Ресей арқылы мұнай тасымалы және Шенген: Германия елшісімен ашық сұхбат

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Германия – Қазақстан үшін әрі алыс, әрі жақын ел: еліміздегі әр екінші отбасының онда туыстары немесе таныстары бар. Бұл мемлекет – Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі. Сондықтан еліміздегі неміс инвестициясының көлемі 5 миллиард доллардан асуы және әлемдегі тұрақсыздық екі ел арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай әсер етпеуі таңғаларлық жағдай емес. Соған қарамастан, Қазақстан азаматтарының Германияға баруы әлі де қиын мәселе – визалық режим күрделі. Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында осы және өзге де мәселелердің қалай шешіліп жатқанын айтып берді.

ВИЗА БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР

Неге Германияға виза алу соншалықты қиын? Құжаттарға қойылатын талаптар өте күрделі: жұмыс орнынан анықтамалар, банк шотынан үзінділер. Еуропаға бару үшін кейде құжат жинауға үш күн уақыт кетеді.

– Қазір Брюссельде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында визалық режимді жеңілдету жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Біз бұл рәсімдердің одан әрі жылдам әрі жеңіл болатынына үміттенеміз – құжаттар саны азайып, визалар ұзақ мерзімге берілетін жағдайға жетуі мүмкін. Менің білуімше, келіссөздер оң бағытта жүріп жатыр және біз бұл үдерісті белсенді түрде қолдап отырмыз.

Мәселе тек мерзімнің ұзақтығында емес қой. Еуропалықтар қазақстандықтарға сенбей ме?

– Мен мұны толық түсіндіріп бере аламын. Дәл осы Брюссельдегі келіссөздердің мақсаты – талап етілетін құжаттар санын азайту. Біз кейбір талаптар алынып тасталады деген сенімдеміз. Мысалы, жұмыс орнынан анықтама адамның өз елінде тұрақты тұратынын, жұмысы бар екенін және міндетті түрде Қазақстанға қайта оралатынын растау үшін қажет. Сонымен қатар адамның сапар барысында шығындарын өтеуге жеткілікті қаржысы бар екенін көрсетуі тиіс. Сол себепті медициналық сақтандыру да талап етіледі – қажет болған жағдайда емделу шығындарын жабу үшін.

Бұл ережелердің барлығы адамның өз еліне қайтатынын және Германияда болған кезінде өзін-өзі қамтамасыз ете алатынын дәлелдеуге бағытталған. Бұл тек Қазақстанға қатысты емес, әлемнің көптеген елдеріне ортақ талаптар.

Қазір ұзақ мерзімді визалар беру жүйесі «каскадтық принцип» бойынша жұмыс істейді. Егер адам бірнеше рет қысқа мерзімді виза алып, оны дұрыс пайдаланып, уақытында қайтып отырса, кейін бір жылдық немесе тіпті бірнеше жылдық виза алуға үміткер бола алады. Осылайша сіз айтқан сенім қалыптасады.

ДҮЙСЕНОВ ІСІ ЖАЙЛЫ

Қазақстан азаматтарына қатысты белгілі бір сақтық бар сияқты. Мұның себебі болуы мүмкін бе? Мысалы, Қазақстанның бірқатар азаматтары Германияға саяси босқын ретінде кеткен. Қазір Қазақстанда жемқорлыққа қатысты айыпталған Мақсат Дүйсеновтің ісі Германияда қаралып жатыр.

– Бұл іс әлі қаралып жатқандықтан, мен қысқаша жауап берейін. Ең маңыздысы – Германияда сот жүйесі толық тәуелсіз екенін түсіну керек. Үкімет тек бақылап отырады, бірақ процеске араласпайды. Сот жүйесі өз алдына дербес жұмыс істейді. Менің білуімше, іс әлі аяқталған жоқ, сондықтан Қазақстан мен Германияның тиісті органдары арасындағы байланыс жалғасып жатыр. Алдағы жағдайдың қалай өрбитінін күту қажет.

Яғни Мақсат Дүйсеновті Қазақстанға экстрадициялау мүмкін бе?

–Сот істі қарап болғаннан кейін тәуелсіз шешім қабылдайды. Бұл – саяси шешім емес, Германияның сот жүйесі қабылдайтын дербес шешім.

ГЕРМАНИЯДА ДИПЛОМ АЛУ МҮМКІНДІКТЕРІ

Біздің көп азаматымыз, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасымен оқитын студенттер де Германияда білім алып жүр. Өз бетінше оқитын студенттер де аз емес.

– Иә, мұндай мүмкіндіктер бар. Германияның академиялық алмасу қызметі – DAAD қазақстандық студенттерге стипендиялар ұсынады. Көбіне бұл магистратураға арналған гранттар, кейде бакалавриат бағдарламалары да кездеседі. Бұрын жыл сайын шамамен 40 қазақстандық студент DAAD бағдарламалары арқылы Германияда оқу мүмкіндігіне ие болатын. Қазір бұл сан аздап өзгеруі мүмкін. Біз қазақстандық студенттердің Германияда білім алуға деген, әсіресе «Болашақ» бағдарламасына деген қызығушылығына өте қуаныштымыз.

Сонымен қатар, неміс тілін үйренуші студенттерге арналған жазғы тілдік курстар бар. Бұл үш айлық бағдарламалар DAAD стипендиясымен жүзеге асады. Бұдан бөлек Erasmus+ бағдарламасы бар, оның көмегімен Германияда ғана емес, Еуропаның басқа елдерінде де білім алуға болады.

Менің білуімше, егер неміс тілін жетік білсең, Германияда тегін жоғары білім алуға болады. Бұл рас па?

– Иә, әдетте мемлекеттік университеттерде оқу тегін. Бірақ ол үшін неміс тілін жетік білу қажет – көбіне C1 деңгейі талап етіледі. Қазақстанда неміс тілін тереңдетіп оқытатын мектептер бар. Жақында мен C1 деңгейін растайтын оқушыларға тілдік дипломдар табыстадым. Бұл олардың дайындық жылынсыз-ақ неміс университетіне түсе алатынын білдіреді. Сонымен қатар, Германияда ағылшын тілінде оқытылатын бағдарламалар да көбейіп келеді. Қазақстан жастарының ағылшын тілін жақсы меңгергенін ескерсек, бұл қосымша мүмкіндіктер ашады.  

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫ ЖӘНЕ ГЕРМАНИЯ

Қазір Қазақстан мұнайының шамамен 20 пайызы Шведттегі мұнай өңдеу зауытына жеткізіледі. Ал бұл зауыт Германия үшін стратегиялық маңызы бар мұнай өнімдерінің 90 пайызына дейін өндіреді.

Егер Ресейге қатысты шектеулер күшіне енсе, қандай қиындықтар туындауы мүмкін? Германия Ресеймен келісімге келе ме?

– Шынымды айтсам, мұндай әңгімелерді естіген жоқпын. Бір нәрсені нақты айта аламын: Германияның энергетикалық қамтамасыз етілуіне қауіп төніп тұрған жоқ. Біз балама сценарийлерді қарастырып отырмыз.

 

Менің ойымша, бұл шешім Ресейдің Қазақстанға да белгілі бір кірістерді шектеуіне әсер етуі мүмкін. Әрине, Қазақстан мұнайының Шведтке жеткізілуі жалғасқанын қалаймыз. Бірақ бұл тек біздің немесе Қазақстанның ғана қолындағы мәселе емес. Қазір біз барлық ықтимал нұсқаларды, баламаларды қарастырып жатырмыз. Дегенмен Германия тарапынан елеулі экономикалық қауіп көріп отырған жоқпыз.

АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ

Германияны атом энергетикасынан бас тартқан ел ретінде жиі мысалға келтіреді. Мемлекет бұл шешімнің салдарын қаншалықты сезініп отыр?

– Бұл өте ауқымды тақырып. Меніңше, Германия үшін де, Қазақстан үшін де басты мәселе – өсіп келе жатқан энергия сұранысын қалай қамтамасыз ету. Германия атом энергетикасынан біртіндеп бас тарту туралы шешімді бұрын қабылдаған. Бұған Фукусима апаты мен қоғамдағы атом энергетикасының қауіпсіздігіне қатысты күмән әсер етті. Бірақ бұл мәселе толық шешілген жоқ: кей адамдар энергия тұтынуының өсуіне байланысты бұл шешімді қайта қарау керек деп санайды. Дегенмен қазіргі таңда Германия атом станцияларынан бас тарту бағытын және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытын ұстанып отыр.

Біз Қазақстанның атом электр станциясын салу туралы егемен шешімін құрметтейміз. Бүгінде көптеген елдер осындай таңдау жасап отыр. Мен бұл шешімнің логикасын түсінемін: энергияға сұраныс өсіп жатыр, жасанды интеллект дамып келеді, дата-орталықтар мен цифрлық инфрақұрылым кеңейіп жатыр. Мұның бәрі көбірек электр энергиясын қажет етеді. Сондықтан Қазақстан үшін бұл энергетикалық қауіпсіздік мәселесі екені түсінікті.

Кейбір сарапшылар жасыл энергетика бағыты өзектілігін жоғалтып жатыр, ал баламалы энергия жеткіліксіз дейді. Германия атом энергетикасына қайта орала ма?

 –  Әр адамның пікірі әр түрлі. Бірақ менің ойымша, барлық елдер болашақта энергияға өсіп келе жатқан сұранысты қалай қамтамасыз етуді ойлауы керек. Осы тұрғыда барлық нұсқалар талқылануы мүмкін. Мен айтқандай, әр ел өз жағдайына қарай әртүрлі шешім қабылдай алады. Қазақстанда жүрген кездегі бақылауым бойынша, қазір Германияда атом энергетикасына қайта оралу туралы белсенді талқылау жоқ.

ӘЛЕМДІК ТӘРТІП ЖӘНЕ БҰҰ

Әлем қазір өте жылдам өзгеріп жатыр. Қазақстан президенті бірқатар мәлімдемелер жасады, соның ішінде Ресей–Украина және Иран–Израиль қақтығыстарына қатысты. Ол сондай-ақ БҰҰ реформасы қажет екенін де айтты. Германияның бұл мәселелерге көзқарасы қандай?

–  Германия мен Қазақстанды біріктіретін бір маңызды ұстаным бар: біз үшін халықаралық құқық пен ережеге негізделген әлемдік тәртіп өте маңызды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия, әсіресе өзінің тарихи тәжірибесін ескере отырып, әрқашан барлық мемлекеттердің, тіпті кіші елдердің де үні ескерілетін халықаралық жүйені қолдап келді. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің соғыс пен бейбітшілік мәселелерінде шешім қабылдай алатын орган болғанын маңызды деп санаймыз. Қазақстанның және президент Тоқаевтың да халықаралық құқық пен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің рөліне ерекше мән беретінін құптаймыз.

Бірақ бүгінде БҰҰ үлкен қысымға ұшырап отыр. Қауіпсіздік Кеңесі вето құқығына байланысты жиі шешім қабылдай алмайды. Сондықтан жүйені реформалау, мысалы вето құқығын шектеу немесе Африка елдеріне көбірек тұрақты орын беру сияқты ұсыныстардың туындауы түсінікті.

Біз БҰҰ-ның баламасы жоқ екенін мойындаймыз. Ол әлемде тек күштің емес, ортақ тәртіп пен мемлекеттер арасындағы тепе-теңдіктің сақталуы үшін қажет. Өкінішке қарай, халықаралық құқық қазіргі таңда қиын кезеңді бастан кешіріп отыр. Сондықтан бұл жүйені қолдайтын елдер бірге оны сақтап қалудың жолын іздеуі керек. Бұл оңай болмайды.

Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құрды. Германияның бұл форматқа қатысуы мүмкін бе?

–  Қазіргі таңда Германия бұл кеңеске қосылмау туралы шешім қабылдады. Біз мұндай құрылымдар БҰҰ-ны әлсіретіп, оның қазіргі күрделі жағдайда жұмысын қиындатуы мүмкін деп алаңдаймыз. Сондықтан біздің басты назарымыз БҰҰ-ға бағытталған.

Қазір БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткерлер талқыланып жатыр. Кей сарапшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та үміткер болуы мүмкін дейді. Бұл қаншалықты шынайы?

– Қазір процесс әлі аяқталған жоқ. Менің білуімше, алты үміткер өз бағдарламаларын БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге ұсынған, бірақ тізім әлі толық емес. Кез келген адам өтінім бере алады. Бұл жарысқа нақты қызығушылық бар ма, оны айта алмаймын. Кей пікірлер бойынша мұндай қызығушылық болмауы да мүмкін. Бірақ жалпы алғанда, президент Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде жұмыс істеу тәжірибесі мол, бұл мұндай лауазым үшін өте маңызды. Дегенмен бұл бастаманың қалай жүзеге асатынын қазір ешкім нақты білмейді. БҰҰ-ның өз рәсімдері бар. Белгілісі – Бас хатшы осы жылдың соңына дейін сайлануы тиіс. Процесс әлі жүріп жатыр.

ҚАЗАҚСТАН КОНСТИТУЦИЯСЫ

Қазақстанда жаңа Конституция қабылданды – сіз елдегі саяси және сайлау процестерін бақылап отырсыз ба?

–2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін біз бірқатар реформаларды көрдік. Соның ішінде ең маңыздылары – өлім жазасының жойылуы және Конституциялық соттың қайта құрылуы. Ол енді азаматтардың құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдарды да қарай алады. Біз мұны құптаймыз. Менің ойымша, Қазақстан адам құқықтары саласында ілгерілеуге ұмтылып отырғанын көрсетіп отыр, соның ішінде БҰҰ-ның Әмбебап мерзімді шолуы аясында да.

Біз баспасөз еркіндігіне, жиналу еркіндігіне және қоғамдағы әртүрлі топтардың жағдайына мұқият назар аударып отырмыз. Бұл процестердің қалай дамып жатқанын бақылау біз үшін маңызды.

Кей салаларда қосымша реформалар қажет деп санаймыз, бұл азаматтардың еркіндігін және азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтер еді.

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Өткен жылы Германияда Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаева қаза тапты. Күдіктілердің Ресейге кетіп қалуын қалай түсіндіруге болады?

 – Бұл оқиға біздің қоғамды қатты шошытты. Өкінішке қарай, бұл іс бойынша менде жеткілікті ақпарат жоқ болғандықтан, егжей-тегжейін айта алмаймын. Германияда мұндай тергеулер тәуелсіз жүргізіледі, біз әдетте олардың барысына араласпаймыз және материалдарға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан бұл туралы ақпарат бере алмаймын.

Айгүл Сайлыбаеваның қазасы Германиядағы тұрмыстық зорлық мәселесін қайта көтерді: бұл жеке оқиға ма, әлде Германияда тұрмыстық зорлық қалыпты құбылыс па?

– Бұл өте маңызды сұрақ. Тұрмыстық зорлық барлық қоғамда бар. Ондай проблемасыз бірде-бір ел жоқ. Германия да бар. Бізде кінәлілерді жауапқа тартатын заңдар бар. Жәбірленушілерге көмек көрсететін және қорғау ұсынатын ұйымдар жұмыс істейді.

Бірақ бұл мәселе ешқашан толық жойылмайды. COVID-19 пандемиясы кезінде, адамдар ұзақ уақыт үйде отыруға мәжбүр болғанда, Германияда тұрмыстық зорлық жағдайлары, өкінішке қарай, қайта көбейді. Сондықтан бұл барлық елге ортақ мәселе. Әр мемлекет жәбірленушілерді қорғау және зорлықтың алдын алу жолдарын іздеуі тиіс. Әзірге ешбір ел мінсіз шешім тапқан жоқ.

Мені Мәжілістегі кейбір әйел депутаттардың бұл заңмен қаншалықты белсенді жұмыс істегені қатты таң қалдырды. Бұл оңай процесс болмағанын білемін. Сондай-ақ мен Астанадағы дағдарыс орталығына бардым, онда тұрмыстық зорлық құрбандарына өте маңызды көмек көрсетіліп жатқанын көрдім. Мемлекеттің тек кінәлілерді жазалап қана қоймай, жәбірленушілер мен олардың балаларын қалыпты өмірге қайта оралуына көмектесуі өте маңызды.

ГУМАНДЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК

Біздің депутаттар қаңғыбас иттерге эвтаназия жасау туралы заңға дауыс берді. Еуропада жануарларға өте мұқият қарайтынын білеміз. Германия бұл мәселені қалай шешеді? Біз не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

–  Мен бұл саланың маманы емеспін және бұл тақырыппен арнайы айналыспағанмын. Бірақ менің білуімше, Германияда қаңғыбас иттерді көшеден жинап, панажайларға немесе арнайы мекемелерге орналастыруға тырысады. Тек жануар ауыр халде болып, оның азабын тоқтату қажет болған жағдайда ғана эвтаназия қолданылады. Бірақ бұл жаппай қолданылатын тәжірибе емес.

Мен басқа елдерге кеңес бергім келмейді, өйткені әр жағдайдың өз ерекшелігі бар және ол жергілікті контекстті ескере отырып шешілуі тиіс.

Кейде бұл адамдардың қауіпсіздігіне де қатысты болады, мысалы жануарлар ауырса немесе агрессивті болса. Бұл шынымен де өте күрделі мәселе.

ГЕРМАНИЯ АРТТА ҚАЛЫП ЖАТЫР МА?

Тамыз айында Қазақстанға елші болып тағайындалғаныңызға бес жыл толады. Қандай мәселелерді немесе бағыттарды ең маңызды деп атар едіңіз?

– Бұл өте ауқымды сұрақ. Бірақ мен үшін Қазақстанда ең бағалысы – елдің болашақ дамудың алдыңғы шебінде болуға ұмтылысы. Ең алдымен бұл білім беру саласына қатысты: шетелдік университеттерді тарту, цифрландыру және әсіресе жасанды интеллектті дамытуға деген ұмтылыс. Қазақстан IT-хаб пен жасанды интеллект хабын құрып жатыр. Бұл көптеген елдерде кездесе бермейтін көрегендік.

Менің ойымша, Қазақстан болашаққа жақсы дайындалып жатыр. Ең маңыздысы – азаматтардың осы үдерістерге қатысуы, және мен оның жүріп жатқанын көріп отырмын. Азаматтардың қажеттіліктерін ескеру және олардың қатысуын қамтамасыз ету маңызды.

Мысалы, қазір Қазақстанда мектептерде, университеттерде және экономикада жасанды интеллект бағдарламалары белсенді енгізіліп жатыр. Меніңше, ел дұрыс бағытта келе жатыр. Тіпті болашақта біз Қазақстаннан бір нәрсе үйренуіміз мүмкін. Бұл жағынан біз сәл артта қалып отырмыз. Бірақ Германия әрқашан басқа елдерден үйренуге дайын.

Мен Қазақстанды болашағы зор орта держава ретінде көремін. Елдің өз позициясын нығайтуға және дамуға басымдық беруі мені қатты таң қалдырады.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube арнасынан көруге болады.