Қазақстанның жаңа Конституциясы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Өйткені біреулер президенттік билік күшейеді деп алаңдаса, енді біреулер саяси реформаларды күтеді. Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраевамен сұқбатында саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл алаңдаушылықтың түпкі мәнін, Құрылтайды тарату тетігі шын мәнінде қалай жұмыс істейтінін және референдум қоғамды саяси өмірге қалай белсендіре алатынын түсіндірді.
РЕФОРМА НЕГЕ ЖЕДЕЛ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?
Көпшілік Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау процесінің тым жедел жүріп жатқанына таңданыс білдірді. ЕҚЫҰ бақылаушыларының бар болғаны бес адамнан тұратын тобы да бақылаушылар құрамын толық жинап үлгермегенін айтты.
Алғашында әңгіме парламенттік реформа туралы болған, кейін мәселе ауқымы кеңейіп кетті, неге деп ойлайсыз?
– Барлық мәселені егжей-тегжейлі қарастырған жұмыс тобы құрылған кезде парламент палаталарын біріктірудің өзі бірнеше бапқа өзгеріс енгізуді талап ететіні белгілі болды. Соның нәтижесінде мемлекеттік аппарат бүкіл Конституцияны қайта қарауға мүмкіндік туып отырғанын түсінді. Қарапайым мысалмен түсіндірейін: үйде жөндеу жұмысын «жиһаздың орнын ауыстырып, тұсқағазды ауыстырайық» деп бастайсың, ал бір айдан кейін төбесі де, терезесі де ауысып, ауқымды жөндеуге кірісіп кеткеніңді де байқамай қаласың. Сондықтан мемлекеттік аппарат осындай шешімге келген шығар.
Неге конституциялық реформа процесін жедел жүргізіп жатырмыз?
– Бастапқыда талқылау бір жарым жылға жоспарланған еді. Кейін белгілі бір саяси себептерге байланысты оны жарты жылға қысқартты. Ол себептерді біз білмеуіміз мүмкін, мүмкін оны жоғары мемлекеттік мүдде тұрғысынан немесе биліктің өз байламы бойынша жасаған болар. Бұл саяси нәтижеге жету үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын заңды тәсілдерге сәйкес келе ме? Иә, мұндай жағдай болуы мүмкін.
Екіншіден, әр адамның Конституция туралы өз көзқарасы бар. Егер қазір сізге: «Самал, өз көзқарасыңыз бойынша 104 баптан тұратын Конституция жазыңыз» десе және әр қатысушыға сондай тапсырма берілсе, түрлі құжат пайда болар еді. Қанша адам болса, сонша пікір болады. Біреу Ұлыбритания мен АҚШ үлгісі бойынша парламентті бір мандатты округтер арқылы қалыптастыруды ұсынады. Біреу Конституциядан орыс тілін алып тастауды талап етеді. Тағы біреу мемлекеттік дін ретінде исламды енгізуді ұсынуы мүмкін. Төртіншісі ЛГБТ некелерін заңдастыруды немесе, керісінше, оларға толық тыйым салуды ұсынады. Яғни пікірлер сан алуан.
ОРТАҚ ҰСТАНЫМ ҚАЙСЫ?
Сонда бұл қалыпты жағдай ма? Ортақ пікір, ортақ ұстанымды қалай табамыз?
– Мысалы, Конституциядағы баптардың шамамен 10 пайызын мен басқаша жазар едім. Сіз де 10 пайызын басқаша жазуыңыз мүмкін, тіпті мен айтқан тағы бір бапты да өзгерткіңіз келер. Бірақ бұл айырмашылық сіз үшін тағдыршешті шешім бе? Меніңше, жоқ.
10 миллион адам өз жобасын жазып, олардың барлығы сөзбе-сөз бірдей болады деп айту мүмкін емес. Әркімнің көзқарасы әртүрлі. Сондықтан біз Конституцияның әрбір жолындағы әрбір әріпті қорғау туралы айтып отырғанымыз жоқ.
Егер заңды түрде сайланған мемлекет басшысы болса, оның тиісті өкілеттігі мен мемлекеттік тәжірибесі бар болса, әрі қоғамда Конституцияға қатысты пікірлердің кең спектрі бар екенін білсек, яғни консерваторлар да, радикалдар да бар, онда идеологиялық тұрғыдан қоғамды төрт негізгі полюске бөлуге болады.
Олар: зайырлы ұлттық бағыттағы топтар, діни пассионарлар, посткеңестік пассионарлар (кейбіреулер оларды «ватниктер» деп атайды, бірақ бұл дөрекі сөз) және батысшыл ультралибералдар.
Консенсус, яғни алтын ортасы қалай табылады?
– Осы төрт полюстің әрқайсысы кей мәселеде бір-бірімен келісімге келеді, кей мәселеде қарама-қайшы пікірде болады, кейде уақытша бірігеді. Мысалы, зайырлы ұлттық бағыттағы топтар мен батысшыл либералдар Украинадағы соғысқа қатысты көзқарас бойынша бірігуі мүмкін. Ал посткеңестік және діни пассионарлар ЛГБТ мен бір жынысты некелерге қатысты ұқсас көзқараста болуы ықтимал.
Сонымен қатар Конституция туралы ештеңе білмейтін, саясатқа қызықпайтын көпшілік бар. Әркім бұл процесті әртүрлі қабылдайды.
Сыншылар әр бап бойынша сұрақ қоя бастағанда, саясаттанушы немесе сарапшы «Сен Конституциядағы әр сөзді қорғауға міндеттісің, әйтпесе сен бізге қарсысың» деген сөзі естиді. Бірақ ол бұлай жұмыс істемеуі керек.
Қазақстан президенттік республика болғандықтан және президенттік биліктің құны өте жоғары болғандықтан және президенттің өзі билікте мәңгі отырмайтынын айтқанын ескерсек, алда билік транзиті болады. Мұндай транзиттің саяси бағасы әрқашан жоғары.
Мұндай жүйелерде билік үшін астыртын күрес жүреді. Бұл сол күрестің белгісі болуы мүмкін бе?
– Иә, болуы мүмкін. Бірақ нақты жауап беру үшін менде жеткілікті дерек жоқ.
НЕГЕ БИЛІК ҮСТЕМДІГІ КҮШЕЙЕДІ?
Қоғамда жаңа Конституция билік үстемдігін күшейтеді деген пікір бар. Сіз бұған не дейсіз?
– Президенттік билік бұрыннан-ақ жеткілікті деңгейде күшті болды, сондықтан түбегейлі күшею болып жатыр деп айта алмаймын. Менің ойымша, Тоқаев Конституцияны өзі үшін немесе жеке амбициялары үшін күшейтіп жатқан жоқ. Менің пайымдауымша, оның Назарбаев сияқты ұзақ уақыт билікте отыру ниеті жоқ. Ол мұны бірнеше рет айтты.
Меніңше, ол Конституцияны биліктің дұрыс транзиті үшін күшейтіп отыр. Яғни Қазақстанның үшінші президенті, мысалы, Қаңтар оқиғалары кезінде Тоқаев тап болған жағдайға ұрынбауы үшін.
Сонда сіз мұны демократиялық үдерістен аттың басын кері бұру деп ойламайсыз ба?
– Ақпараттық дәуірде демократия кейде охлократиядан айырмашылығы азайып бара жатқандай көрінеді деген пікір қазір жиі айтып жүр. Әр адамның қолында телефон бар, референдумдар жиі өткізіледі, тұрақты донаттар жиналады, соның нәтижесінде жүйе біртіндеп тиімділігін жоғалтуы мүмкін. Популизм көбейіп, көп сөз айтылғанымен, мұндай демократиялардың тиімділігі төмендейді.
Ал Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Қытай сияқты елдерде билік вертикалі қатаң әрі басқару орталықтандырылған. Мұндай жүйелер жылдам өзгеретін әлемде ұлттық мүддені тиімді қорғауға, қоғам мен экономика ішінде тәртіп сақтауға қабілетті болады. Олар өз экономикаларын тиімді жұмыс істетуге мәжбүрлей алады.
Бұл менің жеке пікірім емес, мұндай пікірталас жалпы бар екенін айтып отырмын. Әңгіме демократия зиян дегенде емес. Мәселе мынада: ақпараттық дәуірде мемлекеттік аппараттың шамадан тыс децентрализациясы, бәрі саясаттанған кезде, адамның негізгі құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жолында кедергіге айналуы мүмкін деген пікір бар. Осындай пікірталас аясында президент жүйенің басқарылуын күшейту үшін белгілі бір басымдықтарды өзгертуі мүмкін. Бәлкім, мәселе осында шығар.
ҚҰРЫЛТАЙ НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?
Сіз президент билігі Құрылтай арқылы күшейтіп жатыр деген пікірмен келісесіз бе?
– Мен олай ойламаймын. Құрылтай, мысалы, қатарынан екі рет спикерді немесе вице-президентті мақұлдамаса, оны таратуға болады деген сөз айтылып жүр. Бірақ 62-бапта Құрылтайды алдыңғы таратудан кейін бір жыл ішінде қайта таратуға болмайтыны жазылған. Яғни президент оны тек бір жылдан кейін ғана қайта тарата алады. Бұл механизм қалай жұмыс істейтінін қараңыз. Президент Құрылтай спикерін ұсынады. Құрылтай оны қабылдамайды. Президент парламентті таратады. Екі айдан кейін жаңа сайлау өтеді.
Осы екі ай бойы парламенттік партиялар: «Бізді спикер болуға бір адамды өткізбегеніміз үшін таратып жіберді» деп айтады. Әрине, мұндай жағдайда антипрезиденттік партиялардың рейтингі өседі. Олар парламентке келеді де, бір жыл бойы президент оларды тарата алмайды.
Осы кезеңде олар премьер-министрді бекітуді де, вице-президентті де, Конституциялық сот судьяларын, Жоғарғы сот судьяларын да, түрлі тағайындаулар мен заңдарды да қабылдамай, бөгет жасай алады.
Неге жүйені осылай күрделендірген?
– Мен тек Құрылтайды тарату құқығы бар деген сөз президент оны жылына он рет таратады дегенді білдірмейтінін түсіндіріп отырмын. Ол бір рет қана тарата алады, содан кейін тұтас бір жыл бойы мұндай мүмкіндік болмайды. Осы бір жыл ішінде парламент тараудан қорғалады.
Президент бір лауазымға қатысты жанжалға байланысты Құрылтайды таратуы мүмкін. Ал осы қақтығыс аясында саяси ұпай жинап келген жаңа парламент кейінгі он ай бойы президенттің барлық жұмысын бөгеп тастауы мүмкін.
Бұл жерде жүйе президент мұндай конфронтацияға бара қоймайтындай етіп құрылған. Егер ол осы тетікті қолданса, кейінгі бүкіл кезеңде Құрылтай тараудан иммунитет алады.
ПРЕЗИДЕНТ ЛАУАЗЫМЫНА КІМ ҮМІТКЕР БОЛА АЛАДЫ?
Сіз бұл құпияны жақсы білесіз деп ойлаймын, айтыңызшы, комиссия мүшелері президенттікке кандидат міндетті түрде кемінде бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген болуы керек деген мәселені талқылады ма?
– Алдымен, кеңірек жауап берейін. Президенттікке кандидаттарға қатысты белгілі бір талаптар бар. Ол: Қазақстанда туған болуы керек, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс, жоғары білімі болуы қажет.
Еңбек өтіліне келсек, менің жеке пікірім бойынша, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі бес жылдан аз болса да, егер адамның депутаттық және сайланбалы қызметтерде немесе бизнес саласында, салықты адал төлеп отырған ұйымдарды басқару тәжірибесі болса, бұл аса үлкен мәселе емес. Басқарушылық тәжірибе маңызды. Ал мемлекеттік бюрократияда жұмыс істеп көрмеген адам келсе, оған басқару қиын болады.
Ал сіз саяси партиялар туралы не ойлайсыз, жаңа партия құрып, сайлауға дейін электорат жинауға үлгеретіндер бола ма?
– Мен бірнеше жобаның дайындалып жатқанын білемін.
Меніңше, бұл әбден мүмкін. Бірақ мәселе мынада: партия формалды түрде ғана құрылмауы керек. Оны ойын ережелері мен еліміздің шынайы жағдайын түсінетін адамдар құруы тиіс. Біздің жағдайды Даниямен, Ұлыбританиямен немесе Оңтүстік Кореямен шатастыруға болмайды. Бізде мемлекеттік, қоғамдық және экономикалық менталитет мүлде бөлек.
ӘЛЕМДІК АЛАҢДАУШЫЛЫҚ
Сізді Конституциядан митинг пен пикет сияқты сөздердің алып тасталуы алаңдатпай ма?
Жаңа редакцияда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактқа сәйкес бейбіт жиналыстар өткізу, яғни митинг ұйымдастыру құқығы сақталады.
ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХ ТУРАЛЫ
Америкада жағдай басқаша. Трамп билікке келгеннен кейінгі саяси атмосфераның өзгеруі Қазақстандағы процестерге жанама әсер етуі мүмкін бе?
– Олар басқа пікірге төзімділік мәдениетін әлдеқайда жоғары деңгейде қалыптастырған. Бұл рас. Ал бізде мұндай мәдениет әлі толық қалыптасқан жоқ. Бізде тек шенеуніктер ғана емес, азаматтық қоғам өкілдерінің өзі де өздеріне ұнамайтын пікір айтылған кезде сабыр ете алмайды.
Бізде буллинг бар және төзімділік мәдениеті төмен. Бұл жақсы емес. Оны дұрыс бағытқа бұру жолында жұмыс істеу керек.
Бұл немен байланысты?
– Менің ойымша, бұл ХХ ғасырда халқымыз бастан өткерген тарихи-саяси-әлеуметтік соққылардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының салдары. Ол жаппай қоғамдық сананың және мемлекеттің «ДНҚ-сына» соншалықты терең сіңіп кеткен, оны жою өте қиын.
Кейде ұзақ уақыт бойы қысым көрген адам сол қысым жасаған адамның кейбір қасиеттерін өзі де қабылдап алады ғой. Мысалы, әкесінен зорлық көріп өскен бала кейін өзі де сондай тиран болуы мүмкін.
Қоғамда бұрын болған большевиктік, сталиндік мінез-құлықтың кейбір белгілері әлі де сезіледі. Мен мұнда тек билік туралы айтып отырған жоқпын, қоғамның өзі туралы айтып отырмын. Сол кезеңнің атмосферасы, гені әлі де байқалып тұрады.
Бұл – өзіңдікін дұрыс, өзгенің пікірін бұрыс деуден тайынбайтын, не болса да, жеңіп шығамын дейтін кесірлі мінез. Бұл – біздің қоғамның бір бөлігі. Мұны мойындау керек.
СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ӨТКЕН КЕЗЕҢ
Енді сөз бостандығы туралы сөйлесейік, қолданыстағы Конституцияда ол көрсетілген.
– Иә, солай жазылған. Бірақ шын мәнінде сөз бостандығы болды ма?
Меніңше, Назарбаев кезеңінде сөз бостандығы әр жылдары әртүрлі болды. 90-жылдардағы жағдайды кейінгі кезеңмен салыстыруға болмайды.
Бір жағынан, мен идеалды қоғамда сөз бостандығына қатысты заңдар қарапайым болуы керек дегенмен келісемін. Әр адам қалағанын айтуға құқылы болуы тиіс. Бірақ қазіргі қоғам Қазақстанда да, әлемде де өтпелі кезеңде тұр.
Мысалы, орта ғасырдағы философтар абсолютті сөз бостандығы туралы айтқанда, олар негізінен қоғамның алдыңғы қатарлы топтарының – саясаткерлердің, интеллигенцияның, жазушылардың еркіндігін меңзеген. Яғни шығармашылық еркіндік туралы сөз болған. Олар күрделі мәселелерді өзара талқылағанда, бір-біріне қатысты сөз еркіндігі болды.
Ал қазір қоғамдық пікірталасқа халықтың басым бөлігі қатысады. Өйткені әр адамның қолында телефон бар, смартфон бар, әлеуметтік желілер бар. Бірақ бұл, өкінішке қарай, пікірталастың сапасын төмендетеді.
Мысалы, саяси тақырыпты Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатұлы немесе Сәкен Сейфуллин талқыласа, олардың арасында пікірталастың деңгейі өте жоғары болады. Айталық, Ілияс Жансүгіров немесе Сәбит Мұқанов сол кезеңдегі ұлттық тақырыпты талқылағандардың деңгейін көрсететін тұлғалар еді.
Ал 2025 жылы сол тақырыпты талқылайтындардың орташа деңгейі, өкінішке қарай, ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының деңгейінен төмен болуы мүмкін.
Сондықтан пікірталастың өткірлігі де басқаша болады. Өйткені қалың бұқара кейбір нәзік тақырыптарға аса сезімтал болмауы мүмкін. Біздің қоғам қандай? Біз – бәрі бір-біріне үнемі ренжіп жүретін қоғамбыз. Рас қой? Біз үнемі реніш пен өкпелеу жағдайында өмір сүріп жатқандаймыз.
Осындай жағдайда қоғамдағы тұрақты айқай-шу ақырында жарылысқа әкелуі мүмкін. Мен күн сайын Facebook-ке кіргенде біреуге қарсы «крест жорығы» басталып кеткенін байқаймын. Бұл қоғамды, қоғамдық тыныштықты шайқауы мүмкін деп ойлаймын.
Бұл тек Қазақстанға қатысты мәселе емес. Мысалы, 2025 жылы Ұлыбританияда Twitter-дегі жазбалар үшін 12 мың адам қамауға алынғанын білесіз бе? Біреу пәкістандықтар туралы бірдеңе дұрыс айтпады, біреу ақ нәсілділер туралы, біреу мигранттар туралы, тағы біреу мұсылмандар туралы пікір білдірді. Ақырында не болды, кінәлілер қамалды және бұл Ұлыбританияда болып жатыр.
ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ҚАЖЕТ ЕМЕС ПЕ?
Өлім жазасын алып тастайтын баппен келісесіз бе? Кейде ол жемқорлықты тежейтін сияқты көрінеді.
– Қытайда ондаған жыл бойы жемқорлық үшін өлім жазасы қолданылады. Бірақ соған қарамастан, жемқорлар азайып кеткен жоқ.
Менің ойымша, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру өлім жазасынан кем емес жаза. Айтпақшы, өлім жазасы студенттер мен жастар арасындағы пікірталастарда ең жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Біз бұл мәселені бірнеше рет талқыладық және, сот қателігі факторы өте маңызды.
Ал біздің елде жемқорлықты қалай жеңуге болады?
– Біздің барлық әлеуметтік мәселелерімізді білімге инвестиция салу арқылы, интеллектуалдық дамуға басымдық беру арқылы жеңуге болады. Адамдық құндылықтарды алдыңғы орынға қою керек.
Біз бір-бірімізді бағалап, құрметтеп, жақсы көріп, ортақ тарихи отанымызды мемлекетіміздің тарихи жобасы ретінде бірге құруымыз керек. Бұл қағида қоғамның барлық деңгейінде орындалуы тиіс.
ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ҚОҒАМ
Конституцияның жаңа редакциясында ұлттық қауіпсіздікке аса мән беріліп, оның рөлі күшейтілген.
– Мемлекеттік аппарат сыртқы және ішкі факторлардың қысымымен бақылауды күшейтіп, жаңа шаралар ұсынады. Погон таққан басшылар елдің тұрақтылығын сақтауды басты мақсат етеді, ал кей жағдайда бұл қатаң шараларды қажет етуі мүмкін. Алайда бұл манипуляцияға айналмауы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғам мен журналистер тепе-теңдіктің сақталуын бақылап отыруы керек.
Мемлекет сыртқы әскери интервенция, экономикалық қысым және ел ішіндегі болуы мүмкін қатерлер секілді жаһандық қауіптерді ескереді. Кейбір қатаң шаралардың қабылдануы осыған байланысты түсіндіріледі. Дегенмен кез келген билік қоғам рұқсат еткен шеңберде ғана әрекет ете алады. Егер қоғам келіссе, билік әрекет етеді, ал келіспесе, мұндай шаралар шектеулі күйінде қалады.
ДІН ТУРАЛЫ
Айтпақшы, Конституцияда дін мемлекеттен бөлек деп қарастырылады.
– Бұл қалыпты жағдай. Мемлекет зайырлылық қағидатын ұстанады, өйткені діннің саясилануына жол бергісі келмейді. Конституцияға енгізілген түзетулер дінге қарсы бағытталмаған. Дін қоғам мен ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі болып қала береді.
Мемлекет діннің өзіне емес, радикалдарға және оны саяси мақсатта немесе елдегі тұрақтылықты бұзу үшін пайдаланғысы келетіндерге қарсы тұрады. Дін ұстанатындардың басым бөлігі – қақ-соқпен шаруасы жоқ, бейбіт тұрғындар. Сондықтан мемлекеттің міндеті – дін, қоғам және ұлттық мәдениет арасындағы үйлесімділікті сақтау.
Әрине, дін төңірегінде ықпалды саяси топтар қалыптасуы мүмкін деген фактор да ескерілетін шығар.
– Бірақ бұл атеизм емес. Қазақстанда атеистер – азшылық. Мұнда дінмен күрес туралы емес, мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау туралы ғана айтылып отыр.
ЖАҢА ДӘУІР МЕ?
Саясаттанушы ретінде жаңа Конституцияның мықты тұстарын атап өтсеңіз және қандай кемшіліктер бар деп санайсыз?
– Бұрынғы Конституцияда бір қайшылық болды: президент бес жылға сайланғанымен, сайлау желтоқсанның бірінші жексенбісінде өтетін. Яғни іс жүзінде президент дәл бес жылға сайланбайтын. Мысалы, Назарбаев 2011 жылдың сәуірінде сайланған кезде, келесі сайлау 2016 жылдың сәуірінде емес, желтоқсанында өтуі тиіс еді. Қазір бұл қайшылық жойылды. Конституция түсінікті әрі президенттің жеке тұлғасына тәуелсіз болды, бұл дұрыс шешім. Партия мүшесі болмау талабы, күштік құрылым қызметкерлері мен жақын туыстарға қатысты шектеулер – мұның бәрі әлемде бар тәжірибе.
Сіздің ойыңызша, жаңа Конституция шын мәнінде жаңа саяси дәуірдің басталуына жол аша ма, әлде уақыт өте келе тағы өзгеретін кезекті нұсқа бола ма?
– Мемлекет басшысының жоспарына сәйкес, жаңа Конституция мемлекеттік басқару мен саяси жүйені оңтайландыруы тиіс. Бірақ бұл соңғы құжат дегенді білдірмейді. Ел әлі де демографиялық әрі идеологиялық өтпелі кезеңде. Мысалы, қазір қазақтар халықтың шамамен 75 пайызын құрайды. Орыстармен арақатынас шамамен жетіге бір болса, бес жасқа дейінгі балалар арасында бұл көрсеткіш жиырмаға бір. Ал он жылдан кейін өзбектер саны жағынан екінші этносқа айналуы мүмкін.
20-30 жылдан кейін жаңа буын елдің саяси құрылымына басқаша қарауы ықтимал. Сондықтан олардың өзгеріс жасағысы келмейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция анағұрлым ашық. Екінші бапта нақты: «Біз – президенттік республика» деп жазылған. Конституция президенттің өкілеттіктерін және оның Құрылтайға ықпалын ашық көрсетеді.
Егер қазақтар бір кездері дамыған парламенттік демократия жағдайында өмір сүрген болса, тәжірибе басқаша болар еді. Бірақ тарихи тұрғыдан билік әрқашан орталықтандырылған. Мысалы, Керей мен Жәнібектен бастап Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан және Кенесарыға дейін айтуға болады.
Біз парламенттік демократия жағдайында өмір сүрген жоқпыз. Дегенмен либерал да, консерватив көзқарастағы сарапшылар да саяси жүйені күрт өзгерту тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін деген пікірмен келіседі.
Соңғы жылдары сайлауға қатысу деңгейі төмен. Сіздің ойыңызша, азаматтар сайлауға сеніп, дауыс беру құқығын белсенді пайдалануы үшін не істеу керек?
– Меніңше, адамдар бәрібір сайлауға келеді. Мысалы, АҚШ-та соңғы сайлауда қатысу деңгейі шамамен 60 пайыз болды. Біздің посткеңестік өлшеммен бұл аз көрінуі мүмкін, ал батыс демократиялары үшін бұл тарихи тұрғыдан жоғары көрсеткіш.
Ең бастысы – қандай мақсат көзделіп отыр. Егер Тоқаевтың мақсаты адамдарды саяси процеске тарту болса, референдум соған қызмет етеді. Мысалы, 2007 жылы Конституцияға енгізілген ірі өзгерістер, соның ішінде Елбасы мәртебесіне қатысты нормалар парламентте ғана қабылданды. Көптеген азамат не болып жатқанын да білмеді. Ал қазір талқылау ашық жүріп жатыр. Адам өз дауысының шешуші екеніне күмәнданса да, қатысу фактісінің өзі қоғамда ел ісіне ортақтасу сезімін қалыптастырады. Бұл өте маңызды.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ұлысмедианың YouTube-арнасынан көре аласыздар