әлдеқайда қисынды және, ең бастысы, айтарлықтай арзанға түсер еді.
Бұл өңірде көмірден бас тарту мәселесі кеңес дәуірінде-ақ көтерілген. Онда жаңа ЖЭО салудың логикасы қандай? Ол шынымен экологиялық түйткілді шеше ала ма?
– Экологиялық тұрғыдан алғанда, бұл өңірде көмірге негізделген генерацияны дамытуға болмайды. Бұл – көптеген көлдері мен табиғи аймақтары бар курорттық өңір, біз онымен мақтанамыз. Кеңес кезеңінде-ақ аймақ басшылығы көмірмен жылу өндіруді толық тоқтату мәселесін көтерген. Себебі Екібастұз көмірін пайдалану жоғары көлемдегі шығарындылармен қатар жүреді және қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіреді.
1980 жылдардың соңы – 1990 жылдардың басында электрмен жылытуға көшу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл шешім 1150 кВ қосалқы станциясының салынуымен байланысты болды. Ол өңірді жеткілікті әрі арзан электр энергиясымен қамтамасыз етуге тиіс еді. Бүгінде осы аймақ арқылы өтетін электр энергиясының көлемі кемінде алдағы 50-60 жылға жетеді, тіпті болашақтағы индустриялық жобаларды ескергеннің өзінде.
Соған қарамастан, сарапшылар электр энергиясы тапшы дейді. Сіз мәселе басқа жақта деп отырсыз. Кімге сенеміз?
– Іс жүзінде сөз екі трансформатордың жарамсыздығы туралы болып отыр. Мұндай жағдайда шешім айқын: қосымша трансформаторлар орнатылса, Көкшетаудың болашақтағы электр тұтыну қажеттілігі толық жабылар еді.
Жылумен қамту мәселесіне келсек, аға буын өңір басшысы болған Әуелбековті жақсы біледі. Ол беделді әрі білікті басшы еді, халық арасында зор құрметке ие болды. Дәл сол кісі Қазақ КСР Энергетика министрлігі мен одақтық органдар деңгейінде аймақта көмір қазандықтарын толық жоюды талап еткен. Электрмен жылытуға көшу барысында қала құрылысы шешуші рөл атқарды: тұрғын үйлер жоғары энергия тиімділігіне сай, жылу жоғалтуды барынша азайтатындай етіп жобаланды. Мұндай қағидаттар 1990-жылдардың басындағы тұрғын үй құрылысы бағдарламаларында-ақ ескерілген.
Осылайша, тиімді жылумен қамту мен энергия үнемдеу тәсілдері қазіргі күн тәртібіне айналмай тұрып-ақ талқыланған.
Олай болса, Президентке бұрмаланған ақпаратты кім және қашан жеткізген?
– Мен бастама Ресей тарапынан шықты деп айта алмас едім. Ресей шешімді тек Қазақстаннан түскен ұсыныстарға жауап ретінде қабылдай алады. Ұсыныстар Көкшетау, Өскемен және Семей жобалары бір пакетке біріктірілген кезде, олар дәл сол күйінде қаралды.
Ал Семейге келсек, бұл қалаға, ең алдымен, жылумен қамту көздері бойынша дұрыс шешім қажет, содан кейін ғана электрмен қамту мәселесін қарастырған жөн. ЖЭО салу мәселесін де дәл осындай ретпен талқылау керек.
Яғни жобалар бір жоба ретінде ұсынылды, бірақ қалалардың қажеттілігі мүлде әртүрлі болды ма?
– Дәл солай. ЖЭО – жылу электр орталығы. Мұндағы негізгі ұғым – «жылу». Оның басты міндеті – жылумен қамту. Ал электр энергиясын өндіру станцияның тиімді әрі жыл бойы жұмыс істеуі үшін қосылады. Бұл отынды – газды, көмірді немесе мұнайды – ұтымды пайдалануға және соңғы тұтынушы үшін өзіндік құнды төмендетуге мүмкіндік береді. Осындай жобаларды іске асыруда дәл осындай тәсіл басшылыққа алынуы тиіс.
Онда бұл жағдайдың нақты қозғаушы күші не болды?
– Инвестиция игеру үдерісі коммерцияландырылған сипатқа ие болды. Әр кезеңде инвестициялық жобаларды ілгерілетуге мүдделі құрылымдар пайда болады. Бұрын бұл іспен негізінен банктер мен қаржы институттары айналысса, бүгінде түрлі қорлар белсенді. Соның салдарынан негіздемесі күмәнді жобалар да қолдау тауып, қаржыландырылады. Көкшетаудағы жоба – сондай бастамалардың бірі.
Егер басқа басым міндеттер ескерілмесе, оны жүзеге асыруға болады. Алайда баламалы, экологиялық тұрғыдан ұтымды шешімдер бар. Олар өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Көкшетаудың өзінде бұл жобаға айтарлықтай қарсылық болмаған.
– Қаладағы энергетикалық қауымдастықтың негізгі уәжі – Көкшетау облыс орталықтарының ішінде жеке станциясы жоқ жалғыз қала деген пікір. Бірақ мұндай уәж ЖЭО сияқты ірі нысанды салуға техникалық-экономикалық негіз бола алмайды.
Алайда формалды түрде құрылыс басталып кеткені айтылып жүр.
– Қазір тек жұмыстың басталғанын білдіретін формалды белгілер ғана бар: түрлі жабдық жеткізушілер келді, келіссөздер жүргізілді, жобалық шешімдер әзірленді. Бұл ретте салынған капиталды қайтару жылу мен электр энергиясы тарифтері арқылы қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Яғни шығындар жоба өңір үшін аса маңызды болмаса да, бүкіл ел бойынша бөлінуі мүмкін.
СЕМЕЙ МЕН ӨСКЕМЕНДЕ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ БАР?
Сіз мәлімделген үш ЖЭО-ның ешқайсысы елге қажет емес деп санайсыз ба?
– Әр қаладағы жағдай әртүрлі. Семейдегі ахуал Көкшетаудан түбегейлі өзгеше. Онда ешқашан толыққанды орталықтандырылған жылумен қамту жүйесі болған емес. Қала Ертістің екі жағалауында орналасқан. Сол жағалауда бұрынғы ЖЭО-1/ЖЭО-2 негізіндегі Семей жылу электр орталығы жұмыс істейді. Оның жағдайы қанағаттанарлықсыз: соңғы 15-20 жыл бойы бюджет қаражаты негізінен жылыту маусымына дайындыққа жұмсалып, жүйелі жаңғырту жүргізілмеді.
Бұл станция бастапқыда Кеңес Одағындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі болған Семей ет комбинатын жылумен қамту үшін салынған. Кәсіпорын әлдеқашан жабылғанымен, ЖЭО әлі күнге дейін сол жағалаудың шектеулі бөлігін ғана жылумен қамтамасыз етеді. Қаланың қалған аумағында тиімділігі өте төмен жиырмадан астам қазандық жұмыс істейді. Мұндай жағдайда тұрақты әрі тиімді жылумен қамту туралы айту қиын.
Семей ұзақ жылдар бойы Шығыс Қазақстан облысының құрамында болды, қолға тиген азын-аулақ қаражатқа ғана иек артты. Қазір ол жеке өңір. Не өзгерді?
– Мен облыс әкімдерінің бірімен кездесіп, алдымен жылуға деген нақты қажеттілікті анықтау керектігін ашық айттым. Қаланың бекітілген даму сызбасына сүйене отырып, қай жерде, қашан және қанша қуат салу қажет екенін нақты есептеуге болады. Ал 350-400 МВт сияқты жалпылама көрсеткіштерге жүгінудің қажеті жоқ.
Нақты қажеттілік есептелмегенін айтқанымда, олар бұл мәселені менсіз де шеше алатынын жеткізді.
Сіз нақты кіммен кездестіңіз?
– Тегі-жөнін атағым келмейді. Маңыздысы – Президент әкімшілігі басшыларды тағайындағанда, олардың алдына қандай міндет қойылатынын және сол міндетті атқаруға қауқарлы ма, соны түсінуі тиіс.
Семейге ЖЭО қажет екені рас. Бірақ тәсіл түбегейлі басқа болуы керек: үш жобаны бір инвесторға бере салмай, алдымен, негізгі параметрлерді өзіміз айқындауымыз қажет. Ол қуат көлемі, мерзімі, құрылыс орны, отын түрі, желілердің жағдайы және оларды бір мезгілде іске қосуға дайындығы. Осыдан кейін ғана шешім қабылдануы тиіс.
Ал Өскемендегі үшінші жобаға қатысты не айтасыз?
– Өскемен – өнеркәсіптік қала. Бұрын өндірістік тұтыну көлемі жоғары болған, бүгінде қала аумағы кеңейіп келеді, әсіресе сол жағалау бөлігі қарқынды дамып жатыр. Қолданыстағы ЖЭО ескі, оған ауқымды жаңғырту қажет.
Технологиялық тұрғыдан айтарлықтай өзгеріс жоқ: көмір, қазандық, бу турбинасы, генератор. Олар жылу мен электр энергиясын өндіреді, бірақ төмен параметрде, пайдалы әсер коэффициенті аз режимде жұмыс істейді.
Соған қарамастан «технологиялық тұрғыдан жаңа ЖЭО салынады» деп айтылып жүр ме?
– Қазір жаңа технологиялар мен «ең үздік қолжетімді техникалар» туралы көп айтылады. Баяндамаларда бұл сөздер әдемі естіледі, бірақ іс жүзінде орындаушылардың түсінігі үстірт. Маңыздысы әдемі мәлімдеу емес, экономикалық нәтиже беретін жобаны жүзеге асыру: жылу мен электр энергиясын өндірудің шығындарын азайту. Өскеменге дәл осындай нысан қажет.
Демек, әңгіме жаңа станция емес, жаңғырту жайында болуы керек пе?
– Өскеменде – қолданыстағы ЖЭО-ны терең жаңғырту және қажет болса, сол жағалаудың өсіп келе жатқан бөлігін қамтамасыз ету үшін қосымша станция салу мәселесі бар. Семейге жаңа станция шынымен керек. Ал Көкшетауға қажет емес.
МӘСЕЛЕМЕН КІМ АЙНАЛЫСУЫ ТИІС?
ЖЭО салу қанша уақыт алады?
– Құрылыс жұмыстарының өзі үш-төрт жылға созылады. Бірақ оған дейін ауқымды дайындық кезеңі қажет. Қазақстанда мұндай есептермен ондаған жыл айналысқан мамандар бар. Олар – елдің энергетикалық теңгерімін қалыптастырған арнайы жобалау институттары.
Олар Энергетика министрлігіне қарай ма?
– Қазіргі таңда министрлік жанында электр энергетикасы мен жылу кешенінің стратегиялық дамуын жүйелі түрде зерттейтін бірде-бір институт жоқ. Оның үстіне, министрліктің кадрлық құрамы мұндай міндеттерді шешуге саны жағынан да, сапасы жағынан да жеткіліксіз. Шешім қабылдап жүргендердің көбі нақты энергетикалық өндірісті көзбен көрмеген.
Салыстыру үшін айтайын: Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрлігінде шамамен 380 адам жұмыс істеген, оның ішінде күрделі құрылыс жөніндегі жеке бас басқарма болған. Негізінде бұл инвестицияны басқару құрылымы еді. Мемлекет Госплан арқылы аумақтық-өндірістік кешендерді қалыптастырып, қай жерде және қандай энергетикалық нысандар салу керектігін нақты білген.
1970-1980 жылдары Қазақстанда шамамен 10 гигаватт қуат іске қосылды. Ол кезде жобалау, энергетикалық құрылыс және машина жасау институттарының мықты базасы болды. Әрқайсысында 600-700 адамнан жұмыс істейтін бес жобалау институты елдің бүкіл энергетикалық инфрақұрылымын қамтамасыз еткен.
Қазір толыққанды жұмыс істейтін жобалау институты іс жүзінде жоқ, тек КНЭП бар, оның өзі жеке құрылым.
ПРЕЗИДЕНТКЕ НЕГЕ АЙТЫЛМАДЫ?
Сіздің ойыңызша, мұның бәрі неге әлі күнге дейін Президентке толық жеткізілмеген?
– Мен бұл мәселені бірнеше жылдан бері айтып келемін. Көптеген мамандар мен салалық институттар менімен келіседі. Бірақ шынайы жағдайды баяндау үшін, ең алдымен, азаматтық ар-ұят керек. Мұндай жауапкершілікті әркім мойнына алуға дайын емес.
Яғни, сіздің ойыңызша, әлдекімдер өз мүддесін көздеп отыр ма?
– Онда мына сұрақты қояйық: Ресей Федерациясымен үкіметаралық келісім не үшін қажет болды? Ресей тарапынан орындаушы ретінде «Интер РАО» компаниясы белгіленді. Алайда «Интер РАО» электр станцияларын салумен айналыспаған. Бұған дейін ол Екібастұз ГРЭС-2 станциясының 50 пайыздық үлесіне ие болып, кейін жобадан шықты. Соның салдарынан мемлекет бұл үлесті кері сатып алуға мәжбүр болды.
Оған қомақты қаржы жұмсалып, ол қаражат кейін «Самұрық-Энергоның» капиталдандырылуына енгізілді. Ал қарыз міндеттемелері тариф арқылы қайта жүктелді. Бұл – негізгі мәселе: энергетикалық активтерді қайта сатып алу мен мемлекет меншігіне қайтару шығындарын түптеп келгенде тұтынушы төлейді.
«Сату» немесе «мемлекетке қайтару» туралы ұсыныстар жиілеген сайын қарапайым сұрақ туындайды: мемлекет неге энергиямен қамтуға байланысты қосымша міндеттемені өз мойнына алуы керек? Нысан кері сатып алынған жағдайда, жұмсалған қаржы бәрібір қайтарылуы тиіс – өзіндік құн, амортизация және ақыр соңында тариф арқылы. Тарифтердің өсуі де осыдан.
ИНВЕСТИЦИЯ ПАЙДАҒА ЖҰМСАЛУЫ ТИІС
Дегенмен салаға инвестиция қажет. Оны қалай дұрыс пайдалану керек?
– Бізде «Электр энергетикасы туралы» заң бар. Алайда шетелдік инвесторларға ерекше шарттармен үкіметаралық келісімдер жасалғанда, олар іс жүзінде заңнан жоғары тұрады. Мұндай келісімдердегі талаптар ұлттық заңнамадан басым болады. Бұл дұрыс емес.
Қазірдің өзінде шетелдік қатысуы бар ірі гигаваттық жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Олар үшін ерекше режим енгізіледі – тарифтік, салықтық, жер мәселесіне қатысты. Бұл шарттардың барлығы түптеп келгенде соңғы тұтынушыға жүктеледі.
«Ерекше режим» нені білдіреді және қандай жеңілдіктер береді?
– Бұл – көтеріңкі тарифтер, салықтық жеңілдіктер, жерді өтемақысыз беру және басқа да артықшылықтар. Соның нәтижесінде мұндай жобалар бойынша тарифтер ұлттық өндірушілерге қарағанда жоғары болуы мүмкін. Оның шығынын халық қана емес, бүкіл экономика көтереді.
Ауқымды, бірақ толық негізделмеген энергетикалық жобаларды іске қосқанда, салдарын нақты түсінуіміз керек: электр энергиясының құны күрт өседі. Бұл тіпті жаңа, жоғары технологиялық өндірістердің өзін бәсекеге қабілетсіз етеді. Электр энергиясы қымбат базалық ресурсқа айналып, экономика тұрақтылығын жоғалта бастайды.
ЖАУАПКЕРШІЛІК КІМДЕ?
Мұндай шешімдер үшін соңында кім жауап береді?
– Жауапкершілік Үкіметте болуы тиіс. Шешімді қабылдап, басымдықтарды бекітетін сол. Қазір Президент пен Үкімет деңгейінде бір мезгілде көптеген энергетикалық жобалар жарияланып жатыр. Олар болашақта сұраныссыз қалуы мүмкін активтерді қалыптастырады, егер тариф тым жоғары болса.
Мен көп жылдан бері есептер арқылы дәлелдеп айтып келемін: бізде қуат тапшылығы да, электр энергиясы тапшылығы да жоқ. Қазіргі таңда шамамен 25 ГВт орнатылған қуат бар, оның 20 ГВт-ы қыс мезгілінде нақты жұмыс істеуге дайын. Ең жоғары жүктеме кезеңінде тұтыну 16-17 ГВт шамасында. Демек, шамамен 3 ГВт резерв бар. Нақты жағдай – осы.
АРТЫҚ ҚУАТТЫ ҚАЙДА ЭКСПОРТТАЙМЫЗ?
Соған қарамастан, электр энергиясын экспорттау перспективалары туралы жиі айтылады.
– Ал оны кім сатып алады? Ұзақмерзімді келісімдер бар ма? Қазақстан электр энергиясын экспорттаушы елге айналуы тиіс деген мәлімдемелер жасалады. Бірақ өзге мемлекеттер өз энергетикасын дамытып жатыр. Ресейде қазірдің өзінде қуат профициті бар. Өзбекстан жаңа нысандарды белсенді түрде салып жатыр. Қырғызстан ұлттық энергетиканы дамыту бағдарламасын жүзеге асырып, алдағы уақытта өзін-өзі қамтамасыз етуге ұмтылып отыр.
Сонда артық электр энергиясын кімге сатамыз? Жауабы айқын, ешкімге. Біз пайдаланылмайтын активтерді ұстап отырамыз, ал оның шығынын ішкі тұтынушы өтейді.
Бірақ өзіңіз энергетикамыздың жағдайы мүшкіл дедіңіз ғой.
– Себебі технологиялық тұрғыдан ол ескірген. Бұл – кешегі күннің энергетикасы. Алайда жаңа технологиялар бар, оларды жүйесіз емес, ойланып, кезең-кезеңімен енгізу қажет.
МАЙНИНГ НЕ ІСТЕДІ?
Көпшілік энергетикадағы мәселелерді майнингпен байланыстырады. Қытайда тыйым салынғаннан кейін бұл қызмет Қазақстанға көшті деген пікір бар.
– Бұл жерде майнинг пен дата-орталықтарды жиі шатастырады. Майнинг – криптовалютаға қатысты тәуекелі жоғары бизнес. Криптовалютаның өзіндік құны құрылымында 75-80 пайызы электр энергиясына тиесілі. Сондықтан майнерлер әрдайым барынша арзан тарифке мүдделі.
Іс жүзінде Қазақстан электр энергиясын сатады да, тек салық түсімін алады. Ал қосылған құнның негізгі бөлігі криптобиржалар мен әмияндар орналасқан өзге юрисдикцияларда қалады. Қытайдың кезінде криптовалютаға тыйым салуының бір себебі – өзінің қаржы жүйесіне зиян келтірмеу еді.
Неге бізде майнингке тыйым салынбады?
– Бәлкім, шешім қабылдайтын ортада мүдделі тұлғалар бар шығар.
Онда дата-орталықтар мен жасанды интеллект мәселесіне тоқталайық. Бұл бағытқа Қазақстанға қанша электр энергиясы қажет?
– Мен бұл сұрақты арнайы зерттедім. Тіпті ашық дереккөздер мен талдау жүйелерінде Қазақстан бойынша нақты есеп жоқ. Еуропада, АҚШ-та, Қытайда мұндай деректер бар, бізде жоқ. Дамыған елдердегі есептеу қуаттарының көлемін біздің экономика ауқымымен салыстырғанда, 2030 жылға дейін Қазақстанға шамамен 500 МВт жеткілікті деген қорытындыға келдім.
500 МВт – көп пе, аз ба?
– Бұл – өте үлкен көлем. Мысалы, Qarmet компаниясының қазіргі тұтынуы шамамен 500-700 МВт. Ферроқорытпа зауыты да осындай деңгейде пайдаланады. Екібастұз ГРЭС-1 станциясының бір энергоблогы – 500 МВт, ал ондай блоктар онда сегіз. Яғни бір ғана станция бірнеше ұлттық ЖИ бағдарламасын қамтамасыз ете алады.
АҚШ-та 2024 жылы дата-орталықтар жалпы электр тұтынудың небәрі 1,5 пайызын құрады. Бізде өндіріс пен тұтыну арасындағы айырмашылық шамамен 0,7 пайыз. 2024 жылы 123 млрд кВт·сағ өндіріліп, 124,4 млрд кВт·сағ тұтынылды. 0,7 пайыздық айырма импорт есебінен жабылды.
Соған қарамастан, Қазақстан Ресейден қымбат электр энергиясын сатып алуға мәжбүр деген сын айтылады.
– Бұл – манипуляция. Жылдық теңгерімдегі 0,7 пайыз – дағдарыс емес. Дұрыс басқарылған жағдайда бұл айырманы профицитке де айналдыруға болады. Қазіргі генерация әлеуеті жылына 160-170 млрд кВт·сағ. Мәселе тапшылықта емес, басқаруда.
Демек, біз нетто-импорттаушымыз деген пікір асыра айтылған ба?
– Әрине. Бұл ештеңе салудың қажеті жоқ деген сөз емес. Жаңғырту, жаңарту, жаңа нысандар салу керек, оның ішінде атом энергетикасын да дамыту қажет. Бізде АЭС бойынша ауқымды бағдарлама бар және, меніңше, елге атом энергетикасы қажет, әрі ол шұғыл қажет.
УАҚЫТ БЕЛДЕУІН АУЫСТЫРУ КӨМЕКТЕСПЕДІ МЕ?
Кейбіреулер энергетикадағы мәселелерді елдің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуімен байланыстырады. Бұл шынымен тапшылықты шешу әрекеті ме?
– Бұның тікелей байланысы жоқ. Егер қуат тапшылығы болмаса, электр энергиясы тапшылығы да болмайды. Мәселе басқа жерде.
Қарапайым тілмен түсіндірейін. Қазақстан географиялық тұрғыдан үш уақыт белдеуінде орналасқан – шығыс, орталық және батыс. Кеңес кезеңінде солай өмір сүрдік. Әр белдеуде кешкі жүктеме шыңы әртүрлі уақытта болатын. Яғни шекті жүктемелер уақыт бойынша бөлініп тұрды.
Барлығын директивті түрде бір уақыт белдеуіне біріктіргенде, шыңдық жүктемелер бір мезетке шоғырланды. Осылайша біз тұтынудың жиынтық шыңын қолдан өзіміз өсірдік.
Бірақ шешім қабылданды. Неге?
– Энергожүйе ерекшелігі ескерілмеді. Соның салдарын көріп отырмыз. Дегенмен, дұрыс диспетчерлік басқару, тарифтік саясат және жүктемені қайта бөлу арқылы бұл шыңды да жабуға болады.
Бүгінгі негізгі мәселе генерация тапшылығы емес, желілік тапшылық. Кейбір өңірлерде жүктеме жоғары, ал желілер қажетті көлемді өткізе алмайды. Бұл Алматыдағы Әл-Фараби даңғылының қарбалас уақыттағы жағдайына ұқсайды: жол бар, бірақ шамадан тыс жүктелген.
Ондай жағдайда не істеу керек?
– Жүктемені азайту қажет. Ол үшін тариф пен тұтыну кестесі арқылы реттеу керек. Желілер бос тұрған уақытта тариф төмен болуы тиіс, сонда өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысын сол сағаттарға ауыстырады. Ал шекті жүктеме кезеңінде тариф жоғары болуы керек. Бұл – қалыпты экономикалық тетік.
Бірақ бізде шешім жартылай болып қалды: түнгі тариф арзандатылды, ал кешкі шекті уақыт қымбаттатылған жоқ. Соның салдарынан энергия кәсіпорындары өзіндік құннан төмен жұмыс істей бастады. «Сауда теңгерімі провайдерлері» деп аталатын құрылымдар пайда болды – олар электр энергиясын өндірмейді, бірақ шекті сағаттарда оны бірнеше есе қымбатқа сатады. Бұл – алыпсатарлық модель.
Демек, бірыңғай уақыт белдеуі мәселені шешпеген бе?
– Керісінше, ушықтырды. Мысалы, Қытай да бір уақыт белдеуімен өмір сүреді, бірақ онда жүктемені басқару жүйесі бөлек. Шыңжаңда формалды түрде Бейжің уақыты қолданылғанымен, жұмыс кестесі нақты күн жарығына бейімделген. Бізде мұндай тәсіл қолданылмады.
ГАЗДАҒЫ АПАТТЫҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?
Жақында Теңіздегі апаттан кейін бір өңір электр энергиясынсыз қалуға шақ қалғаны айтылды.
– Өңір жарықсыз қалған жоқ. Эмоция мен нақты деректі ажырата білу керек. Бұл аймақ негізінен газ пайдаланады. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі әзірге мардымсыз. ТШО – ішкі нарыққа газ жеткізушілердің бірі, оның үлесі шамамен 20-22 пайыз.
Апат кезінде екі трансформатор ажырап, үшіншісі шамадан тыс жүктемеден өшті. Өрт шығып, жағдай оқшауланды. Кейін салдарды ушықтырмау үшін Теңіз кен орнын, оның ішінде өндіру процесін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды.
Бұл энергожүйеге қалай әсер етті?
– Апатқа дейін ТШО тәулігіне шамамен 15 млн текше метр газ жеткізетін. Бұл көлем магистральдық жүйедегі жүктемені азайтып тұрған. Апаттан кейін жеткізілім қысқарды, тіпті газ реверстік режимде ТШО-ның өз қажеттілігіне кері бағытталды. Көлемі – тәулігіне шамамен 7 млн текше метр. Бұл – құбыр өткізу қабілетінің технологиялық шегі.
Нәтижесінде өзге тұтынушылар үшін газ бен электр энергиясына шектеу енгізілді. «Қазақгаз» компаниясы уақытша шектеулер қоюға мәжбүр болды.
Яғни мәселе генерацияда емес, газ инфрақұрылымының осалдығында ма?
– Дәл солай. Электр энергиясы бойынша проблема болған жоқ. Бірақ газ тасымалдау жүйесі – стратегиялық инфрақұрылым. Ол кез келген уақытта істен шығуы мүмкін, сондықтан соған дайын болу қажет. Сонымен қатар көп жағдайда бос тұратын артық резервтік қуаттарды сала беруге болмайды. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз, өйткені қаражат пайдаланылмайтын активтерге жұмсалады.
Президент «Қазақгазды» газдандырудағы кемшіліктері үшін сынады. Бұл сын қаншалықты орынды?
– Қазақстанда газ өндіруші компаниялар жылына шамамен 59-60 млрд текше метр газ өндіреді. 2024 жылы тауарлық, өңделген құрғақ газ көлемі шамамен 25 млрд текше метр болды. Ішкі тұтыну – 21 млрд текше метр шамасында.
Мәселе басқа жерде. Газдандыруды кеңейту дегеніміз – жекелеген ауылдар мен елді мекендерге газ жеткізу. Бұл үлкен қашықтықтар мен орасан шығын.
ГАЗДАНДЫРУ ЖҮЙЕСІЗ БОЛМАУЫ КЕРЕК
Мысалы, Зайсан тұрғындары 30 жылдан бері газсыз отырғанын айтады.
– Бұл өңірде ресурс шектеулі. Тарихи тұрғыда Зайсан көмір генерациясын пайдаланды. Газ жеткізу үшін қалаға кемінде 200 мың текше метр көлем қажет. Құбыр диаметрі шағын болса, газдың құны өте жоғары болады.
Мұнда бір нәрсені түсіну керек: газдандыру жай ғана «құбыр тарту» емес, бұл – жүйе. Мысалы, Алматыда газдандыру жүйесіз көрінеді: жол бойымен тартылған құбырлар, жекеменшік секторда ретсіз қосылу. Еуропада газ бар, бірақ барлық құбырлар жер астымен жүргізілген. Париж бен Лондонда газ жыл бойы шамамен 98 пайыз тиімділікпен пайдаланылады. Бізде бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды.
Неге айырмашылық жер мен көктей?
– Себебі бізде газ жиі дұрыс қолданылмайды. Газ үйге дейін жеткізіледі де, ары қарай әркім өз бетінше шешім қабылдайды. Көмір пешіне газ қондырғысын орнатып, нәтижесінде газдың басым бөлігі мұржа арқылы кетеді. Әр энергия көзіне сәйкес арнайы қазандық болуы керек, ол қысымға, калориялық көрсеткішке және жұмыс режиміне сай есептелуі тиіс.
Франция мен Ұлыбританияда газ қымбат, сондықтан жоғары тиімді жабдықтар қолдануға мәжбүр. Беларусь өз ресурстары болмаса да, газды ұтымды пайдалану арқылы ТМД аумағындағы ең тиімді жүйелердің бірін қалыптастырды.
НЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?
Демек, мәселе тек ресурсқа емес, тәсілге де байланысты ма?
– Дәл солай. Бізде жобалар нақты есепсіз іске қосылады, сонымен қатар өнеркәсіп тұтынушылары үшін тарифтер төмендетіледі. Мұндай жағдайда экономика дұрыс жұмыс істемейді. Энергия бойынша жеңілдік талап ететін кез келген жоба бастапқыдан-ақ тиімсіз.
Шикізаттан бастап жоғары қосылған құны бар өнімге дейінгі тік интеграцияланған тізбектерді дамыту қажет. Мысалы, тек мыс құймасын емес, фольга, қорытпа, дайын өнім шығару керек. Сонда салық пен табыс ел ішінде қалады. Ал жаңа нысандар салу қолданыстағы станцияларды жаңғыртумен қатар жүруі тиіс, сонда бұл арзан әрі ұтымды болады.
КУРАТОРЛАР ТУРАЛЫ
Энергетикадағы негізгі мәселелерге салалық ведомстволар жауапты. Онда неге, соның ішінде АЭС жобасы бойынша да, ілгерілеу байқалмайды?
– Министрлікке формалды өкілеттік берілгенімен, нақты нәтиже жоқ. Атом электр станциясын салу туралы шешім референдумда қабылданды, арада бір жылға жуық уақыт өтті, бірақ айқын қозғалыс көрінбейді. Қазір атом агенттігі құрылып жатыр, ол бір мезгілде әрі тапсырыс беруші, әрі қадағалаушы орган болмақ. Бұл – жүйелік қате.
Агенттік Үкімет құрамынан шығарылып, тікелей Президентке бағындырылды. Алайда ядролық медицина, отын өндіру, уранды байыту бойынша нақты стратегия жоқ. Мамандар да санаулы ғана.
Сонымен қатар энергетика саласындағы саясатты министр айқындайды.
– Сәтқалиев – салалық маман емес, саясаттағы бағыт та соған сәйкес. Бозымбаев – мықты ұйымдастырушы, бірақ энергетикада шешуші рөл атқаратын техникалық блок маңызды, оны сол кезде мен басқардым. Мен қамауға алынғаннан кейін бес жыл тергеу жүрді, ақырында іс негізсіз деп танылды. Алайда бұл жағдай энергетика саласының беделіне нұқсан келтірді.
Моральдық шығын үшін сотқа жүгінбедіңіз бе?
– Бір кезеңде денсаулығыма байланысты тоқтадым. Көпшілік істі қозғағандарды жауапқа тартуды неге талап етпедің деп сұрады. Мені қамауға алғанда Бозымбаев ашық түрде: «Жақсалиев пен оның орынбасарының бұған қандай қатысы бар? Онда мені де қамаңдар», – деген еді. Ол кезде оның сол кездегі ел басшылығында қолдауы болды.
«Самұрық-Энерго» басшылығы туралы не айта аласыз?
– Ол – қаржыгер, энергетик емес. Мен оны қаржыны басқару үшін ұсынғанмын. Бірақ энергетиканы басқару ақша басқарумен бірдей деген сөз емес. «Жақсы адам» болу – мамандық емес. Жүйелік деңгейдегі кәсіби кадрлар бүгінде өте аз.
Ал KEGOC басшысы ше?
– Бұл – сауатты басқарудың мысалы. Экономист бола тұра, ол мықты техникалық команда жинай алды. Атап айтқанда, ККС компаниясының мамандары, соның ішінде Сапарғали Идрисов. KEGOC маңында құзырет бар. Өкінішке қарай, барлық жерде олай емес.
КӨМІР ТУРАЛЫ
Президент Қазақстанда көмір қоры 300 жылға жетеді деді. Көмір генерациясына көзқарасыңыз қандай?
– Бұл – принципті мәселе. Көмір бар, бірақ оның ерекшелігі бар. Әр көмір түрі өз технологиялық тәсілін талап етеді. Негізгі міндет – экологиялық зиянды азайту. Жаңа технологиялар бұған мүмкіндік береді, бірақ олар электр энергиясын қымбаттатады.
Экономика қарапайым: арзан шикізат – арзан электр энергиясы. Екібастұз көмірінің тоннасы шамамен 4 мың теңге тұрады. Газ әлдеқайда қымбат. Тіпті экологиялық қосымша шығындарды есептегенде де көмір генерациясы қазіргі және болжамды баға динамикасында газдан арзан болып қалады.
Ал экология мәселесі ше?
– Экология әрдайым қосымша шығынды талап етеді. Газ да қоршаған ортаға зиян келтіреді, тек сипаты бөлек. Экологиялық талаптарға сай салынған көмір станциясының құрылысы қымбатқа түседі, бірақ өндірілетін электр энергиясы бәрібір газға қарағанда арзан болады.
Париж келісімі туралы міндеттеме ретінде айтылатын пікірлер де біржақты. Онда қатаң талап жоқ, әр мемлекет өз жолын өзі айқындайды. Президент Қазақстан үшін көмірді ұтымды пайдалану жолын таңдаған дұрыс екенін, сонымен бірге атом энергетикасынан бас тартпау қажет екенін атап өтті.
АТОМ ЭЛЕКТРІ ҚАНША ТҰРАДЫ?
Атом энергиясы қымбат деген пікір жиі айтылады.
– Бір киловатт-сағат 60 теңге тұрады деген мәлімдеме – негізсіз. Қазіргі баға мен қаржыландыру параметрлері жағдайында атом станциясы электр энергиясын 30 теңгеден қымбат емес бағамен өндіре алады. Капиталдық шығын өтелгеннен кейін ол одан да арзандайды – көмірден де, газдан да арзан болады.
Атом станциясы базалық режимде, яғни орнатылған қуаттың 80-90 пайызы деңгейінде тұрақты жұмыс істейді. Бұл – ең сенімді генерация.
ПЕРСПЕКТИВА
Егер жағдай өзгермесе, 10-20 жылдан кейін бізді не күтіп тұр?
– Мен табиғатымнан оптимистпін, бірақ көңіл-күйім пессимистік. Жастардың шетелге кетіп, өз орнын сол жақтан табатынын көру ауыр. Олар талантты, бейімделгіш, бірақ елмен байланыс әлсірейді, себебі мұнда кәсіби дамуға жағдай жоқ.
Біз білімге қаржы жұмсаймыз, бірақ жұмыс орындарын құрмаймыз. Түлектер қайда баруын білмейді. Инженерлерді энергетикада жұмыс істемеген адамдар оқытады. Дәрістерді YouTube-тен қарап, GPT пайдалану – бұл маман даярлау емес.
Егер электр станциясын салсақ, алдымен, оның кімге және не үшін қажет екенін анықтауымыз керек. Қай өңірге, қандай өнеркәсіпке, қандай тұтыну көлеміне. Содан кейін ғана құрылыс басталуы тиіс. Қазір керісінше: алдымен, құрылыс, кейін оны кімге керек екенін ойластыру.
Бұл басқару моделі емес, бейберекеттік. Егер оны өзгертпесек, оның құнын бәрі төлейді – тариф арқылы, бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуі арқылы.
Энергетика министрімен кездесіп, осы мәселелерді талқылауға тырыстыңыз ба?
– Тырыстық, бірақ кездесу болмады. Бұрынғы министрлерге де барып, күрделі мәселелерді талқылауға ұмтылдым, алайда ешкімге қажет болмады. Бір бұрынғы басшы «Өзің барып көр» деген еді, әңгіме сол жерден тоқтады.
Кейбір мәселелерді эфирде шешу міндет емес. Бұл сұқбат біреулерді алаңдатуы мүмкін. Бірақ менің мақсатым – проблемалардың көп екенін және оларды ұранмен шешу мүмкін еместігін көрсету. Мен кім туралы айтып отырғанымды білетін достарым ренжісе де, алдын ала ескерткенмін: жағдай ушығып барады, ал бұл олқылықтардың құнын бәріміз төлейміз. Егер әрекет жасалмаса, уақыт өте келе мәселе одан әрі ушығады.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көруге болады